ЖАС ҚАЛАНЫҢ ЖАРҚЫН ТОЙЫ

ЖАС ҚАЛАНЫҢ ЖАРҚЫН ТОЙЫ

ЖАС ҚАЛАНЫҢ ЖАРҚЫН ТОЙЫ
ашық дереккөзі
401

 Мерекеге арналған салтанатты жиын облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтауымен ашылды.

– Қарт Каспийдің жағасынан мекен тепкен ақ шаңқан қала өзінің мерейтойын атап өтуде. Қазақстан қалаларының арасында «жас» көрінгенімен Ақтау атқарған ерлік істерімен, тарихымен, болған оқиғаларымен жəне құрметті адамдарымен бай. Маңғыстауда əртүрлі пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Минералдық шикізаттың сан түрлілігі, қазбалардың қоры жəне оларды игерудің ерекшеліктері бо­йынша əлемдік геологияда бұл өңірге тең келер жер жоқ.  Өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасынан бастап Маңғыстауда ірі көлемде геологиялық-іздестіру жұмыстары жүргізіле бастады. Нəтижесінде, 1961 жылы 5 шілдеде Жетібайдағы №6 ұңғыдан алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Көп ұзамай Өзен мұнай кенорны ашылды. Сөйтіп, Маңғыстаудың үлкен мұнайының эпопеясы басталды, – деді. 

Қала өмірі қашан да қиын. Кейінгі жылдары қалада жылу-энерго орталықтары іске қосылды, «Гурьев – Маңғышлақ» темір жолы мен «Ақтау – Жаңаөзен» қатқыл жолы салынды. Əр жылдары «Гурьев-20» жəне «Ақтау» атанған жұмысшы поселкесінің құрылысы өңірдің осы қарқынды дамуымен қатар жүрді. 1959 жылы 14 мың халқы болған Ақтау поселкесіне төрт жылдан кейін «қала» мəртебесі берілді. Ақтау елдің көз алдында өсті. Жыл сайын əлеуметтік нысандары бар бірнеше шағынаудандар бой көтерді. «Маңғыстаудың байлығын игеруге бұрынғы Одақтың көптеген аймақтарынан жүздеген мамандар келді. Басымы осы жерге түпкілікті орнықты. Қазір олардың ұрпақтары аталары мен əкелері бастаған істі алға апаруда. Сөйтіп, өңірде ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Оған мұнайшылар, кеншілер, энергетиктер, құрылысшылар жəне тағы басқа кəсіп иелері бойынша көптеген мысалдар келтіруге болады», – деді А. Айдарбаев.

Сондай-ақ бұл мереке Маңғыстау ауданының 85 жылдық мерейто­йымен тұспа-тұс келіп отыр. Өткен аптада «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде 85 киіз үй тігіліп, мерейлі мереке кең көлемде аталып өтті. 

Маңғыстау облысының 40 жылдығы, Ақтау қаласының 50 жылдығын тойлау барысында «Жұлдызды он күн» басталды. Бұл акция барысында қайырымдылық пен мейірімділік, салауаттылық, ән-жыр, поэзия кеші, түрлі жәрмеңкелер мен акциялар, жиындар, көрмелер мен ғылыми-танымдық шараларды ту еткен он күн мерекеге арналды. 

Бұл күні қаладағы жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балалар қолынан шыққан дүниелер көрмесі ұйымдастырылды. Ақтау қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры К.Айтбатырова: «Орталықтың 8 бөлімшесінде жалғызілікті 640 қарт, ақыл-есі кем, қимыл-тірек органдары жұмыс істемейтіндерге арналған 2 бөлімшеде 162 бала есепте тұрады. Жасанған көрмедегі бұйымдар – осы жандардың қолынан шыққан туындылары. Облыс пен қаланың мерейто­йына арнап, әрі сауда-саттықтан түскен қаржы орталыққа, өнер иелеріне материалдық көмек болсын деген мақсатта ұйымдастырылған көрмені тамашалаушылар аз болған жоқ», – деді ол.  

– Үйде отырған мүмкіндігі шектеулі жандардың ортадан оқшауланып қалмай, өнермен жақын болуы қуантады. Олардың әрбір еңбегі – ерлік, ал ерлік бағалануы тиіс. Сондықтан, олардың көрме-жәрмеңкесін тек қала мерейтойы қарсаңында ғана емес, алдағы уақытта тұрақты өткізіп, туындыларды тұтынушылардың сатып алуына мүмкіндік жасаймыз, – дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтизаров. 

Бұл айтулы күн облыс көлемінде тойланып, мерекелік шаралармен жалғасты. «Aktau Open Fest»  музыка және спорт фестивалі ұйымдастырылды. Бұл фестивальде жастарды спортқа тарту, баулуға бағытталған ойындарға облыс халқы жаппай қатысты. 

Ақтаудағы Астана алаңы бірнеше шағын алаңшаларға бөлініп, бірнеше спорттық сайыстар бір мезгілде өткізілді. Сондай-ақ «көше баскетболы» ойынынан алғашқы Қазақстан чемпионатының тұсауы осы фестиваль барысында кесілді. 

«Түркістан-ақпарат»

Серіктес жаңалықтары