КӨКПАРДА ҚАЗАҚТЫҢ АЛДЫНА ШЫҒАРЫ ЖОҚ
КӨКПАРДА ҚАЗАҚТЫҢ АЛДЫНА ШЫҒАРЫ ЖОҚ
Бес күн бойы Астананың «Қазанат» ипподромын дүбірлеткен көкпардан Ашық Азия чемпионаты өткен жексенбіде аяқталды. Халықаралық деңгейде өткен алғашқы чемпионатта алғашқы бас бәйге қазақ көкпаршыларының қанжығасына бұйырды. Ат құлағында ойнайтын шабандоз халықтың ұрпағы ұлттық спортта намысын ешкімге берген жоқ.
Сонымен, Тұңғыш Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы – Қазақстан құрама командасы. Бірнеше күн бойы Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай көкпаршылары аянбай тақым қағысып, бір-бірінің шеберлігін сынап бақты. Бірақ біраз жылдан бері аймақтық, республикалық көкпар додаларын өткізіп жүрген қазақ спортшылары өз бабында екенін көрсетті.
Жартылай финалға Моңғолия мен Түркия, Ресей мен Өзбекстан шығып, моңғол мен ресейлік көкпаршылардың мерейі үстем шықты.
Ал шешуші жарыста Тәжікстан мен Қытай, Қазақстан мен Қырғызстан командалары өзара күш сынасуға шықты. Алғашқы ойында тәжік командасы асқан шеберлік көрсетіп, қарсыластарын тұқыртты, бұл команда осылайша үшінші орынды жеңіп алды.
Финалда қазақ пен қырғыз командалары тартысты. Қырғыз көкпаршыларының мықты екенінен бұрыннан хабарымыз бар, бірақ бұл жолы жергілікті шабандоздардың мысы басты. Бұған дейін Қазақстанның көкпаршылар құрамасы Тәжікстанның, Ресейдің, Қытайдың, Моңғолияның командаларымен тайталасып, ойсырата жеңіп шыққан еді.
Соңғы ойында қазақ командасы да, қырғыз командасы да аянып қалған жоқ. Обалы нешік, екі жақтың көкпаршылары да өз бабында екенін танытуға тырысып бақты. Тартысты ойынды тамашалаған халық көкпаршылардың шеберлігіне де, осы чемпионатты өткізіп, ұлттық спортты халықаралық деңгейде жаңғыртқан ұйымдастырушыларға да риза болғанына дау жоқ.
Сонымен, қазақ көкпаршылары серкені ғана емес, 10 миллион теңгені қанжығасына басты. Ал оларға пара-пар өнер көрсеткен қырғыз командасы екінші орынды қанағат тұтып, 6 миллион теңгелік жүлдені иеленді, үшінші орынды жеңіп алған тәжік командасы 4 миллион теңгелік жүлдемен марапатталды.
Өткен аптада Азиялық алғашқы чемпионаттың салтанатты ашылуына «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің арнайы келіп қатысып, құттықтағанын жазған едік. Сонда Б.Байбек: «Ұлт көшбасшысы, партиямыздың төрағасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен спортқа, соның ішінде ұлттық спортқа барынша көңіл бөлініп келеді. Таяуда ғана «Қазақстан барысы» атты қазақ палуандарының бәсекесін ұйымдастырып, барынша бұқаралық сипатта, кең ауқымда өтуіне атсалыстық. Жалпы жаңа буынның ортасына үлкен серпіліс туғызатын әрі ұлттық бітім-болмысымызды асқақтататын осындай шаралар дәстүрге айналып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Міне, елордадан бастау алған Көкпардан Азия чемпионатының лайықты түрде мәресіне жетіп, жалғасын табатындығына сенімдімін», – деген еді.
Бұл шараның маңыздылығы оның жабылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП атынан Қоғамдық саясат институтының директоры С.Нұрбек пен «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының жетекшісі Қ.Ақсақаловтың және «Самұрық – Қазына» АҚ басқарушы директоры Д.Қалетаевтың келіп қатысуынан да көрінді. Сондай-ақ жеңімпаздарды марапаттауға Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қ.Сатыбалды мен осы қауымдастықтың бірінші вице-президенті Б.Тілеухан арнайы келіп қатысты.
Саясат Нұрбек: «Нұр Отан» жаңа табысты дамудың факторының бірі ретінде төл мәдениет пен руханиятты қойып отыр. Біз мәдениеттердің қарқынды түрде өзара ықпалдасуы заманында өзгелердің жақсысын ғана қабылдап, өзіміздің дәстүрлі мәдениетті сақтап, дамытуымыз қажет. Әсіресе, көкпар – атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұрамыз»,– деп атап көрсетті.
Көкпардан келесі Ашық Азия чемпионаты 2015 жылы Түркияның Стамбұл қаласында өтетін болды.
Көлбай ЖЕҢІС