ТІЛ АПТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТІЛ АПТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТІЛ АПТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі
826

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл мерекесіне орай «Туған тілім – тәуелсіздік тұғырым» атты Тіл апталығын салтанатты түрде ашты. Ана тілін ұлықтаған үлкен шараға студенттер қауымына парасатты ой-пікір білдіруге ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Оразақын Асқар мен қоғам қайраткері, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев қонаққа келді.

Ұлттың жаны, мемлекеттің айнасы болған қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, бүгінгі қоғамдағы маңыздылығын арттыру, жастардың бойында патриоттық сезімді ояту, қазақ тілін құрметтеу, қадір-қасиетін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылып отырған Тіл апталығы студенттер үшін де, ғалымдар мен оқытушылар үшін де орны бөлек шара. 

Ұлтымыздың байлығы, баға жетпес қазынасы қазақ тілінің маңыздылығын жете түсіндіріп, Тіл апталығының салтанатты түрде ашылуында сөз алған педагогика және психология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Н.Жиенбаева ашты. «Арнаулы және орта мектептерге педагог дайындап отырған жоғарғы оқу орны, әрі Ана тілімізге деген үлкен құрметтің белгісі ретінде арнайы Тіл апталығын ашып отырмыз. Бұл апталық дәстүрге айналған шара. Биылғы апталықта мемлекеттік тілдің құрметіне дөңгелек үстел, семинар, ашық сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қыздар университеті Жоғары оқу орындарымен бірлесіп мемлекеттік тілге байланысты өзге ұлт өкілдерінің арасында жарыс ұйымдастырып отыр. Бұл үлкен шара біздің оқу ордамызда өткізілетін болады» деп маңызды ақпараттармен бөліскен Сайра Нағашыбайқызы тіл мерекесімен жиналған қауымды құттықтады.

«Тіл дегенде тебіренбей тұра алмаймын» деп өлеңдер тізбегін арнаған ақын Оразақын Асқар:

«Ана тілім, өзге тілден кем бе едің, 

Қорың аз ба, болды қандай сенде мін?

Жерің бар ма аударғанда жетпеген

Пушкин жырын, Эйнштейн еңбегін!» – деген жыр жолдарымен студенттерге ағалық  арманын  жеткізді. «Осындай үлкен шараны қолға алып отырған Қыздар университеті біздің жас кезімізде де аты дүркіреген оқу орны болатын, қазір де сол қалпынан тайған жоқ. Ұрпақ тәрбиелейтін қыздар қазақ тілінде сөйлеңіздер, білмейтіндерге үйретіңіздер!» деп ақ тілеуін ақтарған ақын көркем қазақ тілі жайында көңілінде жүрген ой-толғанысын жасырмады. Алматының төрінен орын алған Қыздар университеті  қоғамдағы өзекті мәселелердің алдынан табылып, пікірлерін білдіретін белсенді аруларды тәрбиелейтіндігін де жеткізді.  

Қазақ тіліне жыр арналған салтанатты жиынды қоғам қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев жандандыра түсті. Қазақ тілінің қоғамдағы жағдайы қиын болған уақытта да, шет елдерден, әсіресе Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастарымыздың кирилл қарпін білмей, оқу-жазудан қиналған кездерінде де Қыздар университеті тілді дамытуға, сауат ашуға үлкен үлес қосқандығын, қандас бауырлар үшін дайындық бөлімін ашып, арнайы курстар жүргізгенін жеткізген С.Балғабаев, «Тіл мәселесінде үкімет көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Алайда «халқы қандай болса, үкімет те сондай болады» деген түсінік бар. Сондықтан да үкімет орынды жұмыс істеу үшін халық өз ана тілінде сөйлеп, өз ұлтын көтеру керек» деген тәрбиелік мәні зор ойын ортаға салды.  

Салтанатты жиында университет ұстаздары Тіл апталығының мақсаты мен міндеті жайында жете түсіндіріп, үлкен мерекелік аптаның ашылуымен құттықтады. Ал Қыздар университетінің өнерлі қыздары сахна төрінде мың бұрала би билеп, күміс көмейлерінен қазақтың әндерін төкті.  Өте тартымды жағдайда ашылған Тіл апталығы Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өткізілетін қалалық байқауға ұласып, бір ай бойы жалғасын табатын болады.

«Түркістан-ақпарат» 

Серіктес жаңалықтары