«ҚАШАҒАН» КЕТТІ ҚЫТАЙҒА...

«ҚАШАҒАН» КЕТТІ ҚЫТАЙҒА...

«ҚАШАҒАН» КЕТТІ ҚЫТАЙҒА...
ашық дереккөзі
384

«Қытайдың Қашаған кен орнындағы үлесі жөнінде келісімге қол қойылды», – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысын талқылай отырып. 

Қазақстанның Мұнай және газ министрлігі шілдеде ConocoPhilips компаниясына Солтүстік-Каспий жобасындағы аталған компанияның үлесін қайтарып алатындықтары жөнінде хабарлама жолдаған болатын. Мемлекет атынан ConocoPhilips компаниясының үлесін «ҚазМұнайГаз» сатып алған еді. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» компаниясының төрағасы Ләззат Қиынов «ҚазМұнайГаздың» бұл үлесін CNPC Қытай компаниясының 5 миллиардтан астам долларға сатып алатындығын мәлімдеген. 

«Қашаған» – Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қазақ­стандағы ең ірі мұнай газ кен орындарының бірі. Геологиялық қоры – 4,8 тонна миллиард мұнайға бағаланып отыр. Жалпы мұнай қоры – 38 миллиард баррель, оның 10 мың баррелі анықталған. «Қашағанда» табиғи газдың қоры – 1 триллион текше метр. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың сөзіне сүйенсек, «Қашаған» мұнайын игерудің алғашқы бұрғысын салу 9 қыркүйекке жоспарланған еді. Коммерциялық тұрғыдан игеру мерзімі бір ай көлемінде мәлім етілмек. «Қашаған» мұнайы – Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы жөнелтіледі. Қазақстанның үлесі Кас­пий құбыр консорциумы арқылы (КТК) арқылы экспортталады. Сонымен бірге CNPC және «ҚазМұнайГаз» арасында стратегиялық әріптестік бағдарламасына қол қойылды. Сауат Мыңбаев бұл келісім-шарттың құны – 5 миллиард доллар тұратынын айтады. «Қытай жағы «ҚазМұнайГаздың» үлестік міндеттемелеріне кіретін инвестициялардың жартысын қамтамасыз ететін болады. CNPC компаниясы құбыр зауытын, Ақтауда мұнай құралдарының индустриальды кешенін және Астанада бірнеше әлеуметтік обьектілерді салуды өз мойнына алып отыр», – деді ол. 

Бұған дейін Қазақстанның мұнай нарығында батыстық компаниялардың басымдыққа ие болып келгені белгілі. Бірақ соңғы бірнеше жыл көлемінде Қазақстан мұнай нарығындағы өзінің және Ресей мен Қытайдың үлесін арттыруды мақсат етіп отыр. Ресейлік «Независимая газета» басылымына сұхбат берген Орталық Азия және Орталық шығыс жөніндегі сарапшы Александр Князев: «Қашаған» кен орнының 8,3 пайыз үлесін Бейнеу-Бозой газқұбырымен бірге Қытайға сату арқылы батыстық компаниялардың Каспий энергетикасында жетекші рол атқарам деген арманына балта шабылды. Транскаспий құбырлары үшін Әзірбайжанның энерго-тасымалдаушыларының шамасы жетпейді, Қазақстан Қытаймен арадағы байланысын күшейтіп алды», – дейді. 

Бейнеу-Бозой-Шымкент жобасы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен құбыры. Бұл екі ел арасындағы келісімдер негізінде және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Қытай ұлттық мұнай корпорациясы арасындағы келісімдер негізінде салынып жатыр. Бұл газ құбырының бағыты – Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік-Қазақстан облыстары арқылы өтеді. Құбыр диаметрі – 1067 мм. Жобаны жүзеге асыру кезеңі бірнеше сатыға бөлінген. Өткізу мүмкіндігі 6 миллиард текше метрге дейін жететін алғашқы кезең – 2013 жылы аяқталмақ. Газқұбыры құрылысының жалпы құны – 3,5 миллиард долларды құрайды. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары