Айнагүл Сарайқызы, Моңғолиядағы «Ару жұлдыздар» журналының жетекшісі: Қазақ үшін еңбек етуді әкемнен үйрендім

Айнагүл Сарайқызы, Моңғолиядағы «Ару жұлдыздар» журналының жетекшісі: Қазақ үшін еңбек етуді әкемнен үйрендім

Айнагүл Сарайқызы, Моңғолиядағы «Ару жұлдыздар» журналының жетекшісі: Қазақ үшін еңбек етуді әкемнен үйрендім
ашық дереккөзі
354

Моңғолияның астанасы Ұланбатырдағы қазақ әйелдерінің «Арулар» қоғамының және осы қоғам жанынан шығатын «Ару-жұлдыздар» журналының жетекшісі. «Арулар» қоғамы құрылғалы жеті жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында қоғам Моңғолияның ішкі өлкелерінде өмір сүріп жатқан қазақ ауылдарын аралап, тілін, салтын, дінін ұмытуға шақ қалған қазақтарға рухани тұрғыда демеу болып келеді. Айнагүл Сарайқызымен әңгімеміз ондағы қазақ қоғамы және «Арулар» қоғамының тыныс-тірлігіне арналды.

– Айнагүл Сарайқызы, «Арулар» қоғамы жұмыс істей бастағалы жеті жылдың жүзі болған екен. Жасалған еңбек те біраз көрінеді. Жалпы, бұл қоғамды қандай мақсатпен құрдыңыз?

– Міне, Арулар одағы құрылғалы 7 жылға аяқ басты. Сол 7 жыл ішінде қаншама аналар «Ару ана», ал қаншама қыздарымыз «Ару қыз» атанып, «Ару жұлдыздар» журналы арқылы әлемге танылды. Бұл одақты қазақ халқының, соның ішінде қазақ әйелдерінің мүддесін қорғап, олардың мұң-мұқтажын көпшілік назарына ұсынып, ел ішінде еленбей келе жатқан қазақтың ару әжелері мен аналарының, қыздарының абырой-атағын көтеріп, көпшілікке танытқан, қамқорлық көрсетіп, әлпештеп аялаған, оларға ұлтын мақтан тұтып, сеніммен өмір сүруіне мүмкіндік тудырған нағыз қоғамдық, көпшілік ұйым деуге болады. «Арулар» одағы жыл сайын ұлт мерейін асқақтатар ұлағатты ұрпақ өрбітіп, оларды тәрбиелеуге бар қажыр-қайратын жұмсап, жанұясының ұйытқысы болып, ел мәртебесін көтеруге қосқан сүбелі үлесін және де қазақ аналарына тән қасиеттері мен үлгі-өнегесін ізет тұтып, «Ару ана» атағымен аналарды марапаттап, қошеметтеп келеді. Бұл атаққа ие болған аналарды «Ару-жұлдыздар» журналы, «ТВ-Толқын» теле бағдарламасы арқылы қауымға таныстыруды дәстүрге айналдырдық. Сол арқылы жастарды ұлттық тегінен ажырамауға үгіттеу ниеті де бар. Халықаралық аналар мейрамына орай өнерпаздардың қатысуымен әзірлеген «Ана әлдиі», «Ана жыры», «Арулар әуені», «Анама арнаймын», «Аналарды қуантайық», «Анашым сізге арнадым» «Анаңды, қарғам, аяла» атты концерттер көпшілік көңілінен шықты. Жыл сайын студент жастар ортасында ғылыми конференция өткізуді дәстүрге айналдырдық. Моңғолия көлеміндегі жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттердің білімін арттыру, баяндау қабілетін жақсарту, оларға ғылыми шығармашылықпен шұғылданудың арнайы әдіс-тәсілдерін үйрету, өзара тәжірибе алмасуына қол ұшын беру мақсатымен алғаш 2006 жылы «Игі дәстүр – ибалы ұрпақ» атты ғылыми конференция ұйымдастырып, 400-ге тарта жастар аса белсенділікпен қатысса, 2008 жылы екінші рет «Жаһандану кезеңіндегі тіл мәдениетіне менің қосар үлесім» атты ғылыми конференцияға 500 студент қатысып, олардан 21-і іріктеліп, соңғы финалда сегіз баяндама жасалды. 2010 жылы шілде айында аймағымыз орнауының 70 жылдық мерейтойына орай рухани шығармашылық іске балап, еліміздің жоғарғы оқу орындарындағы студент жас­тар ортасында «Баян-Өлгийдің бүгіні мен болашағы» атты ғылыми мәжіліс өткіздік. Ғылыми мәжіліске көптеген студент жастар қатысып, аймағымыздың өркеніне қосатын өз үлестері туралы баяндады.

Қандастарымыз көптеп мекендейтін Налайх ауданына Түркияның «Тика» қорының көмегімен «Алтын оймақ» тігін цехын ашып, көп балалы, жұмыссыз 10 шақты әйелді жұмысты еттік. Және де компьютер үйірмесі ашылып, мектептен тыс білім алу орталығымен бірге өткен жылдары 120-дай балаға сабақ үйретілді. Одақтың негізгі мақсатының бірі – әйелдердің қоғамдық, әлеуметтік белсенділігін арттыру, дарын, қабілетін көпшілікке таныту, олардың өтініш, тілек қалауын тиісті орындарға жеткізу, өнеге, тәлімін кейінгі жастарға, көпшілікке насихаттау. Осы мақсат аясында Моңғолияда мекен етіп отырған қазақ әйелдерінің даңқын көтеріп, аға буынды жас ұрпаққа таныту мақсатымен «Моңғол елінің дамуына қазақ әйелдерінің қосқан үлесі» атты тұңғыш кездесу-мәжілісі 2010 жылы маусымда Ұланбатырда, шілдеде Өлгий қаласында өткізілді.

«Арулар» одағының әнұранына айналған «Арулар» әніне (сөзі М.Мақатаев, әні Т.Төлендиев) бейнебаян түсіріліп, тойға шашу ретінде ұсынылды. Бейнебаянды Моңғолдың Ұлттық телеарнасының «ТВ-Толқын» студиясы жасады.

Баян-Өлгий аймағының 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың маңдай алды арулары» атты жаңа жинақ жарық көріп, әр кезеңде талай жасампаз істер атқарған озат, әйгілі, тарихи әйелдер жайлы мәлімет жинап, аймақ және еліміздің дамуына қосқан үлесін қауымға паш етті. Бұл кітапқа 1930-2010 жылдар аралығында еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп, өмір сүріп жатқан ұлт азшылығы өкілеті міндетін жүктеген қазақ әйелдері қамтылды. Арулар одағының бастамасымен соңғы екі жыл ұдайы 2012 жылдың ақпан және 2013 жылдың наурыз айларында Баян-Өлгий аймағында «Өлгийдің білім беру саласына қосатын үлесіміз» атты ғылыми конференция ұйымдастырдық.

Моңғол елінде аналар мүддесін қорғау мақсатында іс, қызметтерін жүргізіп келе жатқан 50-ге тарта бейресми әйелдер ұйымдары ортасынан «Арулар» одағы үш жыл қатарынан екінші орын иеленді. «Монфэмнет» ұйымы жыл сайын Аналар мерекесіне орай ұйымдастыратын «Әйелдер көзімен…» атты дәстүрлі мәжіліске белсене қатысып келеміз. Және де мемлекет көлемінде балалардың білім алуына байланысты орнаған «Боловсрол эвсэл» бейресми ұйымында «Арулар» одағы өкілдері қазақ балаларының тіл мәселесіне қатысты басқарма мүшесі болып табылады. Бұл бейресми ұйымнан үкімет көлемінде ұйымдастырылған төрт рет оқыту семинарына Налайх ауданы және Баян-Өлгий аймағының «Арулар» бөлімшесінен арнайы өкілдер қатысып, осы ұйымнан шығарылған плакат, кітап, басқадай шығармаларға өзіндік қолтаңбаларын қалдыруда.

– Бәрекелді, біраз істің басын қайырған екенсіздер, «Ару-жұлдыз» журналының қазіргі хал-күйі қалай? 

– Одақтың негізгі баспасөз, ақпарат құралы болып табылатын «Ару жұлдыздар» атты әдеби-көркем журнал шыға бастағалы жеті жыл болды. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, аналарымызды көпке танытып, дәріптеумен қатар, ана тілін ұмытпау, келешек бізді жалғастыратын ұрпаққа қазақ тілі мен мәдениетін игеруге көмектесу, дүниежүзіндегі барлық құбылысты да, күрделі ойды да кез келген тілден кем жеткізбейтін аяулы ана тіліміздің сақталуына аз да болса үлес қоссақ деген мақсатпен осы журналды шығарып келеміз.

Журнал мезгіл сайын шығады. Бүгінге дейін 28 саны жарық көрді. Бірнеше тұрақты айдары бар. Қазір бұл басылым төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақ жұртшылығына етене танымал дей аламыз. Моңғолия ғана емес Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ, Еуропа қазақтары федерациясында, Франция мемлекеттерінде де оқырмандары баршылық. Кейбіреулері мақала ұсынып, үн қосып жатыр. «Ару- жұлдыздар» журналының қай бір санын Астана, Амстердам, Берлин, Вена, Гамбург, Стамбұл, Лос-Анджелес, Мюнхен, Үрімжі қазақтарының кітап сөрелері мен жазу үстелінен көре аламыз. Астанадағы электронды кітапханада да тіркелген.

– Сіз жақында Малайзияда, Сингапурде, Тайландта және Америкада ресми сапарда болдыңыз. Негізгі мақсаттарыңыз не еді? 

– Оңтүстік Шығыс Азияның өркениетті елінің бірі, табиғаты ыстық әрі ылғалды Малайзияның астанасы әйгілі Куала Лумпур қаласында биыл маусымның 6-8-і күндері әйелдердің халықаралық басқосу жиын-форумы болып өтті. 

2020 жылы әлемнің ең өркениетті елдері қатарына қосылуды мақсат етіп отырған 26 миллион тұрғыны бар Малайзия – көпұлтты мемлекет. Оның ішінде тұрғылықты мекендеушілер – малайлықтар мен оранг-асли 65,1 пайыз, қытайлықтар – 26%, үнділер – 7,7%. Малайзиялықтардың 60 пайызы мұсылман дінін тұтады. 

Әрбір саланың үздік әйелдері қоғамды өркендетуге өз үлесін қосу барысында «Жаңа экономиканы өркендетуге біздің қосатын үлесіміз» деген атпен биылғы форумды ұйымдастырды. Американың Вашингтон қаласында орналасқан Global Summit of Women (Халықаралық әйелдердің Жоғары Құрылтайынан) 23-ші рет ұйымдастырылып отырған бұл құрылтайға 71 мемлекеттің 1000-ға жуық үздік әйел қатысып, экономика, бизнес саласын өркендету жайлы пікір алысты. 

Ежелгі дәстүр бойынша Халықаралық әйелдердің Жоғары Құрылтайының Президенті Ирене Натвидад халықаралық деңгейде бизнес басқаруда әйелдердің ролі жайлы баяндай келе Еуропада Франция, Азияда Малайзия елі алдыңғы сапта келе жатқанын атап айтты. 

Құрылтайдың ашылу салтанатына Малайзия елінің Бас уәлиі Нажиб Разак, ханшайым Росмак Менсор секілді лауазым иелері қатысып, форумға табыс тілеумен қатар кешке Куала Лумпур қаласынан бір сағаттай қашықтағы Путряжа қалашығында Бас уәлидің кешенінде қонақтарға арнап құрметті қонақасы берілді.

Моңғолия Әйелдер одағы Халықаралық әйелдердің Жоғары Құрылтайының мүшесі, бірігіп жұмыс істейтін мекеме ретінде жыл сайын шақырылып, өзінің өкілдерін қатыстырып, әйелдердің бизнесін өркендетуде өз үлестерін қосып келеді. Моңғолиялық әйелдер ортасында үкімет, жеке меншік, әр саладағы маңдай алды әйелдерді қатыстырып, олардың халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне ықпал жасайды.

Құрылтай аяқталған соң біраз күн Куала Лумпур қаласымен танысып, шекаралас Сингапур, Тайланд сынды елдердің жетістігін тамашалап, саяхаттадық. 

– Ал, Америкаға қандай мақсатпен бардыңыз?

– Дүниежүзінде қызмет атқаратын «Халықаралық Адам құқығы үшін» атты қоғам бар. Мен сол қоғамның Ұланбатырдағы өкілдігінің басқарма мүшесі ретінде біраз адаммен бірге Нью-Орланд қаласында болған жиналысқа шақырылдым. Негізгі мақсатымыз, әлемдегі мүгедек жандарға қол ұшын созу, олардың қоғамнан жырақтамауына ықпал ету. 

– Моңғолиядағы қазақтардың негізгі проблемасы не деп ойлайсыз?

– Қай елде, қай жерде жүрсек те ойлайтынымыз болашақ ұрпақтың қамы. Қазақтар жиі қоныстанған Баян-Өлгийде 41 қазақ мектебі бар. Ал, 10 мыңдай қазақ қоныстанған астана Ұланбатырда қазақ мектебі атымен жоқ. Балаларымыздың барлығы моңғол тілінде оқиды. Соларды Атажұртқа ертерек келуге жол ашу жолында көші-қон жағында сақталып отырған көптеген мәселелер – біздің ортаға салар ойларымыздың ең өзектісі болмақ. Екінші кезекте екі ел арасындағы қолайсыз қатынастың бауырларымызға аса қиындық туғызатынын да айта кетпекпіз. Қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде жапырыла көшкен көштің соңында туыстары мен туғандары қалды. Кез келген бір қуанышта немесе қайғылы жағдай бола қалған жағдайда екі елде бөлініп тұрып жатқан ағайындар бір-біріне жете алмай зарығып отыр. Моңғолиядағы қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгий мен Қазақстан аралығында ұшақ қатынаса деген ұсынысымыз бар. Біздің өзіміз Ұланбатыр-Қырғызстан бағытында ұшатын ұшақпен Бішкек арқылы келеміз. Қуантарлық жағдайларды да айтқан жөн ғой. Соңғы үш жылда Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі өте жақсы жұмыстар атқарып отыр. Қазақ мәдени орталықтары құрылды. Көптеген кітаптар жетіп жатыр. Домбыра үйрететін үйірмелер ашылып, балаларды ұлтымыздың өнерімен сусындатып жүр. Биыл жазда Моңғолияның астанасы Ұланбатырда Қазақстанның мәдени күндері болып өтті. Оның өзі шетте жүріп, тілі мен дінін ұмыта бастаған қазақтарға үлкен демеу болды. 

– Рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ 

Серіктес жаңалықтары