МҰНАЙ АЛПАУЫТТАРЫ АСТАНАДА БАС ҚОСПАҚ
МҰНАЙ АЛПАУЫТТАРЫ АСТАНАДА БАС ҚОСПАҚ
XXII Дүниежүзілік мұнай конгресінің (WPC) Қазақстанда өткізілуі – 2017 жылдың шілде айында Астанада бастау алатын ЕХРО-2017 Дүниежүзілік мамандандырылған көрмесінің орайлы жалғасы болып табылады. Осы ауқымды шараны өткізу жөніндегі өтінішті Қазақстан жыл басында жолдаған еді. Сол кезде Астананың қарсыластары да белгілі болды. Олар Хьюстон (АҚШ), стамбұл (Түркия) және Копенгаген (Дания). Жеңімпаз 2013 жылдың 23 қазанында Канаданың Калгари қаласында өтетін дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады. Ал оған дейін әрбір үміткер XXII Дүниежүзілік мұнай конгресін қабылдауға жолдаған өтінішінің таныстырылымдарын өткізеді.
Астананың өтініші жуырда Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде шетелдік дипломаттар мен халықаралық сарапшыларға таныстырылды. Дүниежүзілік мұнай конгресі Қазақстан ұлттық комитетінің кеңесшісі Ардыч Дурду елордамыздың «2017 жылғы әлемнің мұнайлы астанасы» атануға лайық бірден-бір қала екеніне дәлелдер келтірді.
Қазақстан 2017 жылы «ЕХРО-2017» Дүниежүзілік мамандандырылған көрмесін қабылдайды. Үш айға созылатын осы ауқымды шараны 5 миллионға жуық адам көріп, тамашалайды деген болжам бар. ЕХРО-2017-ге дайындық барысында Астанада заманауи көрме кешендері, қонақүйлер бой көтермек. Бұған қоса, халықаралық көлік тораптары, әуежай салынады. Сондықтан Конгресті өткізу үшін қосымша қаржылай шығын шығарудың қажеттілігі болмайды.
Алайда, мұның бәрі Ардыч Дурдудың айтуынша, жанама себептер. Ең бастысы – Қазақстан бүгінде жас болғанымен, өзінің біліктілігін дәлелдеп үлгерген мықты мемлекет. Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғап тұрған «энергетикалық көпір» іспеттес. Алдағы 20-30 жылда, Дурдудың ойынша, Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы «ең мықты қатысушы» болады. Экспорттық операцияларда еліміз диверсификация саясатын ұстанады. Мұнай төрт бағытта экспортталады: оңтүстік, батыс, солтүстік, шығыс. Қара алтын көлемінің 17 млрд. тонна (124,3 млрд. баррель) екенін ескерсек, бұл бағыттардың барлығының мұнаймен қамтамасыз етілетініне күмән келтіруге еш себеп жоқ. Осы ретте еліміздегі көмірсутегінің расталған қоры 5 млрд. тонна немесе 35 млрд. баррельді құрайды. Ал газ қоры 3 трлн. текше метрге тең. Қазақстандық мұнай ресурстарының 90 пайызы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен секілді ірі кен орындарында шоғырланған. Республикада ExonMobil, Eni, Shel, Total сынды әлемге әйгілі алпауыт компаниялар жұмыс істейді.
Қазір мұнай Каспий құбыр консорциумы (КТК), «Атырау-Самара» және «Қазақстан-Қытай» 3 құбыр желісі арқылы тасымалданады. КТК – бүгінгі таңдағы Қазақстанның батысындағы кен орындарды Ресейдің Новороссийск портымен жалғайтын ең қуатты құбыр. Құбырдың бірінші кезегінің өткізу қуаттылығы жылына 28 млн. тоннаны құрайды.
Қазақстан «Теңіз» және «Қарашығанақ» кен орындарында өндірілген мұнайды уақытылы өткізу үшін аталған құбырлардың қуаттылығын арттыру жоспарын қарастыруда. «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік энергетикалық компаниясы өкілдерінің пікірінше, «Атасу-Алашанькоу» (Қытай бағыты) мұнай құбырының іске қосылуы 2006 жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі болды. Соның арқасында мұнай компаниялары болашағы зор әрі қарқынды дамып келе жатқан Қытай нарығына шығуға мүмкіндік алды.
Ардыч Дурду «Kazenergy» қазақстандық мұнайгаз және энергетикалық кешені қауымдастығының орасан үміт артылып отырған «Қашаған» кен орнын игеру жоспары туралы да баяндады. Оның ойынша, бұл кен орны «консерватизмнің» өзіндік символы. «Қашаған» – табиғаты сұрапыл аймақта орналасқан кен орны. Мұнда су жарты жыл бойы қатып жатады, ал мұнай 10-15 метр тереңдіктен өндіріледі. Бұл өз кезегінде танкерлер мен кемелердің жақындауына қиындық туғызады. Дегенмен, бұл қиындық та шешімін тапты. Кен орнына жақын маңда жасанды арал пайда болды. Болжамға сәйкес, «Қашаған» кен орнындағы мұнай өндіру 2021 жылы шарықтау шегіне жетіп, күніне 1,5 млн. баррельді құрамақ.
«Компания мұнай өндірудің ең жоғары межесіне жеткен кезде, қазір істеп тұрған құбырлар жеткіліксіз болады. Сондықтан жаңа жобаның мәселесі қарастырылуда. Бұл – «Қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесі» (ККСТ). Оған сәйкес «Ескене-Құрық» мұнай құбыры салынып, Грузия, одан әрі Түркияға шығатын Транскаспийлік жүйе (Құрық-Баку) құрылады. Бұл бағыттың өткізу мүмкіндігі жылына 60 млн. баррельді құрайды. Бұған қоса, мұнай Қазақстаннан Әзірбайжанға сыйымдылығы 43 мың тонна болатын танкерлермен тасымалданады», – деді Ардыч Дурду.
Жобаны жүзеге асыру үшін Әзірбайжанмен арнайы келісім жасау керек. Келісімнің демеушілері қос мемлекеттің үкіметі, «ҚазМұнайГаз» және SOСAR ұлттық энергетикалық компаниялары бола алады. Қашаған жобасына қатысушылар инвесторлар қатарының молая түскеніне мүдделі. Олардың бұл ықыласы «ҚазТеңізТрансФлот» еншілес компаниясы тарапынан қолдау тапты. Дурдудың айтуынша, қазіргі жұмыс істеп тұрған Одесса мен Феодосия бағыттарына қоса темір жолмен тасымалдаудың жаңа бағыттары қарастырылуда. «Өндірілген мұнай көлемінің артуына байланысты оны тасымалдаудың жаңа транспорттық жолдары да өзгеріске ұшырап отырады», – деп атап көрсетті Дурду.
Ардыч Дурду Каспий табанымен құбыр тарту мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Каспий – 5 мемлекеттің шекарасы тоғысқан нүкте. Олардың арасында әлі де талас тудырып отырған тақырыптар бар. Екінші жағынан, теңіздің тектоникалық құрылымы өте күрделі, сондықтан оның табанымен құбыр жүргізу қымбат әрі қауіпті. Сол себепті әзірге мұнай кемемен тасымалданады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуге мүмкіндігі өте жоғары. Қазақстан Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Еуропа қайта құру және даму банкінің жылдық жиналысы, Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы секілді ірі халықаралық пікірталас жиындарын өткізуге қауқарлы екенін әлдеқашан дәлелдеді.
Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану институты CENTRAL EURASIA сайтының бас редакторы Шохрат Қадыровтың айтуынша, Астанада Дүниежүзілік мұнай конгресінің өткізілуі Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың экономикалық тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Бүгінде Қазақстанға инвестиция құю дегеніміз – болашақта Қап тауынан бастап Ұлы Қытай қорғанына дейінгі, Копетдагтан Гиндукуш, Ресейдің оңтүстік аймақтарына дейінгі аумақта жатқан Еуразия халықтарының тағдырына ықпал етуге болады деген сөз. Астананың осы тұрғыда мұнайгаз ресурстарын өндіру мен әлемнің көптеген елдерін қуат көздерімен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа көлік бағыттарын әзірлеу жөніндегі өзіндік жобалары да аса маңызды.
Астананың аталған ғаламдық шараны өткізуге лайық екенін 2013 жылы Қазақстанды жайлы бизнес-климат қалыптасқан 50 мемлекеттің қатарына қосқан Дүниежүзілік банк те құптап отыр. Ал «Инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша Қазақстан тіпті алғашқы ондықта. Ernst&Young беделді консалтингілік компаниясы жүргізген зерттеулерге сәйкес, инвесторлардың 85 пайыз Қазақстанды ТМД-дағы ең тартымды ел санайды.
Бұл форум Астана үшін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін де қажет. Бұл бағдарламада өндіріс пен инновацияның рөлін арттырып, «шикізатқа негізделген экономикадан» алшақтау көзделген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев соңғы баяндамаларының бірінде: «Біз жаңа өндіріс орындарына қаржы құйып қана қоймай, экономикамызға жаңа технологияларды енгізіп, қазақстандықтарды инновациялық мамандықтарға үйрететін инвесторларға қолдау көрсетеміз», – деп атап өткен болатын.
Ж.Баққондыұлы