«ТОЙҚАЗАН» — ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР МЕРЕКЕСІ

«ТОЙҚАЗАН» — ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР МЕРЕКЕСІ

«ТОЙҚАЗАН» — ҰЛТТЫҚ  ТАҒАМДАР МЕРЕКЕСІ
ашық дереккөзі
391

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Іле Алатауы етегінің әсем табиғаты түрленіп тұр. Әсіресе, көрікті мекен тағамның хош иісіне бөленген кезде ерекше құлпырып кетеді екен. «Алатау» спорт кешенінде өткен «Тойқазан» қазақ ұлттық тағамы фестиваліне жиналған қауым тамаша табиғат пен дәмді астың үйлесім тапқанына тәнті болды. Алматы облысы әкімдігі мен ҚР Индустрия жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Парыз» қайырымдылық қоғамдық қоры ұйымдастырған шараның бас демеушісі Қазақстан географиялық қоғамы екенін айта кету керек. 

Бұл мәдени-танымдық, бұқаралық-көңіл көтеру шарасы Орталық Азия және ТМД аймағында бұрын-соңды болмаған думанды тойға ұласты. Қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуден сайысқа түскен аспазшылар бар өнерін ортаға салса, жауырыны қақпақтай еңселі жігіттер ұлттық ойын түрлерін қайта жаңғыртқандай болды. Кәдімгі ауылда өтетін той-томалақтың нағыз ордасы дерсің. Жиналған жұрттың ұлттық салт-дәстүрге байланысты жөн-жоралғыдан хабар беретін қойылымдарды тамашалап, көңіл сарайы ашылып қалды. Мәселен, қаланың бүгінгі заман көшіне ілескен жастары тұсаукесер, беташар сынды қазақтың салт-дәстүрлерінің мағынасына терең бойлады. Концерттік бағдарламадан тыс ат өнерінің майталмандары тұлпардың үстінде түрлі трюктар жасап, соңынан қыз қууға да кезек берді. Тойдың кереметі де осы қыз қуу емес пе?! Ал теңге ілу, аударыспақ ойыны бойынша бағын сынаған жігіттер этноауылдың кейіпкерлеріндей әсер қалдырады екен.  

«Тойқазан» ұлттық тағамдар мерекесі фестивалін ұйымдастырушылардың бірі, Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықовтың айтуынша, бұл фестивальдің мақсаты – ұлттық тағам мен ұлттық салт-дәстүрдің мәдениетін жоғары деңгейге көтеру және насихаттау. «Бұл шара биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Біз фестиваль арқылы қазақ­тың дастарханын, әдет-ғұрпын танытуды жөн санадық. Әрине, қазақтың ұлттық тағамдарын білмейтіндер кемде-кем. Соған қарамастан мұны дәріптеуден ешқашан жалықпауымыз керек сияқты. Бәлкім, келешекте қымыз фестивалін өткізетін шығармыз. Бұл идеяны да жүзеге асыру жоспарда бар», – дейді Бекнұр мырза. 

Бір айта кетерлігі, алғаш өткізілген фестивальге халықтың ілтипаты да жоғары болды. Әрбір қазақтың жүзінен ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық нақышқа деген махаббаттың лебі сезілді. Ұйымдастырушылар бұл игі дәстүрді жыл сайын үрдіске айналдыруды да қаперге алыпты. Әрі фестивальді алдағы уақытта халықаралық деңгейге көтеру де назарда. Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов: «Егер шараны халықаралық деңгейге жеткізсек, бұл бір жағынан ішкі туризмді насихаттауға бағытталған жол болар еді. Болашақша фестивальдің екі түрін өткіземіз бе, әйтеуір, басқа да түркі тілдес елдердің ұлттық тағамдарын қазақтың асымен қатар көрсетсек деген ой бар. Мәселен, «қазан» деген сөз өзбекте де, қырғызда да, татарда да, т.б. ұлттарда бар. Сондықтан ортақ мереке ұйымдастыруға болады» дегенді айтады. 

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары