Бахадыр мырза мүлт кетті ме?

Бахадыр мырза мүлт кетті ме?

Бахадыр мырза  мүлт кетті ме?
ашық дереккөзі
271

Дүйсенбі күні Шымкент қалалық әкімдігі мәслихатының кезекті отырысы өткен болатын. Күн тәртібінде қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің атқарған жұмыстары, Шымкенттегі бірқатар жер учаскелерін және пайдаланылмаған немесе мақсатсыз пайдаланылған жерлерді қажеттілік үшін мемлекетке қайтару мәселелері қаралды. Бір қызығы, жиын барысында қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов мырзаның аузынан халық үшін қызмет етіп жүрген шенеуніктің аузынан шықпауы тиіс сөзді естіді жиынға жиналған жұртшылық. 

Бірден айта кетейік, дене шынықтыру және спорт бөлімінің таяуда ғана тағайындалған жас басшысы Асқарбек Сүгірәлиевке қатысты сын айтылған. Жарты сағат баяндама жасап, жиналғандарды құр сөзбен қарық қылғысы келген бастықтың қулығы өтпеді. Ең алдымен мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров сын айтты. «Сіздің баяндамаңыздан қалалық спорт бөлімі тарапынан жасалған бірде-бір мардымды іс-шараны, сіздердің арқаларыңызда жеткен бір жетістікті көре алмай отырмын. Сеулден, Грекиядан, тағы басқа жерлерден пәленінші орын алдық дейсіз. Оның барлығы халықаралық, республикалық, қала берді облыстық масштабтағы жарыс­тар. Оған сіздің бөлімнің еш қатысы жоқ. Бұл баяндамадағы жетістіктерді не деп айтып отырсыз?» – деп хатшы мырза қатты кетті. Сондай-ақ, Нұрлан Бекназаров аталмыш бөлімге осыдан 3 жыл бұрын қаладағы спорт және денешынықтыру бойынша жаңа бағдарлама жасау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасалғанын, бұл бойынша ешқандай нәтиже болмағанын айтты. Аяқсыз қалған тірлікті жасауға тағы да ұсыныс берді. Осы жерде аула клубтары туралы да әңгіме болды. Қала ішінде спорттық аула клубтары мүлде жоқ деген мәслихат хатшысы «ең болмаса отбасылық жарыстар өткізсеңдер қайтеді», – деген базынасын айтып қалды. («Аула клубтарының жарысын өткізген болып, спорт мектептеріндегі жігіттерді апарып, белгі үшін футбол ойнатасыңдар. Оның өзі сонымен бітеді. Сонда не жұмыс істеп жатсыңдар?». Не десе де Нұрлан Құдиярұлының айтқан сөзінің жаны бар. Аула клубтары мәселесінің өзекті екенін қала басшысы Дархан Сатыбалды да құптады. Елбасының сөзін осы жерге тиек еткен қала мэры қала халқының ең болмаса төрттен бірі дене шынықтырумен айналысуы керек қой деген ойын айтты. 

Асқарбек Сүгірәлиев те қарап қалған жоқ. Қаладағы 11 спорт мектебінің тек үшеуінде ғана спорттық база бар екенін, қалғандары тіпті кеңсенің өзін жалға алып отырғанын жеткізді. Осы жерде талқыға Дархан Сатыбалды мырзаның орынбасары Бахадыр Нарымбетов килікті. Тіпті әңгімесінің ауанына қарап отырып, ашулы екенін байқадық. Бастығы мен мәслихат хатшысының дұрыс айтып отырған сөзін құптай қойған жоқ, керісінше, Сүгірәлиевтің адвокаты сияқты айтып-айтып тастады. Не деді дейсіз ғой, тыңдаңыз: «Бізде ештеңе жоқ деп ауызды құр шөппен сүрте бермейік. Құдайға шүкір, спорттық базасыз-ақ спортшылар жоғары нәтижеге жетіп жатыр. Анау отырған Әлия бар, кешегі Бекзат бар. Бірде-бір стадионы жоқ елдер бар екен әлемде. Солардан да чемпион шығып жатыр. Олармен өзімізді салыстырғанда шүкір дейік». Иә, Әлия да, Бекзат та мақтанышымыз ғой, десек те Әлияның Ресейлік жаттықтырушы Виннердің спорттық базасында, Бекзаттың олимпиадаға дайындық орталығында шыңдалғанын қайда жасырамыз? Сапалы жаттығусыз, тыңғылықты дайындықсыз спортшыдан бірдеңе дәметуге қаншалықты қақымыз бар, Бахадыр мырза? Ол үшін не керек? Бірінші кезекте спорттық база керек. Талапқа сай жаттығатын орын болғаны жөн. Ауызды құр шөппен сүрте берген болмас, әрине. Дегенмен таланттардың туылуын қашанғы күтіп отыра береміз? Спорттық жетістік деген бірінші кезекті дайындықпен келетін нәрсе емес пе? «Бізге осы болады» дейтіндей әңгімені көпшіліктің алдында байқамай айтып қалған Бахадыр Нарымбетовтің бұл ұстанымы басқаға қайдам, тілші ретінде қатысқан маған онша ұнай қоймады. 

Не керек, осы аптаның дүйсенбісі спорт бөлімінің басшысы үшін сындарлы күн болды. Туризм саласына да жауап беретін сол болатын. Мәслихат хатшысы туризм тақырыбында «біз істедік» деп мақтануға тұрарлық мардымды бір іс-шараға бармағанын айтты. Жалпы, жауапты бөлімнің «сен тимесең, мен тимен» қағидасымен жұмыс істейтіні небары жарты сағаттың ішінде мәлім болып қалды. Әйтсе де осындай шалажансар жұмыстардан кейін Сүгірәлиевке не ескерту, не сөгіс берілген жоқ. БАҚ өкілдерінің көзінше ұрысқан боп, сынағансыды. Ертең «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалмасына кім кепіл?!.

Мәслихат жиынында сөз болған екінші тақырып – кезінде үй салам деп сұрағандарға оңды-солды беріле берген жер учаскелері турасында еді. Анығырақ айтсақ, сол жерлерді мемлекет меншігіне қайта өткізу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын білу болатын. Баяндама жасаған жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов жұмыстар тыңғылықты жүріп жатқанын айтты. Әсіресе, қала шетінен салынып жатқан әкімшілік іскерлік орталығына қажетті жерлерге қоныстанып алған тұрғындарды көшіру қиынға соғып жатқан ұқсайды. Бірнеше іс сотта қаралып жатса керек. Сондай-ақ бөлім бастығы ең бірінші басымдықта Қошқарата өзені бойындағы үйлер мен ғимараттарға өтемақы төлеу арқылы басқа жерге көшіру мәселесі тұрғанын айтты. Естуімізше, болашақта осы маңға көпқабатты үйлер салынбақ. Дегенмен өтемақыға разы болмай, қарсылық көрсетіп жатқандар да бар екен. Мұның бәрі таяуда реттеледі дейді Ербол Құланбайұлы. Дархан Сатыбалды бұл жұмыстарды тез арада аяқтауды тапсырды. Әкімшілік іскерлік орталығын салып бітіруге небары 5 жыл ғана мерзім қалғанын ескерсек, асығуға негіз бар сияқты. Әкім осы жиында қаладағы жер учаскелерінің кезінде «пирожки сияқты таратылғанын» айтып, жиналғандарды бір күлдіріп алды. Күлгендердің ішінде сол «пирожкиді» сатқандардың да, сатуға қатысқандардың да отырғанын Дархан мырза білді ме екен? Білсе де қолынан енді ештеңе келе қоймасы анық қой. 

Бір қызығы отырыс барысында «Елбасы» сөзі небары бір-ақ рет ауыздан шықса, «Нұр Отан» және партия сөздері ауызға ілінбеді. Биліктің мұнысын жоғарыдағы біреу-міреу естіп қойса, қалай болар екен деп тарқасты жұрт… Істелген жақсы істерді жеке әкімдердің табысы деп, ал кемшіліктерді билік партиясына ысырып қоятындар көп екені белгілі арамызда. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Шымкент

Серіктес жаңалықтары