Бегім Ананы білеміз бе?

Бегім Ананы білеміз бе?

Бегім Ананы  білеміз бе?
ашық дереккөзі
825

Cуретші Мұрат Сыдықов «Бегім Ана» шығармасын бастағанда әуелі біздің көңілге сақтиян доптай зырлап өте шыққан өткен шақтың естелігі – Қызылорда, Қазалы сапары еске түскен.

Сонда, Жанкент қаласының орнын аралап көріп, ақ қаз болып ұшып кеткен әулие ананың белгі мұнарасын бетке алғанбыз. 

Жолбасшы: – Біз баратын бұл кесене оғыз-қыпшақ заманындағы әрі батыр, әрі діндар болған Қарабура әулиенің қызына тән. Қарабураның қызы Бегім елді аузына қаратқан сұлу әрі жаратылысынан көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты. Әкесінің қасиеті осы қызына дарыпты. Бегім сұлулығының алдында ешбір жан тұра алмаған деседі. Оның көркіне тамсанған талай жігіт сөз айтып, Қарабураның мамаағашы құда түсе келгендерден босамапты. Алайда, ару ешкімге мойын бұрмай, үнемі біреуді тосумен болған екен. Күндердің күнінде, үйленер жасқа жеткен Санжар дейтін сұлтан Бегімді ақыры іздеп тауып, онымен көңіл жарастырады. Артынан елде үлкен той болып, ғашықтар отау тіккен екен. Көрген жанның қол жетпес арманына айналған Бегім сұлуды қолына қондырған Санжар сұлтан сол кездегі Салжук мемлекетін басқарып тұрған Мәлік шахтың баласы-тұғын. Біздің дәуірдегі ХІ ғасырларда өмір кешкен Салжук тайпаларының отаны, осы, Сырдарияның орта ағысы өңірі болатын.

Үйленгеннен кейін Санжар бұрынғы әдетімен саятшы нөкерлерін ертіп, Қаратауға аңға шығады. Дарияға келіп, ыспа қайықтан өтерде қанжарын үйге қалдырғанын есіне түсіріп, бір нөкерін үйіне жұмсайды. Нөкері Хан ордасына келіп: «Ханым, ханның қанжарын тез алып берсеңіз. Кідіруге мұрсат жоқ», – дейді үй сыртынан. Ханым жабықтан қанжарды ұсынғанда, оның мүсіндей аппақ білегін көріп, нөкер сол жерде талып қалады. Бегім мұны білмейді. Біраздан соң есін жинаған әлгі мұндар атына міне сала, дарияға қайта шабады. Келсе, хан қаһарына мініп, шаншылып тұр екен.

– Тақсыр, қасық қанымды қия көріңіз. Менің кешіккен себебім ханымға қатысты еді, қанжарды жабықтан беріп тұрып, оны алайын деп қолымды ұсына бергенімде, ханым білегімнен ұстап жібермеді. Содан қолымды босата алмай кешіктім, – деп өтірікті судай ағызады. Құдайдан безген жексұрын жанның бұл сөзіне имандай сенген Санжар хан сапарын тоқтатып, кейін қайтады. Қызғаныштың кесірінен, ашуында ауыздық жоқ ханның бірбеткей әрекеті, адам заты кешірмес күнәға әкеп соғады. Істің ақ-қарасын тексермей, кінәсіз Бегім сұлудың, оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Оң қолын кескені арамдықты оң қолымен істеді деген ойы болса керек. Істің мәнісіне түсінбеген күйеуінен жазықсыз зәбір көріп зарлаған ару көрер таңды көзімен атқызады. Келесі күні түнде Қарабура әулие қызының түсіне кіріп, «Балам, бұлтартпай шыныңды айтшы, ақпысың әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң, қарғар, тек турасын айт», – депті.

Сонда Бегім жылап тұрып әкесіне: «Атажан, Құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін. Егер Санжарға қиянат жасасам, Тәңірі атсын, өмірімді кысқартсын. Ақпын, ата!» – деп зар еңірейді.

Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне енеді. «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесілген, танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей, жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған шахарыңды өзіңмен қоса тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» – деп қарғап, теріс батасын береді.

Ертесі «аққа Құдай жақ», жаны пәк Бегім қыздың бұрымы мен қолы өз орнына келеді. Томырық ашу салған тән жарасы бір сәтте жазылады. Тек, жан жарасы жазылмапты. Әйелінің бейкүнә екеніне көзі жеткен Санжар қанша жалынып, кешірім сұраса да, Бегім ана илікпей, күйеуіне бұрылып та қарамай, сол заматта-ақ аққуға айналған күйі көкке самғап кетіпті. 

Қарабураның қасиеті тірісінде елге мәлім болған, айтқан сөзі бос кетпеген аузы дуалы әулие еді, айтқаны келіп, Жанкентті адам айтқысыз апат жайлап, ордалы жылан қаптайды. Жұрт үдере көшіп, құжынаған халқы бар қала жұт мекенге айналады.

Бегім сұлу, шахар опат болып, халқы қырылып, қалағаны ыдырап кеткен соң әкесі Қарабура әулиенің көмегімен «Бегім Ана» белгісін салдырып: «Мұнан былай еркекті көрмеймін» – деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім Ана әулие атанады.

Асыл ана жәрдем сұрап барған жандарға бала беретін, мейір-шапағатына бөлейтін, нағыз керемет әулие ретінде есімі жалпақ жұртқа мәлім болған.

Сыр бойындағы Жанкент шаһары мен Бегім ана туралы ғажайып аңыз осылай аяқталады…

Бұл мұнараға ер азаматтардың баруы өте қиын. Талайлардың жолай көліктері бұзылады немесе оқыстан ауру келеді, әйтеуір жақындауы қиын. Бәлкім, бұл Бегім ананың еркектерге деген ренішінен шығар, – деп, бағзы дәуір аңызын айтып еді.

***

Өмірде болған оқиға аңызға айналып барып, әлденеше ғасырды артқа тастап, қиянға кетіп, қапияда біз ғұмыр кешіп жатқан заман суретшісінің жан дүниесіне қонып, қорытылып, қолынан шығып, әсем, шашудай шат, ақаусыз бір мүсінге айналды. Көрген адам айнала-үйіріліп жүріп көре беретін, көре жүріп ләззатқа кенелетін рухани олжаға айналды.

Оның жасағаны көзі жасты, жүрегі жаралы, нала Бегім анаға ұқсамайды. Қазақтың «қалған көңіл – шыққан жан» дейтін сөзін дәлелдеп, өкініш пен күйікте қалған шерменденің емес, ұша түрегеліп, бостандыққа самғап кеткен нұрлы жанның образы. 

Оның «Бегім Анасы» – күнделікті күйбеңнен асыл мұратты аршып алғанының көрінісі. Бұл мүсін ойға да бойға да сірленіп, сіңіп кетеді. Көзі түскен жан біткенді сұқтандырып тұрғаны. Қырық құбылған ырғақ, әуенімен баурап тұрғаны. 

О баста Жаратқан Ие жасаған әйелдік мінсіз мүсін – Мұрат суретшінің қолынан көшкенде, көрерменге әсемдігі жоғалмай, әсері еш кемімей, анатомиялық-пропорциялық мөлшері соншалық ауытқымай, қимыл-қозғалысы әсемдікке толып, сызылта, созылта салаған әндей болып жетеді. 

 Рас, «Бегім Ана» – нәзік те өткір. Көрікті кестедей, селкеу шыққан бір жібі жоқ әсем дүние. 

Мұрат – қажыр мен төзіммен суарылған, қаражон, сіңірлі һәм тарамыс мүсінші. Оның «Бегім Анаға» бойындағы барын, ұйытқысы мен қорын сарқа жұмсағаны көрініп тұр. Быртық, доп-доғал, алайда сонша епті, мидағы майда дірілді қапысыз аңғарғыш, жарым ымды заматта түсінгіш, тілалшақ саусақтарынан осынша нәп-нәзік, сыршыл дүние өрді. 

Мұнда, аңызда айтылатын портреттік сұлулықты Мұрат суретші мүсіннің өн бойына тарқатып жіберіп, талғам деңгейін бәсеңсітпеген күйі ұтып кетіпті.

Мүсінші Бегім ананы оғыз-қыпшақ заманының киім үлгісімен киіндірген жоқ. «Тарихи дәлдік, хроникалық айғақ тап мұнда орынсыз» деп шешсе керек. Әр заман өз өмір сүріп отырған уақыт ағымына, таным-түйсігіне, эстетикалық талғамына қарай шығарма тудырады емес пе? Бегім ананың бұлықсыған бұла тәніне Мұрат суретші бүрмелі салтанат көйлек, жеңсіз камзол кигізді. Беліне жұмсақ белдік буып, сырғасы мен алқасын, өңіржиегін кезек тақты. Мүсіннің өн бойын ширатылған нәзік талдай сызық-линиялармен нәрлендіре түсті. Шашбаулы бұрымын, басында желегін жел тербеген, аққу мойын, сүйрік саусақ, шұғылалы жүзді, әсем келіншек кебісті аяғының ұшымен жерге тиер-тимес, бір мысқал салмақпен, Естайдың Қорланындай некей-некей жүріспен келе жатқан беті. Тірі сынап секілді қозғалып-ырғып бір кетердей, әні-міні деп, самғап кетердей. 

Мұрат мүсінші мамықтай болып, қалықтай қонып келе жатқан Бегім анаға қапияда қанат бітіреді. Сол қанат Бегім жүректі реніш-лайдан аршып, кейіс-наладан құтқарып, рақатқа шақырып, көкке ұшады. Жыраққа меңзейді. Көзін жастан, көңілін қаяудан құтқарады. 

«Бегім Ана» – Мұрат суретшінің шығармашылық дейтін әлемді ынты-шынтысымен, құлай сүйгенінің көрінісі. 

Бәлкім, «Бегім Ананы» Мұрат суретші таңдап емес, керісінше ол келіп тапқан болар? Мүсін өнері қорғалақтап көшеге шыға алмай тұрған шақта мына шығарма өз иесін айнала көріп, жеті түс жасырған көңіл призмасынан жан сәулесі қалай өтер, ой қиял қалай дарыр деп қарап, адами һәм суретшілік деңгейін көріп, өмірлік көзқарасы мен өнер туралы пайымын безбендеп,.. «әй, бір жетсе, осы менің қадіріме жетер-ау» деп, сосын құлай беріліп, заматта сеніп, түбінде түйір қалдырмай, қат-қабат мәнін ақтарып бере салғанға ұқсай ма? Әйтеуір Мұрат мүсінші «Бегімді» мүдірмей, күмәнге жығылмай, орта жолда дағдарып-адаспай, бір деммен жасап шыққаны анық. 

«Бегім Ана» өзіңе сездірмей рухыңды көтеріп, қуаныш сыйлайды. Ол қазақ мүсін өнеріне ерекше серпін беріп, жаңғыртып-жаңалап тұр.

Мұрат Оралұлы – артына көл-көсір дүние қалдырмадым деп өкінері жоқ суретші. Аудара қарап, ақтара түйсінгенге осы «Бегім анасымен-ақ» кітапқа өшпес аты қалып, атағы одан озатыны күмәнсіз. 

***

Қызылорда, Қазалы сапарынан келе жатып поезд Шымкент қаласын басып өтетін. Сонда, Сайрам-Манкент-Машаттан үзеңгілесе шыққан әсем табиғат Түлкібас өңіріне келгенде тіпті жайнап, түрленіп, биіктей асқақатап кетер еді. Терезеден қарап, сүйініп тұрғаныңыз. Сүйсінтіп тұрғаны. Суретшіге «мені көр, мені сал» деп, сұқтандырып бітетін. 

Түлкібастың жандары ұсынған қымызы бөлек, қаттап пісірген наны ерекше болады. Берген алмасы да өзге өңірге ұқсамайды.

Ұмыттырмастай, тастамастай осы бір сурет күн шығысты бетке алып келе жатқан сапарыңның біресе оң жағын, біресе Қаратау жағын көрсетіп, үнемі жылжып, сырғып, Жуалы асып, әнебір шатқалды басып өте, Таразға жете қол бұлғап қалып қояды.

Мүсінші һәм суретші Мұрат Сыдықов осы Түлкібас өңірінен…

Жеңіс Кәкенұлы, суретші

Серіктес жаңалықтары