Базарсыз қала... қандай?

Базарсыз қала... қандай?

Базарсыз қала... қандай?
ашық дереккөзі
233

Бірақ содан бері базар төңірегінен дау арылмай, «әне жабылады, міне жабыладының» желпуімен әлсін-әлсін дүрлігіп тұр.

Солтүстік айналымда 74 әмбебап базар бар. Орталық Азиядағы ең ірі сауда орталықтарының бірі. Мұнда шамамен 18 мың адам жұмыс істейді. Алайда базармен күн көретін халықтың бұдан көп екеніне баршамыз барған сайын көз жеткіземіз. 

Қала әкімдігінің қолға алған мақсаты – қаланы кеңейту, көркейту. Ол үшін алдымен берекесіз базарларды жойып, орнына заманауи сауда орталықтарын тұрғызу керек. Оп-оңай, осымен мәселе шешіле қалатындай. Мұнда жұмыс істейтін халықты қайтпекпіз? Сырттан келіп сауда жасайтын қырғыздар, тәжіктер мен түріктерді еліне қайтарып, базарды босқындардан босаттық делік. Алайда арба сүйреп, алма сатып күн көретін біздің азаматтар қайда бармақшы? 

Заманауи сауда орталықтары қанша адамға жұмыс бере алады? Мұнда жалға берген орынның ақшасын төлей алатын ірі саудагерлер ғана орын теппек. Ал ұсақ-түйек жұмысты нәпақа тұтып, нанын тауып жеген топты кім ойлапты? Тіпті заманауи сауда нүктесі ретінде «АДК» сауда орталығын үлгі етеді. Ол бұрынғы үй құрылыс комбинатының қалдық ғимаратының, кейіннен құрылыс базары болған орында бой көтерді. Бұл кешенде 18 мың адамға жұмыс табылмайды және қаладағы ірі сауда нүктелерінің барлығы монополистердің қолында. Мұнда белгілі бренд дүкендері ғана бар. Ал тауарды өзі әкеліп сататын ұсақ кәсіпкер бұл монополистермен иық тірестіре ала ма? Алматыда жалғыз АДК емес, басқа да сауда кешендері толып жатыр. Оның бәрі Еуропа мен Азияны жаулап алған үлкен сән үйлерінің дүкендері. 

Алматы қаласына кіретін жол айрықтарды кеңейтіп, көше қозғалысын жеңілдету – басты міндет. Дегенмен қызыл сызықты басып тұрған базарларды сауда орталықтарына жинағанша, қала сыртына көшіру ақылға қонымды сияқты. Жуырда осы мәселеге орай «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының қолдауымен Жетісу аудандық әкімдігінің мәжіліс залында Алматы базарларын қайта құру туралы дөңгелек үстел өтті. Базарларды жойып, жаңа сауда алаңдарын қайта құру жөнінде базар басшыларымен жоспарлы және кешенді жұмыстар жайы талқыланды. Алматы қаласы Сәулет және құрылыс басқармасының ақпараты бойынша 34 базар құрылыс салуға ты­йым салынған қызыл сызықтан асып тұр. Осынау базарлардың көпшілігі қала құрылысының нормаларына сәйкес жұмыс істеп тұрған жоқ және заманауи жаңаруға зәру деп көрсетілген. Расында, атышулы «Барахолканың» санитарлық жағдайы сын көтермейді. 

Десе де 40 базардың өкілі Алматы қаласы мәслихатының шешімін құптап, базарларды қайта құруға келісім беріп отыр. Оның 13-і эскиздік жобаларын жасауға кірісіп кеткен. Ал Тиграхауд және Арыстан базарлары жобалау жұмыстарына кіріссе, тағы 2 базар техникалық шарттарын бекітті. «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының бөлім басшысы Қайым-Мұнар Табеев: «Базар басшылары алдағы уақытта болатын жаңғыртуды толық қолдап отыр. Бүгінгі таңда базардың жағдайы сын көтермейді. Уақыттың талабына сай, олардың барлығын заманауи сауда нүктелеріне айналдыру күн тәртібінде тұр», – деді. 

Қара базардың саудасы да, түскен қаржысы мен табысы да ерекше қадағалауды талап ететін шетін мәселе. Тиісті салық мемлекеттік бюджетке жеткенше неше рет таланады деседі. Мәселен, «Барахолкадағы» бір базардың орналасқан жер көлемі Рамстор сауда үйімен бірдей. Алайда «Рамстор» төлейтін мемлекеттік салыққа қарағанда  тура сондай аумақты алып жатқан базардан түсетін табыс салығы 4 есе аз көрінеді. Мұны қалай түсінуге болады? Мәселе базардан жиылатын салық орта жолдан жұлмаланып, қолды болуында. Нәтижесінде оннан бір бөлігі бюджетке жететін сияқты. Қара базардың осындай қитұрқылықтары мемлекеттік қазынаға кесірін тигізіп отырғанын әркім-ақ оп-оңай аңғаруына болады.    

Десе де базарды біржола алып тас­тау мүмкін емес. Әлемнің барлық елдерінде, қаржылық орталықтары мен астаналарында да әйгілі базарлар бар. 

Қала көркі – жайма базар…

Қала мәдениеті біздің зама­нымызға дейін-ақ қа­лып­тасқан. Қала көшелері мен заңғар ғимараттардың көркін тарихи қалалардан тамашалай аламыз. Тамашалап тұрып «мұның дәурені өтті» деуге ауыз бармайды. Өйткені бұл элемент қаланың көркін кіргізіп тұр. Айтқандай қай заманда да қала көркін қыздырған, әсіресе шығыста ірі орталықтардың туылуына түрткі болған – базар. Базар барлығын өзіне шақырады, тартады, халықты шоғырландырады. Тіпті базарсыз қала болмаған десек қате емес.

Дамушы мемлекеттер қата­рынан көрініп, дамыған инфра­құрылым жасауға асығамыз. Алайда әсем Алматының көркіне дақ түсірген тап осы базарлар ма? Соңғы екі-үш жылда көше базарларына тыйым салынып, жайма базар иелерін тырқыратып қуып тастады. Алматыны осылай оп-оңай әлемдік талаптарға сай, инфрақұрылымы дамыған қалаға айналдырмақ болып әуреміз. Оған қоса «барахолка» атымен әйгілі Солтүстік айналымдағы базарға да қара бұлт үйіріліп келеді, бірақ оның әңгімесі бөлек. 

Ірі мегаполис қандай болуы керек? Қайыр тілеген қаңғыбасы жоқ, халықтың әлеуметтік жағ­дайы реттелген, жұмыссыздық байқалмайтын, зәулім сарайлар мен бизнес орталықтар бой көтерген шаһарлар ма? Тіпті әлемді аузына қаратқан Нью-Йоркте де жайма базарлар өте көп. Оның бәрі орталықта емес деп айта алмаймыз. Дәулетті адамдардың тұрағына айналған әйгілі Бруклинде жайма базарға рұқсат етілген. Мұнда сау­да әсіресе сенбі, жексенбі күндері қыза түседі. Бруклин жайма базары деп айдар тағылған жер 2008 жылы ашылып, одан бері аумағы кеңейе түскен. «Нью-Йорк таймс» газетінің арнайы мақтауына да ие болған. Саудагерлерге ешқандай салық салынбайды, яғни табыс салығы атымен жоқ. Сондықтан оқушылар да бұл жерде артық кітаптарын сатуға құқылы және сатып алушылар несие картасымен төлем жасай алады екен. Сондай-ақ арнайы кварталдарда (қытай, орыс, қара нәсілділер) жайма базар жергілікті халықтың күнкөріс көзіне айналған. Сондай-ақ төрткүл дүниенің бейресми астанасына айналған Лондон қаласы да жайма базардан бас тартқан емес. Лондонның белді аудандарының бірі – Ноттинг хил көрікті ғимараттар, көше карнавалы және жайма базарларымен танымал. XIX ғасырда ашылған азық-түлік базары бүгінде ең ірі лондондық «барахолка» атағына ие. Байқасақ, жайма базарлар аталған мегаполистерден өзге Еуропа сән орталықтары мен мегаполистерінің де сәніне айналған. Дүниежүзінің сән орталығы саналатын Париждегі жайма базарларға әйгілі тұлғалар мен әншілер арнайы бас сұғатын көрінеді. Әсте біз бұл базарларды көрмелермен шатастырып отырған жоқпыз. Сонымен Алматыда бұрыш-бұрышта тоқтай қалып, жеміс-жидегін, азын аулақ ұсақ-түйегі мен артық бұйымдарын саудаға салған халықтың тіршілігіне тоқтау салу артық әрекет. Шолақ белсенділердің шығыс мәдениетінен, тіпті әлемде қалыптасқан базар мәдениетінен хабарсыз екенін танытатын тыраштығы ғана. Кейде туристерді тартатын да көше базарлары емес пе? 

Көне хиссалар мен аңыз-әпсаналарда қаланы суреттеу базардан басталатын. «Мың бір түн ертегілерінде» шығыс шахарлары құс базарлары, жеміс-жидек, сондай-ақ сан түрлі саудасымен өрілетін. Сондықтан оңтүстік шаһардағы базарларға қаһар төге беруден гөрі, оларды заманауи нысандарға айналдырған тиімді.  

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары