КОЛЕРОВТІ АЛМАТЫҒА КІМ ШАҚЫРТТЫ?
КОЛЕРОВТІ АЛМАТЫҒА КІМ ШАҚЫРТТЫ?
Қазақстан Президентін жерден алып, жерге салған ресейлік журналист айрандай ұйып отырған ел ішіне іріткі салуға тырысты. Тәуелсіз мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы беделіне нұқсан келтіруге әрекеттенді. Арандатушылықпен айналысты. Мұндайларды елге кіргізбей, шекара сыртынан қуса керек-ті құзырлы органдар. Олай болмады. Сорақысы сол, дәл сондайларға тыйым салғысы келген қазақ жастары қорқыту мен үркітуден көз ашар емес.
Ресейдің «Regnum» баспа үйінің президенті, Еуразиялық одақтың басты жоқтаушыларының бірі – Модест Колеровті Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірі – KIMEP (КИМЭП) лекция оқуға шақырыпты. Колеровтің әңгімесі енді бастала бергенде қазақтың 5 жас жігіті флэшмоб ұйымдастырды. Қолдарына «Кедендік одақ – құлдық одақ», «Колеров, кет үйіңе!» т.б. плакат ұстағандарды сол жерде жүрген еңгезердей қазақ жігіттері залдан түре қуды. Ал санаулы минутта жетіп келген полицейлер жастарды Медеу аудандық ІІБ-ге қарай сүйрей жөнелді. Ұлттық мәселеге орай өз ұстанымдарын білдірген қазақ жастарын бірнеше сағат бойы тергеуге алған тәртіп сақшылары оларды әрең дегенде босатты.
Сырт қарағанда бұл әрекет бұзақылардың орынсыз тәртіпсіздігі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі, мемлекеттік тұтастығы, сыртқы саясаттағы беделі жатыр. Оны түсіну үшін алдымен Колеров дегеннің кім екенін, оның Қазақстанға, қазақтарға қандай пиғылда екенін біліп алған жөн. Бір ғана мысал, Қазақстанға қарсы жиі қалам тербейтін Колеровтің Н.Назарбаев туралы жазған бір ғана мақаласына көз жүгіртсеңіз жетеді.
Жыл басында ресейлік «REX» ақпараттық агенттігінің сайтына жазған «Три слова о заявлении Нурсултана Назарбаева в Турции» деген мақаласында ол Н.Назарбаевтың Түркияға жасаған сапарында түріктердің президенті Абдолла Гүлге, жалпы бауырлас түрік халқына айтқан сөзінің тонын теріс айналдырыпты: «Теперь президент многонациональной страны, бывший советско-коммунистический вождь Казахстана Нурсултан Назарбаев, по праву гордящийся тем, что уже более 20 лет пропагандирует евразийскую интеграцию, а сейчас – при сопротивлении националистической части казахстанской элиты – строящий вместе с Россией и Белоруссией Таможенный Союз и в перспективе Союз Евразийский, очень сильно и ярко выступил в Турции, которая ведёт необъявленную войну против соседей, творит громкие демарши против России, отказывается быть последовательной наследницей Ататюрка и османизма и балансирует на грани протюркистской этнической войны».
1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін Ресей патшалығының отарына айналған қазақтардың кеңестік кезеңде де теперішті көп көргенін, 150 жыл ішінде ұлттық құндылықтарынан ажырап қала жаздағанын айтқан Назарбаевты тағы да қыжыртқысы келген Колеров: «Бұдан екі нәрсені түюге болады. Біріншіден, Назарбаев өзінің көпұлтты халқын сыйламайды және бағаламайды. Сондай-ақ, Ресей мен Ресей президенті В.Путиннің жеке басын, оның Еуразиялық одақ құруға талпынған еңбегін сыйламайды және бағаламайды», – деп салды. «Көпұлтты халқын сыйламайды және бағаламайды» дегені – ел ішіне ашық іріткі салу. Яғни, Қазақстандағы айрандай ұйыған халықты іркіттей іріту, ҚР азаматтарын Нұрсұлтан Назарбаевқа айдап салу, арандату.
«Назарбаев Түркиямен бірігу үшін Күрдстан, Израиль, Иран, Сирия, Ресеймен керісуге дайын» деген Колеров Күрдстан деген мемлекеттің жер бетінде жоқ екенін білмеді ме, әлде геосаяси ахуалды әдейі ушықтыруға әрекеттенді ме? Негізі қайсысы болса да, теріспиғылдының арандатуы.
Колеровтің Елбасы туралы айтқан сорақылығы мұнымен де шектелмейді: «Он настолько не ценит вес своих слов, что не стесняется их противоречий. Он настолько близок к мании величия, что не останавливается перед нанесением пощёчин самым близким своим партнёрам. Он настолько забыл о политической биографии своего патрона Динмухамеда Кунаева и своей личной, что готов искренне осудить «российскую оккупацию», забывая, что вся его легитимность в том, что в создавшем всю вертикаль казахской культуры СССР, в трагические 1930-1940-е годы и мемориальный 1986 год его патрон и он сам представляли «оккупационную» власть «колонизаторов». Сонда бір елдің білдей бір президентін жерден алып, жерге салатындай, қыжыртып, кекететіндей, Колеров кім? Егер Ресейдің қарапайым азаматы болса, сонша шамданбас едік. Бірақ Колеров алыс-жақын шет елдерге танымал «Regnum» баспа үйінің президенті. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттік тұтастығына, сыртқы саясаттағы беделіне нұқсан келтіретін сөздерді оңды-солды насихаттаған осындай адамды Қазақстан шекарасынан неге аттаттық? «Персона нон грата» деген ұғым бар саясатта. Яғни, ел шекарасынан кіруге рұқсат етілмейтін тұлғалар тізімі түзіледі. Колеровті де осы тізімге кіргізіп, оны шекара маңына жуытпау керектігі о бастан-ақ белгілі болған. Бірақ оны төбесіне хан көтерген әлдекімдер ерекше ілтипат-құрметпен елімізге, әсіресе, азаттығымыздың туы көтерілген қасиетті Алматыға арнайы шақыртуын қалай түсінеміз? Қала әкімдігі қайда қараған? Колеровті қонаққа шақырып, төрінен орын берген KIMEP университетінің басшылығы осы қадамдары арқылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың саясатына қарсы екенін байқатып отыр ма? Ал Қазақстанның саясатына қол сұққан Колеровқа қарсылық білдірген қазақ жастарын тәртіп сақшыларының қорқытып-үркітуінің астарында не жатыр? Жалпы Қазақстанға шовинистік пиғылдағы орыс лекторларын, Ресейдің саясаткерлерін шаруды доғаратын кез жеткен жоқ па? Әлде әлдекімдер әлі күнге «төрдегі күлсе, есіктегі ыржияды» дегеннің керін келтіріп, Ресейге, Кремльге жалтақтаудан арыла алмай жүр ме? Қалай десек те, саяси арандатушыларды Қазақстанға әдейі шақыратын сияқты көрінеді де тұрады…
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ