«Үркерге» үстірт қарамасақ

«Үркерге» үстірт қарамасақ

«Үркерге» үстірт  қарамасақ
ашық дереккөзі
646
Жазушының алғашқы шығармаларынан-ақ оның талант ерекшелігін дөп басып тани білген сол кездегі студенттің  де эстетикалық талғамын осы мақалалардан көргендейміз. – Оралхан Бөкеевті білесіз бе? Осындай сұрақ қойсаңыз оқырман намыстанады. Тұңғыш жинағы «Қамшыгерден» кейін-ақ осылай болған-ды. Неге?

***

Ол өткен жылы «Үркер» атты екінші жинағын жариялады. «Жұлдыз» журналының биылғы үшінші санында ол кітапқа рецензия шықты. Әңгіме – сол кітап және сол сын жайлы. Жинақ «Үркер» хикаясымен ашылған. Шығарма идеясы аннотацияда жақсы айтылыпты: «Өмірді сүюге, адалдыққа, қарапайым адамды қадірлеуге мегзейді». Иә, уағыздамайды, мегзейді. Шынында да, осындағы Бағаң қарттың өмірі, оның адал жаны оқушыны рухани тазалыққа шақырғандай. «Тағдыр мен уақыт айғыздаған бетінде үнемі бір тоң қатып жататын секілді. Ал жер тоңы ерісе астынан қызықтырып бәйшешек көктейтіні бар-ды. Бағаңның аса суық жүзіне шындап, шыдап үңілген адам осынау дидардан өзгеше мейірімнің мерейін болжар еді» деп суреттейді жазушы бас кейіпкер келбетін. Неге жүзі үнемі қату, неге тоң қатып жатқандай? Қатал тағдырдан, отызыншы жылдар айқайынан. Иә, сол белсенділер қара дауыл қырмандағы астықты ысырап еткенде «өзің жеп қойдың, ұрладың» деп мұның жалғыз ағасы Ахметке жала жауып, соттатқан. Иә, солар жүрегі адал, жігіттің бозтайлағы Ахметті арғы бетке қашуға мәжбүр еткен. Иә, солардың «қашқынның үйі» деп табалауы мен перзент қайғысынан шөге түскен әженің аманатын жерге тастай алмай, «өмірінде бір қыздың бетіне қарап көрмесе де бар үміті, махаббатының арайлы таңы алда» жас Бағдат туған жеңгесіне үйленіп, жігіттік тұрмақ балалықтың қызығын көре алмаған… Сонда қалайша дидарынан «мерейлі мейірім» сезіледі? Жан баласына жақсылықтан өзге ойлары жоқ, онысын міндет те етпейді, «өзгеге көмектесу» деп аталатын жұмысқа орналасқандай… «Егер өткел жақтан «Ойбай… кеттім, құтқарыңдар!» деген оқыс дауыс шықса Бағаң көп ойланып, жоқ болмаса сасқалақтап өзенге тура ұмтылмайды. Жайымен қара қыл арқанды қолына алады да, қаракерге мініп дауыс шыққан жаққа желіп кетер еді… Олар суға ағу керек те, Бағаң құтқару керек секілді шарттылыққа айналған» (27 бет). Ойлайтыны, қорғайтыны – халық мүлкі. Сонысы үшін қартайған шағында баяғы белсенді Пендебайдың баласы сойылға да жыққан, бірақ жәбірленгенін біреуге айтқан Бағаң және жоқ, сұрағандарға «ат үркіп жығылдым» деген. Әрине, халық мүлкіне сұғанақ қолын сұғушыларды біле тұра өкімет орындарына хабарламау – айып… Осының арқасында нағыз дархан қазақы психология жақсы көрсетіліп, ұлттық характер ашылып тұр. Бұл – жазушы шеберлігі. «Жо…ға, ақсақал. О не дегеніңіз. Өзіңізді сойылға жыққан ұрыны әкетіп барамыз ауданға. Жуықта соты болады. Өзіңізді шақыртамыз. – Не дейді! – Бағаңның қамшысы қолынан түсіп кетті. – Мен сотта деп пе ем? Қане, осында ма, көрейінші бейбақты. Апырай, қиын болған екен, апырай, – қаудалақтап, аттан домалап түсті де, машинаға ұмтыла берді». «Қалеке, күпіршілік болмасын, ойымда айдатып жіберейін деген ниетім жоқ еді, міне, оразамды да ашқаным жоқ, бейуақ қой. Колхоздың ертең сепкелі отырған маржандай бидайын ұрлап бара жатқан соң алғашқы ашумен айқайға басқаным рас». «Ақылға жеңдірмедің, үзеңгі жұмсадың. Ана Бозталдың жырасына сүйреп тастағанда өледі деп ойладың. Жоқ, мен тірі қалдым. Не көрмеген қу бас». «Шалдуар шалдан шатақ кетсе, кеш, шы­рағым. Ана балапандарыңа қашан қуатым тайғанша көз қырымды сала жүрермін» (24 бет). Бұл сөздер қарапайым жанның жүрекжарды сыры. Сонан соң қарт жылайды… Әлі де кейбір жандардың ездігіне, тіршілігінің күйкілігіне жаны ауыра егіледі. Әлгі Қалдыбайлардың өмірдегі мақсаты не? Ала беру. Тоймайды. Неге заманынан ештеңе ала алмай түрмеге кетіп барады? Өйткені, өзінің заманға берері, қоғамға қосары жоқ. Шын өмір мәні – заманыңа бірдеңе қоса білуде. Сонда ғана адал енші тимек. Шығармасының көп жерінде шағын оқиғаны ұзақ суреттеушілік байқалғанымен, осындағы Бағаң қарт образының сәтті шыққандығы, оның «ойланатын да, ойлантатын да» кейіпкер екендігі күмәнсіз. «Айпара-ана» хикаясы қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» қырғынына ұшыратып, «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлатқан атақты жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ел тағдырына арналыпты. Шығарманың патриотизмге шақырар ойлы да терең толғаныстары абзал ана Айпара атынан айтылады. Хикаяның үлкен табысы да осы бейне дер едік. Айпара-ана – әдебиетіміздегі әйел кейіпкерлер жайлы қалыптасқан шартты схема, ескі канондардан толық ада, жаңа образ. Жасыратыны жоқ, тарихи роман-повестердің көпшілігінде қазақ әйелі тым біржақты көрсетіліп жүр. Кітаптарда қазан-ошақтан шықпайтын, айтары өсек, тірлігі күйкі жандар артықша мол. Кейбіреулер тіпті бөкселі, жеңілтек әйелдер «галереясын» жасауға айналған. Сол бір характер ашу қажеттілігінен туындап жатса екен-ау, көп ретте оқушыны «қызықтыру» үшін ғана жазылады. Жазушы мәдениетін, оқырманның эстетикалық тұшымын айтпағанның өзінде, бұлайша типтендіру – қаламгерге ұят, халыққа қиянат. Ұлттық психологиямызға жат көріністердің әдебиетте орынсыз көп суреттелуін «Қазақ әдебиеті» газетінде Серік Қирабаев та өте дұрыс сынады. Өзге халықтар бізді әдеби туындылар, сондағы кейіпкерлер арқылы танитындығын, Әуезовтің «Жазушы – жауапты ойдың адамы» деп қана қоймай, Зере, Ұлжан, Тоғжан, Әйгерімдер бейнесімен қазақ әйелінің жан сұлулығын әлемге танытқандығын жазушыларымыз есте ұстаса екен. Батыр да, ұлы да, ғұлама да – Анадан. Тарихымызда халқы үшін қайғырған, қайғырып қана қоймай, қиын сәтте жол сілтей білген аналар болмады деп кім айта алар?! Осының жақсы дәлелі, игі көрінісі – Айпара-ана. М.Дүйісмағанбетов жақсы айтқан: «Ол өз заманының мұң-зарын шағатын да, кінәраты мен өкініш күйін шегетін де, кейінгі ұрпақ қоятын заңды сұраққа шарқ ұрып жауап іздейтін де абзал ана». Қанға бөккен дала мен туған жерді тас­тап үдере көшкен ел ойранының түпкі сырын – ауызбірліктің болмауы, ру таласы мен көшпенді тұрмыстан деп дәл тауып, сол кезде-ақ отырықшылдыққа, бірігуге шақырған оның азаматтық тұлғасын, елге, жерге, ерге деген ыстық махаббатын көш кезіндегі ішкі монологтарынан айқын көреміз. Ел тағдыры жайлы терең толғанады, тебіренеді ол. «…Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған күнде де орныңнан су шыққандай қоқ­шақтап, көшіп-қона беруші едің, – осы қылықтарыңа қабырғам қайысушы еді; қалбақтай ұшқан қаңбақтың не қауқары бар; іргелі ел орнықты болар, көш-көш сорлы ел, көшкен жұрттың көгергені қайсы, шығар ұшпағы қайсы; ойдағы-қырдағыңды жиып-тергенше жосыла шапқан жоңғардың қолжаулығы болып қаларсың» (68 бет). Немесе: «Болайын деп болдыра алмай жүргеніміз – сенің кәрің емес, ақыл таразысына салып қарасақ – басқа біткен бағымызды өзіміз шайқап жүрсек керек. Дархан өміріміздің қызығы кетіп, шыжығын қалдырмаймын десең, Алла тағалама мынау қойдай өріп, жылқыдай жусап жүрген халқыма, анау киелі сапарға аттанған кенжеме – қара қылды қақ жарған әділдікті, бір-бірін оққа байлап бермейтін қимастықты, шүленсіп өтер кең пейілді, бабасының күнәсін баласы жуар намысты бергейсің» (86-бет). Ана үміті ақталады. Халық бойындағы ерлік рух жасымағандығын өз баласы Жандос дәлелдейді. «Мен ойлайтынмын: әркім өзі шығар тауының биіктігін көксеп, кім ертсе соның жетегінде, итаршысында кетер-ау деп. Құдай таупиық бергенде оның беті ары болатын секілді. Менің ұрпақтарым намысын қолдан бермейтін, ожданы таза, діні берік күйде баз кешпек. Мен болашаққа әсте сенбеуші едім. Оным да бекер екен… Тый көз жасыңды, ей еңіреген ел, ата-баба қонысын жоңғарға бермей, тас-талқан етер ұлың бар» (106-бет), Ауық-ауық қайталанып, ауыр жылдар тынысын, заман лебін қысқа да айқын жеткізіп тұрған «Жол ұзақ еді. Дала кең, өмір тар еді» деген сөйлемдерге орай хикая соңы: «Көш күншығысқа беттеп барады. Жол ұзақ. Дала кең» деп аяқталады. Ойлы түйін. Иә, әлі де «жол ұзақ», бірақ енді «өмір тар» емес! Өйткені, өмірден сабақ алған бытыраңқы қазақ рулары күш біріктіріп, Қанжығалы Бөгенбай бастаған қолмен жоңғарларды біржолата қуып шығады; онан соң халқымыз үшін прогрессивтік ролі есепсіз болған тарихи оқиға – Қазақстанның Ресейге  өз еркімен қосылу процесі басталмақ. Бірлік барда – бәрі бар. Идеясы осыншама салмақты хикаяның композициялық құрылымы ойдағыдай емес. Жандостың жоңғарларға аттануы мен егіз балаларды алып оралуын толық баяндаудың салдарынан хикая басталардағы буырқанған патриоттық өршіл рух, орта тұсында әлсіреп қалған. Жоңғарлар байлап қойып өртегенде Жандостың аман қалуы, жалғыз өзінің жау ордасынан қос баланы алып шығуы біршама шұбалаңқы, әрі тым оңай айтылған. Ұлының жау қолына түскенін Айпара-анаға бал ашқызып білгізудің де бүгінгі реалист жазушы үшін қажеті жоқ еді. Ал үшінші хикая – «Ардақ» жайлы М.Дүйісмағанбетовтың пікірімен келісу қиын болар. Біздіңше, Мақсат «Ардаққа» біржақты әрі жадағай талап қойған. Шындығында, бұл хикаядан тек оқиға арқылы шешілетін ақтық ой яки сюжеттік шешім іздеу – ағаттық. «Туысқан ағайындарының араздығынан Марқакөлдің еркесі – Ардақ өмірдің ащы дәмін татады. Бұған кінәлі – бір қонған жолаушы Салық. Ол Шалабайдың жұмсауымен Қожаның үйіне келіп қонады да, бір түнде қызы Ардақты опындырып кетеді. Осыдан барып күндердің-күнінде жар басына қоныс тепкен жалғыз үйдің жұтаң өміріне тағы бір тірлік иесі келіп қосылады. Бар болғаны осы. Сонда автордың айтпағы не? Араз ағайындардың кесірінен жаны бұлақ суындай кіршіксіз, таза, ақкөңіл қыз – Ардақтың өмірін шырғалаңға салғанда не ұтты», – дейді Мақсат. Біздегі сын айтудың трафареттік бір үлгісі осы. Жалаң сюжет қуалап, қай тарауда кімнің қайда баратынын санамалап шығамыз да, кітапта жазылмаған жолдарды оқымаймыз. «Евгений Онегинді» де «тас-талқан» етуге болады екен, – «Деревняға қаладан бір жігіт келеді. Оны осындағы жас қыз сүйеді, бірақ әуелде жігіт ұқпайды. Қыз қалаға кетеді. Оның шын сүйетіндігін кеш түсінген жігіт алдына қайта барса, қыз күйеуге шығып кетеді. Бар болғаны осы. Сонда автордың айтпағы не? Қыз өмірін шырғалаңға салып, жауыр болған баянсыз махаббатты қайта айтқанда не ұтты» деп Дүйісмағанбетовше сынасақ… Жоқ, ойлана оқысақ, «Ардақтың» қай-қайсымызға да айтары бар екен. Халықтық характеріміздегі әлі де толық арыла қоймаған үлкен мінімізге, талай ердің жоғалуының бір себебіне суреткерлік ұтқырлықпен мегзейді екен. Хикаядағы ауыр суреттерге қараңызшы: ел-жұрттан амалсыз безіп, «сыңарын атып тастаған сарала қаздай» таудағы жалғыз қараша үйде өткен ширек ғасыр бойғы мәңгүрт өмір; жалғыз ұлы қазып, жалғыз ұлы көмген шеше қабірі; жолшыбай жолаушыға ермек болған сәбидей пәк Ардақ; жарсыз ана, әкесіз ұл… Осынау трагедияның айыпкері кім? М.Дүйісмағанбетов іздеген «автордың айтпағы» – осы сауалдың жауабы. Жоқ, басты айыпкер – «бір қонған жолаушы Салық» емес. Оның бұл арадағы ролі патша үкіметінен кейінгі жендеттің айбалтасындай ғана. Кінә – өзімізде. Шалабай мен Далабайлар – ел ішіндегі көп көріністің тек біреуі екендігі және рас. «Туырлықтай жерге таласып, туысынан ат құйрығын кесіскендер ағайынның ғана жанжарасы ма, исі қалың жұрттың басын оңдырмай торлаған айықпас бұлты ғой» дейді Оралхан. Рас айтады, ащы айтады. Жас жазушы өзі суреттеп отырған ортаны (кейіпкерлер тағдырының ерекшелігі) қосымша қиындық екенін жақсы сезіне білген. Қалам сілтесі батыл, айқын. Әуелдегі ет қызуымен елден кеткен шешіміне өкініп, Ақшоқының үстіне шығып алып арғы бетке ертеден қара кешке дейін көз сата ұзақ телміретін Қожа шалдың күйініш сезімдері аянышты. Ұтымды детальдар да ауыр хәлді аша түскен. «Ақшоқы жақтан  ат кісінеді. Үйірін сағынған торы шолақ болар. Мал екеш – мал да жалғыздықтан құлазиды екен-ау» (124-бет). Қораласын іздеп кісінеген мал, туған інісін елден қуып, қызының сақаулығын елге күлкі етіп, ғайбаттасқан адамдар… Осылардың кесірінен ару Ардақтың ғұмыры ерте үзіліпті; он сегіз жыл өмір сүріп қыраттың ар жағында да адамдар барын білмепті; ең бастысы – махаббат атты абзал сезімнің не екенін жөнді ұқпай тұрып-ақ… ана болыпты – әкесіз нәрестенің анасы… Оралхан осы архитрагедия арқылы өзімізді-өзіміз етекке тартар күншілдікті, жалған намысты, тағдырды тәлкек еткен опасыздықты ашына айыптап отыр, зардабын көркем тіл, аянышты сезіммен жеткізіп отыр. Сол үшін де «Ардақты» тек сұлу ғана емес, ойлы да туынды деп танимыз. Бөкеевтің тіл шеберлігіне кеңірек тоқталу жөн. Мақсаттың «Жазушы боя­уы тым қою, автор орынсыз, жалаң суреткерлікке салынып кеткен» деген пікірін, қарапайым жазылған «Үркер» повесті тұрмақ, алғашқы жинақтағы «Терісаққан», «Ұйқым келмейді» секілді әңгімелер үшін де артықтау дер едік. Суреткердің өмірге өз көзқарасы болғанда ғана, айтар ойын өзінше жеткізгенде, өзіндік дара бояумен көр­кемдегенде ғана шынайы туындылар жазылмақ. Пикассодан Левитанның пейзажын, Айтматовтан Әуезовтің көсіле суреттеуін ешкім де талап етпейді ғой. Әрқайсысының өзінің қолтаңбасы бар. Мәселе қайтіп айтуда емес, айта білуде. Жалпы, ізденіс атаулыға шошына қарайтын әлгіндей сыни пікірлер әдеби процеске аз зиянын тигізіп жүрген жоқ. Бізде эксперимент өте сирек. Стилі, тілі, методы, айтары бір-біріне ұқсас шығармалардың көп жазылуының бір ұшығын осыдан іздеу жөн. Демек, кей тұста бояу артық жағылса, ол Дүйісмағанбетов айтқандай «жалаң суреткерлік» емес, ойды жеткізу үшін автордың әдемі қолданған тәсілі, яғни Оралханның өзіндік ерекшелігі, творчестволық даралығы. Артықша өрескел баттасқан бояу да байқалмайды; заманына, жағдайына қарай орнымен қолданылған. Сөз мәнері мен сөйлем құрылысынан-ақ қай шығармадан екендігі бірден аңғарылады. Төмендегі екі суретті салыстырыңыз: «Батып бара жатқан күннің алтын алауына шомылып, сарғыш тартқан бетеге мен жусан, бұта мен қарағай жаздай құлпырып келіп, күзде ұзатылар арудың ең ақырғы жасалуындай, ең ақырғы қыз күлкісіндей» (72 бет). «…көктемгі көкжиек – қоп-қою жалқынды сағым еді». «Іркіліп барып, әлгі көк күмбезімен көмкерілген. Жазғытұрымның кірбіңсіз ашық аспаны мөлдіреп, көлде көрініс беріп тұр. Кілкіген жұқалаң мұнар арасынан оқшау көрініп, мұнда – мұндалап аппақ болып жататын Тарбағатай шың-құздарын ұзыннан-ұзақ созылған жіп-жіңішке ақ бұлт екіге бөліп, аспан тауына ұқсайтын. Енді-енді бүршік атып, көктемнің шуағына алақанын жая бастаған орман соңғы нөсерден жаңа ғана ес жиып бусанады. Көктемгі ауада сарай ашар жағымды саумал иіс бар. Сымпылдай ұшып келген бір топ шүрегей Марқакөлдің айдынын төсімен тілгілей қонды да, мамырлап жүзе жөнелді». (120 бет). Қай шығармалардан? Әрине, алдыңғысы «Айпара-анадағы» жаугершіліктен бір сәтке тыншыған кешкі дала да, соңғы үзінді тартысы далада емес санада өтетін «Ардақтағы» сұлу Марқакөлдің келбеті. Оралханның сөйлем құраудағы жемісті ізденістері де мол. Көптеген сәтті, жаңа инверсиялар көңіл аударады. Бірақ кейде сөйлемнің қарапайым ережелерін өзінше жазу үшін ғана бұзуын құптай алмаймыз. «…ертеңгі күннің райына бірер сәт көзін сығырайта қарап тұрды. Сонсоң келістіре есінеп алады. Қораға беттеген. Нөдіреден жасалған тиекті ағытады да ішіне кірген, шошқа тұмсықтау келген темір күректі алып қайта шықты» (26 бет). Айтылған жай шағын уақыт аралығындағы бір кейіпкердің ғана қимылдары, ал асты сызылған етістіктердің әрқайсысы әр түрлі шақ формасында тұр. «Не все оригинальное есть оригинал» (Г.Лихтенберг), әрі берік қалыптасқан қағидаларда әлгіндей реформаның қажеті де шамалы. Осындай жекелеген сәтсіздіктері бола тұра, тіке айту керек, Оралхан Бөкеевтің тілі – соңғы жылдар прозасындағы ерекше сәтті көрініс. «Терісаққан» жыры мен баспасөзге жарияланған «Қара сөзбен жырлайын», «Жұлдыз жауған түндер-ай» циклдерінің стилі әдеби тіліміздегі елеулі жаңалық. Бөкеев әкелген жаңалық. Сөйлем құрылысы тым экспериментальді болғанмен нәзік сезімді құйылдырып беруде артықшылығы, ұтымдылығы сөзсіз секілді. Бұл стилді байыпты талдау керек. Әдебиетшілерімізден бұл жайлы салиқалы ойлар күтеміз, әрине. М.Дүйісмағанбетов автордың тіл мәдениетіне қатысты да біраз сын айтқан. Өкінішке орай… Иә, хикаяларды бағалауда өзі кемшілік деп тапқан тұстарымен қатар жетістікті де көре білген Мақсаттың осы жерде сындағы өрескел жат тәсіл – бұрмалауды қолдануы таң қаларлық. Мүмкін, баспа қателігі болар деп жинақты тағы бір ақтарып шықтық. Жоқ, талай сөз мақалада «түзетіліпті». Кітаптағы «қуаң шөл», «қос айнакөлдей», «мизер», «қоқшақтап», «әбиешік», «қаранасыр», «жылап-сықтастап» сөздері мақалада «Қуаң шал», «Қосайнакөлдей», «Мизер», «қақашақтап», «әбиешіл», «қарансыр», «жылап-сықпастан» деп жазылған. Сөйтіп жазушының тілі туралы оқушыға қате түсінік берілген. Бір сөйлемнен мысал келтірейік. Тауқыметті көп көріп, жүзі ерте әжімделген келіншектің сұлу жанары бейнеленген «қуаң шөл даладағы қос айнакөлдей» деген әдемі де тапқыр теңеуді Дүйісмағанбетов «Қуаң шал даладағы Қосайнакөлдей» деп өзгертеді де, тіркестің көркемдігін жоғалтып қана қоймай, логикалық қисынсыздыққа да ұрындырады. «Мизер» сөзі кітапта кіші әріппен «мизер емес» («миземеу» етістігінен), «қақашақтап» сөзі кітапта «қоқшақтап» («қоқшаңдау», – байыз таппау мағынасында) деп жазылған. «Қарансыр» болса қазақтың «қаранасыр дала» деген байырғы эпикалық тұрақты сөз тіркесінің өзгертілуі. «Әдебиетшіл» сөзін «әбиешік» деп кітапта ауыл шалы айтқан. Орыстың «объезщик» сөзі ауылда әлі де солай айтылады. Қарт адамға ол мін емес. («Самовардың», «самаурынға» айналғанындай). Ал «сәтірледі» сөзі басқаны қайдам, әйтеуір «Үркер» деген кітапта жоқ. (Тегі бұл да «сатырлады» немесе соған ұқсас бір сөздің бұрмалауы болар). Иә, шағын ғана рецензияда  авторға осыншама қиянат жасалған. Түсіне алмадық: осы арадағы Мақсаттың мақсаты не? Кітап жайлы оқушыға ой айту ма, әлде ебін тауып жас жазушыны аяқтан шалу ма? Сын айту, мін ашу – жақсы, бірақ сол үшін шындықты көпекөрінеу бұрмалап көрсету – әдебиетшіге үлкен ұят. «Әдебиет –  ардың ісі». Рас, Мақсат бірнеше сөзді дұрыс жазған… Бірақ көпшілігі бұрын да түсіндірме және орфографиялық сөздіктерге еніп жүрген, демек, тіл білетін қазақ ұғуға тиісті сөздер. Қажетті жерінде «монданақтай» сөзін «кіп-кішкене, жұмыр» немесе «мандырмай» сөзін «жарытпай» яки «өндірмей» деген мағынада қолдануға болады ғой. «Үркерде» диалектілер М.Дүйісмағанбетов айтқандай «көз сүріндіретін» дәрежеде орынсыз толып жүрген жоқ. Жалпы, жергілікті тіл атаулының бәріне бірдей шошына қарау да – біржақтылық. Мұны академиктер Ғабит Мүсірепов пен Ісмет Кеңесбаев орынды ескертті. «Жасыратыны жоқ, кейде жергілікті сөз деген желеумен қағажу көріп, әдеби лексиконымыздан шет қақпай болып жүрген сөздер де жоқ емес. Жергілікті сөздер дейтіннің өзі де ғайыптан пайда болмағаны белгілі. Олар халық тілінің өз табиғаты дүниеге әкелген ежелгі қолтума сөздеріміздің бір парасы. Сол үшін де оларды жатсынбай, иіні келген жерде әдеби лексиконымызға сұрыптап, елеп-екшеп ендіріп, отырсақ, бұдан әдеби тіліміздің еселеген ұтыс табары талассыз» («Лениншіл жас» 27 апрель. 1972 жыл). Әрине, тілге жаңа сөз қосу оңай процесс емес, бірақ қиыншылығы бола тұра – қажетті. Мысалы, кітапта Оралхан қолданған «сүдігер» сөзін – оңтүстік және шығыс облыстарда ғана түсінеді. Әзірше – диалекті. Тосын естіледі.  Бірақ, «ойбай, мынауың диалекті ғой» деп үрікпей сөздік қорымызға қосу керек секілді, «зябь» деп орысшалағанша… *** Оралхан Бөкеев – кейінгі толқындағы дара дауыс иесі. Творчествосы шағын да болса – өз ерекшелігімен қызық. Бөкеев жазған дүниенің бәріне бірдей біз де таңдай қаға бермейміз. Иә, сын да керек. Бірақ біліп сынайық, жоғарыдағыдай нақақ қиянатқа бармайық. Оның тебірентпейтін шығармалары бар, бірақ ойлантпайтын шығармасы жоқ. Осы – ақиқат. О бастағы сұраққа оқырман осы үшін де намыстанатын болар.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 

ҚазГУ-дің студенті 

(1973 ж.)

Серіктес жаңалықтары