ХАЛҚЫН КҮЛДІРГЕН ҚАЛТАЙ

ХАЛҚЫН КҮЛДІРГЕН ҚАЛТАЙ

ХАЛҚЫН КҮЛДІРГЕН ҚАЛТАЙ
ашық дереккөзі
240

Мен халқымыздың біртуар ұлы, дархан драматургы Қалтай Мұхамеджановты көп араласып, дастарқандас болмасам да жақсы білетін жайым бар.

Ол былай болған еді.Сон-а-ау студент кезімізде Қазақ драма театрында Мәскеуден білім алған (бұйра шашты, тұлғалы, шамасы отыздардың ішіндегі) Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьеса-комедиясы бойынша спектакль қойылып, сахнадан түспей жүріп жатты. Басты рольдерде Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова және Әнуар Молдабеков секілді жас актерлер ойнаған.

Сол кезеңдегі студент жастардың өмірі, оқуы, жүріс-тұрысы, жаңа көріне бастаған тар балақ, қысқа көйлек, сақал-мұрт деген ерекшеліктерді бейнелеп көрсету: Бардық. Көрдік. Ұнады. 

Әрбір қойылымын қалмай көретінбіз. Өйткені өзіміз университеттегі драма үйірмесіне қатысып, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесалары бойынша қойылған спектакльдерге қатысып, танауларымыз делдиіп жүретінбіз. Сондай бір ретте біздердің Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың қолын алып, аздап болса да сұхбаттасқанымыз бар.

– Талаптарыңа нұр жаусын! – деген ол кісі мұртынан күліп тұрып, – Драматург боп шықсаңдар қандай жақсы, бауырларым, інілерім! Қазақ үшін жүз жазушы бір күнде драмашы бола қалса, қанеки! Іздеген мұратқа жетер ек қой…

Ағамыздың әзіл, мысқылы әрқашан өзіне жарасып тұрар еді.

…Жазушылар одағының екінші хатшылығында жүрген кезі. Қара торының өңдісі, бір сұлу келіншекті қолтығынан алып, коридорда келе жатты. Әңгімелесіп, күлдіріп келеді. Кім десек, Жүсіп Қыдыровтың әйелі Ақжолтай екен.

– Жүсіп бауырымның үйіндегі келін ғой, – деді бізге таныстырып. – Ана сұр үйдегі Дүйсекеңнің қарындасы ғой, көңілін таппасақ ұят болады. Аздаған бұйымтайлары бар екен, соны нетпесек, енді жарамайды. – Күлкіге батырып ұзай берді.

f64303caa7597c329ad9baf43675e8a8.jpg

Енді бірде ағамызбен кітап дүкенінде ұшырастық. Ол кісінің негізгі «хоббиі» кітап жинау деп еститінбіз. Бұрынғы Пастер (қазіргі Мұқағали Мақатаев) мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы кітап магазині болатын. Күнде кезіге бермейтін құнды классикалық шығармалар. Бір көзі бізде, бір көзі кітаптарда. Неге екенін қайдам, ойымызда жүрген бір сөзді айтты.

– Сендер білесіңдер ме, қазір өзінің қызмет орнын өз құлқындарына пайдаланатын шенеуніктер шықты. Аттарын айтсам, танисыңдар. Мына сирек кітаптардың қолға түсе бермейтіні қиын-ақ боп тұр. Мәнісі дейсіз ғой, мәнісі, кітапты жиһаз үшін жинайтын байшыкештер. Өздері де, балалары да оқымайды. Оқуға да ешкімге бермейді. Чеховтың «Шөп қорыған иті» сияқты.

Күлдік. Қандай өткір сын! Осы емес пе халқын күлдірген Қалекең!

Ғалымдар үйінің ең жоғарғы қабатындағы гүлдермен қоршалған кең фоэсі… Ұмытпасам, халқымыздың сүйікті, ұлы азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің «Ра­уан» баспасынан шыққан «Тағдыр тағлымы» деген екі томдық таңдамасының тұсаукесері өткелі жатқан. Қасында Әбекең (Әбдіжәміл Нұрпейісов), тағы біреулер бар, Қалтай Мұхамеджанов келе қалды. Өзекеңді құшақтап:

– Айналайын Өзеке, Сіздің қуаныш – біздің қуаныш. Кітаптарыңыз том-томдап шығып, халқыңызды, бізді – жазушыларды қызғандыра берсін. Бір әрпіне дейін өзіңіз жазғаныңыз стиліңізден білініп тұр. Талай ортақолдардың қолынан келе бермейтін дүниелер ғой, мынау дегеніңіз…

Өзекең жымиып, әдеттегі мысқыл күлкісімен басын изеп, риза болып қалды.

– Ал, бірақ… – деді ары қарай Қалекең бір шындықты жасырмай, – Біз, қожаларды, құдай беру үшін емес, алу үшін жаратқан ғой… Беретін байғазым болмай тұрғанын қайтерсің!.. – Жиналған жұрттың бәрінің езулері құлақтарында.

Жаратылысы, табиғаты, тілі де, жүріс-тұрысы да халқын күлдірген Қайран Қалекең!

3293b3200421df9a80be7b5585b34b3d.jpg

Адам баласына шұғыласын төккен Қалтай Мұхамеджанов со-о-на-ау Мәскеуде мерт болды ғой. Амал не!!!

Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары