Құрбандық туралы не білеміз?
Құрбандық туралы не білеміз?
Алайда, Ибыраһим (ғ.с) баласы Исмайлды құрбандыққа шалуға не себепті бұйрылғаны хақында мазмұны жақын, себеп-салдары өзгешелеу бірқанша түрлі қиссалар айтылып жүр. Сол қиссалардың бірі «Дұратұн насихин» деген кітапта былайша баяндалады: Ибыраһим (ғ.с) Алла жолында дүние-мүлкін аямайтын еді. Бір жолы құрбандық үшін 1000 қой, 300 сиыр, 100 түйе шалады. Мұндай телегей жомарттыққа періштелер және көз көрген қауым таңдай қағып, таң қалысады.
Сонда Ибыраһим (ғ.с): «Егер, менің балам болса, оны да Алла жолында құрбандыққа шалар едім», – деп, риясыз көңілін паш етіпті. (Ол кезде Ибыраһимның (ғ.с) баласы жоқ еді.)
Ибыраһим (ғ.с) Алладан үмітін үзбей: «Раббым, маған жақсысынан бір ұл бер!» (Саффат сүресі, 101- аят) деп, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Ақыры тілегі қабыл болады. Оның дәлелі мынау:«Оны өте мүләйім бір ұлмен қуантты» (Саффат сүресі, 102- аят).
Баланың балдыр тілі, балдай қылығымен білінбестен жылжып жатқан жылдар Ибыраһимның (ғ.с) баяғы уағдасын ұмыттырып үлгіреді. Бала әкесіне қолғанат болуға жарап (7-13 жас шамасы) қалған кезі еді. Бір күні Ибыраһим (ғ.с) түс көреді. Түсінде: «Сен уағдаңа опа етпедің» деген аян келеді. «Мен қайсы бір уағдама опа етпедім» – деп, аң-таң болған Ибыраһимның (ғ.с) «егер балам болса, оны да құрбандыққа шалар едім» – деген сөзін есіне салады. Мұндай жан түршігерлік жаман түсті Ибыраһим (ғ.с): «Бұл Алладан болды ма, әлде шайтаннан болды ма?» деп күдіктеніп, қалай жорудың жөнін таппай әрі-сәрі болып, көңіліндегі шек-шүбадан арыла алмайды. Бұл күнді «Яумұт-тәруйя», яғни түс көрген күн немесе «шек келтірген күдікті күн» деп атайды. Екінші күні оның кешегі түсі және қайталанады. Ол, бұл түс Алладан келген аян деген ұйғарымға келеді. Бұл күнді «Яумүлғарафа» немесе «тану күні» деп атайды. Үшінші күні әлгі түс және қайталанады. Ибыраһим (ғ.с) неде болса бір бекімге келіп, көрген түсін баласы Исмайлға егжей-тегжейлі баяндайды.
Құранда бұл жайлы: «Ұлы (Исмайл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?», – деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлардан табарсың» (Саффат сүресі 103-аят) делінеді.
Ибыраһим(ғ.с) отбасымен ақылдаса отырып, түсінде көрген әмірді өңінде атқаруға шешім қабылдайды. Шайтан лағнет Адам баласына деген қаскүнемдігін аялдатқан ба? Әке, шеше, бала үшеуі арасындағы қимастық сезімдерін қоздатып, мүмкіндігінің барынша ізгі ниеттерінен қайтаруға жанталасады. Тіпті, Исмайлды анасымен қоштастырған соң, құрбандыққа шалуға жол алғанда, әке мен баланың соңынан қалмай ілесіп, әр алуан сиқырлы сөздер айтып, жан-тәнімен аздыруға тырысады. Сол сәтте Исмаил жерден тас алып лақтырғанда шайтанның көзін ағызып жібереді. Сөйтіп, әйтеуір шайтанның шырмауына шалынбай, нәпсінің қалауына бағынбай көздеген жерге де жетеді. Ибыраһим (ғ.с) Исмайлдың қол-аяғын мықтап байлап, оны бауыздаудың қамына кіріседі. Айтуға жеңіл болғанмен, атқаруға келгенде Ибыраһимның (ғ.с) қолы қалтырап, жүрегі дауа таппай, әттең осыншама ауыр сынаққа тап болғаным-ай: «Я, Тәңірім, бұл істі басқа біреудің қолымен істетсең еді», – деп жалбарынады. Дәл осы мезетте Ибыраһим (ғ.с) ғана емес бүкіл періштелердің өзі «енді не болар екен, қандай бір көрмеген сұмдыққа куә болар екенбіз?» деп жан әлемдері астаң-кестең болып, аласапыран күйге түседі.
Көкірегін жарып шыққан бауыр еті баласын, ең болмағанда соғыс майданына емес, тікелей өлімге аттандырған ана, жаратылыстағы мейір-махаббатты онан артық ешкімнен көрмеген әзиз анасымен мезеттік емес мәңгілікке қоштасып, жалғандағы қормалы болған асқар таудай әкесінің қолындағы пышаққа тамағын төсеген бала, жарының жан төзгісіз қасіретін арқалаумен бірге Жаратқаннан жалбарына тілеп, жасы егделегенде сүйген жан жүрегі жалғыз ұлын өз қолымен ора бауыздамақшы болған әке, міне, осы «Құдай» деген үш құлдың сабырының салмағына санамыз, Хаққа деген махаббатының шырқау шыңына шыдамымыз, пенделік қасыретінің тұңғиығына тіліміз, жалпы жан әлемін сезінуге сезіміміз жетпес-ау.
Бұйрықтың бұлжымасын білген Ибыраһим (ғ.с) нар тәуекелге бел буып, баласының кекіл шашынан қайыра ұстап, тамағынан бауыздап жібереді. О, Құдірет! Ештеңе болмағандай, бәрі өз қалпында. Ибыраһим (ғ.с) өз көзіне өзі сенбей аң-таң. Исмайыл: «Менің жүзіме қарап қолың батпаған болар, желкемнен бауыздаңыз»,– деп етпетінен жатады. Пышақ желкесіне де өтпеді. Ибыраһим (ғ.с) пышаққа ашуланып тасқа ұрған еді, оны бауырша тіліп түсірді.
Дәл осы сәтте Алланың әмірімен Жәбірейл (ғ.с) періштенің құрбандық үшін қошқар алып: «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар» – деп тәкбір айтып, аспаннан түсіп келе жатқанын көріп қуанышында шек қалмаған Ибыраһим (ғ.с): «Лә иләәһа илла Аллаһу! Аллаһу Акбар» – деп жалғастыра Алланы ұлықтай жөнеледі. Ал Исмайл да әкесіне үн қоса: «Уа лиллаһи Алхамду» – деп Аллаға мадақ айтты.
Міне, осылайша Ибыраһим (ғ.с) жанұясымен Алланың аса ауыр сынағынан сүрінбей өтеді. Бұл күн «Яумұн нахыр»– құрбандық шалынған күн, яғни құрбан айттың бірінші күні.
Қиссадағы Исмайлды бауыздағанда пышақтың өтпегені, Алланың құрбандық үшін қошқар сыйлағаны жайында біздің хабарымыз болғандықтан, құдды бір естіп немесе оқыған әңгімені қайталай тыңдап, әлдебір көріп кеткен фильмді тағы да тамашалап отырған сияқты сезінгендіктен тым терең тәсірлене алмайтын шығармыз. Ал әке, ана, бала үшеуі мұндай таңғажайып тосын жағдайдан мүлдем бейхабар еді ғой.
Осы баяндалған қиссадан құрбан шалудың тарихын білумен бірге, халқымыз арасында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан жаңсақтықтар бар екенін де аңғарамыз. Мысалы, құрбан айттың басталуынан бір күн бұрынғы «арафа» күнін «шек күні» деп атайды да, құрбандыққа арнаған малды сол күні шалады. Жоғарыда айтылғандай «шек күні» құрбан айттан екі күн алдыңғы Ибыраһимның (ғ. с) көрген түсі туралы шек-шүбә келтіріп, «бұл түс шайтаннан болу керек» деп көңілінен күмән арылмаған күн. Ертесі ол түсі және қайталанып, Алладан келген аян екендігіне ешбір күмәні қалмай көңілі нанып, көзі жеткендігі баршамызға мәлім ақиқат. Ал енді «шек күнін» ұстанушылардың не нәрсеге күмәндәніп, шек келтіріп жүргені түсініксіз.
Өкінішке қарай, бұл күндерді кейбір бауырларымыз құрбан айт мерекесін тойлау, құрбан шалу намаз оқитындардың ісі деп түсінсе, енді біреулері құрбандық шалуға мүмкіндігі бола тұра, отау көтеріп, қазан асқан отбасы бар екеніне қарамастан, айт күндері өздері бөлініп шыққан қара шаңыраққа жиналып, сол үйдің шалған құрбандығына ортақтаса салатын жеңіл жолды тауып алды.
Білген адамға құрбандық шалу айтарлықтай шығын емес. Оның шексіз сауабы туралы Құранда: «Қашан құрбанның еттері, қандары Аллаһқа үлгірмейді (жетпейді). Бірақ сендердің тақуалықтарың үлгіреді (жетеді)» (Хаж сүресі, 37-аят) деп құрбан шалудағы шынайы ниеттің Алланың ризалығына бөлейтінін сүйіншілесе, құрбандық етін өзіміз пайдалануға әрі басқаларға беріп сауапқа белшеден батуға мүмкіндік бар екенін мына аяттан көре аламыз: «Одан өздерің де жеңдер және жоқ-жітікке де жегізіңдер» (Хаж сүресі, 28-аят).
Рахымды Алла біздерге адам емес, мал құрбан етуді, оның ішіндегі жағдайы барларға бұйырды ғой! Және де сол байлықты Алла берді емес пе! Ал сонда біздің шүкір, қанағатымыз қайда? «Шүкір етсең маған, тағы берем саған, депті Тәңірім» деп, түйіндеген ғой дана халқымыз. Құрбандыққа қырын қарамайық, ағайын. Құрбан айт құтты болсын!
Әмин!
Тоқтар Қызырғазы,
Қарасай ауданы, Арай ауылы
мешітінің имамы, дінтанушы