ЕСІЛ ЕҢБЕК... ҚЫЛТИМАЙТЫН ҚЫЗЫЛША

ЕСІЛ ЕҢБЕК... ҚЫЛТИМАЙТЫН ҚЫЗЫЛША

ЕСІЛ ЕҢБЕК...  ҚЫЛТИМАЙТЫН ҚЫЗЫЛША
ашық дереккөзі
224

Осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақстанда 80 мыңнан аса, соның ішінде Жетісу өңірінде – 39 мың, Жамбыл облысында 42 мың гектар жерде тәтті түбір өсіріліп, әр гектардан орташа 270-300 центнерге дейін өнім алынған екен. Жылдық қуаты 840 мың тоннаны құрайтын 7 қант зауыты жұмыс істеді. Қазір сол қуаттылықтың жартысына жуығы ғана жұмыс істеп тұр. Экономикалық сарапшылардың мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде Қазақстандағы қанттың 95 пайызы сырттан әкелінетін қант құрағынан, қалған 5 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан өндіріледі екен. Бұл қаншама мүмкіндік бар екеніне қарамастан, отандық қант өндірісінің дамуы мен оның бағасы импорттық шикізатқа тәуелді болып отырғанын көрсетеді. 

Қызылша өсіру – күтіп-бап­тауды, тынымсыз еңбекті қажет ететін қиын шаруа. Ала жаздай кет­пені қолынан түспей тырбанып, белі бүгілмейтін шаруа өз маңдай терінің босқа кетпегенін өнімді жиып-теріп, лайықты бағаға өткер­генде ғана сезінеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, облысымыздағы қант өндірісінде де балтамырдың үлесі жылдан жылға азайып келеді. Сондай-ақ, былтыр облыстағы қос қант зауытының ұзақ уақыт тоқтап тұруы cалдарынан аймақтағы тамақ өнімдерінің көлемі 21,4 пайызға төмендеп кетті. Қазір де Меркідегі қант зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап тұр. 

Мойындау керек, өндіріс оша­ғын жергілікті шикізатқа қарық қыла ал­маған – шаруалардың өздері. Об­лыстық ауылшаруашылығы бас­қармасының мәліметіне жүгін­сек, биыл бас-аяғы 1021 гектар­ аумаққа балтамыр егілген. Одан алынатын өнім «Азия қант» акцио­нер­лік қоғамына қарасты Меркі қант зауытының жұмырына жұқ бол­­майды, тіпті, әрі кеткенде үш­ апталық жұмысқа өзек бо­луы мүмкін. Қалған он бір ай бойы Бразилиядан әкелінетін қант құрағы өңделеді. Мәселен, жыл басында кәсіпорын үш айға жу­ық уақыттың ішінде 63,5 мың тонна қамыс құрағын әжетке жа­ратқан. Оның үстіне барлық шаруа­шылық балтамырды зауытқа өт­кізе бермейді. Ол малдың қоңын шы­ғарып, балпанақтай етіп семіртуге тап­тырмайтын құнды азық. Сон­дық­тан, шаруалар оны жеткізуді қым­батсынып, зауыт белгілеген баға­ны місе тұтпай, малға жем есе­бін­де өткізуді әдет қылып алды. Көп­шілігі болмаса да бірталайы соны қолай көреді. Мәселен, 2011 жылы Меркі қант зауыты 50 мың тон­на қант қызылшасын өңдесе, был­тыр қабылдап алынғаны небары 18 мың тоннаны құраған. Ал, сол кезде басқа аудандарды­ айтпағанда, бір ғана Меркінің өзін­де егістік басынан 20 мың тонна бал­тамыр жиналған болатын. Бас­қалардың еккені де осының төңі­ре­гінде. Мейлі, оның жартысы құр­ғақ­шылықтан өнім бермеді дейік, қал­ған жартысы қайда кетті? Ұсақтарын сөз етіп қайтеміз, Шу ауда­нындағы «Бектібай» секілді ірі ша­руа қожалығының тонналаған тәтті түбірді қайда жібергенін еш­кім түсіне алар емес.

Міне, сол үшін де биыл суб­си­дия бөлуде жаңа талаптар ен­гі­зілді. Бұрын әр гектарына 60 мың теңгеден бірден төленіп келсе, енді қызылша бүршік жарып шыққан сәтте – 30 мың теңге, ал қалғаны ши­кізатты зауытқа өткізген соң ғана төленеді. Тоннасына – 1500 тең­геден. Диқандардың биыл тәтті түбірге беттемей қалуының бір себебі – осы. Бұл қолайлы әдіс, бұрынғыдай 60 мың деп шектелген баға жоқ, өткізгенің қанша болса, сонша ақша аласың. Бірақ, мұны көп аудандағылар түсінбепті. 

Техникалық дақылдың мал азы­ғына айналып кетуіне қант зауыт­та­ры да айыпты. Олар шаруалармен келісімшартқа тек қызылша жинау науқаны басталған шақта отырады. Оған дейін шаруа кімге сенерін біл­мей іштей әрі-сәрі күйде жүреді. Сөйтіп, жеме-жемге келгенде тө­мен бағаны ұсынады. Тағы да өткен жылдарды еске алуға тура ке­ліп тұр. Меркі қант зауыты 2010 жылы қызылшаның әр келісін 11 теңге 50 тиыннан, ал, 2011 жылы 8 теңгеден қабылдауға мәжбүр болды. Өйткені Кедендік Одақ жаңадан құрыла сала Беларусь, Ресейден вагондап арзан қант сау ете қалды да, отандық өнімнің де құны күрт өзгерді. Кәсіпорын сол 8 теңгенің өзін ақшалай емес, әр тоннасына 65 келі қант пен 640 келі сірнемен есептесуге келісті. Оны да науқан толық аяқталғанда ғана береді. Енді жол шығынын есептеңіз. Мәселен, Қордай ауданы Меркідегі зауыттан 210, Шу ауданы 100-110 шақырым қашықтықта ор­наласқан. 20 тонналық КамАЗ әр рейске пәленбай мың ақша сұ­райды. Зауыттан алатын қап-қап құм­шекер әр рейске төлеген ақшаны ақтай ма? Сол жылы аймақтарды ара­лағанда шаруалардың жеткізу жағын ойлап бас қатырмай-ақ, жиын-те­рінмен ғана айналысқанына куә болдық. Өткізетінін жемге, қалғанын өзінде қалдырды. Көрген пайдасы – субсидия және малға жем. Болды. Жалпы, зауыттар пайданы ғана ойламай, Шу қаласынан, басқа да теміржол бойындағы аймақтардан уақытша қабылдау пунктін ашып, өзі келісімшартқа отырған тұлғаларға тиісті жағдайларды жасап қойса, екі жаққа да ыңғайлы емес пе? Бір жылдары жол шығынын ішінара субсидиялау мәселесі қаралып еді, ол да аяқсыз қалғанға ұқсайды. 

Биылғы баға тағы белгісіз бо­лып тұр. Меркі ауданындағы қант зауы­тына хабарласқанымызда, бас ин­женер Р.Сабдиев директордың еңбек демалысында екенін жеткізді. Ал, тариф саясатын зауыттың Алма­ты­дағы басшылығы шешетін көрінеді. Бас кеңседегілер де сауал­дарымызға салқын жауап беріп, бейресми әңгіме барысында бағаны бел­гілеуге әзірге ерте екендігін сөз­ етті. Жалпы, зауыттар өз тара­пы­нан келісіне 6-7 теңгеден төлесе, мемлекет бөлген дотацияның есебінен қосымша тиын-тебен қосып, 11-12 теңгеден қабылдайтын. Былтыр зауыт мемлекеттен дотация бөлінеді деген сеніммен балтамырдың келісін 11 теңге, 90 тиынға бағалап қабылдағанымен, жыл соңында ондай қаражаттың бюджеттен қаралмағаны белгілі болған. Зауыт орта есеппен 700 миллион теңге көлемінде зардап шеккен көрінеді. Өкініштісі сол, дотация биыл да жоқ. Сондықтан бағаның 5-6 теңгеден аспайтындығы айдан анық. Оны зауыт басшылығы да жоққа шығармады. Ал, «Азия қант» АҚ Тараздағы филиалы (бұрынғы «Қант» АҚ) көптен бері қант құрағын ғана пайдаланып, қызылшаны өндіріске мүлде жолатпай келеді. Өйткені көлемі өте аз. Олар тек қабылдап алады да, сол күйі Меркіге жөнелтіп отырады. Оның үстіне Таразға жақын маңдағы аудандардың көпшілігі биыл балтамыр еккен жоқ. Жыл сайын бұл істен тыс қалмайтын Байзақ ауданы бір гектарға да тұқым сеппесе, Жамбыл ауданында себілген 45 гектардың 15 гектарында ғана өнім шығыпты. 

Жамбыл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­тығы Аманалы Құрбановтың ай­туынша, биыл зауыт әдеттегі тұ­қымды да бермепті. Жыл сайын ша­руаларға жарты гектарлық се­бу бірлігін – 15 мың теңгеден қа­рызға беретін көрінеді. Ал, биыл кепіл­дендірілген сапалы тұқымды ал­маған соң, шығым да нашар болған. 

Былтыр 700 гектардан ас­там аумаққа еккенімізбен, құрғақ­шы­лық салдарынан соның 211 гектарынан ғана өнім жиналды. Ал биыл шаруаларды қыстамадық, – дейді А.Құрбанов. – Егер пайдасы бо­латынын бағамдаса, олар ешкімнің ақылынсыз-ақ егеді. Бір жыл болса да дәстүрлі үрдіс үзіліп қалмасын деген ниетпен диқандар еңбектеніп көріп еді, көпшілігі шықпай қалды. Бұл дегеніңіз олар үшін үлкен шығын. Дегенмен, біз келесі жылға тастүйін әзірленіп отырмыз. 1400 гектарды еңсеру ойда бар.

Біз осы аудандағы егіншілік жә­не өсімдік шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты облыстық фи­лиалының қызылша егістігінде болып қайттық. Филиал директоры Ерлан Құлкеев 5 гектардан алы­натын тәтті түбірді түгелімен қант зауытына өткізетіндерін жеткізді. 

Ендігі үміт – «Аг­робиз­нес­-2020» бағдарламасында. Жа-у­апты мамандар алдағы жылы егі­ле­­тін тәтті түбірдің көлемі 7 мың гек­­тардан кем болмайтынын, атал­ған бағдарлама аясында шаруаға – субсидия, қант зауытына – до­­тация молынан бөлінетініне сен­­діріп отыр. Егер диқандар қант зауытына тым болмағанда жарты жылға «азық» болатын қор­ жинап бере алса, мұхиттың арғы жағынан қант құрағын алдыруға деген қажеттілік азаяр еді. Келе-келе өндіріс келешекте толы­ғымен отандық шикізатқа кө­шуі әбден мүмкін. Жалпы, қос зауытты толық қамтамасыз ету үшін шығымдылығын шамамен 300 центнерден деп есептесек, 12-15 мың гектарға дейін қант қызылшасын егу қажет көрінеді. Бұл тұтас республика болмаса да, өңірдегі қант бағасының төмендеуіне айтарлықтай ықпал етеді. Сайып келгенде, барлық түйткіл диқан мен зауыт арасында жүйелі қарым-қатынас орнап, мемлекет қолтықтан мықтап де­мегенде ғана шешілетін сыңайлы. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА 

Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары