СЕМЕЙДЕ ОТАРЛЫҚ СЕҢ СІРЕСІП ТҰР

СЕМЕЙДЕ ОТАРЛЫҚ СЕҢ СІРЕСІП ТҰР

СЕМЕЙДЕ ОТАРЛЫҚ СЕҢ СІРЕСІП ТҰР
ашық дереккөзі
188

Әсіресе, қазақ халқының бодандық бұғауынан шығып, шырт ұйқыдан оянуына күш-жігерін жұмсаған Алаштың арда азаматтарының еңбегі сіңген қасиетті мекенге табаныңыз тигенге не жетсін?!

«Семей» сөзі – көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдірсе, «Алаш» сөзі – түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағынаны береді. Яғни, Семей, Алаш атауы – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі. Алаш – қазақ тайпаларының алғаш қауым болып біріккен одағы «қазақ» атауының көне баламасы және бүкіл қазақ халқының ортақ ұраны. «Алаш», «Алаш азаматы», «Алаш қозғалысы», «Алаш партиясы», «Алаш Орда» деген ұғымдар қазақ елін, қазақ мемлекеттілігін білдіру үшін де қолданылады. «Алаш қозғалысы» қазақ халқын отарлық езгіден азат етуге, эволюциялық-конституциялық жолмен автономиялық ұлттық мемлекет құруға, капиталистік дамуға бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалысқа айналды. XX ғ. басында халқымыздың азаматтық тарихындағы ең ұлы ұлттық идея – Алаш идеясы болса, оның алғашқы іргетасы – қазақ идеологиясының темірқазығы болып, Алаш қайраткерлерінің қолымен Семейде қағылды, бостандық пен тәуелсіздіктің туы Семейде тігілді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының бастау хаты – «Алаш ұраны» осы қаладан қазақ даласына тікелей тарады. Мұнымен қоса, Алаш Орда үкіметін Орта Азия аймағындағы ең ықпалды, басты саяси күшке айналдырған қазақ халқының «Ұлттық саяси элитасы» Семейде шоғырланды. Міне, Семей десе, ә дегеннен-ақ Алаш арыстары еріксіз ойға оралатыны сондықтан. Себебі, Алаш идеясының алтын бесігі, асыл өзегі болған Семей қаласының XX ғ. басындағы саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы өте жоғары еді. Семейде ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, мүлде жаңа саяси-әлеуметтік күштің пайда болуы ұлттық сананы өсіріп, қазақтың беделін көтерді. Алаш ұғымындағы рухтық, асқақтық, өрлік халық бұқарасын дүр сілкіндіріп, тарихи үрдістің жаңғыруы мен дамуын жеделдете түсті, рухани аштыққа жол берілмей, қала тіршілігіне қан жүгіріп, еңсесін тіктеді. 

Тарихқа көз жүгiртсек, ұлт жанашырлары күйзелген елге қолұшын беру мақсатымен Семейде «Жанар» атты ұйым құрған. Бұл ұйымның мақсат-мiндетi – қарапайым халыққа көмектесу, ұлт бостандығы жолындағы жастарды қамқорлыққа алып, бiлiмге, саясатқа тарту болды. Сол арқылы қазақ ұлтының көштен қалмай, қазақ тiлiнiң жер бетiнен өшiп кетпеуi үшiн Алаш көсемдерi аянбай тер төккен. 1917 жылы қазақ зиялыларының көшбасшылары бостандық туын көтерiп, «Алашорда» үкiметiн құрып, алғашқы құрылтай да осы қалада өткенi белгiлi. Сол 1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсековтiң редакторлығымен «Сарыарқа» апталығы жарық көрсе, осы жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсiпбек Аймауытов «Абай» журналын шығарды. Бертiн келе, яғни 1925 жылы барша қазақ қауымы «Таң» журналымен қауышқан-ды. «Халықтың көзi, құлағы һәм тiлiне» айналған қазақ басылымдарының ғұмыры қысқа болса да, қазақ ұлтын бiр тудың астына бiрiктiруге сүбелi үлес қосқанына тарих парақтары куә. Онда жарияланған тарихи-этнографиялық, әдеби материалдар әлi күнге құндылығын жойған емес. Мiне, бiз табан тiреген Семейде ұлт зиялыларының бетке ұстар қаймақтары шоғырланғанын, алғашқы қазақ басылымдарының қарлығаштары жарық көргенiн осыдан-ақ аңғаруға болмай ма?! 

Алайда сол кездерi Алаш жұртының айбынды, рухани астанасына айналған Семейдiң бүгiнгi бет-бейнесi қалай? 

Алаш арыстарының табанының ізі сайрап жатқан қалаға әдейі ат басын бұрғанбыз. Кезінде рух пен намыстың оты лаулаған қала тыныштық құшағында тербелгендей. Мұндағы ескі көше атауларын ауыстыру да соңғы жылдары қолға алына бастаған сияқты. Өйткені, қаланы аралаған уақытта көзімізге кеңестік кезеңнің атаулары жиі ұшырай берді. Тарихи оқиғаларға куә Семей қаласы – Шығыс Қазақстан облысының батыс аумағындағы екiншi орындағы қала. Таңғаларлығы сол, сонау 1917-20 жылдары қылышынан қан тамған кеңестiк уақытта Семейдiң қазiргi «Жаңа Семей» деп атап жүрген бөлiгiн Алаш қайраткерлерi сол кездегi «Заречная слабодка» атауын «Алаш» деп өзгертiп жiберiптi. Одан берi қилы заманнан өтiп, егемендiгiмiзге де қол жеткiзсек те, әлі күнге Ленин, Красин, К.Маркс, Мичурин сынды атауларды қазақшалай алмағанымыз өкінішті. Ал, «Алаш» қаласы деп айдар таққан Семейде Алаш арыстарына арналған ескерткіштің жоқтығын қалай түсінуге болады? Ол ол ма, мұнда Алаш арыстарына және Алаш мүддесіне қалтқысыз қызмет жасаған қайраткерлер – Қ.Үкібайұлы, И.Әділұлы, А.Жүсіпұлы, Ж.Бейсекеұлы, А.Аңдамасұлы, М.Сейітқұлұлы және т.б. сынды абзал азаматтарға бір кездері өздері өмір сүрген, тер төгіп, еңбек еткен жерінен арнайы көше атауы бұйырмай келеді. 

Алаштың ұлы Міржақып Дулатов: «Семей – бір губерния елдің миы, ақыл-ойының табысы» деп әділ баға берген. Содан бері Семей – ұлт саясатының кіндігін кескен бірегей қала болып саналады. Ендеше, қала бүгінде осы биігінен бір мысқал да төмендемеуі тиіс. Қазіргідей егемендіктің көк туы желбіреген уақытта сіресіп тұрған отарлық сеңге қозғау салу керек сияқты.

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары