РЕФОРМА КӨП, АЛ НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
РЕФОРМА КӨП, АЛ НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
1994 жылдан бері ЮНЕСКО-ның бастамасымен 5 қазан – Дүниежүзілік мұғалімдер күні ретінде атап өтіледі. Былтырдан бастап әлемнің жүзден астам елінде тойланатын кәсіби мерекені біздің ұстаз қауымы да осы күні қарсы алады.
Қай заманда, қандай реформа болсын мектептің басты тұлғасы – мұғалім. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы…», – деген А. Байтұрсынұлы. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Алайда, бүгінде білім беру саласында күрмеуі қиын мәселе шаш етектен. Соның бірі – талайдан бері тілге тиек етіліп келе жатқан оқулық сапасы, мұғалім мәртебесін көтеру, тағы басқалар. Ал соңғы кезде білім ұяларында қазақ тілі сағатының қысқаруы қоғамда түрлі пікірталастар туғызып, ұстаз қауымын қатты мазалай бастаған. Біз осы мәселелер төңірегінде «Түркістанның төріне» бірқатар ұстаздарды шақырып, ашық түрде пікір алмасқан едік.
Көлбай Адырбекұлы: Адам тәрбиелеу оңай емес. Ұстаздық – ең қадірлі мамандық. Сонымен бірге оның қиындығы да жеткілікті. Тәуелсіздік алғалы бері білім беру саласына қаншама министр тағайындалып, әрқайсысы өзінше бір реформа жасауға тырысты. Бірақ оның бәрі көпшіліктің талғамынан шыққан жоқ. Бүгін біз мектептегі білім мәселесін, оқулықтың сапасы жөнінде, ең бастысы – орыс сыныптарындағы қазақ тілінің бес сағатының екі сағатқа қысқарғандығы туралы әңгіме өрбітсек. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін өз тұғырына қондыра алмай жатқанда, бұл әрекетіміз дұрыс па?
Қаламқас Қалыбаева:
Абай атындағы педагогикалық университетте дәріс оқимын. Магистратура мен докторантурада ғылым жолына түскен жас ғалымдармен жұмыс істеймін. Оның үстіне балаларым мектепте оқиды. Оқулықпен қайтадан соқтығысуға тура келді. Қазір 3-сыныптың «Әдебиеттік оқу» пәнін оқыған бала тұрмақ, өзім қиналамын. Тіл маманы болсам да, түсіндіре алмай әлек боламын. Қызым кейде жылайды да. Не деген сорақылық? Кейде авторларға хабарласып, айтуға тура келеді. Осыдан біраз жыл бұрын 5-сыныптың «Қазақ тілінің» бір жаттығуында түрлі-түрлі балықтың атауын береді де, «осының қайсысы судың тереңгі қабатында, ортаңғы қабатында, беткі қабатында жүреді» депті. Содан оқулық авторына хабарласып, «Мұны бала қалай табады?» десем, ол кісі қосалқы авторына сілтеп жіберді. Екінші авторы болса, ана кісіге сілтеді. Тағы бір қызығы, кейбір жаттығуда «түсінбеген жеріңді ата-анаңнан сұрап ал», – дейді. Сонда барлық ата-ана географиялық терминдермен терең таныс, қазақ тілін жетік біле ме? Ал қазір 3-сыныптың «Әдебиеттік оқуын» парақтап отырып, күйіп-пісемін. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың ауылға барғандығы жайында «Ақкөл жағасында» атты әңгіме береді. Бастан-аяқ балаға қолайсыз сөйлемнен көз сүрінеді. Қараңызшы, «базардан алып келген боқжаманы, мен боқжамаламай кім боқжамалайды?» деген жаңылтпаш сияқты сөйлемді бала қалай түсінеді. Ал оның астындағы түсіндірмеде «қолдан тігілген дорба» депті. Сондай-ақ, Ғабит Мүсіреповтің өмірбаянын сол кезеңдегі лексикамен берген. «Ескіше жылбасы деп есептелетін наурызда киіз үйде туыппын…», – дейді. Ал «ХХ ғасыр» дегенді кішкентай балаларға кім терең түсіндіріп жатады? Мұның бәрі мұғалімге ауыр тимей ме? Әр сөйлемін мыжып түсіндіруге тура келеді. Бұл балаға екі есе қиын. Негізінен сабақтың үш мақсаты бар: Білімділік, дамытушылық, тәрбиелік. Ал бастауыш сыныпта қайсысы алдыңғы қатарда болу керек? Баланың жас ерекшелігін ескерсек, оның он үш жасқа дейінгі кезеңі танымдық болып есептеледі. Көзін ашып, айналаға енді ғана қарап жатқан жасөспірім әуелі танымын кеңейткісі келеді. Керісінше, қазіргі оқулықтарға танымдықтан гөрі, білімділік жағын тыққыштап жіберген. Кішкентай бала Міржақып Дулатовты да, Ғабит Мүсіреповті де білу керек. Олар Қаныш Сәтпаев жайындағы әңгімені неше рет оқыса да, түсінбейді. Әлі «геолог» деген ұғымды білу ертерек. Құдай-ау, бір мәтінде тастардың неше атауы бар. Мәтін ешқандай редакцияланбастан, күрделі, салалас, құрмалас сөйлеммен берілген. «Геологтың кәнігі көзі зал экспонаттары ішінен Африканың тұңғиық, мөлдір алмасын да, Алтайдың аспан түстес яшмасын да көрді…», – дейді. Бір сөйлемде қаншама түсініксіз сөз бар. Біздің кезімізде мүлдем басқаша еді. Әңгімелер жарты беттен аспайтын. Әдебиеттің теориялық мәселелерін оң мен солымызды таныған уақытта өттік. 4-сыныпта үнемі қызық ертегілерді оқыдық. Қазір бастауыш оқулықтары кәдімгідей күрделеніп, теорияланып кеткен. Балаға білімдік жағын көп береміз деп, дамытушылық жағын әлсіретіп алғанымыз көрініп тұр. Бұл кезде, әсіресе баласын қазақ мектебіне беріп жатқан қаланың орыстілді ата-анасына өте қиын.
Күлпаш Сариева:
Қаламқастың айтқанымен келісемін. Бәрі орынды. Менің де немерелерім мектепте оқиды. Оқулықтың мәтіні ауыр. Баланы қызықтырмайды. Бірақ «ата-ана баламен бірге оқысын» деген пікірмен келіспеймін. Бала өзі оқып, ой елегінен өткізу керек. Бізде мұғалім бастауыш тұрмақ, 9-10 сыныптың баласына түсіндіреді. Бұл дұрыс емес. Қазіргі жағдайда материалды қолдарына беру керек. Тек содан түсінгенін сұрау қажет. Солай оқыған бала ертеңгі өмірде қиыншылықты жеңіп өседі.
Шыны керек, баяғыда ата-бабаларымыз ешқандай оқулықсыз батырлар жырын жаттаған. Себебі, оның екі сөзінен сурет шығады. Мәселен,
Баяғы өткен заманда,
Қара қыпшақ Қобыланды,
Атасы оның Тоқтарбай,
Елден асқан болды бай.
Байлығында есеп жоқ,
Жайлауы оның қара аспан
Қара аспан көкпен таласқан,
– десе баланың көз алдында әдемі сурет пайда болады. Ал қазіргі мәтіндегі он сөзден сурет шықпайды. Сондықтан бастауыш оқулықтарына мейлінше батырлар жырын көбірек беру керек деп есептеймін. Айтыстың тәрбиелік мәні қандай керемет! Керек болса, біз орыс мектебінде де айтысты технология ретінде қолдандық. Оның пайдасы қандай! Қазіргі авторларда сұрыптау, талғам жоқ. Үйіндегі бар кітаптан алады да, енгізе береді. Көз алдына 9 жастағы баланы елестете алмайды. Бала түгіл, маған қызық емес. Қызықсыз болғандықтан баланың дамуы шектеледі.
Динара Мыңжасарқызы: Ғалия апай, қазақ тілі сағатының қысқаруына байланысты мұғалімдер шағымданып жатыр деп едіңіз. Осы жөнінде айтып беріңізші?
Ғалия Әміртаева:
Қоғамдық бірлестікті 2008 жылы құрдым. Қазақстан бойынша тоғыз бөлімше жұмыс істейді. Осы бірлестікті құрғаннан кейін ойымды еркін айта алатын болдым. Мұғалім тілсіз десе де болады. Тек жоғары жақтан келетін нұсқауды ғана орындайды. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілін меңгеруі керек. Балаларын қазақ мектебіне беріп жатқандар көбейіп келеді. Осыны біле тұра, сағатты қысқартқаны дұрыс емес. Есесіне, математиканың сағаттарын көбейтуде. Бізге ауылды жерлерде сабақ беретін «Қазақ тілі» мұғалімдері шағым айтуда. Олар «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімдері жетіспеген уақытта қайта оқып, білімін жетілдірген мамандар. Енді сағаты қысқарып, көбі жұмыссыз қалуда. Бір өкініштісі, мұны істеп жатқан басқа емес, қазақтың өзі. Біз орыс сыныптарында «Қазақ тілі» сағатының қысқаруына байланысты қоғамдық тыңдау өткізуді қолға алдық. Қазір мұғалімдердің құқығы, жалақысы, әдістемелік нұсқауы жоқ. 3-сыныпта оқитын кішкентай бала үш оқулық, екі сабақтан алты оқулық көтеріп жүр. Сосын бағдарлама басқа, оқулық бөлек. Ата-аналар бізге шағымданып, «мұғалімдер сауатты емес», – дейді. Неге десем, «мұғалім бір күні ана бетті, екінші күні сабақты ортасынан береді», – дейді. Оқулықты ойланбай жазған. Өзім де ұстазбын. Біз бағдарлама бойынша оқытамыз. Бұл мұғалімнің кінәсі емес. Сосын қыркүйек айы тек есепке кетеді. Мұғалім балаға білім бере ме, жоспар жаза ма? Оның үстіне бітпейтін тексеруден көз ашпайды. Сондықтан мұғалімнің жағдайы қиын. Жұмағұловтың кезінде кеңес құрылды. Оған 27 адам кірдік. Бұрынғыдай емес, пікірімізбен санасатындай болды. Біз мұғалімнің жалақысы, оқулықтар туралы айттық. Базалық міндетті айлықтан (17 мың 800 теңге) кетпейінше, жалақымыз көбеймейді. Жыл сайын 25, 30 пайызға көбейтсе де, түк емес.
Қайсар Құсайынұлы:
Баланы суда жүзу үшін қолтықтаудың керегі жоқ, лақтырып жіберу керек. Бірақ ол батып кетпеу керек. Судан бала талаптанып қалай шығады? Сол әрекеттің өзі маңызды. Ал білім беру мәселесінде баланы өзіндік кітап оқуға баулу керек. Біз соғыс жылдарынан кейін білім алдық. Жоғары білімі жоқ адамдар сабақ берді. Бірақ жүріс-тұрысы, киім киісі арқылы тәрбиеледі. Мектептегі мұғалім қандай тұлға? Өзін қалай ұстай алады? Қазір осы жағына көңіл бөлінбейді. Өзім тәжірибемді мектепте бастадым. Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте 38 жыл жұмыс істедім. Күлпаш мені кешірер, ата-ана баланы үнемі қадағалауы керек. Оған қамқоршы болуы керек. 1 немесе 5-сыныптан қалаған кітабын оқып, түсініп кету мүмкін емес. Әсіресе, ауыл жағдайында болмайды. Қазір қоғам мүлдем басқа. Жаңа леп, жаңа технологияның басымдық ала бастаған уақыты. Мектеп түгіл, жоғары оқу орны студенттеріне алаңдаймын. Көпшілігі Абайдың өлеңдерін жатқа білмейді.
Динара Мыңжасарқызы: Қайсар аға, қазақ тілі сағатының қысқаруына көзқарасыңыз қалай? Бұл мәселе ұлттық тарихты оқытуда да кедергі келтіріп отырған сияқты.
Қайсар Құсайынұлы: Қазақ тілі пәнінің сағатының қысқарғаны дұрыс емес. Бұл өз қолымызды өзіміз кесу деген сөз. Бүгінде ұлттық тарих мәселесінің оқулықтарда көрініс табуы да көтеріліп жатыр. Сонау көне заманнан Тәуелсіздікке дейінгі тарихты оқытуға небәрі 30 сағат ғана берілген. Бұл сол күйі өзгеріссіз қалды. Студенттерге аптасына бір-ақ рет кіремін. Қазір қазақ ұлтының тарихын қайта жазу керектігі айтылуда. Бірақ мынаны түсінбеймін, неге 30 сағатты үш есеге көбейтпейді? Неге орыс сыныптарында қазақ тілі сағатын арттырмайды?
Динара Мыңжасарқызы: Күлпаш апай, орыс сыныптарында қазақ тілінің оқытылып жатқанына біраз уақыт. Бірақ олардың ішінде сөйлеп кеткені некен-саяқ. Оның қандай да бір себеп-салдары бар ма?
Күлпаш Сариева: Орыс және қазақ сыныптарына арналған стандартты жаздым. Сонда орыс тілін шет тілін үйрету негізінде дайындадым. Сенесіздер ме, 500 сөзбен ғана кез келген тілде сөйлеп кетуге болады. Оны игеруге үш сағат та жеткілікті. Біз соны дұрыс пайдалана алмай келеміз. Ал орыстілді балаларды мемлекеттік тілде неге сөйлете алмай келеміз? Оның объективті және субъективті себептері бар. Бірінші, адам бірден сөйлеп кету керек. Екінші, сөйлеу әрекетінің төрт түрі бар: Тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу арқылы. Біздің бір қателігіміз – орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдер берген мәтінді орыс тіліне аударады. Бала түсінсін дейді. Сөйтіп, 20 минут аудармаға кетеді. Бұл сонда қазақ тілі емес, орыс тілі пәні болып шықпай ма?! Қазақ тілін орыс тілі арқылы үйретуге тырысады. Міне, үлкен қателік осы. Сосын осыншама жыл оқытып жүріп, орыс сыныбындағы оқушыларға 500 сөзді үйрете алмаймыз. Қазір бізге қазақ тілін Петров деген орыс үйретемін деп келіп жүр ғой. Ол 40 тіл біледі дейді. Шын мәнінде, ол әр тілден 500 ғана сөзді біледі.Тіл заңдылығы бірдей. 50 сөзбен де тілді білуге болады. Егер әдістеме дұрыс болмаса, қазақ тілін үш сағат тұрмақ он сағатта да үйренбейді. Екіншіден, сөздік қоры жүйелі қалыптаспайды. Бүгін оқылған сөз ертең ұмытылып қалады. Үшіншіден, грамматика теория ретінде беріліп, сөйлеу әрекетінде қызметі ашылмайды. Грамматика деген үлкен теория. Теориялық және сөйлеу грамматикасы бар. Бізге керегі сөйлеу грамматикасы. Біздің авторлардың бір қателігі – оқулықта сөз жасамға мән бермейді. Өте ауыр. Бірде-бір оқулықта сөз жасам жоқ. Сондықтан сөз жасамды білмеген бала қазақ тілінің сөз құрау тетігін, табиғатын білмейді. Кібіртіктеп айта алмайды. Сөздік қормен жұмыс істеу жоқ. Май шайқап шығару үшін 45 минут пісесіз. Әйтпесе, ірітіп аласыз. Сол сияқты қазақ тілін үйретеміз десек, тек қана қазақ тілінде сөйлеу керек. Мәтінді орысшаға аудару мүлдем қателік. Мысалы, ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйретпейді ғой. Жапон тілін де солай. Ал біздің авторлар мынаны орысшаға аудар дейді. Оқулықты стандартқа қарап, сараптап жатқан ешкім жоқ. Методикасын білмейді. Оқулық сараптау оңай емес. 70 жыл бойы кеңестік кезеңнің аударма оқулығын оқып келдік. Қазақ тілі мен әдебиетін ғана жаздық. Тарихты да жетістіріп оқытпады. 2002 жылы стандарт шығып, 2005 жылы төл оқулықтар жазуға авторлар дайын болмады. Балаға керек емес дүниелерді тықпалады. Автор да маман болу керек. Оқулықтың функциясын дұрыс білмейді. Автор қай жақтан болса, өздерінің ауылынан шыққан жазушының мәтінін енгізеді. Қазақстан Атырау немесе Марқакөл емес қой. Бәрі ішіне кіру керек. Білім және ғылым министрлігінің үлкен қателігі осы. Оқулық нашар болса, қазақ тілі ешқашан алға баспайды.
Динара Мыңжасарқызы: Мұның бәрі әдістемелік оқу материалдарының дұрыс жазылмауынан ба?!
Күлпаш Сариева: 20 жыл бойы Білім академиясында жұмыс істедім. Біз жап-жақсы стандарт пен соған сай бағдарлама, оқулық жаздық. «Нәтижесін енді көреміз бе?» дегенде, академия тарап кетті. Сөйтіп, қайтадан стандарт жазу басталды. Не деген бітпейтін стандарт? Болды ғой, несін жаза береміз? Стандарт деген 2+2=4 деген сөз. Ол ешқашан бес болмайды. Бұл оқушының мектепте игеретін білімінің көлемі.
Көлбай Адырбекұлы: Орыстілді балаларға арнап қазақ тілі оқулығын жаздыңыз. Сіз оқулық жазуда нені басымдыққа алдыңыз?
Күлпаш Сариева: Неміс оқулығының технологиясын алдым. Жаныма бір мұғалімді автор етіп аламын ба деп едім, оған түсіндіріп басым қатты. Сосын өзім жаздым. Мәселен, композитор ән шығарса біреуден сұрамайды ғой. Онда ол музыка емес. Оқулық жазу да шығармашылық. Сондықтан әдіскер ғалым бар күш-жігерін салуы қажет. 1987 жылы Білім академиясына келіп, қазақ тілінен оқулық жаздым.
Көлбай Адырбекұлы: Ол қандай оқулық еді?
Күлпаш Сариева: Жаным қазақ болған соң, намысқа тырыстым. Оны мен базалық қазақ тілі дедім. Қазақ тілінде сөйлеп кету үшін не керек? Бәрін оңай мәтінмен бердім. Сол оқулықпен тез сөйлеп кетуге болатын еді. Жоғарғы кеңесте егде адамдарға қазақ тілін үйрету үшін И.Ұйықбаевтың методикасымен оқу құралын жаздым. Оны демеушілер кітап етіп шығарамыз деп, тіл ғалымы Әбдуәли Қайдаровқа апарса, мақұлдаған екен. «Мы говорим по-казахский» деген атпен 50 мың данамен шығып, бір айда Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кетті. Оқулыққа деген сұраныс артты. Кейіннен осыны толықтырып, жақсы бір оқулық жазайын деп, бір нұсқасын балаларға икемдеп жаздым.
Динара Мыңжасарқызы: Министрліктен қолдау тапты ма?
Күлпаш Сариева: Әуелгіде бір шығады, бір шықпайды деді. Әйтеуір Мағзұм Сүндетов ағай жүгіріп жүріп, жарыққа шығуына көмектесті. Сол оқулықты алған адам қазақ тілін өзі-ақ оқып кететін еді. Бірақ министрлік оны қосымша ретінде ғана пайдалануға рұқсат берді. Негізі қабылдаған жоқ. Тіпті, мүйізі қарағайдай апаларымыз «Бұл орыс тілінің маманы», – деп алдымды орап кетті.
Көлбай Адырбекұлы: Ал негізгі оқулық қандай болып еді?
Күлпаш Сариева: Негізгі оқулықтардың сиқын көрсеңіз ғой. Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында бөлім меңгерушісі болғанда модулды технологияны енгіздік. Соған сай емес оқулықтарды сараптап, жібермеуге құзыреттілігім болды. 1991-97 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының президенті болған Немеребай Нұрахметов ағай: «Қазақ тілі оқулықтарын орыс тілі оқулықтарының дәрежесіне жеткізуге күш сал» деді. Несін жасырайын, жазған оқулықтарыма сұраныс артты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ұялары партасының астына тығып оқыды. Өйткені комиссия келсе «Сариеваның оқулығын оқымаңдар!» дейді екен. Қазір деңгейлі қазақ тіліне қатысты алты журнал шығарып жатырмын. Тиражы аз. Бала 40 сағатта қазақ тілінде сөйлеп кететін оқулық бар. Ол да №18 мектептен сынақтан өткенмен, сол күйі қалды. Ал 9-сыныптың оқулығын жазуға министрліктің өзі тапсырыс берді. Еуропалық стандартқа сай жазылған оқулықты «Мектеп» баспасы шығарды.
Динара Мыңжасарқызы: Орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ берудің қыр-сыры ұстазға ғана белгілі. Забира апай, сіз не дейсіз?
Забира Шартықова:
Біздің №13 гимназия аралас мектепке жатады. Өзге тілдің балалары көп оқиды. Бізде қытай, әзірбайжан, кәріс, түрік балалары да бар. Күлпаш апай, мұғалімдер орыс сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәніндегі мәтінді орысшаға аударып береді дейді. Әрине, ондай ұстаздар да бар шығар. Бірақ өзімнің тәжірибемде тек қазақша сөйлеуге тырысамын. Біз қазақ тілі сағатының қысқарғанына ренжіп жатқан жоқпыз. Мәселе – оқу бағдарламасы мен оқулық мүлдем сәйкес емес. Конференцияда «мына бағдарламамен оқытыңдар!» деп мөр басқан қағазды береді. Ал сабақ берейін десең, бағдарлама мен оқулық үйлеспейді. Бағдарламада «Мен және менің отбасым» деп берсе, оқулықта «1-қыркүйек Білім күні» деп тұр. Бағдарлама бір басқа, оқулық өзінше бөлек. Біз осы жоспармен жүруіміз керек. Ұстаздық қызметте еңбек етіп жүргеніме 20 жылдан асты. Бірақ мұғалімнің 16 пайыз өзгеріс енгізуге құқы бар. Балаларға өтірікші болмас үшін бағдарламадан да, қолдағы бар материалдармен де оқытамын. Нәтижесі жаман емес. Кей балалар жап-жақсы сөйлейді. Кей балалар бір сөзді білмейді. Бірі сурет салып немесе тыңдау арқылы сіңіреді. Шын мәнінде, өзге ұлттың балаларына қазақ тілін аптасына бес сағат үйреткенде жақсы болатын еді.
Динара Мыңжасарқызы: Демек, сағаттың қысқаруы қазақ тілінің оқытылуына кедергісін келтіреді ғой.
Забира Шартықова: Әрине, кедергісі болады. Аптасына бес сағат оқыған бала мен үш сағат оқыған балада айырмашылық бар. Бес сағатты үш сағатқа азайту дұрыс емес. Қазір кәдімгідей қиналып жүр. «Балық басынан шіриді» демекші, баланың лексикасын дұрыстай алмай жатқанда орыс сыныптарының 4-сынып оқулығында алдымен «көсемшені» береді. Оны таза қазақ сыныбында оқитын оқушылардың өзі 7-сыныпта оқиды. Осы дұрыс па? Лексика басында, фонетика соңында жүр. Әуелі қазақ әліпбиін үйретпей жатып, морфология мен лексиканы өтеміз. Оқулық жазатын ғалым баланың жас ерекшелігін ойламайды. Сондықтан оқулық жазуға мектеп мұғалімдері араласу керек. Әлі есімде, бұрын кеңестік уақытта бір күнді «орыс тілі күні» дейтін. Сол сияқты қазақ тілі күнін неге енгізбеске?
Көлбай Адырбекұлы: Орыс сыныптарындағы балалар қазақша мазмұндама жаза ала ма?
Забира Шартықова: Жазады. «Мен оқушымын. Менің мынандай міндеттерім бар» деп жазады. Сосын біз: «Кімде-кім әнұранды жатқа білсе, бағаларыңды көтереміз», – деп талпындырып отырамыз. Олар қуанып жаттап келеді. Өткенде Тілдер мерекесінде 3-сынып оқушысы: «Қазақстанда тұрғандықтан, Қазақстанның нанын жеп отырмын. Сондықтан қазақ тілін білуім керек…» деп мөлдіретіп жазыпты. Кейде олардан да рухты көтеретін тамаша пікірлер шығып жатады.
Көлбай Адырбекұлы: Бүгінде мұғалімнің жалақысы мардымсыз. Бұл баланы ынты-шынтысымен оқытатын мұғалімнің көңіл-күйіне де әсерін тигізбей қомайтыны белгілі.
Зәбира Шартықова: Бізге өзге ұлт балаларын оқытқанымыз үшін де сағат қосылады. «Сағат кеміп қалды» деп ренжіп отырған жоқпын. Көрсеткішім жақсы болып, балаларым жүлдегер атанып жүрсе, соның өзі жетеді.
Көлбай Адырбекұлы: Экс-министр Б.Жұмағұлов жыл басында мұғалімдердің жалақысын екі есеге көбейттік деді. Сөйтсек, оның өз талаптары бар екен. Бірінші, екінші, үшінші категорияға байланысты емтихан тапсырады екен. Ал мұғалімдердің көбі соның тек бірінші категориясынан ғана өтіп жатыр. Тәжірибелі мұғалімдер «Біз неге оқуымыз керек? Онсыз да тәжірибе бар, қосатын ақшасын қоса бермей ме?» дейді. Осыған пікірлеріңіз қандай?
Қаламқас Қалыбаева: Дәл осы мәселе бойынша министрліктің сайтына хат жазғам. Бірақ хатымды жоқ қылып жіберді. Әсіресе, тәжірибе ұстаздық мамандыққа ауадай қажет. Тәжірибесіз нәтиже болмайды. 5 жыл сабақ берген мұғалім мен 30 жыл еңбек еткен мұғалімнің айырмасы жер мен көктей. Осы мәселені министрлік қасақана ескермейді. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Жыл сайын мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орны оқытушыларына арналған «Үздік мұғалім», «Үздік оқытушы» байқауы жарияланады. Соның талаптарына қарасаңыз, күлкіңіз келеді. Негізгі талап – «Шетелде неше рет болып қайтты? Неше рет марапатқа ие болды?» деген мәселеге қана қатысты екен. Жоғары балл соларға ғана қойылады. Ал ғылыми еңбек, монографиясы бар ұстазға аз балл беріледі.Ал тәжірибе мүлдем ескерусіз қалған. Қаражатың көтеріп тұрса, Америкаға, Ұлыбританияға жылына үш рет барып, ғылыми орталықтармен байланыс орнатуға болады. Мына біздің айлықпен шетелге қалай барасың? Міне, ұстаз қауымына көрсетілетін осынау бір мүмкіндіктің өзін қиындатып жіберген. Осыдан кейін бұл байқаудан кімдер өтетіні белгілі. Бірінші, шетелде болып келгендер, атағы дардай кісілер өтіп, қарық болды. Олардың жағдайы онсыз да жақсы еді. Енді келесі байқауға ілігеміз десек, әлгі өткен кісілердің үш жылдан кейін қайта тапсыруға құқы бар екен. Қазір солар тағы тапсырып жатыр. Адамзат түрлі соғысты бастан кешірді. Соның сорақысы енді басталды. Ол – санаға жүргізіліп жатқан соғыс. Осы соғыста қазақ халқы ойсырата жеңілуде. Дәл қазақтар сияқты Американың артынан шауып бара жатқан халық жоқ. Білім, ғылым жүйесін ағылшын тіліне байлап беріп қойдық. Қазақ тілін екі сағатқа қысқарту қайдан шығып жатыр? Бізге көрінбейтін бір қитұрқы саясат бар. Оның бір тәсілі – үш тұғырлы тіл. Былай қарасаң, тіл білгеннен кім жаман болып жатыр? Сананы дамытудың керемет жолы бұл. Бірақ А.Байтұрсынов: «Бала үш тілде ойламайды. Бала ана тілінде ғана ойлайды» дейді. 13 жасқа дейін бала тек ана тілінде тілін дамыту керек. Баланың ойын, сөйлеу қабілетін дамыту қажет. 13 жасқа дейін ана тілін меңгермеген бала басқа тілдің құрылымын меңгеріп кете алмайды. Бұл «Бала өз тілінің тұғырына шықпай тұрып, басқа тілді білу керек пе?» деген қағидадан шығып отыр. Қазақ тілінің жағдайы орыс тілінің деңгейіне жете алған жоқ. Орыс тілі әлі алпауыт. Қазақ тілінің мәртебесін енді көтереміз деп жатқанда оның сағатын қысқарту дұрыс емес.
Көлбай Адырбекұлы: Иә, дұрыс айтасыз. Балаға әуелі ұлттық сананы сіңіру керек. Жапонияда бала 13 жасқа дейін тек жапон тілінде ғана оқиды екен. Қазір сол жапондар технологиясымен бүкіл әлемді жаулап отыр.
Тамаша Рахымжанова: Балалар қазақша сөйлемесе, ол отбасындағы тәрбиеден келетін мәселе. Оған қазақша сөйле десең де, сөйлемейді. Себебі, солай тәрбиеленген. Ал жаңа тәжірибелі және тәжірибесі аз мұғалім деп қалдыңыздар, меніңше, мұғалім 40 жыл ұстаз болса да, ізденіс үстінде болу керек. Тіпті, олардың «Менің тәжірибем жеткілікті. Курсқа бармаймын» деуі де дұрыс емес. Қазір кейбір мұғалімдер компьютер білмейді. Ол бала талап етіп отырған нәрсені беруі керек.
Қаламқас Қалыбаева: Әңгіме онда емес. Мемлекеттік тараптан мұғалімге қолпаштау жасағанда тәжірибелі ұстаздарды бірінші орынға қою керек. Байқауға тәжірибені арнайы пункт етіп енгізу керек. Бүгінде «Тәжірибем бар» деп жатқан мұғалім жоқ.
Күлпаш Сариева: «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан келіп отырмын. Оған он төрт облыс пен екі қала (Астана мен Алматы) мұғалімдері кіреді. Біз ұстаздарды бір ай Кембридж бағдарламасымен оқытып жатырмыз. Мұғалім балаға ештеңе үйретпейді. Бала өзі талаптанады. Мұны жас мұғалімдер тәжірибеде қолданып, нәтижесінің қалай болғандығы туралы есеп береді. Сертификат алса алды, алмаса қалды. Содан облыстан келіп, өткен мұғалімге 30 пайыз, республикадан келген мұғалімге 70 пайыз, ал біліктілігін Назарбаев университетінде дәлелдеген ұстаз 100 пайыз жалақы алады. Осы уақытқа дейін 70 пайыз сынақтан өткендердің саны аздау. Баяғы мұғалімнің заманы өтті. Себебі, қазіргі заман талабы басқа. Білім беру саласына үлкен өзгеріс еніп жатыр. Орыс мектебінде оқыдым, сонда қазақ тілі сабағының мұғалімі ұйқтап отыратын. Неміс, кәріс оқытты. Орыс филологиясына неге түстім? Өйткені, қазақ – жалқау. Қазақ мектебінің деңгейін көтеру керек.
Көлбай Адырбекұлы: Парламент сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов қазақ балаларының 40 пайызы орыс мектептерінде оқитынын айтты. Бұл білім беру сапасының төмендігінен бе, әлде қазақ тілінің болашағына сенбеуден бе?
Күлпаш Сариева: Бастауышқа баламды қазақ мектебіне бердім. Балам жетіге келгенде орыс мектебіне барамын деді. Кейіннен ауыстырып алдым. Олар қазақша біледі. Бірақ әлемдік деңгейде білімді болу үшін ол орыс және ағылшын тілін білуі керек. Ал шын мәнінде, қазақ мектебінде білім сапасы нашар. Қазақ мектебінің мұғалімдерін сапалы дайындау қажет.
Динара Мыңжасарқызы: Орыс сыныптарында басқа пәндерді қазақша оқыту керек деген пікір айтылуда. Бұл мүмкін бе?
Қаламқас Қалыбаева: Ағылшын тілін қалай болсын, жол тауып үйреніп жатырмыз. Балам балабақшадан бастап үйренуде. Тіпті, әлсіздеу мұғалім болса, жақсысын іздеп тауып, үйренуге тырысып жүргендер көп. Жасы да, жасамысы да. Себебі, қажеттілік бар. Қазақ тілінің дәрежесін өз елімізде мемлекеттік деңгейде көтеретін болсақ, елдің бәрі үйренер еді. Тілге деген құрмет өзімізден басталуы керек. Бүгінде бірнеше пәнді ағылшынша өтіп жатыр ғой. Соған қарағанда гуманитарлық пәндерді қазақша оқытса болар еді.
Көлбай Адырбекұлы: Ұстаз – ұлағатты мамандық. Айтылған ұсыныс-пікірлерді Білім және ғылым министрлігі қаперіне алар деген ойдамыз. Халықаралық «Түркістан» газетінің ұжымы бала тәрбиелеп, оқушыларға білім нәрін құюда қомақты үлес қосып жүрген сіздерді және барша мұғалімдерді келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтап, еңбектеріңіздің жемісті болуына тілектестік білдіреді.
Дөңгелек үстелді дайындағандар:
Көлбай Адырбекұлы,
Динара Мыңжасарқызы