926
ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛА МА?
ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛА МА?
Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын, электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Яғни, электр қуатын еселеп өндірсек те, адамның қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, 2014 жылға қарай электр энергиясын өндіру 97,9 млрд. кВт/сағатқа жеткізілмекші. Бұл электр энергиясын дамытудың 2010-2014 жылдарға дейінгі бағдарламасының нәтижесінде жүзеге аспақ. Бұл тұрғыда болжамды тұтыну көлемі 96,8 млрд. кВт/сағат болмақ. Ал, 2014 жылға қарай көмірді өндіру көлемі 123 млн. тоннаға жетіп жығылмақ. Бұдан бөлек, жаңғырмалы балама энергия көздері арқылы электр энергиясын өндіру 2014 жылы жылына 1 млрд. кВт/сағатқа дейін жеткізілмек.
Министрдің сөзіне қарағанда, электр энергетикасы саласындағы мақсат-міндеттерді шешу үшін 2012-2030 жылдар аралығында қажетті инвестициялар көлемі 9,5 трлн. теңгеге бағаланып отыр. Оның ішінде 5,5 трлн. теңгесі – генерацияға, 1,4 трлн. теңгесі – ұлттық электр желілеріне, сондай-ақ 2,5 трлн. теңгесі республикалық электрлік компанияларының қажеттілігін өтейді.
Бұл үкіметтің 2030 жылға дейінгі қуат көзіне деген тапшылықты жоюға байланысты қолға алған шарасы. Алайда, кейбір мамандар электр көзіне деген сұранысты толығымен қамтамасыз ету үшін АЭС салу керектігін баса айтады. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев: «Елімізде атом электр стансасын салу бойынша шешім қабылданған жоқ. Алайда, атом энергетикасынан Қазақстан бас тартқан емес. Ұзақмерзімді болжамдар аясында біз осы мәселені қарастырастырудамыз. Атап айтқанда, халықтың қауіпсіздігін ескере отырып, қандай реактор мен қай стансаны орнату жайы әлі де көп талқыланатын болады», – деген-ді.
Халық 1986 жылы Чернобыль атом электр стансасында болған апатты әлі ұмыта қойған жоқ. Қаншама адам зардабын тартты. Адамзат баласын дүр сілкіндірген оқиғадан кейін әлемде 60 атом электр стансасын салуға байланысты жоспардың күл-талқаны шықты. Бұл дүдәмал Жапонияда АЭС апатқа ұшырағаннан кейін күрт ушыға түскен. Тіпті, атом энергиясын пайдалану арқылы көп электр қуатын алатын АҚШ та бас тартып отыр. Бұл алпауыт елдің өзі ескі АЭС-термен күн көріп келеді. Ал Еуропаның кейбір мемлекеттері АЭС салу мәселесін 2020 жылға дейін жылы жауып қойса да, біз бұған айналсоқтап соға береміз.
Шын мәнінде, электр қуатын алатын балама жолдар көп екен. Бүгінге дейін энергияның басым көпшілігін мұнай мен газдан алып келсек, қазір жер астынан шығатын ыстық будан да электр тоғын өндіруге болатын көрінеді. Ал, жаңа инновациялық технология күн мен желден энергия алу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Бүгінде энергияны мұнай мен көмірден алғанымызбен, ол 50-100 жылда таусылады деген болжам бар. Ал күн мен желден өндірілетін энергияның үлесі жалпы бізге қажетті энергияның 10-15 пайызын ғана бере алады. Оның бағасы екі-үш есе қымбатқа түседі. Ал қалған 85-90 пайыз энергияны біз қайдан аламыз? Бұл бізді ғана емес, әлем елдерін де мазалап отырған мәселе.
Жақында «Алатау жарық компаниясы» мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жаңадан пайдалануға берілген жабық типтегі «Мамыр» қосалқы стансасының жұмыс барысымен таныстырды. Қазіргі жағдайды бұрынғымен салыстыру қиын. Ол замандағы құрал-жабдықтың бәрі ескірген, тозығы жеткен. Ал энергия көзіне деген сұраныстың жылдан жылға артып жатқандығын ескерсек, қосалқы стансалардың жаңарып, қайта жабдықталуы заңдылық. Оған бас-аяғы 2 млрд. 951 млн.теңге жұмсалған.
«Алатау жарық компаниясы» режимдер мен теңгерімдер бойынша атқарушы директоры Мадияр Көбегеновтің айтуынша, стансадағы трансформаторды отандық өнім деуге толық негіз бар. «Кентау трансформатор зауыты» алғашқы өнімін бізге ұсынды. Қуаты 110 кв-т. бұл құрылғы халықаралық стандартқа сәйкес инновациялық жаңалықтарға негізделіп жасалған. Құрылысы былтыр тамыз айында басталған қосалқы станса шілде айында іске қосылды. Маңайдағы тұрғын үй кешендерін жарық көзімен толықтай қамтамасыз етуге қауқары жетеді», – дейді ол.
Бұдан былай заңсыз энергия көзін ұрлау сап тыйылады. Себебі, қашықтықтан басқарылатын станса энергияны шамадан тыс пайдалануға тосқауыл қоймақ. Мұны жаңа құрылғының өзі реттеп отырады. Ал, энергия көзін қалай үнемдеуге болады? Бұл сауалды Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша басшысы Дәурен Жандарбекұлына қойғанымызда: «Қазір күндізгі және түнгі тариф бар. Соның түнгісі арзан. Неге? Өйткені, күндіз, кешке қарай токты шамадан тыс тұтынатындар көп. Қазір әр үйде екі теледидар, екі тоңазытқыш, бір компьютерден бар. Мұның бәрі электр желісінің жұмысын ауырлатады. Сондықтан түндік тарифті тұтынушыларды ынталандырып отырмыз. Нәтижесінде желідегі ысырап 19 пайыздан 16 пайызға төмендетілді. Бұл үкіметтің тұтынушыға көрсетілетін қызмет сапасын көтеру мен тарифтік үнемдеу саясатына дөп келеді», – деп жауап берді.
Динара Мыңжасарқызы