Қырық қабырға қатқан күн

Қырық қабырға қатқан күн

Қырық қабырға қатқан күн
ашық дереккөзі
257

27 қыркүйек күні Қыздар университетінің ұжымы өз студенті, Олимпиада чемпионы Майя Манезаның ұлы Арсенді қырық шілде суына шомылдырып, шілдехана жасап қайтты.

 Рәсімге университет жетекшілігі, Алатау ауданының әкімі Б.С.Мәнізоров, ҚР ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни бастаған федерация өкілдері, Олимпиада чемпионы Зульфия Чиншалло, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты.

Ежелден келе жатқан қазақы дәстүр бойынша дүниеге жаңа келген сәбиді қырық күміс тиын салынған үлкен күміс тостағанға күміс қасықпен 40 тілек айтып, су құйып, сол суға баланы шомылдырған. Бұл сәт дүние есігін ашқан баланың қырық күнде ет алып, ширап, көзінің көру қабілеті жақсарып, дыбыстарды ести бастаған шағы болады. Қырық күннің өткені – бала өмірінде жаңа кезеңнің басталуының белгісі. Сондықтан қазақ халқы үшін қырық саны киелі саналады. Осы салт бойынша Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаеваның бастамасымен Олимпиада чемпионы Майя Манезаның ұстаздары және қонақтар шілдехана тойында күміс тостағанға қырық күміс қасықпен су құйып, жылы тілектерін білдіріп, той иелеріне тарту етті. 

Университеттің Әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова «30 омыртқаң жылдам бекісін, 40 қабырғаң жылдам қатсын» деген аналық тілегін білдірді. Сонымен қатар педагогика және психология факультетінің деканы С.Н.Жиенбаева да Майя мен Вячеславтың шаңырағына жақсылық тілеп, кішкентай Арсеннің дені-сау, үлкен азамат болуына тілектестік білдірді. Қуанышты мерекеге жиналған қауым нәрестеге қажетті барлық сый-сыяпаттарын жасаса, арнайы концертік бағдарламамен барған Қыздар университетінің талантты қыздары ән айтып, би билеп, думанды кешті нұрландыра түсті. 

Есіңізге сала кетейік, 19 тамыз күні чемпиондар шаңырағында жас нәресте дүние есігін ашқан болатын. Ал 22 тамыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы өз студенті, Олимпиада чемпионы Майя Манезаны перзентханадан шығарып алды. Майя Манеза қазір университеттің 4-курсында оқиды. 

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары