ӘЛЕМДІК САХНАНЫ БАҒЫНДЫРҒАН ӨНЕРПАЗ

ӘЛЕМДІК САХНАНЫ БАҒЫНДЫРҒАН ӨНЕРПАЗ

ӘЛЕМДІК САХНАНЫ БАҒЫНДЫРҒАН ӨНЕРПАЗ
ашық дереккөзі
432

Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында халықаралық байқаулардың лауреаты Шернияз Мұсахан өнер көрсетті. Жас та болса, музыкалық ортада танымал болып үлгерген скрипкашы бүгінде Швейцариядағы Лозанн консерваториясында тәлім алып жүр. Ол академиялық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнерсүйер қауымға Сергей Прокофьевтің бірінші концертін, сондай-ақ, жас композитор Данара Мұсаханның шығармаларын орындады. 

Шернияздың үлкен сахнаға алғашқы қадамы халықаралық байқаудан басталған. 8 жасында Италиядағы Сан-Бартоломео қаласында өткен халықаралық байқаудың жеңімпазы атанса, 10 жасында Ресейдің әйгілі скрипкашысы, КСРО халық әртісі Владимир Спиваковтың тәлімі мен ақ батасын алады. Ол сол сәттен бастап әйгілі скрипкашы Владимир Спиваков сыйлаған аспабын жанына серік етіп келеді. Люблиндегі Г.Венявский атындағы, Мәскеудегі Д.Ойстрах атындағы халықаралық байқаулардың лауреаты, тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан» сыйлығының иегері атанған Шернияз Мұсахан бүгінде сахна төрінен лайықты орын алған. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының Орталық музыка мектебінен соң Еуропаның төрт ірі музыкалық оқу орнына бірдей қабылданды. 

 Жас өнерпаздың шығармашылығын тамашалауға келген талғампаз көрермен де тағатсыздана күтіп отырды. Ал талай майталман музыканттардың табаны тиген сахнаны аттаған Шернияз Мұсахан ә дегеннен-ақ тыңдарманын баурап алды. Бүгінде Еуропа мен Ресейдің әйгілі сахналарын бағындырып, жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алып жүрген жас өнерпаз тың дайындықпен келіпті. Ол туған әпкесі Данара Мұсаханның скрипкаға арналған концертін алғаш рет тыңдарман назарына ұсынып отыр. Бұл – Данараның консерваторияны тәмамдағанда жазған дипломдық жұмысы екен. 

«Ініме арнап шығарма жазу талай жылдан бері көкейімде жүрген жоспарым еді. Бұл – Шернияздың орындаушылық қабілетіне, ерекшеліктеріне лайықтап жазылған туынды. Мұнда мен қазақ әуендері мен испан ырғағын үйлестіргім келді», – дейді ол. Сондай-ақ, музыкант әйгілі композиторлардың шығармасынан да үзінділер орындады. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары