ЕХРО – ЕЛ ҮШІН ҮЛКЕН СЫН

ЕХРО – ЕЛ ҮШІН ҮЛКЕН СЫН

ЕХРО – ЕЛ ҮШІН ҮЛКЕН СЫН
ашық дереккөзі
322

Еліміз ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге байланысты дайындыққа қызу кірісіп кетті. Бұдан бұрын Қазақстанның ГФР-дағы елшілігі және Герман Бундестагының Экономика және технологиялар комитеті бірлесіп өткізген «Қазақстан Астанадағы Халықаралық ЕХРО-2017 көрмесі аясында өзін экономикалық және туристік орталық ретінде көрсетеді» атты экономикалық форумы қазақ-неміс қарым-қатынастарын қайта жандандыруға серпін берген болатын. Жақында Премьер-министр Серік Ахметов Францияға жасаған іссапарында Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесіп, көрмені өткізудің дайындық барысын сөз етті. 

Екі жақты кездесу кезінде Қазақстан мен ХКБ-ның өзара іс-қимылы кеңінен талқыланып, ынтымақтастықтың стратегиялық сипатына назар аударылды. Премьер-министр Серік Ахметов Қазақстан тарапынан көрмеге дайындықты сапалы жүргізу үшін барлық қажетті шаралардың қолға алынып жатқандығын айта келе, В.Лос­сер­талес мырзаға ХКБ-ға үстіміздегі жылдың желтоқсанында ұсынылуға тиіс Тіркеу құжаттарының дайындық са­тысында екендігін, сонымен бірге, көрменің архитектуралық эскизіне байқау өткізілгенін хабарлады. Айта кету керек, халықаралық байқауға әлемнің түрлі елдерінен 50-ден астам маман қатысып, нәтижесінде ЕХРО көрме кешенінің негізіне айналатын эскиз-идея анықталмақ. Ал өз кезегінде В.Лоссерталес Астанада ЕХРО көрмесін өткізуге деген еліміздің дайындығын жоғары бағалап, бұл тұрғыда Елбасының рөлін айрықша атап өтті. Осы салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маман талай көрмелердің басы-қасында жүргенін және өз тарихында бір де бір елдің дәл осылай тез, шұғыл, тиімді әрекетке көшкенін көрмегенін жеткізді. Ол сондай-ақ, бұл ауқымды көрмені өткізудің дайындық барысын Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың жеке бақылауына алғандығына да екпін түсірді. Әрине, халықаралық көрмені өткізуді бұл салада тәжірибесі мол Франциядан үйренгеніміз абзал. Сонау 1889 жылы салынған Эйфель мұнарасының өзі бүгінде Париждің даңқын асқақтатып тұр. Кез келген шетелдікті тәнті еткен бұл ғимарат сол ЕХРО көрмесінің арқасында бой түзеген. Содан болса керек, Премьер-министр Серік Ахметов Францияға келе сала, халықаралық көрмелерді өткізудің жай-жапсарымен танысуды құп көрді. EXPO-ны өткізудің жөн-жобасы түзілген құжат келер жылдың басында-ақ бюроның алдында болуы керек. Қандай ғимарат салынады, көрме өткеннен кейін ол нысандар қандай кәдеге жарайды, соның барлығы құжатта жан-жақты қамтылуы тиіс.

Бұдан соң екі елдің үкімет басшылары Қазақстан мен Франция арасындағы достық пен ынтымақтастық мәселелерін ортаға салды. Қазақстан Премьер-министрі Серік Ахметов Қазақстан-Француз елдерінің саяси, экономикалық мәдени байланыстарының жүйелі дамып және саяси мәселелерде өзара түсіністік пен ортақ ұстанымдарға қол жеткізіп келе жатқандығына тоқталды. Екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстар да жедел қарқынмен дамып келеді. Өзара тауар айналымы 2012 жылы 6,2 миллиард долларды құраса, Францияның Қазақстанға құйған жалпы инвестициясы 1994 жылдан бері қарай 10 миллиард доллардан асыпты. Ал бүгінде елмізде Францияның 100-ден астам компаниясы табысты жұмыс жасауда. 

ХКБ басшысы Висенте Лоссерталес елімізге де бірнеше рет іссапармен келіп, ұдайы қолдау білдіріп келеді. Оның айтуынша, «Болашақ энергиясы» аталатын көрме тақырыбы Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық қауымдастықтың басты экологиялық басымдығы болып қалуы шарт. «Жалпы, «ЕХРО-2017» көрмесі арқылы Қазақстан орнықты энергияның инновациялық орталығына айнала алады. Осы арқылы елдеріңіз Орталық Азиялық өңірге ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне, оның ішінде дамушы елдерге үлгі бола алады. Көрмеден кейінгі кезеңде ондағы нысандар тиімді пайдаланылған жағдайда ғана ЕХРО табысты өтті деп саналады. Бұл нысандар Астана инфрақұрылымымен интеграциялануы одан сайын маңызды болмақ», – дейді ол. 

Ал Елбасы: «Біз ЕХРО көрмесін өткізудегі әлемнің көптеген мемлекетінің үздік тәжірибесіне талдау жасадық. Осыған байланысты көрмені өткізу елімізге қандай пайда әкелетіні және ол аяқталғаннан кейін не болатыны маңызды. Бұл мәселе көптеген азаматтарымызды толғандырады. Біз құрылған инфрақұрылым өз қолданысын тауып, елордамызға және барша елімізге пайдасын тигізуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз», – деген болатын. Елбасының айтуынша, аталған мақсаттағы жетістіктер бірқатар салалар бойынша нақты өзгерістерге түсіп, жаңа индустрияны қалыптастырады және сапалы жұмыс орындары құрылады. Осының бәрі еліміздің одан әрі дамуына елеулі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Шын мәнінде, Елбасы айтқандай «Бұл – әлемнің біздің еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табыс­та­ры мен қол жеткізген биіктерін мойындағандығының белгісі. Сон­дық­тан ол – жалпы еліміздің жарқын табысы» дегенінде шүбә жоқ. Бұл шара­ туристерді тартудан бөлек, эконо­микалық қуаттылықты арттыруға да орасан пайда әкеледі. Біріншіден, осы көрмені өткізу барысында дүниежүзілік тәжірибелерден үйренеміз. Екінші­ден, елімізге инвестиция тартамыз. Үшіншіден, осы ЕХРО арқылы жаңа инновациялық технологияларды игеру мүмкіндігі туады.

EXPO – ел үшін үлкен сын. Ертеңгі күні халықтың игілігіне қызмет ететін нысандардың салынуы күн тәртібіндегі мәселе. Бұл тұрғыда озық технология жағынан әлемдік бәсекеге қабілетті Франция тәжірибесінің ізімен жүрген дұрыс болар. 

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары