ҒЫЛЫМ – ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЖАСАУ ҚҰРАЛЫ

ҒЫЛЫМ – ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЖАСАУ ҚҰРАЛЫ

ҒЫЛЫМ – ОТАНҒА  ҚЫЗМЕТ ЖАСАУ ҚҰРАЛЫ
ашық дереккөзі
301
Болашақта біздің қоғамдық өмірімізде шығыс көршіміздің үлкен рөл атқаруы әбден мүмкін екендігіне көз жұма алмаймыз. Қытай мемлекетінің әлемдік қауымдастығы ықпалы жылдан жылға арта түсуде. Олай болса, елімізбен шекаралас ең үлкен екі мемлекеттің бірі болып табылатын Қытай елінің тарихын, оның әсіресе Шығыс Түркістандағы ғасырлар бойы жүргізіп келе жатқан саясатын ғылыми талдауға алып, іргелі еңбектер жазу отандық тарих ғылымының міндеті болып табылады. Кеңестік кезеңде ондай мүм­кін­дік қазақ тарихнамасында бол­ған жоқ, ал қазір, иншалла, он­дай мүмкіндіктер бар. Қытай елін­де кәсіби даярлықтан өтіп, оның аса бай тілі мен мәдениетін иге­ріп, енді бүгін жаңа сапа және маз­мұндағы қазақ тарихын жазу ісі­не белсенді түрде атсалысып жүр­ген тарихшыларымыздың қыз­ме­ті осы тұжырымға негіз бола ала­ды. Міне, осындай жемісті ең­бегімен танылып жүрген ғалым­да­ры­мыздың бірі – тарихшы-филолог Әлім­ғазы Дәулетхан. Ә. Дәулетханмен мені таныс­тыр­ған өмірден ерте озған аяулы аза­ма­тымыз Айтан Нүсіпхан еді. 90-шы жылдардың орта тұсы болса керек, Әлекең Алматының жанын­дағы Райымбек ауылындағы бір тама­ша үйде тұрады екен. Төңірегі бау-бақша үйдің алдындағы мәуелі жүзімнің көлеңкесінде отырып қымыз іштік. Әңгіме-дүкен құрдық. Онша ұзаққа созылмаған сол оты­рыс­та Әлекеңнің қатпар-қатпар іш­кі дүниесі бар шығармашылық иесі екендігі байқалып тұрды. Ол түрік ғалымы Бахаддин Өгелдің «Ұлы Хұн империясының тарихы» атты еңбегін қазақ тіліне аударып жат­қанын айтты. Көп ұзамай екі кі­таптан тұратын ол еңбек те жарық көрді. (2 томдық, 1998) Сол жолы Ә.Дәулетханның түрік, қытай, ұйғыр және орыс тілдерін еркін игерген маман екендігін байқаған едім. Кейін біз Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және эт­нология инс­титутында бірге қыз­мет жаса­дық. Түрлі жұмыстарға бай­ла­ныс­ты араласып, пікір алысып жүріп Әлекеңнің елін сүйген және оны әдеби және ғылыми қызметі арқылы дәлелдеп жүрген азамат екендігіне көзім жетті. Ғалымның жан-дүниесі, тіп­тен болмысы да оның жазған еңбе­гін­де, шығарған кітаптары мен мақа­ла­ларында. Осы тұрғыдан келгенде Ә.Дәулетхан зерттеу еңбектерін бүгінгі қоғамдық сұраныстағы тақы­рыптарға жазатын белсенді әрі мінезді ғалым. Әлекеңнің бұл қасиеттерін біз көріп те, біліп те жүрміз. Жаңа ғасырдың ба­сында шығармашылық мүмкін­ді­гін көрсетуден үміттенген бір­ замандасымыз өзі сияқты аға­ла­­рының қолдауымен алып Қытай елінің классик ақыны Ли Боны дулат тайпасынан шыққан жер­ле­сіміз болады деген пікір айтып, қо­ғамды біраз дүрліктіргені бар. Олар­дың бұл әрекетіне қоғам күле қарағандай ыңғай танытты. Дегенмен, бұл әрекет жүрдім-бардым қарайтын нәрсе емес-тін. Өйткені ендігі уақытта «қазақ ақыны» аталуға тиіс болған Қытай ақы­нының шығармалар жинағы қазақ тіліне аударылып басылды. Бел­сенді ағайындар елімізде Ли Боға ескерткіш тұрғызу қамына кі­рі­сіп те кеткен еді. Мұндай бағыт-бағдар алған әрекетке ғылыми және дәлелді жауап беру қажет болды. Ондай жауап айтылмаған күнде мамандар қауымдастығы алдында күлкіге ұшырауымыз әбден мүмкін еді. Міне сол байсалды да нанымды ғылыми жауапты ашық баспасөз арқылы берген Ә.Дәулетхан болды. Оған қалай разы болмайсың. Ғалымның 2005 жылы жарық көр­ген екі кітаптан тұратын еңбегі қазақ тарихының ортағасырлық кезеңіне қатысты өзекті мәселелерге арналған. Түркеш қағандығы та­рихына арналған монографиялық зерттеудің жаңалығы, академик О.Смағұловтың дәл айтып көрсет­ке­ніндей, бұл ортағасырлық Түр­кеш мемлекетінің шаңырақ көтер­ген жері мен елі қазақ жұрты бол­ған­дығын және бұл процесс үзіліп қалмай, кейінгі кезеңдерде тарихи жалғастығын тапқандығын айқын, дәлелді түрде көрсетіп бергендігінде еді. Батыс Түрік қағанаты ыдыра­ған­нан кейін Жетісу өңірінде өмір­ге келген Түркеш қағандығы жөнінде жазылған еңбектер жоқ емес, бар (Шаванне, В.Бартольд, Шуе Зүңжың, Н.Мыңжан ж.б.). Дегенмен, бұл мемлекеттік құ­рылымның қазақ тарихында алатын орны, оның этникалық құ­рамы, кейінгі мемлекттік құры­лым­­дармен өзара сабақтастық байланысы жөнінде арнайы зерттеу жұмысы қажет екендігі байқалатын еді. Ә.Дәулетхан еңбегінде, міне, осы ғылыми мәселелер біршама өз шешімін тапты деп айтуға болады. Ә.Дәулетхан басым түрде Қытай дерек көздеріне сүйене отырып, Түркеш мемлекетінің құрылған жылына байланысты өз тұжырымын жасап (692 жыл), қағандықтың жүріп өткен жолын бес кезеңге бөліп қарастырады. Нақты дерек көздеріне сүйене отырып түркештер мемлекетінің басым түрде қазақ жерінде қалыптасып, Сүлүк шор сияқты талапты ел билеушісінің жігерлі қызметінің арқасында заманындағы Таң патшалығы, Хорасан әмірлігі, Араб халифаты сияқты қаһарлы мемлекеттермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасағандығын нанымды баяндайды. Автор кейбір тарихшылардың қазақ халқының алғашқы ұйытқысы осы кезде (VIII-IХ ғғ.) көптеген көне ұлыстар мен рулардан, атап айтқанда түркеш пен қарлұқ одағы негізінде қалыптаса бастады деген ұсынысын қуаттап, бұл тұжырымның негізінде тарихи шындық жатыр деген пікірге келеді. (Дәулетхан Ә.Түргеш қағанаты. А, 2005,134 б). Ә.Дәулетхан шығарма­шы­лы­ғында ерекше орын алатын та­қырып- Атлах-Талас шайқасы (VIII ғ). Осы тақырыпқа арналған зерт­теулерінде тарихшы ұлт тари­хын, оның түрлі замандардағы мем­ле­кеттік құрылымдар тарихын үзік- үзік қарауға үзілді-кесілді қар­сы­лы­ғын анық байқатады. Ол : «бір ғана мысал келтірейін. Бүгінгі Қа­зақстан аумағында құрылып, ға­сыр­лар бойы салтанат құрған Үйсін, Қаңлы, Батыс Түрік, Түргеш қағанаты мен Қарлұқ-Қарахан хандықтары жөнінде сөз болғанда олардың этникалық тек-тамыры мен мемлекеттік дәстүр жалғастығы мүлде айтылмайды, ал айтыла қалғанда орыс тарихшыларының әр кезде жазып кеткен дәлел – дәйексіз болжал пікірлері бұл­жы­мас заңдай қайталанады», – деп көрсетіп, осы орайда тек қазақ тарихы үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін зор мәнге ие «Атлах-Талас» шайқасы отан тарихында өзіне тиесілі орнын неге ала алмай келеді деген толық негізді мәселе қояды. Ә.Дәулетхан түсінігінде Талас шайқасында біздің сол кезеңдегі ата-бабаларымыз қытай мен араб әскер күштері бетпе-бет келген бұл тарихи сәтте араб жағына шығып, тура шешім қабылдаған. Түркілер өркениетін сақтап, оны қытай экспансиясынан құтқаруда басқа балама жол жоқ еді. Олай болса Орталық Азиядағы түркі аталатын жұрт, күллі мұсылман – түркі әлемі Атлах-Талас түбінде шаһит болған құрбандардың ерлігін ұмыта алмақ емес. Зерттеушінің дұрыс та орынды тұжырымы «Атлах-Талас шайқасындағы» ұлы жеңіс мектеп және жоғары білім бағдарламаларында өзінің тарихи маңызына лайық дәрежеде орын алуға тиіс. Ғылымда қабылданған әдіс бойынша қоғамдық құбылыс қашан және неден басталса, оны зерттеу де сол сәттен басталып, оның табиғатынан туындайтын әдіс-құралдарға сүйенбек. Зерттеуші Ә.Дәулетханның бұл принципті жақсы меңгеріп, ұстанатындығы оның еңбектерінен анық байқалады. Бұл ретте оның «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті (1679-1949)» аталатын монографиялық еңбегін ерекше бөліп айтқан жөн. Әдебиеттанушы Әлімғазы Дәу­лет­ханның бұл еңбегімен таныса оты­рып, іргеміздегі Шығыс Түркіс­тан­ның көркем әдебиетімен және оның көрнекті өкілдерінің шығар­ма­шылығымен жақын таныса алмай келгендігіңе өкінесің. Сөзсіз бұл әдебиет – өз жолы, тағдыры, соған сәйкес ерекшеліктері бар әдебиет. Сонымен бірге бұл әдеби процестің өзекті жібі және идеясы – ұлт тәуелсіздігі. Сондай-ақ Шығыс Түркістан әдебиетін, көркем ойын Батыс Түркістан әдебиетімен жалғастырып, туыстырып тұрған да осы ел тәуелсіздігі идеясы. Қос әдебиетте ортақ желілер аз емес, өйткені оны жасаушы халықтардың өмірі мен қалыптасқан тағдырында ұқсастықтар, параллельдер де жеткілікті еді. Бір ғана мысал. Қытай тарих­шы­лары үшін «Шығыс Түр­кіс­тан­дағы азаттық қозғалыстарға бай­ланысты жүргізілген күш қол­дау шаралары бұл Қытай империя­сы­ның өз шекарасы маңайын тыныш­тандыру, мемлекеттің тұтас­тығы мен тыныштығын бұзуға тырыс­қан бұзақыларды тәртіпке ша­қыру мақсатынан туындаған әскери әрекет екен» (Қараңыз: Ә.Дәулетхан. Аталған еңбек, 70-б.). Тура осы мазмұндағы тұжырымды бүгінгі Ресей тарихшыларының еңбектерінен де кездестіруге болады. Мәселен, «Губернаторы Оренбургского края» ( Оренбург, 1999) аталатын кітаптың гу­бер­натор В.А.Перовскийге арнал­ған тарауынан «Исатай мен Жо­ламанның шайкаларын талқандап, одан ары ең жылдам да қайтпас-қайсар жау Кенесары Қасымов пен күресе отырып Перовский негізгі қарсыласымыз қырғыздар емес, Хиуа екендігін түсінді», – деген жол­дарды оқимыз. (Қараңыз, 207-б). Ә.Дәулетханның ұйғыр әде­бие­тінің төрт ғасырлық тарихынан мәлімет беретін бұл монографиялық зерттеуі маңызды тақырыпқа және мәселеге арналған еңбек ретінде қабылдануға лайық. Бұл ретте оның Cайидия-Жаркент хандығы тұсындағы ақын-жазушылардың ұйғыр елінің өміріне арналған шығармаларына жасалған талдауы жағымды оқылады. Жаркенттік ақын Зелилидің ғазалдары, мәсе­лен, еуропалық ағартушылық кезе­ңіндегі ойшылдардың тұжы­рым­дарын еске салады екен. Олармен таныса отырып, ағартушылық қоғамдық ойдағы ағым ретінде тек еуропалық құбылыс емес, жал­пыа­дам­заттық құбылыс екендігіне көз жет­кізуге болады. Зелилидің 164-ші ғазалына көңіл аударыңыз: «Ей, адамзат, өзіңізді бақылап көрші, әрқандай ғажайыптарды өзіңнің бойыңнан да таба аласың. Өз бойыңдағы Жейхун дариясындай шалқып жатқан кемел ақылды бағалай алмай, басқадағы жаттанды ақылға табынғаның әурешілік емес пе?» Еуропалық ағартушылықтың да көтерген ұраны осы, яғни жеке тұлғаны өз күші мен қабілетіне сенуге шақыру емес пе еді. Шығыс Түркістанда 18 ғасыр­да-ақ ағартушылық үрдісінің еркін қанат жайғандығы аударма мәдениеттің кең өріс алғандығынан байқалады. Осы ғасырда Жаркент билеушісі Қожа Жаһанның тапсырысы бойынша аудармашы Шаһ Хижран Фирдоусидің «Шахнамасын» парсы тілінен ұйғыр тіліне аудару ісін бастап кетеді. Абдоллах деген аудармашы араб тілінен ұйғыр тіліне «Мың бір түнді» аударып шығады.Аты белгісіз аудармашы 1751 жылы Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін парсы тілінен шағатай түрікшесіне аударады. Осындай маңызды мәліметтерді Ә.Дәулетхан кітабынан молынан кездестіруге болады. Шығыс Түркістандағы ұйғыр және қазақ әдебиетіндегі ұлт- азаттық тақырыбы монографиялық зерттеудің негізгі көтерген жүгі. Сондықтан да бұл тақырып арнайы талдауға алынуға лайық деп білеміз. Әлімғазы Дәулетхан күрделі өмір жолынан өткен, екі импе­риядағы қоғамдық өмірмен жақсы таныс, сондай- ақ оларды зерттеп, салыстыра жүріп таныған азамат. Ал оның ғылымға келуі кездейсоқ нәрсе емес, ғылым ол үшін қоғамның бүгінгі күрделі мәселелерінің түп-тамырын түсінуге көмектесетін құрал. Ғылым арқылы Отанына пайдалы болуды тынбай ойлайтын ғалым Әлімғазы Дәулетхандай болсын.

 Мәмбет ҚойгелдІ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары