ӘРІПТЕСТЕР ҚОСТАНАЙДА БАС ҚОСТЫ

ӘРІПТЕСТЕР ҚОСТАНАЙДА БАС ҚОСТЫ

ӘРІПТЕСТЕР ҚОСТАНАЙДА  БАС ҚОСТЫ
ашық дереккөзі
128

«Нұр Отан» партиясы тағы бас қосты Тобыл жағасында.  Бүгінгі таңда саяси Доктрина жобасын талқылау мақсатында еліміздің барлық аймақтары мен аудан орталықтарында «Нұр Отан» фракциясы депутаттары мен Үкімет, партияның Саяси кеңес, бюро мүшелерінің қатысуымен жиындар өткізілуде.

Бұл жолы нұротандықтар Қостанай қаласында кезектен тыс XV партия ұйымдарының конференциясын өткізді. Аталмыш конференция жұмысына   «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Құмар Ақсақалов, қала және аудан әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция барысында  Қостанайдан  «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезіне 85 делегат сайланды.

Сонымен бірге, жиын кезінде ұйым мүшелері  «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруда «Нұр Отан» партиясының жаңа мақсаттары қаралып, саяси Доктрина жобасының «Біздің құндылықтар», «Жалпыұлттық келісім мен бірлік», «Әділеттік» деген тарауларына бірқатар толықтырулар енгізді.  

Жиынға қатысқан «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының жетекшісі Құмар Ақсақалов: «Бұрын да идеологиялық құндылықтар болған еді. Бірақ та бұл құндылықтар өзіміздің ішімізде, сайлауалды тұғырнамада өзіміздің 2020 жылға дейінгі бағдарламада бекітілген. Енді көпке бекітілген доктринада болады. Жаңа доктринада өзіміздің партияның негізгі идеологиялық құндылықтары бекітілді», – дейді.  Сондай-ақ, күн тәртібінде    Қостанай облысы мәслихатына депутаттарды сайлау мәселелері де қарастырылды.  

Биылғы жылдың  18 қазанында Астанада «Нұр Отан» партиясының XV Съезі өтеді. Қазақстанның барлық аймақтарынан 1200-ге жуық делегат қатысады деп жоспарлануда. Съезд екі күнге созылмақ: бірінші күні секциялық талқылаулар болады, ал екінші күнінде  партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен жалпы отырыс өтеді.

Гүлзина Бектас

Серіктес жаңалықтары