ШЕНЕУНІКТЕР ҚЫЛТЫҢ-СЫЛТЫҢ ЕТІП ЖҮРГЕНДЕ...

ШЕНЕУНІКТЕР ҚЫЛТЫҢ-СЫЛТЫҢ ЕТІП ЖҮРГЕНДЕ...

ШЕНЕУНІКТЕР  ҚЫЛТЫҢ-СЫЛТЫҢ  ЕТІП ЖҮРГЕНДЕ...
ашық дереккөзі
188

Қылышын сүйретіп келетін қыс мезгілінің де ауылы алыс емес. Көзді ашып-жұмғанша жетіп келері айдан анық.Қаһарлы қыстың қақаған аязы қылтың-сылтыңды көтере бермейтіні тағы бар. Әні-міне дегенше, есік ашқалы тұрған қысқа біздің дайындығымыз қалай? Сейсенбі күні Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен жиынның негізгі тақырыбы осы болды.

Биылғы жылы көгілдір отынның бағасы тағы көтерілейін деп отыр. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жеткізді. Әкімнің сөзіне қарағанда, алдағы күндері көгілдір отынның бағасы 37 пайызға өспек.  Жыл сайын көтеріліп отыратын бұл бағаның қарапайым халықтың қалтасына оңай тимесі анық. Өкінішке қарай, бұл ақпарат жиында елеусіз қалып қойды. Оның орнына, облыс басшылары жылу науқанына дайындықтарының қалай екендігіне көбірек тоқталды. 

Үкімет мүшелерінің сөзіне сүйенсек, «жылу науқанына жүз пайыз дайын» сияқты. Алайда, шенеуніктердің бұл сөзіне Үкімет басшысы Серік Ахметов мырза аса сене қоймаған сыңайлы. Дайындықтың барысын тексеру жөнінде Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокинге арнайы тапсырма берді. 

Үкіметтегі отырыста көтерілген мә­селенің бірі – шағын қалалардың жағдайы. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Семей, Кентау және Теміртау қалаларының қысқа дайындығы төмен екенін тілге тиек етті. Аталмыш қалалар соңғы үш жыл бойы қысқа дайындығы төмен аймақтар тізімінде келеді. «Биылғы жылы да аталған өңір басшылары қателікке жол берер болса, оларды қызметінен босату мәселесін қарастыру жөн», – деп ұсыныс білдірді министр. 

Шын мәнінде, қыс мезгіліне жүз пайыз дайынбыз дегенімізбен, қыс басталса болды, кейбір ауылдарда құбырлардың ақаулары, тұрғын үйлерді жылыту жүйесінің аздығы сияқты мәселелердің шеті қылтиятыны белгілі. Сол себепті де кейбір елді мекендер ақшұнақ аяздың құрсауында қалып, тоңып, үсіп отырғаны. Кейбір ауылдарда жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары толық аяқталмағаны жасырын емес. Қыс азығын жазда қамту керектігін шенеуніктеріміз ұмытып кетпесе болды. 

Жиында сөз алған Қостанай облысының әкімі жылу маусымына байланысты кейбір мәселелер төңірегінде кібіртіктеп қалған еді, әкімнің онысына Премьер-министр Серік Ахметов мырза көне қойған жоқ.  «Егер» деген сөз ол әкімнің өзіне байланысты. «Егер қолдасаңыз, егер қол қойсаңыз» деудің қажеті жоқ. Құжаттарды неғұрлым ерте дайындасаңыз, соғұрлым тезірек қол қоямыз. Егер сіздің құжаттарыңыз әзір болмаса, мемлекеттік органдарға қабылданбаса, Премьер-министрдің кеңсесіне жеткізілмесе, оны өзіңізден көріңіз», – деп қатаң ескерту жасады.

Үкімет басшысының бұл ескертуі орын­ды-ақ. Ең бастысы, тұрғындар қақаған қыста жылусыз қалмаса болды. Ал көгілдір отынның қымбаттауына байланысты Алматы қаласының әкімінің алаңдауы да негізсіз емес. Отандық шенеуніктеріміз қылтың-сылтың етіп, бір-біріне сыпайысып, «егер… қол қойсаңыз» деп қиылғансып жүргенде жалыны жоқ, жылуы жоқ үйлердегі қарапайым жұртшылық қақаған қыста қатып қалмаса игі. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары