«ЖАҺАН ЖОБАСЫН» ҚОЛҒА АЛҒАН АЙМАҚ
«ЖАҺАН ЖОБАСЫН» ҚОЛҒА АЛҒАН АЙМАҚ
«Сыр – Алаштың анасы» деген сөз тегін айтылмаған, сірә. Сондықтан да Қызылорданың Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болуын тарихи кездейсоқтық деуге болмас.
Қызылорда облысы – қазақы рухани өзекті сақтаған, тарихи тамыры терең өлке. Түркі дүниесінің абызы – Қорқыт атаның кесенесі, Сақтар көсемдерінің резиденциясы – Шірік Рабат қаласы, оғыздар астанасы – Жанкент қаласы, Ұлы қыпшақ астанасы – Сығанақ кентінің орны осы облыс аумағында орналасқан. Аймақта бұдан басқа да тарихи орындар мен ескерткіштер, құнды жәдігерлер мол.
Болашақта көне астаналар ЮНЕСКО-ның мәдени жәдігерлер каталогына енгізілуі мүмкін. Оның үстіне, Байқоңыр қаласын келешекте туризм орталығына айналдыру да жоспарда бар.
Астанаға келіп, Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осындай жақсы жаңалықтарды ала келіпті.
«БҰЛ – ҮЛКЕН ІСТІҢ БАСЫ ҒАНА»
2012 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісіне сәйкес, Қызылорда облысы 16-орында тұр. Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, биылғы жылдың алты айлық қорытындысына сәйкес, Қызылорда облысы инвестиция, құрылыс, салық түсімдері бойынша алға шықты. Қырымбек Көшербаев бұл туралы «Бұл көрсеткіш бізді қуантады, әрине. Бірақ мұны әлі тұрақты тенденция деуге болмас. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана» деп қысқа қайырды. Бұдан соң әкім кейбір мұнай компанияларында мұнай өндіру көлемінің азайғанына алаңдайтынын жеткізді. Оның себебі ретінде геологиялық барлау жұмыстарының жүргізілмеуі, өндірісте заманауи технологияларды енгізбеу, еңбек өнімділігінің шабандығы аталды. «Неге бұл маңызды? Неге мен бұған аса мән беріп отырмын? Себебі біз экономиканы диверсификациялаумен, өңдеу салаларын дамытумен айналысып жатқанда, мұнай-газ және уран өнеркәсібі аймақтық экономиканың локомотиві болып қала бермек, олар өнеркәсіп өнімдерінің 93,4 пайызын құрайды», – дейді әкім.
Облыс әкімі үш айдың ішінде 277 елді мекенді аралаған екен. Бұл туралы әкімнің өзі «Облыста мен болмаған елді мекен жоқ. Қазіргідей интернет заманында «Скайп» желісі арқылы, бейнеконференция арқылы хабарласып отырса да болады. Бірақ көзбен көргенге, елмен кездескенге не жетсін», – дейді.
Әкім аймақтың қарқынды дамуға қабілеті жоғары екеніне сенімді. Ол үшін аймақтық экономиканың қалыптасқан құрылымын өзгерту керек. Сондықтан да Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаның Қызылорда облысы үшін маңызы өте жоғары.
Қырымбек Көшербаев өз сөзінде «Елбасы мені бұл қызметке тағайындағанда, аймақ экономикасының құрылымын өзгертуді, әсіресе облыстағы өңдеу өнеркәсібінде үлкен істер атқаруды басты міндет ретінде тапсырды», – деп ағынан жарылды.
Ресми көрсеткіштерге сәйкес, облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз деңгейінде сақталып отыр екен, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Аймақта биылғы жылдың басынан бері 6 мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ден қойылды. Ауылдық кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелер беру қолға алынған. Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа биыл 3 миллиардтай теңге бөлініпті.
«Өнеркәсібі дамыған Қарағанды облысында жалпы аймақтық өнімнің 40 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік құраса, бізде оның көлемі 10 пайыз ғана. Сондықтан бұл салада атқарар әлі қыруар шаруа бар», – деді әкім.
Дегенмен, экономиканы диверсификациялау бағытында тындырылып жатқан шаруалар аз емес. Жеті айда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 16 па-йыздан асқаны осының белгісі болар. Аймақта шыны, цемент, құбыр зауыттарын, басқа жаңа өндірістерді салу қолға алынды.
Мұның бәрі Қызылорда облысының оңтүстігінде металлургиялық кластерді қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Облыс әкімі биыл 13-14 қарашада Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында өтетін «Байқоңыр» ІІ Инвестициялық форумы өтетінін хабарлады. Бұл жиында аймақтың индустриалды инновациялық саланы дамытудағы мүмкіндіктері талқыланып, өңдеу өнеркәсібі саласында көптеген жаңа келісімдерге қол қойылады деп жоспарланған.
КҮРІШ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӨНІМ
Қазір облыста егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Осы аймақтың үш ауданында ғана өндірілген күріш барша республиканы осы өніммен қамтамасыз етуге жетеді екен. Жыл сайын облыс диқандары 285 мың тоннаға жуық күріш егеді.
Күріш егуде заманауи технологияларды пайдаланудың тиімділігі зор болмақ, мысалы, суармалы жерлерде ауыстырмалы технологияны қолдану топырақ экологиясын сақтауға мүмкіндік береді.
«Диқандардың күріш еккендегі еңбегінің қырық пайызын республикалық бағдарламалардың, облыстық әкімшіліктің, мәслихат депутаттарының шешімі арқасында субсидиялар арқылы қолдап отырмыз. Соның арқасында бұл саланың дамуына оңтайлы жағдай жасалып отыр», – деді Қ.Көшербаев.
Үкіметтің «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында диқандар нақты қолдауға ие. Облыстағы Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу күріш институты бар, осы институт негізінде мамандармен бірлесе отырып, облыста күріш кластерін дамыту қолға алынды. Қазірдің өзінде бұл жоба нәтижесіз емес.
«ОБЛЫС ХАЛҚЫ 1 МИЛЛИОНҒА ЖЕТЕДІ»
Қазіргі уақытта облыс халқының саны 800 мыңға жуық. Мамандар туу көрсеткішінің қарқынын ескере отырып, алдағы он жылда облыс тұрғындарының саны 1 миллионға дейін өседі деп болжап отыр.
Халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұратын Қызылорда облысы үшін елді мекендерді көркейтудің маңызы зор. «Алдағы уақытта әр ауданда тірек ауылдарды дамыту үшін кешенді бағдарлама қолға алынады», – деді облыс әкімі. Аймақ басшысының айтуынша, бірнеше жылда бар жағдайы жасалған, әлеуметтік стандарттары заманауи талаптарға жауап бере алатын, ең бастысы тұрақты да, табысты жұмысы бар 20-30 ірі ауыл пайда болса, осы елді мекендер экономикалық өсудің ұйтқысына айналып, ауылдың қарқынды дамуына септігін тигізетін болады.
Президенттің ауыл әкімдеріне қосымша өкілеттік жүктеп, құзіретін күшейтуі де ауылдарды өркендетуге жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, Қызылорда облысының инфрақұрылымы дамыған аймақтардың қатарына кіреді. Барлық аудандар Сырдария өзенін жағалай қоныстанған болса, «Алматы-Мәскеу» теміржол желісі де, «Самара-Шымкент» көлік жолы да барлық аудандарды кесіп өтеді. Одан өзге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынып жатыр. Биылғы жылы облыс аумағындағы ұзындығы 812 шақырым құрайтын құрылыстың 85 пайызы аяқталады. Халықаралық жол құрылысы облыс аумағында келесі жылы тамыз айында толықтай аяқталады деген үміт бар.
Қызылорда облысындағы елді мекендердің 85 пайызы теміржол және халықаралық көлік жолының бойында орналасқан. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры өңірді көгілдір отынмен толық қамтып қана қоймай, Қызылорда облысының экономикасына тың серпін береді.
Қызылорда әуежайында уақыт талабына сай халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы жоспарланған. Мұның бәрі Қызылорданың инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
«МИЛЛИОНЕР БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, ҰСТАЗ БОЛ»
Білім беру саласында әлі бірқатар түйткілді мәселелердің бар екенін мойындаған әкім биыл облыс мектептерінде үш ауысымда оқыту мәселесін толықтай шешуге уәде берді. Оның үстіне, жақында аймақтың ең үздік мұғалімдеріне 1 миллион теңгеден берілген екен. «Миллионер болғың келсе, ұстаз бол» деген ұран облыста қанатты сөзге айналғандай.
Бұл саладағы тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі – облыста Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Бұл – республика аумағындағы жиырма зияткерлік мектептің бірі.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті және Мәскеу авиациялық институтының Байқоңыр қаласындағы филиалымен бірлесіп халықаралық стандарттарға сай мамандар дайындайтын кафедра ашу мәселесін қолға алды.
Аймақтағы балалардың 80 пайызы балабақшаға барады. Қызылорда облысында «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін емес, қайта 2015 жылдың аяғына дейін шешу міндеті қойылып отыр. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер де атсалысуда.
Облыс көлемінде өршіп тұрған ауруларды емдеу, алдын алу үшін облыс әкімшілігі арнайы жол картасын қабылдаған. Мысалы, ана мен бала өліміне қатысты жағдайды сараптағанда, сәби өлімі дүниеге келген алты күннің ішінде көбірек екені анықталды. Жаңа туған балаға қажетті дәрігерлік көмек көрсететін дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар жетіспейтіні анықталған. Жол картасында осы мәселелерді көрсетіп, арнайы қаржы бөліп, жағдай жасалды. «Осылайша, басқа да аурулардың көрсеткіштері бойынша облыста жағымды өзгерістер бар», – дейді облыс әкімі. Әлбетте, бұл бағытта жасалар іс әлі де көп.
«БАЙҚОҢЫР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҚ БРЕНДІ»
Президенттің тапсырмасына орай, ЭКСПО-2017 көрмесінің қатысушылары Байқоңыр кешенін аралап көрмек. Осылайша, Байқоңыр облыстың туризм орталығына айналмақ. Қ.Көшербаев тіпті «болашақта Байқоңыр Қазақстанның брендіне айналуы мүмкін» деп мәлімдеме жасады. Одан бөлек, «Байқоңыр Қазақстан экономикасы үшін инвесторларды тартатын магнитке айналуы керек» деген де пікір айтты. Ол үшін қажетті жағдайдың бәрі – бос құрылыс кеңістігі, дамыған инфрақұрылымы бар, энергетикалық қуаты да мол. Соңғы жылдары бұл қалада әскери жобалар азайды. Бұл орайда, қызылордалықтар ресейлік жоғары технологиялармен айналысатын компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірліктерін білдірді.
Брифингте қойылған сұрақтардың бірқатары «Протон-М» зымыранының құлауы, оның экологиялық зардабы, Ресейден өтемақы алу мәселелеріне арналды. Әкім бұл мәселелердің мемлекетаралық келісім бойынша шешіліп жатқанын айтып өтті. Оның айтуынша, Байқоңыр қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту арнайы жол картасын қабылдау керек. Бұл мәселенің Үкімет назарында екені айтылды.
«ЖАҺАН ЖОБАСЫ»
Қызылорда облысын айтқанда, әуелі экологиялық мәселелердің ойға оралатыны белгілі. Бір кезде экологиялық апат аймағы деген атау облыстың оң имиджіне айтарлықтай нұқсан келтірген болатын. Арал теңізін құтқарып қалу мақсатында халықаралық деңгейде көптеген келіссөздер жүргізілді, арнайы қор да құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы бүгінде «Жаһан жобасы» деп аталды.
Жобаның бірінші кезеңінде теңіз жағалауы Арал қаласына 74 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады. Ауланатын балықтың түрі 22-ге дейін жетті. Теңіздің тұздану деңгейі 34-тен 8 грамм/литрге дейін түсіп, тіршілік тынысы ашылды.
Ендігі кезекте жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуы тиіс. Бұл кезеңде теңіздің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін көтеріп, айдын кемері бір кездері портты қала болған Аралға да жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, Сырдария бойындағы көлдер жүйесі қалыпқа келеді.
Бір кезде Балқашқа, Қапшағайға көшіп кеткен балықшылар атақонысына қайтып оралып жатыр. Көп ұзамай, өңірдегі балық шаруашылығы қайта жанданып, балық аулаудың көлемі жылына 30 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін.
Жақында Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Арал өңіріне арнайы келіп кетті. Жақында осы мәселеге орай нақты шешім Үкіметте қабылдануы тиіс.
Гүлбиғаш ОМАР