БІЛІМ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

БІЛІМ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

БІЛІМ,  ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
ашық дереккөзі
578

Күн жүйесінің Үшінші планетасының бетін басып жүрген, өздерін саналы санап жүрген адамзат өкілдерінің басты мұқтажы білім алу мәселесі екеніне бүгіндері күдіктенген біреу-міреуді көрсең, шынында да оны нақұрыс, тіпті жын қаққан есебінде қабылдауымыз кәдік. Себебі: қазірде білім-танымсыз ешкімге атар жарық күн жоқ екенін әркім білсе керек. 

Әсіресе, Ұлы Жаратқанның соңғы пайғамбарының (с.ғ.с): «Жастықта алынған білім – тасқа ойылған нақыл», – деген ұлы дәйектемесі біздің бүгінгі таңдағы білім беру мен білім алу мәселесінде ұран ғып, көкке көтеретін уағызға бергісіз. Ал, сол білім, оның жалғасы – ғылымды игерудің қыруар жықпыл-жолдары бар. Солардың қайсысы жасөспірімге бұйырады? Мәселе – осында.

Өткен жылдың желтоқсанында «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» Жолдауында ел Президенті «ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін» белгілеп бергені мәлім. Олар: «бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі», «екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік», «үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер», «төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы», «бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіп­сіздік», «алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сар­қылуы», «жетінші сын-қатер – үшін­ші индустриялық революция», «сегізінші сын- қатер – үдей түскен әлеу­меттік тұрақсыздық», «то­ғызын­шы сын-қатер – өркениет құн­ды­лықтарының дағдарысы», ақыр-соңында «оныншы сын-қатер – әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі».

«Ау, осының ішінде оқу, білім мә­се­лелері қайда?» деген сұрақ тууы мүмкін. Жоқ, мүмкін емес, сол сұрақ оқырман көкейінде тұруы тиіс. Ал, ондай сұрақты бірауық естен шығарып алсақ, оның арты неге апарып соғатынын бір Құдайдың өзі білсін!..

Қазіргі үлгірімді саяси публи­ци­сіміз Сауытбек Әбдірахманов күн­деректік сұхбатының бірінде Пре­зи­денттің: «Бүгінгі заман не боп кетті? Мен түсінбей қалдым», – дегенін келтірген. Сол жауапты ауыздан шыққан ой-пікірі тегін емес. Сол лебізді, әсіресе, оқу-білім саласына бағыштаған жөн.

Жоғарыдағы Жолдаудағы: «Біздің жа­старымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алу­ға, біліммен технологияны күн­де­лікті өмірде шебер де тиімді пай­далануға тиіс. Біз бұл үшін бар­лық мүмкіндіктерді жасап, ең қолай­лы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деген міндет-мақсат тілге тиек етпек қисындарымызға зы­мыран-жеткізгіш функциясын ат­қармақ деп білеміз.

Сонымен, «бұл үшін… ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек»… Олар неткен жағдайлар?..

Біздің білуімізше, олар – мектеп­ке дейінгі, орта және жоғары оқу орын­дарына жасалып жатқан рефор­малар. Соларға жанасымды бөтен де ша­ралар болса керек…

Бүгіндері «ерінбеген еріннен» ес­ті­­летін «жаңа технологиялар» деген терминнің «буын-буынға түсіп» бара жатқанын есті адамдар аң­ғар­ғандары сөзсіз. Мысалға ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің бұрынғы депу­таты, философия ғылымының док­торы, профессор, академик Аман­гелді Айталының аузынан шыққан: «Соңғы жылдары ғылым, білім саласында бірізді саясаттың болмауы, бұл саланы басқарудағы қисынсыз өзгерістер, «нарық» деген желеумен ғылым мен білімге дүңгіршектегі тауар ретінде қарау, зиялы топ саналатын ғалымдарды қайыршылық деңгейге түсірудің астарлары тереңде жатыр» («Егемен Қазақстан», 2000 ж. 15 қараша), – деген, осыдан бір мүшелден артық уақыт бұрын шыққан запыран сөздері әлі күні маңызын күшейтпесе, бір сәт те арзандаған жоқ. 

Бір-жар ғалымдардың «бүгінгі замандастарымыз топастанып барады» дегенін естіп қалып жүрміз. Оған көлденең тартатын дәлелдері – баяғыдағы адамзаттың бастауы – неондертальдықтардың ми көлемі 1500 см3 болса, қазіргі кісілердікі орта есеппен 1350-1435 см3 шамасында секілді. Осындай дәйекке жүгінсек, қай-қайсымыздың да маймылдікіне жетпейтін сұр қоймалжың масса орналасқан қауашағымызды қос қолмен кіжіне шеңгелдеп, көңіліміз құлазып сала берсе керек…

Алайда тұтастай планета бойын­ша алып қарасақ, әлемдік барлық са­ла­дағы үздік жетістіктер ол песси­миз­мді жоққа шығарады. Ал, сол «жаңа технологиялар» аталып кеткен материалдық дүниелер де, рухани қазыналар да – кешегі-бүгінгі озық ойлы саңлақтарымыздың ақыл-ойынан туған олжаларымыз. Және де оқу-білімнің заттандырылған нәтижелері. 

Сонда дейміз-ау, айналып-үйі­ріліп, барлығы түгелдей оқу-тәрбие ша­руашылығына тірелсе керек. Демек, рухани да, материалдық та Темірқазығымыз – Жоғары Мәр­тебелі Білім-Ілім болғаны. Ендеше, оның иегері – жастар… Осыларға байланысты қазақ айтқан асыл сөздің бірі – «баланы – жастан». Оған қоса «Абай жолының» туындыгері айтқан: «Ел болам десең – бесігіңді түзе», – дегені тағы бар. Білім, ғылымға ұмтылыс сәтінде осылардан асып түсетін басқа-бөтен «бойтұмар» бола қоймас…

Ертедегінің есті ойшылдарының болашақ иелері – жастар тәрбиесі хақында пікір білдірмегендері жоқ шығар. Мысалы: өткен ғасырдың орта шенінде бұрынғы Одақ көлемінде ғана емес, шет елдерде де атағы тараған КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті мүшесі Мариетта Шагинян балабақша жасындағылардың бір мезгілде қатарынан үш тіл үйрене алатынына сенген-ді. Соның жүзеге асуының әдіс-амалын да ұсынған-ды. Бірақ, оны қолға алу сол тұста да кеңес тәрбиешілеріне қайда?!.

Сол секілді тек жалаң көптілділікті уа­ғыздау шаралары «белі бекіп, бұғанасы қатпаған» балаларға жүргізіліп жатыр. Құбылаға қарап айтайықшы, сол үштілділік түгіл, оның ішінде ана тіл ұстартудың өзі Шәкәрімнің қиялындай болып барады.

Анекдотқа бергісіз бір мысал. Жастау бір әке балабақшаның ана тілді тобында тәрбиеленіп жүрген қызынан: «Балам, бақшада қазақ тілінде сөйлесесіңдер ме?» деп сұраған көрінеді. Сонда баласы: «Жоқ, папа, біздер тек орыс тілінде сөйлесеміз. Тек тәтейлер ғана – қазақша», – деген көрінеді…

Міне, сондай күй кешіп жүргенде, енді «тым зиялы» ата-аналар ұрпақтарын ағылшынша баулуға көшіп бара жатқанын жасыру мүмкін болмай қалды. Ол аз десеңіз, жоғары оқу орындарына да «энглиш вирусы» жегі құрттай қаптап барады. Оқуға түсерде де, институт, университет қабырғаларында да емтихандық сессияның емтихан тапсыру кестесінде шет тілінен сынақ қасқайып басында тұрады. Мейлі, шәкірт математик, физик, химия, тағы бөтен пәндердің болашақ маманы болса да. Сонда ректорат, деканат әкімдері негізгі мамандығын кейінге ысырып тастағанынан үлкен нұқсан келетінін білмей ме? Өзінің негізгі мамандығына байланысты пәндерден кілең «өте жақсы» (қазіргі сынақ бағасы – жүзге таяу балл) үлгерім көрсеткенмен, энглштен «орташа» алған студенттің шәкіртсыйға ілікпей қалары даусыз. Сонда, айналайындар-ау, қандай маман оқытқанымыз?..

Ол аздай-ақ, «ағылшын тілінің тор­надосы» нақтылы ғылыммен айна­лысушы талапкерлерді де сорлатуда. Олардың ғылыми басылымдарға жария­ланатын қазақ тілінде жазыл­ған еңбегінен іріктеп берген мақала­ла­рының міндетті түрде орыс және ағылшын резюмелерін қосақтауы керек. Олар ешкімге де көк тиынға (ескі ақшамен) қажеттігі жоқ екенін талап қоюшылар да, орындаушылар да жақсы біледі!.. Сонда бұл не? Ана тілін шет тілдеріне басындырып қоятын космополит амалы ма?!. Әлде баяғы бодандық шылбыры ма екен?..

Рас, бір кездердегі – жетпіс жыл, кейінгі – жиырма жыл ішінде еріксіз, зорлықпен болсын, өз еркімізбен болсын, «ұлы орыс тілін» бір адамдай меңгеріп алдық. Тіпті, кейбір тұстарда, не жазып, не сөйлегенде (шыным – сол), олардың өздерінен асып түсетін де сәттеріміз бар. Бұл айтып отырғаным қазақы эгоизм емес, тап ақиқат! (Сіздерді куәлікке тартпай-ақ қояйын, мақала иесі арабтың жиеншары Пушкиннің тілі деп жүрген тілді иеленушілердің өздері түгелдей ана тілін жетік біледі деп есептемейді).

«Қазір бизнес заманы», «жаһандану заманы туды» деп алаөкпе боп жүрген ұлттастарымыз дауысты дыбыстары тек мұрыннан шығатын ағылшыншаға соншама құштары несі? Алғашқы нұсқасы 1972 жылы жарық көрген, Майкл Х.Харт құрастырған «Жүз ұлы адамдар» кітабындағы бірінші орынды алған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан кейін Исаак Ньютонды қойғанын баршамыз білеміз. Ал, планеталық ғылымның дамуына ұлы үлес қосқан ұлы ағылшын бір де бір еңбегін сол өз ана тілінде емес, латынша жазған!.. Сонда, айдың-күннің аманында, «Алпамыс», «Қобыланды», Абай тілдері тұрғанда, біздің «Британия әлеміне асқанымызға» не жорық?!.

«Тілдер туралы» Заң жарияланған ал­ғаш­қы заматтарда ана тілінің «бойына қан жүргендей» болып еді, бүгін­дері «көн қайтса, қалыбына барадының» кері басымданып бара жатқанын бәріміздің де «ішіміз сезсе» керек. Басқаның жасығына да еліктегіш «қасиетіміз» осы оқу, білім беруде онан сайын бедерлене бастаған. Оның бір тарауы – білімді бағалау шкалалары. Баяғыдан бері «бас мұғалім» – ғылым, білім министрлерінің өзі мектепте де, университетте де «бестен» артық баға алмағаны арқасында қазіргідей мәртебеге жеткен жоқ па?! Енді неге, Батыстың қыр соңынан қалмай, өзінен кейінгі ұрпақтан жүз балл «көрсетуін» талап етеді?.. Қазіргі студент оқытушы өзіне – «тоқсан» қойып, курстасы «тоқсан бір» алса, үшеуара «халықаралық жағдай» туатынын, сіздерді қайдам, менің өз басым жақсы білем… Жалпы мұндай «әділ қазылықтың» ойдағыдай нәтиже беретіні – екіталай…

Тағы бір еліктеушілік – емтиханды тес­тілеу. Сіздерді білмеймін, ал­ өз басым мұны роботтарға пайда­ла­нылатын әдіс деп есептеймін. Өйт­кені біздің жоғары оқу орнын бітіру­ші­лердің басым бөлігі – келешек педагогтер, журналистер, басқа да қоғамдық-әлеуметтік салаларда қызмет көрсетуге тиісті болашақ мамандар. Ал, солар төрт, бес не алты жылдық оқу курстерінде оқыған-тоқығандарын, ләм-мим деп аузын ашпай, әлгі «тест-тәңіріне» тапсырып жүре береді дейік. Сонда қызметке барған орнында жұртшылықпен қалайша тіл табысар?.. 

Осы жағдайда шәкіртінің зердесіне не тоқығанын біліп оңдырмаған оқытушының халін кім сұрап жатыр? Компьютер шарайнасындағы төрт-бес жауап нұсқаларының бірін көрсететін без-түймені басқан студенттің шынайы көңілі қандай?.. Әлгіндей көк темірге телміртіп қойған «жоғарыдағылардың» күйлері ше?..

Әйтеуір, ұлы, топалаң науқаннан қалмау керек. Осындай әдістемелік оқуға белшесінен батып кеткен «әлемдік озық отыз мемлекеттердің серкесі – АҚШ-тағы» жағдайдың еш сын көтермейтінін әлемдік ақпарат құралдары күн ара жазып, тіпті оқымыстылықтың ең биік көрсеткіші саналатын Нобель сыйлығының лауреаттары да зар еңіреп жатқанда, біздің шаруамыз шамалы… Біз сол «шаңнан» қара үзіп қалмасақ болды… Көріп алыңдар, «жаңа технологиялар» – осы!..

Жақында әділетті үнемі ту ғып көтеретін республикалық «Түркістан» газетінде астаналық жас қыз Меруерт Күнжақсина «Білім емес, бақ сыналар шақ, немесе Кешенді тестілеу кімге тиімді?» деген тұла бойы запыран ойға толы хатынан: «Негізінде білім емес, интуиция мен логика сыналатын бұл тестілеуден бағы жанғандар өтіп те кетіп жатыр. Сонда білім емес, бақ сыналатын жарыста мемлекет тағайындайтын грант кімге арналған? Әділеттік қайда? Осы сұрақтар көкейді тесуде», – дегенді оқыған «жібі түзу» адам бей-жай қалмасы кәміл.

Сонан әрі сөз саптауына қарағанда, шы­нында да «талағында биті бар», бірақ әбжылан-тестілеу жанын жара­лап, жолын кесіп отырған зерделі жас: «Қаншама үздік оқушының бағы ашылмағанын ойламасақ та, қаншама қаракөз мамандардан айы­рылғанымызды ойлауымыз керек қой…» – деп, сай сүйегіңді сыр­қырататын сөздер тізген!.. Ағайындар-ау, солардың көз жастары «тестизм туын» көтерушілерді жіберер ме екен!?.

Жазушы, журналистика профес­со­рын осы көлемі бір жапырақ бұйымтай-хат иесінің материалының ақырғы абзацы құлықсыз қалдыра алмады. Ол өксікке толы сөйлемдер: «Интернетті оқып жүр, талай қазақ баласы», – деп Қадыр Мырза Әлі Абай атамыздың сөзіне өзгеріс енізген еді кезінде. Ол заман да бұл заман, жастардың өміріне балта шабатын мына кешенді тестілеу басқа мемлекеттің білімін интернет (қашықтықта оқу) арқылы оқудан басқа амал қалдырмай отыр. Қадірлі ағайын, білім жүйесін жаңғыртудың басқа да әділ амалдары табылар. Ал: «Әрбір адам – қайталанбас тұлға» деп жүріп, дарындарымыздан айырылмайық!».

Осы тәріздес жағымсыз жағдай­лар­ды Президент Н.Назарбаев «Қазақ­стан – 2050 стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттік жаңа саяси бағытында»: «… осы уақытқа дейін жалпы жаңарту үдерістеріне кіріспеген әлеуметтік топтар бар… Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда. Біз осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту үдерістеріне кірігу мүмкіндіктерін беруіміз керек, – дей келе, – Олар қоғамда өзінің лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиіс» («Егемен Қазақстан 2012. 15 желтоқсан)», – деп сенім білдірген-ді. «Қоғамдағы адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздің» басты бір векторы – осында айтылып отырған, жастардың өздерінің көкейі қалаған жоғары мектепке түсуіне келеңсіз (олардың кейбір өрескел сұрақтары жөнінде жазбаған баспасөз жоқ шығар!), талапкерлерді «инкубаторлайтын» панацея-тест тәрізді кедергі-бөгет жасамау жағын қарастыру қажеттілігі туып отырғанын бәріміз демей-ақ қояйық, басым көпшілігіміздің ішіміз сезетініне дау жоқ… 

Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­да­го­гикалық университетінің оқу-әдіс­темелік жұмыстар жөніндегі про­рек­торы Ғабит Кенжебаев әріптесіміз газет тілшісімен жақындағы бір сұх­ба­тында: «Кейінгі кезде әлемнің көп­теген мемлекеттері білім беру жүйе­сінде интенсивті реформаларға көшті… Осы талаптарға сай біз­ педагог кадрларын даярлауда ше­тел­­дердегі озық тәжірибелерді (?) нақтылы игеруге күш жұмсап отырмыз…», – депті. Еліміздегі бірінші педагогикалық университетінің екінші тұлғасы бізді осылай, жалпы шетел атаулыға жұмсаса, философ-доктор Сапар Оспанов нақты адресін атайды. «…Біздің еліміздегі бала тәрбиесі мен оған білім беру істерін жапондық «вакон-есай» мен «дотоку» жүйелері іспетті негізде дамытуымыз – аса абзал нәрсе. Егер Оңтүстік Корея, Гонконг, Тайвань сияқты елдер Жапониядан үлгі алып, ерен жетістіктерге жеткен болса, онда неге сол үлгіні Қазақстанда да енгізбеске. Біздіңше, сонда ғана Қазақстан келешекте озық отыз елдің алдыңғы қатарына сенімді түрде же­те алады». («Егемен Қазақстан 2013. 20 тамыз), – деп алдыңғы автор­дан асып түседі. Ол аз болғандай, Елба­сы «отыздықтың ішіне енейік» десе, профессор: «вакон-есай» және «дотоку» жүйесі Президент нұсқаған мәже­ден де өтіп кетіп, отыздықтың алдына түспек!.. Оның үстіне осы жерде мақаласының екінші жартысын «Ар-намыс-Отан тағдырының пара­диг­масы» деген дәйегін қалай қабылдасақ екен?..

Ал кәнекей, білім-ғылымға тура жауап беруі тиіс аталмыш ұстаздардың мәлімдемелерін саралап көрсек қайтеді? Сол баяғы басқаның қолына қарау әдетіміздің шартты рефлекс­ке айналғаны ма? Неге өзіміз озық тәжірибе жасай алмаймыз? Әлі де сол баяғы алдыңда қара боп біреулер жүрмесе, солардың шаңын жұтып, ізінен қалмау вирусынан арылмай-ақ қойғанымыз ба?!

Оның үстіне, ұстаздық, мұға­лім­дік деген кірпияз, тек қана өз ұлтының рухани қазынасынан «суғарылған» ұлтжанды мамандар даярлауды неге «шетелдердің озық тәжірибелерінен» алуымыз керек? Сонда проректорлар айтпақшы, «нақтылы игеруге күш жұмсап отырған» «жаңа технология» болашақ педагогтар арқылы мектеп балаларына ұлттық қазақы білім бере ме екен? Ағылшын, неміс, жапон т.б. топырағынан тараған ілімдердің «қазақи нұсқалары» қалыптасар ма?!.

«ЖОО: Оқу құнын қалтаңыз кө­тере ме?» деп жанашырлық таныт­қан «Айқын» газетінің қыз­меткері (2013 жылғы 31 шілде) мақаласын: «Үстіміздегі жылы 35 мың 53 түлектің мемлекеттік білім тапсырысымен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болатындығы туралы хабардар едік. Бұл өту балын жинаған талапкерлердің бар болғаны – жартысы ғана, қалған жартысы оқуын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр», – деп бастап, Еуропадан Германия, Норвегия, Дания, Финляндия, Франция, Чехия секілді елдерде жоғары дәрежелі мамандық беру тегін екендігін келтіреді. Ал, күні кеше ғана «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытында: «…біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргіздік. Көптеген басқа елдерде 100, тіпті 150 жыл керек болған нәрселерді атқардық», – деп ресми мәлімдеме жасалған-ды. Сол керемет қарқынды мемлекет болам деген кез-келген қоғамның түп-негізі, қозғаушы генераторы – білім, ғылымды бүгін тегін өрбітіп, ертең көлдей игілігін көретін мүмкіндігімізден өзімізді өзіміз айырғымыз келгені ме? «Не ішем, не жеймін?» деген ойында жоқ бүгінгі әкім-қаралар, бизнесшілер (кешегі – бай-манаптар) үрім-бұтақтарын білімге «кеңірдегінен келтірсін!» Ал күндерін әзер көріп жүрген, не жұмыссыздардың балалары жүздеген мың теңгені қайдан таппақ? Сонда, ауыз творчествосында айтып жүрген: «Бұрынғы жая жегендер жая жеп жүр…» деген мәтел «күшінде қалғаны» ма?..

Елімізде әр жұмысқа жарамды ата-ана жалақысының мемлекет белгілеген мөлшерлі пайызы табыс салығы ретінде ұсталып қалады. Сонда ата-ана баласының оқуына, өздерінің емделуіне ақыны не үшін төлеуі керек? Мәселенің осы жағы идеология тұрғысынан да, финанстық саясат тұрғысынан да қалайша ақталар екен?..

Мысалы: заңгер Марат Баширов: «Меніңше, ЖОО-дағы оқу құнын жыл сайын өсіп отыруы – еш негізсіз. Жыл сайын мемлекеттік және жеке меншік оқу орындары бір-бірімен жарысып, оқу бағасын аспандатып жатады. Алайда соған сай еліміздегі білім сапасының да артып жатқанын байқай алмай отырмыз… Еліміздегі білім сапасы төмен», – дей келе, өз мамандығы «мінбесінен» құқықтық жағдайды былайша ескерте кетеді: – «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның 9-бабында «Білім беру сала­сының төмендеуі – ұлттық қауіп­сіз­дікке нұқсан келтіреді» деп анық жазылған» («Айқын», 2013, 31 шілде). Міне, білім саласындағы біз­дің мәселелеріміздің бір «шылбыры» қайда жатыр!.. 

Біздің мектептегі кезімізде Ломо­носовты қайыршы балықшы тұ­қы­мынан шыққан, үй ішіндегілерге айтпай, солтүстік астанаға білім іздеп қашып барғанында, қалтасында жиырма тиын ақшасы болған деп оқытқан-ды. Қазіргі ашылып отырған ақиқат – «өзі біздің бірінші университетіміз болған» (А.Пушкин) ғұламаның әкесі ауқатты екен… Әйтпесе, ол заманның да, бүгінгінің де жастары құр талаппен топ жарып шығуы, әй, қайдам… 

Ертелі жағдайымыздың көлең­келі жақтарын қоюландырып баян­дап отырғанымның ақыр-соңында көңілді келешегіміз туатынын куәландырғым келеді. Көкейдегі – сол «болсын!» деген жақсылық тілек…

Жақында М.В. Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінің Қазақстан филиалын бі­ті­ру­шілер: «Сіздің бастамаңызбен Астанада ММУ-дің Қазақстандағы филиалы ашылуының арқасында біз терең білім алғанымыз үшін Сізге ри­замыз. Бұл біздің алдымыздан елі­міздің игілігі үшін қызметте өз қабілетімізді жүзеге асыру үшін, сол арқылы ел өмірі мен да­муын­да лайықты орнымызды табуға мол мүмкіндіктер ашады», – деп мем­ле­кет басшысының атына ашық хат жол­даған-ды.

Мақала авторының ертелі баян­дап отырған «Қиялгер қисын­да­рының» түпкі мақсаты – келесіде кез келген жоғары мектеп тамамдау­шы­лар да Президентке ризалық білді­ретін ашық хаттар жолдауға рухани хақылы болуларына тілектестік білдіру. Керек десеңіз, профессорлық бата беру!..

Шын мәнінде. Және шын жүрек­тен!..

Абдул-Хамид Мархабаев, 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің озық оқытушысы

Серіктес жаңалықтары