“САРАТС-2” СЕНІМДІ ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ

“САРАТС-2” СЕНІМДІ ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ

“САРАТС-2” СЕНІМДІ  ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ
ашық дереккөзі
254

Жоба бойынша нақты істердің
бағдарламасы негізінде Арал теңізі және Арал өңірінің экологиялық, әлеуметтік,
экономикалық ахуалы жан-жақты тұрғыдан ескеріле отырып, белгілі жылдар
кемерінде аса маңызды жұмыстарды атқару көзделді. Жобаның жүзеге асырылу
аумағы Шардара су қоймасынан бастап Сырдария алабы бойымен Арал теңізіне дейін
деп белгіленді.

Жобаның (І-кезеңі) жалпы құны 85,79 млн. АҚШ долларын құрады. Оны
қаржыландыру Бүкіләлемдік банк заемы (64,9 млн. доллар) және республика бюджеті
(21,29 млн. доллар) есебінен шешілді. Бұл арада айта кету керек, жобаның жүзеге
асуына түрлі министрліктер мен ведомствалар, жергілікті басқару органдары
Бүкіләлемдік банк және ҚР Ауыл шаруашылығы жөніндегі комитет тікелей аралас­ты.
Бұрыннан бар және жаңадан салынатын құрылыс нысандары мен қайта қалпына келтіру
жұмыстарына техникалық бақылау жасау мақсатында Мотт Мак Дональд Темелсу (ағылшын,
түрік) біріккен кәсіпорны тартылды. Сондай-ақ, жобаның қоршаған ортаға әсер
етуін бағалау әрі экологиялық мониторинг жүргізу үшін Скотт Вилсон (ағылшын)
кеңесу компаниясы таңдалды. Бұл компания өз жұмысына жергілікті
мамандандырылған түрлі институттар мен ұйымдарды қарастыруды қамтамасыз етті.

Үлкен маңызға ие жобаның бірінші кезеңінде «Әйтек», «Ақлақ» су тоспалары мен
Көкарал бөгетін салу басты міндеттегі шаруалар болды. Осының ішінде ХХІ
ғасырдың Сыр бойындағы ең алып құрылысы саналған Көкарал бөгеті 2005 жылдың
тамыз айында іске қосылды. 

Сол жылы сәуір айында Қызыл­орда облысына жұмыс сапарымен келген Ел
Президенті Н. Назарбаев алып құрылыс нысанындағы тыныс-тіршілікпен танысқан
болатын. Бұл жөнінде Елбасы: «Аралға көмектесу мәселесі еш­уа­қыт есімнен
шыққан емес. Сыр­да­рияның су жүйесін қалпына келтіру жұмыстарына қыруар қаржы
бөлінді. 85,8 млн. долларға (Бүкіләлемдік банк пен рес­публика бюджетінен)
сонау Шардарадан Аралға дейін орасан іс халықтың көзайымына айналмақ. Оның
көрінісі Әйтектен басталып, Ақлаққа, Кіші Аралға дейін барады. Сол қаржының игерілуіне
орай “Әйтек” су құрылғысы іске қосылды. Көкарал бөгеті үш айдан кейін пайдалануға
беріледі, көлдер жүйесіне су жинала бас­тайды. Аралдан 80 шақырым қашықтап
кеткен теңіз 10-12 шақырымға дейін жақындайды. Арал қаласына таза су
жеткізілді, енді көлдер суға тола бастағаннан балық шаруашылығы өркен жая­ды.
Ел экономикасының дамуы Арал проблемасын белсендірек шешуге мүмкіндік береді.
Сонан да мемлекет аймақтағы экологиялық жағдайды қалыпқа түсіру үшін
күш-жігерін жұмсайды», – деген болатын.

Шын мәнінде, бұл ғасырлық жоба өзінің тиімділігін көп ұзамай-ақ дәлелдей
бастады. Арал теңізінің тағдыры мен осы аймақта өмір сүріп жатқан халықтың
экологиялық тұрғыдан сауығуына, әлеуметтік-экономикалық дамуына, барша
тіршіліктің нәр көзі – су жағдайының тұрақтануына, бір сөзбен айтқанда, Сыр
жұртшылығының жақсы өмір сүруіне Елбасының тікелей ықпалымен жасалған жоба Арал
өңірінің болашағын баянды етуге жасалған нақты қадам болды. 

Әйтсе де бұл жобаның екінші кезеңі 2007 жылдан басталады делінген болатын.
Оның үстіне жоба бойынша атқарылатын жұмыс алғашқы кезеңдегіден кем түспеуі керек.
Алайда, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға қатысты шаруа көпке дейін
кешеуілдеп, соғұрлым оған қатысты алуан түрлі пікірлер астасып жатты. Міне, сол
пікірлер пәрменіне лайықты жауап, нақты шешім енді ғана тиянақталғандай болып
отыр. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев
бастаған Үкімет делегациясы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келгенде Көкарал
бөгетінде болып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің
солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңінде жүзеге асырылған
жұмыстардың нәтижесімен танысқан болатын. Сонда Б.Сағынтаев аталған жобаның
екінші кезеңіне қатысты Үкіметте арнайы мәжіліс өткізілетінін жеткізді және ол бойынша
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Астанада «САРАТС-2» жо­ба­сының техникалық-экономикалық
негіздемесі туралы мәлімдеме жасады. Әлгінде атап өткендей, теңіздің екі немесе
бірдеңгейлі болуы мәселесі туралы астасқан пікірлерге нүкте қойылды. Осылайша,
бірнеше жылдан бері сарыла күткен жобаның екінші кезеңіне қатысты техникалық
құжаттары жасалатын болды.

Айта кетейік, 2006 жылдың тамыз айында Көкарал бөгетінің құрылысы
аяқталғаннан кейін бір қыс көлемінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі Балтық
жүйесі бойынша 38 метрлік деңгейге жетті. Келе-келе су деңгейі артып, ол 42
метрге көтерілді. Кенезесі кеуіп қалған көлдер жүйесі қайта тіріліп, аймақ
табиғатында оң өзгеріс пайда болды. Су береке емес пе, атакәсіп – балық
шаруашылығы өркендей бастады. Бір кездері жылына 400 тонна балық ауласа,
бүгінде 4 900 тоннаға жетті. Бұл сондай-ақ, теңіз суының тұздануын төмендетіп,
балық түрлерінің көбеюіне жағдай тудырды. Жалпы жобаның бірінші кезеңі әкелген
игілік аз болған жоқ. Ал екінші кезеңнен елдің күтетін үміті онан да зор болмақ.

Айтқандай, теңіздің бір не екі деңгейлі болуы тұрғысында аз-кем тарқата
кетейік. Жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесіне орай жергілікті жерде қоғамдық
тыңдау өткізілген тұста балықшылар одан тыс қалған-ды. Сонан келіп жоба жасау­шылар
олардың «Бізге бірдеңгейлі теңіз керек, яғни Көкарал бөгетін Балтық жүйесі
бойынша 47-48 метрге көтеру керек» деген ұсынысын аяқсыз қалдырып келген. Өз
кезегінде Қор­шаған ортаны қорғау министрлігінің «Екідеңгейлі теңіз жобасы»,
нақтырақ айтқанда Сарышы­ғанақ бөгетін жаңадан салып, оны 50 метрлік деңгейге
жеткізу үшін Қамбаш көлі тұсындағы өзен арнасынан канал қазу қажет деген
ұстанымдары басымдық алып кеткен-ді. Міне, мәселенің мәнін облыс басшысы
Астанада өткен мәжілісте шегелеп бергендей болды. Осылайша «САРАТС-2» жобасының
техникалық-эконо­микалық негіздемесі бойынша жергілікті жердегі балықшылар
қауымы ұстанған бағыттың тиім­ді­лігі дәлелденді. 

Сонымен жобаның алғашқы нұс­қа­­сындағы барлық 8 компоненттің (жоба­ның
екінші кезеңі 8 жұмыс түрлерінен тұратын) 6-ы толық қолдауға ие болып отыр. Ал,
оның 7-ші компоненті «Ақлақ» гидростанциясын салу тиімсіз деп табылды. Жобадағы
ең өзекті мәселе – Солтүстік Арал теңізіне келіп жатқан артық судың үлкен
теңізге кетуі. Есесіне, сол сумен миллиондаған балықтың өлі теңізге ағып, ен
байлықтың ысырап болуы. Есептеулер бойынша жылына үлкен теңізге 700-800 млн.
дана шабақ босқа кетеді екен. Егер де осы шабақтар теңіздің солтүстік бөлігінде
қалса, жылына ауланатын балықты қазіргі 5 мың тоннадан 30 мың тоннаға жеткізуге
болады екен. Сондай-ақ, қазір теңізде жылына 1 млрд. текше метр су қалатын
болса, жобаның екінші кезеңі жүзеге асқанда су ернеуі едәуір көтеріліп, теңіз
аумағы 1325 шаршы шақырымға ұлғая­ды деп болжанып отыр. Бұл дегеніңіз – Арал өңіріндегі
тіршілік болмысын қайта түлетудің үлкен мүмкіндігі. Сол мүмкіндік елдің
игілігіне айналады деген сенім жоғары.

Қуат Шарабидинов.

Серіктес жаңалықтары