«КИІЗ АЛМАНЫҢ» КӨРКІ

«КИІЗ АЛМАНЫҢ» КӨРКІ

«КИІЗ АЛМАНЫҢ» КӨРКІ
ашық дереккөзі
710

Қазақ колөнеріне сүйсіне де сүйіне қарайсың. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бабалар еңбегінің жетістігі, жемісі, яғни табиғи материалдан жасалған тұрмыстық бұйымдар таңдай қақтырып, тамсандырады. Жуырда Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайында бұған тағы бір рет көз жеткіздік. Мұнда Қазақстан қолөнершілерінің көрмесі ашылған. Көрмеге саусағынан майы тамған шеберлердің өз қолымен зерлеген зергерлік әшекейлері, ағаш бұйымдары мен тұрмыстық, яғни үй жасауы – тұскиіз, сырмақ, текемет, киіз, кесте, кестелі жапқыштар, тоқыма бұйымдары мен түрлі киіз бұйымдар қойылған екен. Бұл көрмеде алыстан көз тартқан жәдігерлердің бірі – киіз, текемет пен төсеніштер. Биыл киізден жасалған заттарға ерекше көңіл бөлінген, тіпті жұмсақтығы жібектей киім үлгілері мен тақияларды көргенде киіз екеніне алғашқыда күмәнданғанымыз рас. Киіз, кигіз – қойдың күзем жүнінен басылған, үй тұрмысында пайдаланылатын бұйым. Көшпелі халық өмірінде киіздің алатын орны ерекше. Киіз қазақ жеріндегі көшпелі тайпаларда біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта белгілі болған. Пазырық қорғандарынан табылған заттардың ішінде киізден басылған бұйымдар да бар. Киізден сырт киім, байпақ (аяқ киім) тіккен, оны тек үйді жабу үшін ғана пайдаланып қоймай, киіз үйдің ішкі жасау-жиһаздарын, өзге де тұрмыс-тіршілікке қажет заттарды тігуге де қолданған. Ал «Уикипедия» ашық энциклопедиясында киізге мынадай анықтама берілген. «Ақшаңқан киіз ақ қойдың жүнінен басылады. Дайын киізден туырлық, үзік, түндік, текемет, сырмақ жасалады. Басылатын жүннің мөлшерін, жарамдылығын айыра алатын, шабақтау мен тартуға шебер адамды киізші дейді». 

Көрмені ұйымдастырушы ұлт­т­­ық дәстүрлер жанашыры – Қа­зақ­стан қолөнершілер одағы, «Шеврон» корпорациясы, ЮНЕСКО және Орталық Азиядағы Евразия қоры, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Қол­өнер­шілердің өнерін ортаға салып, дүйім жұртқа танытып, сондай-ақ таптырмас өнер иелеріне қол ұшын созу одақтың мойнында. Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова көрмеге қойылған бұйымдар мен олардың авторлары туралы тарқатып айтып берді. Бүгінде Қазақстанның жеті облысында одақтың өкілдіктері бар.

Әсілі халқымыз ісмерлікке, қолдан іс жасауға шебер халық. Ал кесте салу, киіз басу, жүн түтіп, иіру күнделікті тірлік болған. Бүгінге дейін бояу қосылып, ою-өрнек салынған тұрмыстық текемет, киіз әрбір отбасының орынды мақтанышы болып қалуда. Киіз – жүн және түкті тері қалдықтарын илеу арқылы немесе минералды мақтаға тұтқыр материал қосып, жылумен өңдеп, қалыптау тәсілімен жасалған аралық төсем, тығыздау арқылы дыбыс пен жылуды оқшаулау үшін пайдаланылатын зат. Бұл киіз өңдеудің қазақша әдіс-тәсілі. Алайда тіпті біздің шеберлерімізге де беймәлім киіз өңдеу технологиялары бар екен. Дүниежүзінде киізді пайдаланған қазақ қана емес, сонымен қатар қысы мен жазы, малы мен қарасы бар халықтардың барлығы суықтан қорғану мақсатында бір түтім жүнді де далаға тастамай, ең аяғы аяққап жасап отырған. Финляндия, Америка, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Үндістан, Непал, Корея, Ұлыбритания елдерінде жүннен киіз жасап, оған түрлі пішін беру арқылы үй жиһаздарын дүниеге әкелген. Бірақ әр елде киізді әр түрлі сапада, әр түрлі әдіспен өңдеп, тұрмыста кеңінен қолданған. Олай болса, киіз әлем халықтарының ортақ табысы екені анық. 

Қазақ жерінде саусағынан бал тамған шеберлер көп. Көзі тірі әжелеріміздің өзі әлі де болса шүйке жүнінен киіз басып, кесте тігуге құмар. Бірақ киіз басу оңай кәсіп емес. Киіз басуға дейінгі жүн өңдеу процесінің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Жүнді тазалап, сабау керек. Бипаздап түту керек, бояудың қанық түсін таңдап, бояуы тиіс. Халықтың «Текемет» биі осы дәстүрді би барысында бастан-аяқ сипаттайды. 

Өкінішке қарай, қазақ қол­өне­рінің бір түрі, қазақ тарихының бір бөлшегіне айналған нағыз киізді бүгінде бірен-саран шебердің үйінен ғана кездестіреміз. Қолөнердің бұл түрі ұмыт қала ма деген үрей де бар. Бірақ үрейді сейілтіп, ата кәсіп­ті жаңғыртқан шеберлеріміз киіз басуды заман үрдісіне сай ыңғайлап, көпшілік қауымның көңілінен шығатындай етіп ұсынып жүр. Мәселен, Қазақстан шеберлер одағының ұйымдастыруымен одаққа мүше шеберлердің көрмелері ашылып, қалың қауымның алдына ұсынылған. Көрме, жәрмеңкелерге қойылған киіз тақия, бөкебай, қолдорба, белбеу, башпай, камзол сияқты өнімдер жаппай сатылып кетеді. Ал қазақ пен қырғыз бауыр­ла­рымызға ортақ киіз тақиялар, киіз күн­қағарлар бүгінде тойбастардың сәнін кіргізіп-ақ жүр. Осы киіз тақиялар шетелде жүргенде қазақ азаматын анадайдан танытады. Бұл өнерді өндірістік жолға қойып, көлемді өнім шығару Кеңес Одағы тұсында әжептәуір өркендеген. «Үштөбе» киіз өңдеу фаб­рикасы 90-жылдарға дейін жұмыс істеп тұрды, бірақ қазақ үйіне сұраныс азайған соң есігіне құлып салынды. 1961 жылы Қаражал құрылыс материалдары зауытындағы шағын, арнаулы цехтың негізінде ұйымдастырылып, бастапқыда «Киіз үй фабрикасы» деп аталды. Алғашында есік дайындайтын, киіз басатын. 1967 жылы Үкіметтің қаулысымен жылына 15 мың қазақ үй жасауға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік технология іске қосылды. Кәсіпорын үйден басқа киіз, гофрокартон, ұлттық ою-өрнегі бар дөңгелек үстелдер, әр түрлі жиһаздар, ат әбзелдерін және басқа да тұрмыстық бұйымдарды шығара бастады. «Үштөбе» киіз үй комбинатының өнімдері тек республикаға ғана емес, сонымен бірге шет елдерге де кеңінен танымал болатын. Киіз үй фабрикасын жаңғыртуды «Үштөбе-Отау» ЖШС 2003 жылдан бері жалғастырып келеді, бірақ жылдық өнім саусақпен санарлықтай ғана. Қазіргі таңда сәндік қазақ үйлердің кереге-уығы пластмассадан, ал жапқышы мен түндігі жай матадан. Олай болса, фабриканың өнімі де, өзі де ешкімге керек болмай, жабылып қалғаны ешкімді толғандырмайды да. 

Қымызға қарағанда киізді тек қазақ қана жасады деп айта алмаймыз. Өйткені Скандинавия түбегіндегі Финляндия, Швеция, сондай-ақ Венгрия елдерінде киіз басудың сан қилы әдісі мен пайдалану мақсаты болған. Венгриялық киіз суретшісі Джудит Покс елімізде шеберлік сабақтарын өткізіп, өз туындыларының көрмесін ұйымдастыруды жоспарлаған екен. Алайда қолөнерші ханымның көрмесін тамашалағанымызбен, Покс ханымның өзінің Алматыға келе алмағаны өкі­ніш­ті-ақ. 

Суық өткізбейтін, жылуды ұзақ сақ­тай­тын киіз Германияның мем­лекеттік нышанына айналған «Мерседес Бенс» автокөліктерінде қолданылады. Қалай дейсіз ғой? «Е» кластағы жеңіл авто­көлік­тердің жанармай багы киізді тығыз өңдеу арқылы жасалған матамен қапталған. Әсіресе дизельмен жүретін автокөліктерде кеңінен қолданылады, себебі суық өткізбейтін бұл мата қысты күні жағармайды тоңазып, қатудан сақ­тай­ды. Сондай-ақ тапталғанға тозбайтын, топырақ пен қаракүйеге бой алдырмайтын, жеңіл киіз төсеме автокөліктің еден алашасы ретінде қолданылады. Егер осындай киіз төсемелер мен қаптамалар жасайтын цех Қазақстанда болса, әлемдік компанияларға ұсыныс жасауға әбден болар еді. 

6 қыркүйекте Ықылас Дүкенұлы атын­­­дағы ұлттық музыкалық аспап­тар мұражайында Қазақстан қол­өнер­ші­ле­рі­нің жыл сайынғы «Шебер – 2013» республикалық байқауының жеңім­паз­дарын марапаттады. Дәстүр бойын­ша фестиваль қонақтары авторлық бұй­ымдарын ұсынады. Ал биылғы тақырып – «Шебер 2013. Киіз алма», киізден жасалған бұйымдар сайысы. 

Бұл байқау елімізде 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі қолөнершілер қатысып, өз өнерінің бағасын алуда. Алайда шалғайдағы, ауылды елді мекендегі тума талант, оқу-білімсіз-ақ қолөнерге өмірін арнаған жандар қаншама, соларды халық алдына көрсету керек, өнерін таныстыру керек. 

Қолөнершілер байқауына 129­ шебер қатысты. Іріктеу барысын­да 30 қатысушы ақтық сынға өтті. Қолөнершілерінің сайысына қолдау көрсетіп, сүйікті ісін одан әрі жал­ғас­тыру үшін ақшалай көмек ұсын­ған «Шеврон» компаниясының Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің директоры Еркін Зікібаев фестивальдің беташарында сөз сөйледі. «Біз отандық бұйымдар сапа­сының артуын қуанышпен атап отырмыз, бүгін біздің шеберлеріміз Қазақстанды әлемдік дәрежеде ерекше мақтанышпен таныстырып келеді және бағдарлама аясында қолөнердің жойылып бара жатқан біраз түрлерін сақтап қалды, аты шыққан жаңа есімдер пайда болуда. Осының барлығы біздің және серіктестеріміздің көп жылдар бұрын таңадаған стратегиямыздың дұрыстығын дәлелдейді және бүгін барлық еңбек өз жемісін беруде», – деп атап өтті. Жүзден астам шебер қатысуға ықылас білдіріп, іріктеуден таңдаулылардың өткені көңілге қуаныш ұялатады. Ата кәсіптің жалғастырушылары, кешегі мен келешек дәнекерлерінің қолөнерді кәсіп емес, нәсібім деп біліп, жетілдіріп, дамытып, шетелге таныстырып жүргені мақтаулы дүние. Алайда бүкіл Қазақстан бойынша бар болғаны жүзден астам шебердің ғана сұраныс жібергені өкінішті. Өйткені республиканың шалғай аймақтарында бес саусағынан балы тамған ісмерлер жетерлік. «Өткеніңді білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Сан ғасырлық тарихы бар киіз басу өнерінің ғұ­мы­ры ұзақ» деді мұражай директоры­ Қасен Қожахмет байқау барысында. «Биыл фес­тиваль бесінші рет ұйым­дастырылып отыр. Мұнда сән көрсетілімі, шеберлік сабақтары мен марапаттау салтанатты кеші өтеді. Жыл сайын қолөнершілерге қолөнердің белгілі бір түрін белгілейміз. Мысалы, былтыр зергерлік бұйымдарға байқау жарияладық. Қатысушылар өте көп болды. Биыл жоғалып бара жатқан, ұмытылып, қолданыс аясы кеміген дәстүрлі киіз басу өнеріне арнадық. Алдағы күндері сырмақ, текемет, қара киіз, жүнді жібекпен араластырудан шеберлік сабақтары өткізіледі», – деді Айжан Бекқұлова. «Біз биыл әлемді мойындатқан қолөнерші Джудит Поксты шақырған едік. Оның киізден жасалған жұмыстары әлемді тамсандырған, өкінішке орай, келе алмай қалды. Ол киізден скульптуралық бас киімдер жасайды. Киіз дегеніміз – ермексаз сияқты, қандай пішін бергің келсе де, ойыңдағыны жүзеге асыра аласың. Киіз басудың технологиясы көп. Себебі дүниежүзінде Африка елдерінен басқаларының бәрі жүнді киіз ретінде пайдалана білген. Мысалы, Непалда ауа райы ыстық. Қысы суық емес. Сондықтан олар киізді өте жұқа етіп жасап, көйлек ретінде киген. Ал жапондар XVI ғасырда кеңінен пайдаланған. Норвегияда бүгінге дейін киізден бұйым жасау ұмытылған жоқ. Жыл сайын халықаралық фестиваль өткізеді», – деді ол. 

Гүлжай Құсман – ұлттық қол­өнер­ді жаңғыртушылардың бірі. Кес­те тігу, киіз басу және зергерлік бұйымдарды жасау ол үшін күнделікті шаруа. «Киіз алма» атты киіз бен текемет жасауға арналған биылғы байқауға Гүлжай ханым да қатысты. Оның шағын кәсіпке айналдырған өнері отбасылық кәсіпке айналған екен.

– Биыл бірінші рет қатысып отыр­мын, байқауға кестелі жап­қыш­тар ұсындым. Киізге кестелеп өрнек салуды 7-8 жасымызда үйрендік, міне отыз жылға таяп қалды. Қазақтың қыздары кішкентайынан анасынан, әпекелерінен үйренеді, өйткені бұл кестелерді үй жиһаздарының тө­сеніш және жапқыштарына жиі қол­данады. Менің қолөнерге ынтам зор болды. Қазақ қыздары жасауын, яғни төсек-орын жабдықтарының барлығын өз қолдарымен жасайтын. Шымылдық, төсекаяқ, жастықтан бастап қолдан кестелеген. Мектепті тәмамдап, тұрмысқа шықтым. Осы өнерімді одан әрі дамыта түстім. Бірақ арнайы білім алған жоқпын. Біз 90-жылдардың аяғында Моңғолиядан көшіп келдік. Кестелеп өрнек салу ұмытылып барады, бүгінде өте сирек, тек шеберлердің ғана еншісінде қалған десе де болады. Жолдасым – суретші, ол да кес­темен сурет салады. Біздің ортақ тақырыбымыз – дала әуендері. Соңғы бір жылда көненің көзіндей тұскиізді жаңарту, жаңа ұрпаққа көркемдеп жеткізуді мақсат тұттым. Болашақта көрме өткізуге дайындалып жүрмін. Жолдасым мен қызым бұл байқауға қатысты, бірақ ақтық сынға өтпеді. 

Әуес Сағынаева байқаудың бас жүл­десі – «Мұрагер» сыйлығын жеңіп алды. Бөлінген жүлделерге арнайы ақшалай сыйлық беріледі, бұл шебердің қолөнерді дамытып, шағын кәсіпкерлікті жүргізуіне, сондай-ақ шәкірт тәрбиеленуіне пайдаланылуы тиіс. Зергерлік және киіз бұйымдарын ұсынған Әуес апай қазақ қолөнерінің қай-қайсын да меңгерген кәнігі шебер. Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының тұрғыны, Ақтау қалалық тарихи өлкетану мұражайының қызметкері өзінің шағын цехының шаруасын дөңгелетіп отыр. 

– Қолөнермен бала күнімнен айналысамын. Өзімнің жекеменшік тігін цехым бар. Отбасылық кәсіпті ашқанымызға бір жылдың жүзі. Мұнда жолдасым және балаларым да жұмыс істейді. Негізінен қолөнердің барлық түрін қамтуға тырысамыз. Көбінде қыз жасауын жасаймыз, оның ішінде өзіңіз білесіз, жиһаздардан бастап сандық, аяққап пен жапқышқа дейін қолдан тігеміз. Ал киіз бұйымдары көбінде сәндік үшін жасалады. Биыл киіз бұйымдарымен қатар мақпалға моншақ тағу және кестелеп көйлек тігуді алып келдім. Қолөнердің қыр-сырын анамнан үйренген едім. Балаларым қолданбалы өнер бойынша білім алды, бірақ көбіне менің үйретуім бойынша істеп келеді. 

Елена Вачугова – Павлодар өңірінің тумасы. Мамандығы – тігінші. Қазақстан қолөнершілер одағы ұйымдастырған байқаудың «Экодизайн» жүлдесі бойынша жеңімпазы. 

– Мен байқауға жаңадан тәй-тәй басқан бүлдіршіндірге арналған массаждық алаша алып келдім. Бұл киізден жасалған және жаңадан білтеленген киіз емес. Киіз, текемет қалдықтарынан қалған қиықтарын пайдалана отырып, мына емдік алашаны жасап шығардым. Артық материалды рәсуа қылмай, жаңа дүние әкелу әрбір шебердің міндеті. Сондықтан мен «Экодизайн» жүлдесін жеңіп алдым. Қолөнерге бала күнімнен жақын едім. Жалпы киіз өңдеуді мен анамнан үйренгенмін. Байпақ басу, пима пішімін жасау – алғашқы қадам болғаны рас. Бертін келе білімімді жалғастырдым, бір жерде шеберлік сабақтары өтсе соған қалмай қатысамын. Мен тіпті австралиялық шебердің киіз өңдеу семинарын тыңдағанмын. Бір­қатар елдерде қолданбалы өнер сабақтарына арнайы барып қатыстым. Ал киізді қазақ әдісі бойынша қолмен, білекпен ию арқылы келтіремін. Бұйымдардың барлығын жәрмеңкелерде сатамын, тапсырыс бойынша да орындаймын. Енді шағын цехымды ашсам ба деген ойым бар. Өйткені жұқа киізден жасалған тақия, береткелерге сұраныс көп. Сондай-ақ әйел адамдардың кеудесіне әр беретін кестелі гүл, бөкебай және камзолдар әйгілі сән үйлерінің топтамаларына енген. 

 Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары