АЛЫПТАР АЛЫСТАП БАРАДЫ

АЛЫПТАР АЛЫСТАП БАРАДЫ

АЛЫПТАР АЛЫСТАП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
383

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер геолог Молдияр Серікбаевты көзі қарақты жандардың бәрі біледі. Алматы мен Астана арасында оны танымайтын журналист жоқ десек, асылық айтқандық болмас, сірә. Ақсақалдың республикалық ақпарат құралдарында не өзінің мақалалары, не сұхбаттары жарияланып тұрады. Ұстанып жүргені ұлт мүддесі. Еліміздегі байырғы жер атауларын қалпына келтірудегі, геологияның қазба-байлық картасын жасаудағы еңбегі зор. Сондай-ақ Алаш арыстарын да дәріптеп, аттарын мәңгілікке қалдыруда да жанашырлық істері аз емес. Тарих пен шежіреден де айтары бар. Әсіресе, Кеңестер Одағының ірі қалаларында геологиялық іс-сапарда жүріп, мұрағаттардан мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтымыздың ірі тұлғаларының бірі – Тұрар Рысқұловтың мемлекетшіл қызметі мен тағдыр-талайы туралы жинаған материалдары, ол жөніндегі әділетсіз пікірлерге нақты деректермен қарсы тұрып, шындық үшін күресіп жүргені үлкен азаматтық дер едік. Жайшылықта былайғы мамандар ескере бермейтін геологияның кешегісі мен бүгінгісінен сөз қозғағанда, қызығына еріксіз елітіп, көп жайларға қанығасыз. Көпті көріп, көп жайды ойына түйген жанмен сұхбатасудың сәті түсіп, сол сұрақ-жауаптан тұратын әңгіме өзегін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Молдияр аға, кен көздерін ашуда геологтардың еңбектері зор екенін білеміз. Енді шегініс жасап, өткенге оралсақ. Қазақстан геологиясы қашан басталды?

– 1928 жылы Мәскеуде үлкен мәжіліс өтеді. Тұрар Рысқұлов ол кезде РСФСР төрағасының орынбасары қызметінде болатын. Ол жиналыста сөз алып, өзекті мәселелерді алға тартады. Қазақстаннан университет ашу, астананы Қызылордадан Алматыға ауыстыру, Үлбі су-электр стансасын салу, Солтүстік Қазақстанда мал, егін шаруашылығын дамыту, шикізат өндіру мен өңдеу кәсіпорындарын ашып, жергілікті ұлт өкілдерін жұмысқа тарту, радио жүйесін кеңінен тарату, геологиялық комитеттің Қазақстаннан бөлімшесін ашу және т.б. да толып жатқан ұсыныстар жасаған. Осы ұсыныстар бойынша үкімет басшылары арнайы қаулы шығарғанын тарихшылар біледі. Сол қаулының нәтижесінде 1928 жылы Семей қаласынан бөлімше ашылып, орталықтан біраз геологтар сонда қоныс аударады. Атақты геолог-академиктер Николай Григорьевич Кассин, Михаил Петрович Русаков және қатардағы геолог Вениамин Федорович Беспалов. Бұлардың бәрі ғылыми атақ қорғамаған, лауазымдары еңбектеріне қарап берілген. Алғашқылар жыл сайын бір кен орындарын ашып, қазақ геологиясының негізін қалады. 1931 жылы бөлімше геологиялық трест болып қайта құрылды. 1932 жылы А.Д. Архангельский мен В.Ф. Беспалов Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы Филипп Голощекиннің қабылдауында болып, Семейдегі тресті Алматыға ауыстыруды ұсынады. Сол ұсыныс Скворцов пен Оңдасыновтың басшылықтары кезінде, яғни 1939 жылы жүзеге асты. Ол кезде трест геология басқармасы болып қайта құрылған еді. Басқарма қаланың қазіргі Фурманов көшесіндегі үш қабатты 110-шы үйден орын тебеді. Басқарманы Орал Шәкенов басқарды. Осы үйдің қабырғасында қаншама геологияның белгілі мамандары қызмет етіп, нешеме мемлекеттік маңызды шешімдерді жүзеге асырды десеңізші. Өкінішке қарай, бұл тарихи ғимарат жекешелендіру науқаны кезінде Қытайдың фирмасына сатылып, мейрамханаға айналды. Мен Үкіметке жуырда тағы да хат жазып, осы тарихи ғимаратты мемлекетке қайтарып алып, геология мұражайы етуді ұсынған едім. Әдеттегідей ол жақтан тағы да жауап алғаным жоқ. 

– Қай салада да ұстаз бен шәкірт бар.­ Сіздің геологияда ұстазыңыз кім?

– Вениамин Феодорович Беспалов. Ол 1928 жылы Свердлов политехникалық институтының екінші курсында комсомол жиналысында Сталиннің коллективтендіру саясатының халық шаруашылығына зиян әкелетінін, Лениннің ЖЭС-ын жалғастыруды жақтап сөз сөйлеген. Сол үшін оны оқудан шығарып жібереді. Ленинградқа барып бір жылдық жоғарғы геология курсына түсіп, белгілі ғалымдардан сабақ алса керек. Атақты геолог Николай Григорьевич Кассин оның алғырлығын сезіп, Қазақстанға қызметке шақырады. Ол 1931 жылы Жаңаарқаның оңтүстігіндегі табиғаты өте қатал Жоғары Атасуда жұмысын бастайды. 1940 жылы Қарқаралы жағындағы Мейізек алтын кенін ашқан. Геологиялық карта сызудың да асқан білгірі. 1953-1954 жылдары ол ҚазМУ-дің геология-география факультетінде «Одақтық геология» пәнінен дәріс оқыды. Мен екінші курс студентімін. Тақтада Одақтың географиялық, физикалық, геологиялық карталары ілулі тұрады. Беспалов дәрісін сол карталарға қарап тұрып, жатқа айта береді. Геологияның қай саласынан да білмейтіні жоқ. Шәкірттеріне талабы күшті, тіпті қатал да. Ол: «Географиялық картаны білмейтіндер емтиханға кірмей-ақ қойсын», – деп ескертетін. Курста елу студентпіз. Содан емтиханда үшеуміз ғана 5-ке тапсырдық. Арамыздағы ең үздік Нариман Таубайұлы Құлқашев. Қармақшыдағы орыс орта мектебін үздік бітірген. Әкесі Таубай жиырмасыншы жылдары Ташкентте Тұрар Рысқұлов құрған «Талап» қоғамында қызмет етіпті. Нариманды студенттер болашақ академик деу­ші еді. Бірақ біз күткендей болмады. Геология ғылымдарының кандидаттығымен шектелді. Академиядағылар оның ғылым­да­ғы қарым-қабілетін бағалаған жоқ. Док­торлық диссертация қорғайтын тақырып бермей қойса, амал қанша. Ал геологияның қазба-байлық саласынан білімі кез келген доктордан артық болмаса, кем емес. Қазір зейнеткер.

Беспалов 1959 жылы қытай-кеңес келі­сім­шарты бойынша Қытай геологиясына кеңесші болып кетті. Алайда алпысыншы жылдардың басында екі жақтың достық қарым-қатынасына сызат түсіп, олар кеңестік мамандарға қырын қарай бастайды. Үлкен бір жиналыста Беспалов қытай геологтарының теріс көзқарастарын сынға алып, ашына сөз сөйлеген. Содан оны көп ұзамай Қазақстанға оралуға мәжбүр етеді. Мұнда келген соң Қазақ радиосының Қытай жөніндегі тілшілері сол елді сынап сөйлеуге ұсыныс жасайды. Беспалов: «Мен қытайлық әріптестеріме сынды сол елде жүргенде көздеріне айтқанмын. Енді сыртынан көпіргенім жөн болмас», – деп бас тартқан көрінеді. 

– Ұстаздың бірі жанға жайлы, бірі талапшыл мінезді келеді. Беспаловты осы екеуінің қайсысына жатқызар едіңіз?

– 1961 жылы Петр Александрович Сушковтың партиясында істеп жүргенмін. Күнгей Алатауы мен Торыайғыр тауының геологиясымен айналысып жүргенбіз. Бір жолы Беспалов: «Молдияр, біз жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істемекпіз. Мына жағы Талдықорған, Малайсары, бергісі Шалкөде, солтүстіктен Күрті, батыс жақтан Отардың үш жылға жоспарланған геологиялық зерттеу жұмыстарын бастаймыз. Бізге жұмысқа келуге қалайсың?», – деді. «Вениамин Федорович, сізбен бірге жұмыс істеуге дайынмын», – деп келісім бердім. Партияның аға геологы Надим Мұсаевич Шабдарев: «Михел, (экспедиция геологтары мені солай атайтын) Беспаловтың мінезін білесің. Бет-жүзіңе қарамай тіке айтады. Оған адамның жағуы өте қиын. Сені әрі десе бір айда қуып жібереді. Жылы орныңды суытып қайтесің», – деді. Мен: «Надим Мұсаевич, Беспаловқа сөзім өтіп кетті. Енді бас тартқаным болмас», – дедім. Ол өзің біл дегендей кейіп танытты. Іштей әлдеқандай жағдай болады деп Сушковқа бардым. «Петр Александрович, егер менің жұмысым Беспаловқа ұнамаса, мені қайта қызметке аласыз ба?», – деп едім ол: «Сендей маманды алмағанда кімді аламын», – деді.

Жадыраған жаздың кезі. Беспалов бастаған топ Айнабұлаққа барып, лагерімізді тіктік. Соның алдында ғана Душанбеде геологияның тектоника саласынан бүкілодақтық жиын өтеді екен деген хабар жеткен. Беспалов палатка алдында отырып, сол жиынға тезист жазды да Мәскеуге жеделхатпен жөнелтті. Арада бірнеше күн өткен соң ол Душанбеге арнайы шақыру қағазын алды. Жолға шығар алдында маған: «Молдияр, мен келгенше мына Арқарлы тауының жыныстар картасын жасап қоярсың», – деп тапсырма берді. Содан таңның атысы, күннің батысы тау-тасты кеземін. Түс кезінде ғана лагерден алып шыққан құрғақ азық-түлікті жеп, термостан шай ішіп, шөлімді басып, қайта іске кірісемін. Көрген, білгенімді қағазға түсірумен болдым. Он күннен соң Беспалов оралды. Менің жазған-сызған жұмысымды көріп, ләм-мим жақ ашпады. Не жақсы, не жаман деген жоқ. Көңілінен шықпағанын ішім сезді. «Мұның қасында жүріп, тау жыныстарын, құрылымын қалай зерттейтінін бақылайын. Қандай жәйға баса назар аударады? Неге мән береді?». Түстік астан кейін: «Вениамин Федорович, тау жыныстарын зерттеу кезіңізде сізге көмекші ретінде жаныңызда жүруге бола ма?», – деп едім келісті. Бақсам оның тау жыныстарынан білмейтіні жоқ екен. Тастардың құрылысын көп геологтар оқи алмайды. Әсіресе вулкандық тау жыныстарының картасын жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Тастарды салыстырып тұрып, табиғат сырларын ойша оқу қабілетін айтсайшы. Бірге жүрген үш жылда геологияның қыры мен сырына әбден қанықтым. 1962 жылы экспедиция комиссиясына есеп бердік. Еңбегіміз жоғары бағаланды. Геологиядан ғылыми атақ қорғау үшін кемі он жыл экспедицияда жүріп, ұлы даланы, тау-тасты кезуің керек. Академиктер Қаныш Сәтбаев өндірісте он жыл, Шахмардан Есенов Жезқазғанда он бір жыл істеді. Геология ғылымдарының докторы Вениамин Беспалов бүкіл өмірін тау-тасты кезумен өткізді. Жалпы, ғылыми атақ қорғау Беспаловтың қаперінде жоқ еді. Біз 1968 жылы геологиялық карта жасадық. Соған Беспалов түсіндірме жазып, ғылыми кеңесте баяндаған. Экспедицияның бас геологі Стариченко: «Вениамин Федорович, мына ғылыми жұмысыңыз кандидаттық емес, докторлық еңбек қой. Неге қорғамайсыз?», – деп ой салды. Ол сол еңбегін Ғылым академиясында қорғады. 

Экспедициядан Алматыға келген­ бойда білім-біліктілігімді жетілдіру үшін Ғылым Академиясы мен Орталық кітапханаларында, Геология институтының оқу залдарында ертелі-кеш отырып, геология жөніндегі талай кітаптарды ақтардым. Ондағы қызметкерлермен келісіп, кейбір кітаптарды үйге алып кетемін. Қайда барсам да қолымдағы сеткіде кітаптар болатын. Геологияда кезінде «Силайрский тектогенез» деген болған. Бұл тау қатпарларын ғылыми тұрғыда анықтаған құнды еңбек еді. Сол жаңалықты бертінге дейін академик Михаил Антонович Усов ашқан деп жүрді. Геологиялық еңбектерде да солай жазылған. Геология кітапханасында 1928 жылы Томда жарық көрген кітап бар екен. Содан Кузьмин деген жәй геологтың жазған шағын ғылыми еңбегін оқып шықтым. «Силайрский складкиді» ашқан Усов емес, сол Кузьмин екен. Беспаловқа алып барып көрсетіп едім: «Ғылыми жаңалықты өз иесіне қайтарғаның үшін саған алғыстан басқа айтарым жоқ, Молдияр», – деп ризашылығын танытты. 

– Академик Шахмардан Есеновпен жұмыс барысында кездесіп, пікір алысып па едіңіз?

– Мәсімхан Бейсебаевтың Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы кезі. Оның орынбасарларының бірі Шахмардан Есенов болатын. Мамандығы геолог болған соң ара-кідік қабылдауына жазылып, пікір алысып жүрдім. Кейбір ұсыныстарымды қолдайтын. Ол жылдары бізде Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстанның жүйелі түрде жасалынған тектоникалық картасы жоқ еді. Солардың әуелі сызба жобасын жасап, Ленинградтағы академик Александр Леонидович Яншинге көрсетіп едім: «Молдияр Серикбаевич, осыны карта етіп шығарсаң, тамаша жұмыс болар еді», – деді. Содан біздің Геология министрлігіндегі Ғылым бөлімінің жетекшісі Әлімхан Ермекбаевқа бардым. Ол жобаға көз тастады да: «Молдеке, бұл академияның жұмысы ғой», – деп мән бермей қоя салды. Ал Ғылым академиясында бұл тақырыпты қолға алып жатқан ешкім жоқ. Министрлер Кеңесінің есігін ашып, Шахмардан Есеновтің қабылдауына жазылдым. Шахмардан жобаны көрген бетте: «Оңтүстік Қазақстан геология басқармасының бастығы Нұрлығайым Төкенов пен Әлімхан Ермекбаевты тауып, маған қайта кіріңіз», – деді. Оларға барып, Есеновтің шақырып жатқанын айттым. Не мәселе жөнінде екенін айтқаным жоқ. Есенов бірден: «Қазақстанның тектоникалық картасын жасауымыз керек. Оны Беспаловтың тобы мен көмекшісі Серікбаевқа тапсырғанымыз жөн», – деп кесіп айтты. Ана екеуі қайдан қарсы келсін. Жобаны Беспалов толықтырды. Енді оған министрдің бұйрығы керек. Сол кезде Геология министрі Ахметжан Сәлімбаев еді. Ол салған жерден: «Мен бұл бұйрыққа қол қоя алмаймын. Қол қойсам, Ғылым академиясындағылар мені түтіп жейді», – деп бас тартты. Есеновке қайта барып, болған жайды айттым. Ол министрдің орынбасары Валерий Григорьевич Крыловқа телефон шалып, бұйрық беруді тапсырды. Картаның жауапты редакторы Вениамин Беспалов та, ал мен жоба авторының бірі ретінде партия бастығы болып тағайындалуым керек еді. Экспедиция бастығы Марат Ілиясұлы Жаймин: «Бұл қызмет Серікбаевқа қол емес. Өте момын. Басқалардан талап ете алмайды», – демесі бар ма. Беспалов шамданып: «Ендеше, біз министр Сәлімбаевтың атына бұл жұмыстан бас тартамыз деп рапорт жазамыз», – деді қатқыл үнмен. Сол-ақ екен Жайминнің рең-басы өзгеріп сала берді. «О не дегенің, Вениамин Федорович, бұл менің жәй айта салғаным ғой», – деп мені сол қызметке тағайындау жөнінде бұйрық шығарды. Үлкен істі бастар алдында картаны жақсы сызатын жандарды таңдадым. Любовь Палошай, Юлия Голубева, Надежда Заречнаяға картаның жобасын көрсетіп берсең болды, істі тап-тұйнақтай етіп орындайды. 

1972 жылы картаны ойдағыдай етіп бі­тір­дік. Бұл (1 – 1500000 масштабтағы) тек­тоникалық картаның бұрынғылардан ерекшелігі Қазақстан мен Торғай, Орал өңірлерінің геологиялық байланыстары ашылып, толық мәнінде көрсетілген. Мұндай картаны бұрын-соңды ешкім жасамаған еді. Вениамин Беспалов екеуміз Ленинградқа жол тарттық. Сонда құрамы қырық ғалымнан тұратын үлкен редакциялық кеңес алдында Беспалов картаның мән-маңызы туралы баяндап шықты. Кеңес мүшелері ілулі тұрған картадан көз алмай, оны мұқият тыңдады. Бәрінің ауаны Беспаловта еді. Кенет Леонид Иванович Боровиковтың: «Картада Торғай өлкесі жетік көрсетілмеген. Қайта жасау керек», – деп қойып қалмасы бар ма. Беспалов оған жалт қарап: «Леонид Иванович, сен 1937 жылы геологияға келгенде мұрыныңа бұл мамандықтың исі де бармаған еді. Енді қызметің өсіп, айналаңдағыларды танымас­тай болып отырсың. Бүгін міне, иуда Троцкий сияқты бүйректен сирақ шығармақшысың. Әрнәрсенің жөні болады. Аузыңа келгенді айта салмай, әуелі мәселенің әу-жайына қанығып алсайшы. Біле білсең, Торғай өңірі өз алдына бөлек тақырып», – деді дауысын көтере сөйлеп. Жұрт жым-жырт. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Беспаловтың бетке тіке айтатын мінезі барын олар да жақсы біледі. Кеңестің төрағасы Александр Пет­рович Марковский орнынан тұрып: «Карта жоғары талап деңгейінде орындалған. Мен баспадан шығаруына қарсы емеспін», – деп қолын көтерді. Боровиковтен басқалары тегіс қолдады. Былай шыққан соң Беспалов маған: «Боровиковтың неге қарсы болғанын сездің бе?» – деді. Мен басымды шайқадым. Ол: «Есіңде ме, картаны жасаған редколлегия ішіне оның фамилиясын қосқан жоқ едік қой. Соған ренжіген. Дайын асқа тік қасық болғанға әбден әдеттеніп алған», – деді. Кейін біз жасаған сол карта негізінде ленинградтық ғалымдар Қазақстан мен Орта Азияның геологиялық картасын құрастырып шықты.

Шахмардан Есеновтің Қазақстан Ғылым академиясына президент кезі. Академик Яншин екеуі бізге тағы да жүйелі карта жасау­ды тапсырған. Мұғалжар, Торғай бойынша сол картаның авторы мен болуым керек еді. Оңтүстік Қазақстан геология басқармасының бастығы Төкенов қызметтен босап, орнына тағайындалған Виталий Петрович Стеценко, Марат және Латиф Қыдырбеков үшеуі менің авторлығыма қарсы болыпты. Беспалов: «Молдияр, сенің авторлық кандидатураңа бір украин, екі қазақ қарсы болды. Енді олар саған жұмыс істетпейді. Шахмардан Жорабекұлы бізді геология институтына жұмысқа шақырып жатыр. Бізбен бірге болуға қалай қарайсың», – деп ұсыныс жасады. Мен келістім. Арада жыл өткен соң Латиф Қыдырбеков басқарма бастығы болды. Олар сызған карталарын аға редактор Беспаловқа әкеледі. Беспалов мені шақырып, пікірімді сұрайды. Мен өзім көрген кемшіліктерді айтамын. Біз қаншама түзетулер енгіздік. Карта ғылыми кеңестен өтті. Санаулы жылдардан соң Латиф Қыдырбеков те басқарма бастығы қызметінен түсіп қалды. Партияға бастық болып барғанда, кеңсесінің есігін аштым. Мен: «Латиф Өмірбекұлы, сол жолы менің кандидатурама неге қарсы болдыңыз? Мен сіздің жолыңызды қашан кесіп едім?» – деп төтелете сұрақ қойдым. Ол мұндайды күтпесе керек. Ыңғайсызданып тұрды да: «Бұл менен кеткен бір қателік болды, Молдияр. Айыпқа бұйырма», – деді күмілжіп.

– 1968 жылы сіздер Қазақстанның гео­­логиялық картасын жасап, СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылған едіңіздер. Өкінішке қарай, сіздерге бұйырмады. Оған нендей себеп болды?

– Картаны Беспалов, Яншин, мен үшеуміз жасағанбыз. Жұмысымызды Ленинградтағы ғылыми кеңес жоғары бағалаған еді. Іле-шала мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдық. Сол жылы мәскеуліктер де өз еңбектерін бәйгеге қосты. Сыйлық солардың еншісінде кетті. Біздің қатеміз сол, мәскеуліктермен таласқа түспей-ақ, бір жыл кейін ұсынуымыз керек еді. 

– Содан кейінгі картаны Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығына ұсынған жоқсыздар ма? 

– 1982 жылы біз геологиялық аумақтық карта жасағанбыз. 1983 жылы Республика­ мем­лекеттік сыйлығына ұсынылды. Басқа да геологиялық карталарға сіңірген еңбегім тағы бар. Ұстазым Беспаловқа: «Қазіргі жұмысымның айлық жалақысы аз. Менің Іле экспедициясына уақытша партия бастығы болып ауысуыма бола ма?» – деп едім, ол: – «Өзіңіз біліңіз», – деді. Геология инс­ти­тутының директоры Айтмұхамет Абдуллинге Іле экспедициясына ауысатынымды­ айт­қа­нымда: «Сен геология институтын тас­­тайсың ба?», – деп зірк ете қалды. Мен:­ «Институттан кет­кеніммен, геологияны ешқашан да тастамаймын», – дедім. Ол мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандар тізі­мін­дегі фамилиямды сызып тастады да, орныма қайтыс болған Борукаевты жазды. Борукаев оның кандидаттық диссертациясына ғылыми жетекші болған еді. Ал мен докторлық диссертациясына Мұғалжар өңірінің геологиялық материалдарын төрт ай жүріп жинап берген едім. Жақсылық тез ұмытылады ғой. Оның маған деген қыжылы бұрыннан бар еді. Бір жолы өзіне шақыртып, салған жерден: «Молдияр, бұдан былай Рысқұлов жөнінде жан-жаққа хат жазуыңды доғар. Институттың беделіне нұқсан келтіресің», – деп дүрсе қоя берді. Мен: «Айтеке, хаттарымның институтқа қандай қатысы бар? Бұл менің жеке шаруам ғой. Сіз бұл ісіме тыйым сала алмайсыз», – дедім. Ол мені ала көзімен атып жіберді. Сол жай да есінен кетпесе керек. Солай өзіміздің мемлекеттік сыйлықтан да қағылдым. Сол жылы Вениамин Беспалов дүниеден озды. 

Жөнсіз ісі қанша көңіліме келсе де бір жолы Абдуллинге тағы бардым. Жәй емес, аса маңызды ұсыныспен. «Айтеке, атмосфера, гидросфера, литосфераны қамтитын экологиялық карта жасасақ», – деп едім ол: «Мұндай ауқымды жұмысты біз алып жүре алмаймыз», – деп бас тартты. Қолында билігі бар жанның тәуекел ете алмағаны өкінішті болды. Ал ондай картаны жасауға әбден болар еді.

– Сіздің Ленинград пен Мәскеу гео­ло­гия академияларына барып, білікті ға­лым­дармен кездесіп тұрғаныңыз жайында әңгіме барысында хабардар болдым. Одақтық академияның Сібір бөлімі Но­восібір қаласында екені белгілі. Сол жаққа ат­ ізін салған жоқсыз ба? 

– Новосібірге бір емес үш рет бардым. 1957 жылы СССР Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі сонда құрылған. Сол академияның классик геологтері Юрий Косыгин мен Валерий Кузнецов әлемдік деңгейдегі ғалымдар. Өзіндік мектептері бар. Бір дағдыға айналған әдетім, қай жаққа іс-сапарға барсам да сол жердегі геология ғалымдарының еңбектерін алдын ала мұқият оқып, танысып аламын. Новосібірге барарда да бір ай бұрын әлгі екі академиктің еңбектерімен танысып шықтым. Әуелі Новосібір геология басқармасына, содан соң Сібір геология-зерттеу институтына соқтым. Әлгі академиктердің жұмыс орындары геология институтында. Сондағы ғалымдардың жұмысымен таныс­тым. Косыгин және Кузнецовпен жеке-жеке отырып, пікір алыстым. Косыгин дүниежүзілік геологияның тектоника саласының, ал Кузнецов қазба байлықтың асқан білгірлері. Олармен кейбір мәселелерде пікір қақтығыстары да болды. Кузнецов: «Сіз докторлық диссертация қорғайын деп жүрген жоқсыз ба?» – деді жымиып. Мен: «Валерий Алексеевич, менің докторлық түгілі кандидаттық та атағым жоқ», – деп едім лезде өңі өзгеріп, тесіле қарап тұрды да: «Мұндай біліммен әлі қорғамай жүрген қандай жан едіңіз?», – деді. Мен: «Атақ пен даңқ табиғатыма жат. Тек мамандығым геолог болған соң, сіз секілділердің жазғандарын оқып, пікір алысып, осы саланы жан-жақты білгім келді». Пікір алысу барысында Косыгин де мені ғылым докторы деп қалса керек, ондай атақтан ада екенімді білген соң таңданғандай кейіппен басын шайқады. Новосібірге үшінші рет барғанымда Косыгин Хабаровскідегі тектоника-геофизика институтының директоры болып кетіпті. Сол бойда жұмысына табыс тілеп, хат жаздым. Алматыға келген соң, жа-уап хат та алдым. «Геологияда өзіңіздей білікті маман болғанына шын жүректен қуанамын», – депті. «Жақсы сөз – жарым ырыс». 

– Беспаловтай ғалымның жанында­ көп жүріп, геологияның көп сырына қанып­сыз. Ол сіздің қарым-қабілетіңізді біліп тұ­рып, ұстаз ретінде неге ғылыми атақ қор­ғау жөнінде қаперіңізге салмаған.

– Вениамин Федоровичке артар кінәм жоқ. «Молдияр, қорғауға кіріс, жетекшің өзім боламын», – деп екі рет ұсыныс жасады. Атақ­құмарлық табиғатыма жат болған соң ба, соны өзім құнттай қоймадым. Ішімде «Сонда неге қорғап алмадым?» деген өкініш қазір де жоқ сияқты. Иә, геологияның қыры мен сырын толық білсем деген мақсатым болды. Зейнетте жүрсем де күні бүгінге дейін сол мақсатымның жетегінде жүріп келемін. 

– Сіз бен біз бұрын да кездесіп, әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Содан бір байқағаным, сіз­ қоғамның басқа салаларындағы қа­зақ­тың ұлттық тұлғаларынан тәлім-тәрбие ал­ған секілдісіз... 

– Басқаларды қайдам, өз ұлтымның тарихы, мәдениеті, әдебиетіне әуестігім 1950-ші жылдардың орта тұсынан студент кезімнен бас­талды. Кітапханадан Мұхтар, Сәбит, Ғабиттің шығармаларын оқыдым. Әсіресе заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, «Қараш-Қарашын» оқып шыққан соң шіркін, өзімен бір кездесіп, әңгімесін тыңдасам деп жүрдім. Қазіргі Төле би көшесі бұрын Комсомол деп атала­тын. Соның Космонавтар көшесімен қиы­лы­сындағы үш қабатты үйде ҚазМУ-дің физика және география факультеттері орналасқан. Сабақтан соң жатақханаға бармақшы болдым. Екінші қабатта филология факультетінің доценті Михайловтың орыс оқытушыларына: «Залға кіріңіздер, Әуезовпен кездесу басталады», – деген даусын естіп қалдым. Әуезов мін­берге шығып, сөзінің басында аздап кібір­тіктеді де, ары қарай таудан аққан тасқын судай ағылды дейсің бір. Мұхаң 1955 жылы Үндістанға барған. Оралған соң университет студенттерімен арнайы кездесу өткізіп, сол сапары жайында қызықты әңгімесімен жұртты тәнті етті. Үндістан әдебиеті мен мәдениетін терең біледі екен. Ғұламаның өзіне ынтықтырғаны соншалық, кездесуден соң Киров көшесінің бойымен кетіп бара жатқан Сармурзина екеуінің соңынан біразға дейін ілесіп отырдым. Сәбең де әдебиетте өз орны, өз мектебі бар үлкен тұлға ғой. «Ботагөз» бен «Мөлдір махаббатты» сүйсініп оқығаным бар. Қазақтың дарқан даласындай мол пішінін айтсайшы. Химия ғылымдары институтында кездесу өтті. Залда ине шаншар жер жоқ. Кездесуді Рахманқұл Бердібаев жүргізді. Сәбең оқырмандар сауалдарына қарай өз шығармашылығынан біраз сыр шерткен. Сөзінің соңында: «Мен Мұхтар Әуезовпен ұзақ жылдар бойына айтысып-тартысып келдім. Бірақ орыс тіліне Мұхаңдай жетік емеспін. Ол әлемдік әдебиеттің білгірі. Мен оның білгенінің жартысын да білмеймін», – дегенін көпшіліктің ортасында отырған мен де естідім. Қарсыласты да Сәбеңдей құрметтей білу керек. Марқұм академик Әлкей Марғұландай жан-жақты білімдар жанды күні бүгінге дейін кездестірмедім. Этнограф, әдебиетші, тарихшы, археолог… Гуманитарлық ғылымның қай саласынан да білмейтіні жоқ еді ғой жа­рық­тықтың. Михаил Есенәлиев ше? Сөйлескенде ойыңа ой қосады. Рахманқұл Бердібаев пен Мардан Байділдаев ұйымдастырып жүрген халық университетіндегі Марғұланмен өткен кездесуде де алдыңғы қатарда отырып, құнды ой-пікірлерін, оқыған кітаптарының авторлары Бартольд, Радлов, Катанов секілділерді қағазға жазып алдым. Ленинградта болған екі айлық іс-сапарымның сенбі, жексенбі күндері Үлкен академияның және Салтыковтың атындағы кітапханаларға барып, сол авторлардың шығармаларымен танысып шықтым. Олар менің ой-өрісім, дүниетанымымды кеңейтті. Содан кейін де экспедициядан оралған кездерімде өзіміздің академияға арнайы барып, Әлекеңмен пікір алысып жүрдім. Ұлттан шыққан алғашқы мәмілегер әрі психология маманы Төлеген Тәжібаев та ерекше жан еді. Ұлттық ғылымда осы сала­ның негізін салған Мағжан сынды Алаш арысынан соң, оның көкжиегін кеңейткен, артында ғылыми мол мұра қалдырған жанды қалай ұмытасың. Психология ғылы­мына байланысты аз оқығаным болмаса, Тәжібаевтың дәрістерінен, екеуара пікір алысудан біраз жайға қанықтым. Жазушы Тахауи Ахтановтың «Боран» романын қатты ұнатып, пікір алысқанымда, қатардағы жазушының бірі емес екеніне көзім жетті. Ол менен Ақтөбе өңірінің байырғы жер атауларын сұрайтын. Шежіреден де аздап сыр шертістік. Қысқасы әңгімесі жалықтырмайтын жазушы. Қаламының желі бар Ілияс Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған үш томдығын мен қатарлылардың оқымағаны кемде-кем болар, сірә. Өзімен кездескен кезде: «Ілеке, «Жанталаста» Атбасар мен Ұлытауды жақсы келтіріпсіз. Бірақ басқа жер атау­ларын шатастырып алғансыз. Кітапты қайта басатын кез келсе, сол кемшіліктерді түзетуге мен өз көмегімді берейін», – деп едім, қабағын шытып, жақтырмай қалды. Драматург Қалтай Мұхамеджан ше?! Театрдан пьесаларын көріп, күлкіге қарық болып қалушы едік. Әдебиеттен бөлек тарихты, мәдениетті жақсы білетін. Қала берді, орта ғасырдағы Шығыс классиктері өлең-рубаяттарының кейбірін сол тілде жатқа айтатын. Кім-кімнің де шамына тимейтін жарасымды әзіл-қалжыңдары ше. Мені біліктілігімен тәнті еткен тағы бір жан – Жағда Бабағұлов. 1962 жылы Қытайдан қоныс аударды. Қытай саясатына жетік еді. Тарихшы, этнографтығын былай қойғанда, табиғаттың қыры мен сырын бір ғалымыңнан артық білмесе, кем білмейді. Өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінен де білмейтіні жоқ. Бір ғана жусанның жүз отыз түрін атап, түстеп бергенде, таңданбасқа амалым қалмады. Өзі денсаулығына байланысты сан алуан шөптерден дәрі-дәрмек жасап, ішеді екен. Кезінде Ғылым академиясындағы мықтыларға ақсақалды қызметке тартып, пайдаланып қалыңдар деп қаншама рет өтіндім. Өкінішке қарай, ешқайсысы да құлақ аспады. Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы жүріп жатқан кезде басынан соңына дейін жаяу аралап шығып, қомақты материалдар жазған Қалмұхан Исабаев неткен жанкешті жазушы. Мемлекеттік мұрағаттың бұрынғы директоры Марат Хасановпен де пікір алысып жүрдім. Ол мұрағаттың ғылыми жұмыстарын сала-салаға бөліп, жолға қойды. Қазақша-орысша сауатын айтсайшы. Бұлар өмірге бір-ақ рет келетін ұлттық тұлғалардың бір бөлігі. Ұлттың рухани байлығы. Бізде қазір «Ел тану», «Жер тану», «Тұлға тану», «Талант тану», «Маман тану» жағы жетіспейді. Көрші Ресей мен шетелдерде бұл жағы бұрыннан-ақ шешіліп қой­ған. Геологияда өзім ұстаз тұтқан Бес­­паловтың да тарих пен әдебиеттен ха­бары көп еді. Орыс классиктерінің өлең-жырларын жатқа оқитын. Бірде ол дә­рет алып отырған қарияларға қарап тұ­рып: «Қазақтар күніне бес уақыт намаз оқып, Құдайға құлшылықтырын жасайды. Дә­ре­тімен таза жүріп, таза тұрады. Қандай жақсы. Ал біздің орыстар дәрет алу дегенді білмейді», – деді өкінішті үнмен. Экспеди­ция­да жүргенде қазақтың қарапайым қарт­тарына құрмет көрсетіп, сөйлескенді ұнатушы еді. Ол өмірден өткелі жетімсіреп қал­дым. Рухани жетімдік деген қиын екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары