Үкімет бағдарламаға өзгерту енгізе ме?

Үкімет бағдарламаға өзгерту енгізе ме?

Үкімет бағдарламаға  өзгерту енгізе ме?
ашық дереккөзі
183

Елімізде отандық кәсіпкерлікті дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл тұрғыда «Атамекен» одағы елді мекен мен шағын қалалардағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әлі де болса қолдаудың қажет екенін үнемі тілге тиек етіп келеді.

Себебі, үстемесі көп банк несиелерін алуға жергілікті бизнестің шамасы жете бермейтіні белгілі.

«Атамекен» ұлттық палатасының бас­қарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, ұлттық қордан банктерге нөл пайызбен ақша бөлінсе, оны банктер ең көп дегенде 4-5 пайызбен несие түрінде тарататын болса, кәсіпкерлерге үлкен қолдау болар еді. «Жол картасы» жақсы бағдарлама, онымен кәсіпкерлер белсенді жұмыс жасап жатыр, бірақ онда екі мыңға жуық қана кәсіпкер бар. Ол бәріне жетпейді, оған кіруге көбінің мүмкіндігі жоқ. Бизнес жоспар жасау керек. Оны банктерге беріп, үкімет нақты өзінің талабын қою керек. Сосын 5 пайыздан асырмай шағын бизнеске беру қажет», – деді. 

Ішкі жалпы өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 17-ден 21 пайызға дейін өсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізу міндетін жүктеді. Мемлекет кәсіпкерліктің дамуына әркез қолдау көрсетіп келеді, соның бір нәтижесі ретінде еліміздің «Doing Business» рейтингінде 49 орынға көтерілгенін айтуға болады.

Экономикалық даму және сауда министрі Е. Досаевтың жеке блогына шағын шаруа қожалықтары атынан субсидияға байланысты хат келген болатын. Олар субсидия мөлшерін көбейту жөнінде мәселені көтеруді сұраған. Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб­ликасында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде кәсіпкерлердің жобаларды экономиканың басым секторларында іске асыруға бағытталған банктік кредиттері бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесіне субсидия алу мүмкіндігі бар. «Бизнестің жол картасы – 2020» шеңберінде субсидия – бұл қарыз бойынша сыйақының жартысы, ол тегін негізде бюджеттен беріледі. Мұндай жағдайда несие бойынша номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылына 14 пайыз құрауы керек, оның 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. 

Ал жақында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының көптің көңіліндегідей орындалмай жатқандығы туралы мәселе көтерді. Ол бұрын мақұлданған 406 жоба мемлекеттік қаржыландыруға ие болмағанын айтады. Фракцияның депутаттық сауалында ағымдағы жылдың 17 мамырында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарттарына енгізілген өзгертулерден кейін туындаған кәсіпкерлердің  түйткілдері туралы сөз тілге тиек етіледі. Бұл түзетулер бағдарламаның критерийлеріне және қаржыландырудың көлеміне қатысты болмақ.

«Бизнестің жол картасының» басқа көптеген бағдарламалардан айырмашылығы оның өте тиімді болуында. Оның шарттарын нақты сектордағы мыңдаған компания­лар пайдаланады. Көптеген жұмыс орындары сақталып, сыртқы нарықта да сатылатын бәсекеге қабілетті өнімдер өндірілуде. Осы уақытқа дейін «Бизнестің жол картасы – 2020» шеңберінде 3 мыңға жуық жобаларға 642 млрд. теңге субсидия берілді.  20 млрд. теңгеден артық сомаға 200-ден астам жоба кепілдендірілді. Инвестицияның жалпы сомасы 100 млрд. теңгеге жуық 450 кәсіпорын үшін өндірістік инфрақұрлым жүргізілуде. Бұл көрсеткіш мемлекеттік органдардың, даму институттарының, өндірістік бизнестің және екінші деңгейлі банктердің өзара іс-әрекеттерімен қамтамасыз етілген болатын», – деп көрсетілген сауалда. 

А.Перуашев атап көрсеткендей, бүгінгі таңда Өңірлік үйлестіру кеңестерінде мақұлданған көптеген жобалар одан ары қаржыландырылмай отыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржының жетіспеушілігіне байланысты тіпті мақұл­данған жобалар бойынша да келісім шарттарға қол қоймай отыр. Қордың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта бұрын мақұлданған 100 млрд. теңгеден артық сомаға 406 жоба бойынша шарттарға қол қойылмаған. 2013 жылдың соңына дейін олар бойынша болжамдалған субсидия сомасы 2 926 млн. теңгені құрайды.

Бүгінде «Атамекен» одағының арқасында шағын және орта бизнесті қолдау өте сәнді тақырыпқа айналды, министрліктер осыны перде қылып, оны игеру үшін бюджеттен қаражат сұрайды: тек қана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үнемі кәсіпкерлікке жәрдемдесуге ондаған миллиардтарды салады. Алайда, министрлік қолында қоятын кепілі жоқ, не өзінің қаражаты жоқ, тіпті өзінің жеке баспанасы жоқ адамдардан қалайша кәсіпкер жасап шықпақ? 1-2 млн. теңгеге олар қандай бизнес ұйымдастыра алады? Бұл жөнінде халық қалаулылары: «Бұған екі-үш бас сиыр сатып алуға, жем-шөп дайындауға болар. Бұл бизнес емес, кәдімгі шаруашылық қой! Осы адамдарға дәріс оқығанша, жұмысқа орналастыру керек! Еңбек министрлігінің бұл бап бойынша үнемі ақшаны игеріп отыруы, ал жұмыссыздар санының төмендемеуі кездейсоқтық емес» дейді. Сондай-ақ, «ақжолдықтар» жөнсіз көбейіп кеткен жобаларды қаржыландыруды қысқартуға шақырады. «ҚазАвиаСпектр» зауытын іске қосуға мемлекеттен ҮИИД бағдарламасы бойынша 750 миллион теңге бөлініп, «ҚазАгро» жеңілдікпен несиеге  846 миллион теңге беріпті. Сорақысы сол, бұл зауыт осы күнге дейін ешқандай өнім шығармапты. Сол себептен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына  түзетулер мен өзгертулер енгізудің қажеттігін баса айтады. Онда егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және орман шаруашылығы; тау-кен өнеркәсібі саласында техникалық қызметтер, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді қадағалау, тұрушылықты ұйымдастыру жөніндегі қызмет (мейманханалық бизнес) сияқты және т.б. салалардың алынып тас­талынуы мүмкін.

«Біздің еліміз үшін агроөнеркәсіп кешенінің негізі ретінде егіншілік пен мал шаруашылығының қандай маңызы бар екені белгілі. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесі сияқты қызметтердің басымдылығы туралы тіпті айтудың өзі ыңғайсыз. Еуроодақта осы қызметтердің түрлері үшін жаппай айрықша, төмен ҚҚС мөлшерлемелері қолданылады. Ал біз болсақ, оларды басымдылықтардан алып тастамақпыз. Мейманханалық қызметке қатысты – егер де біз ішкі туризмді дамыту туралы айтатын болсақ, тіпті оны салалық кластердің бірі деп қостық, онда мейманханасыз қандай туризм болмақ?» – деп атап көрсетті Мәжіліс депутаты. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары