Жеті емес, жетпіс жұрттың таласы бар
Жеті емес, жетпіс жұрттың таласы бар
Өйткені әлемдік үстем тап жетпіс жұрттың мүддесі тоғысқан елді жайына қоюға құлықсыз.
Соңғы күндері халықаралық қауымдастықтың бір кісідей алаңдап көз тіккен тұсы – Сирия. Екі жылдан бері бұл елдің тынышы кетіп, берекесі қашты. Жергілікті халықтың жанын жегідей жеген жайт – осы аймақта жеті емес, жетпіс жұрттың мүддесі бар. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман көзден бал-бұл ұшып, Сирия соңғы үлгідегі соғыс техникасының сынақ алаңына айнала бастады.
Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Сирияда 2011 жылдың наурыз айынан бері бүгінгі күнге дейін 110 мың адамның қаза болғанын айтады. Оның 40 мыңы – бейбіт тұрғындар екен.
Оның үстіне, 21 тамызда Дамаскі түбінде 1429 адамның химиялық қарудан көз жұмғаны барша әлемдік ақпарат құралдары арқылы таратылды. Улы газдан жан тапсырғандардың 426-ы – балалар. Жазықсыз құрбандардың мәйіттері телеарналарда, ғаламтор сайттарында қайта-қайта көрсетіліп, газет-журналдарда жүрек мұздатар суреттер басылып жатыр. Осы бейнекадрлар мен фотодәйектердің өзі Сирияда өзара тартысқа түскен тараптарға қарата әлдебір қарсылықты тудыратындай. Бейбіт халыққа қарсы бактериологиялық қаруды қолданған топқа жаппай наразылықтың пайда болуынан да әлдекімдердің пайда іздейтіні аңғарылады.
Шын мәнінде, бұл аймақта химиялық қаруды кім қолдануы мүмкін деген мәселеге орай әзірге долбар ғана бар. Біріншіден, осы оқиғаның өзі Сирияға қарсы әскери блокаданың құрылуына себепші бола алады. Өйткені кім қолданса да, бұл жерде осындай жойқын қарудың болу дерегінің өзі – аймақтағы ахуалға үлкен қатер. Болашақтағы қауіптердің алдын алу үшін де бұл елге сырттан әскер кіргізіп, қадағалауға алу әрекеті құпталуы мүмкін. Екіншіден, жергілікті халықты жауыз сынақтың құрбандарына айналдырған топ өз мақсаттарына жету үшін неден болса да тайынбайтынын көрсетті. Үшіншіден, бұл оқиға – қай тарап үшін де қарсылас жақты айыптауға таптырмас мысал. Мұндай мүмкіндікті қалт жіберу – «үлкен саясаттағы» айтулы кемшілік болмақ.
Мысалы, сириялық басшылық бұл жағдайда бар кінәні көтерілісші қауымға артса, Ақ Үй бастаған әлемдік үстем топтар Асадтың өзінен көріп отыр. Бірақ ешқайсысының қолында өзгені қаралауға негіз боларлықтай нақты дәйек-дәлелі жоқ.
Немістің федералды барлау қызметі келтірген деректер «пәленше былай депті» дегеннен аспай отыр. Олар зардап шеккендерді қараған дәрігерлер әңгімесінен тың тыңдап, «Хезболла» қозғалысы өкілінің телефонмен айтқан, Асадтың химиялық қаруды қолданғаны жайлы сөздерін дәйек ретінде ұсынып отыр. Ал француз барлаушылары ғарыштан түсірілген фотосуретте химиялық шабуылдың сириялық билікке тиесілі аймақта жасалғаны анық көрінетінін айтады. Олар Сирия басшылығының кемінде үш рет химиялық қару қолданғаны жөнінде мәлімдеген.
Қалай болғанда да, химиялық шабуыл оқиғасы Сирияға сырттан әскер кіргізу ниетін «ақтайды». Қазіргі таңда әлемдік ақпарат құралдарында АҚШ-тың әуе жолдары, теңіз бетінде және құрлықта әскери операциялар бастау жолдары ашық талқылануда. «Неге?» деген сұрақ көмекейге тығылып, «Қашан?» және «Қалай?» деп сұрау – сан құбылған саяси ойынның салдары болып қалды.
Жерорта теңізінің Сирияға жақын тұсында әрқайсысына жүз шақты Tomahawk зымыраны тиелген екі америкалық кеме тұр. Одан басқа АҚШ-тың Қызыл теңізде, Солтүстік Араб теңізінде ұшақ тасығыш кемелері бар. Қазір Еуропадағы және Парсы шығанағындағы одақтас елдер аумағындағы америкалық әуе базаларында әскери ұшақтар арқылы шабуыл жасау жолдары талқылануда.
Қазірдің өзінде Сирия өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап химиялық қару жасауға белсенді кіріскені айтылып жүр. Оның үстіне, халықаралық қауымдастық бұл елдің 1993 жылы 189 мемлекет қол қойған Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі конвенцияға қосылмағанын айып көруде.
Алайда Ұлыбритания мен Германия БҰҰ, НАТО немесе Еуроодақтың келісімінсіз әскери іс-қимыл бастаудан жүрексініп отыр.
Ал Ирак премьер-министрі франциялық ақпарат құралына сұхбат бергенде, «Кез келген көршілес мемлекетке шабуыл жасауды көздеген әскерге Ирак өз әуе кеңістігін қолдануға рұқсат бермейтінін» айтқан.
Кезінде Иракқа қатысты осындай айып тағылып, кейіннен оның ешқандай дәлелі табылмағаны осындайда еске түседі. «Химиялық қару жасайды» деген сылтаумен Иракқа күшпен басып кірген АҚШ бастаған Солтүстік Атлантика одағының мүшелері бұл елден биологиялық қарудың жұқанағын да таппады. Бірақ кесілер бас кесілді, төгілер қан төгілді, бір кезде жапырағы жайқалған ел қиранды мен үйіндіге айналды, бұл үшін жергілікті халықтан кешірім сұраған жан болмады.
Ал Ливияда «жамахириялық» мемлекет құруға талпынған Каддафидің күнәлары үшін қарапайым халық зардап шекті: жергілікті демократияны қорғауды ұран еткен халықаралық әскери күштер өз дегеніне көнбегендерді асты, атты, жанын жаһаннамға жіберді, даттады, мазақ қылды, ақыр аяғында астамшылық таныттым демеді.
Осыдан он екі жыл бұрын ғаламдық терроризм ошағын талқандау мақсатында халықаралық коалициялық күштер Ауғанстанға әскер кіргізді. Сол уақыттан бері ауған жерінен Батысқа жөңкілген есірткі тасымалының еселеп артқаны ашық айтылып жүр. Алдағы жылдан бастап бұл елді тастап шығатын НАТО әскерлері осы жылдары Ауғанстанда тыныштық пен тұрақтылық орнатуға қандай еңбек сіңіргені даулы мәселе.
Осындай «тәжірибелерден» соң Сирияға әскер кіргізудің әсер-салдары қандай болмағын ойлаған сарапшылар нақты тұжырым жасаудан тайсақтайды. Белгілі бір елдерде саяси жүйені «тәртіпке» келтіруді көздеген халықаралық қауымдастықтың өзі бірте-бірте «жазалаушы сипатқа» ие бола бастағаны ғана анық.
Бірақ Таяу Шығыста тағы бір соғыс өртінің тұтану қаупін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені Сирияны қорғаушылар тек сөзбен белсенділік танытып тұрғанда, оның қарсыластары іс-әрекетке неғұрлым тезірек көшуге бейім. Мысалы, Ресей президенті В.Путин АҚШ президенті Б.Обамаға ауызша ескерту жасаумен шектелді. «Мен оған (Барак Обамаға) өзімнің әріптесім ретінде емес, АҚШ президенті ретінде емес, мемлекет басшысы ретінде емес, Нобельдің бейбітшілік сыйлығының иегері ретінде сөз арнар едім. Біз соңғы онжылдықтарда АҚШ әлемнің әр қилы аймақтарында қарулы қақтығыстарға бастамашы болғанын еске түсіруіміз керек. Сонда тым құрыса бір мәселе оң шешімін тапты ма? Ауғанстан, Ирак – мұнда ешбір саябыр жоқ, онда біздің әріптестеріміз жалаулатқан ешқандай демократия жоқ, тіпті азаматтық бейбіт тірлік пен қарапайым тепе-теңдік жоқ»,– деді Путин. Бірақ бұл сөздерден белгілі бір шешім қабылдауға ықпал етер саяси мәлімдеменің салмағы сезілмейді.
Биыл Астанада өткен Еуразиялық медиа форумда Сириядағы саяси жағдай арнайы сессияның тақырыбы болғаны есімізде. Осы басқосуға арнайы келген Сирия ақпарат министрлігі департаментінің директоры Нәбил Омран «Сирияда соғыс, алапат ұрыс жүруде. Қан судай төгілуде. Меніңше, қазір екі соғыс жүріп жатыр. Біреуі нақты яғни, Сирия армиясы өзінің танктерімен қақтығысқа араласуда. Екіншісі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы майдан. Яғни, ақпараттық-саяси науқан жүріп жатыр. Ал шын мәнінде қандай? Бұл қорқынышты, құдды бүкіл әлем Сирияда соғысып жатқандай. Екінші дүниежүзілік соғысқа 24 мемлекет араласқан. Ал Сирияда 70 ел соғысуда. Мен мұны сіздерге қалай жеткізерімді білмеймін. Бұл нағыз соғыс. Соған қарамастан, біздің армия төтеп береді деп үміттенемін», – деген еді.
Саясаттанушы Ариэль Коуэн де сол кезде Батыс елдерінің Сириядағы саясатын ашық сынға алған болатын. «Меніңше, АҚШ пен Еуропа Мысыр, Ливия, Ирак, Тунис және Сирияның ішкі ісіне араласып, қателікке ұрынды. Аймақты үстірт білетіндіктен осылай жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, надандықтың кесірінен. Егер билікке келген немесе енді келетін күштерге қарасақ, олар АҚШ-қа да, Еуропаға да жау. Ал АҚШ Азияға бет бұрды. Таяу Шығыстан кетіп жатыр деген әңгімеге келсек, геосаяси тұрғыдан алғанда бұл түсініксіздеу. Өйткені содырларға еркін мүмкіндік туады. АҚШ пен Кеңес Одағының Ауғанстаннан кеткен кезіндегідей үйінді қалдыратын болса, болашақта қандай байланыс болатыны келісілмесе, онда мұны көрсоқыр саясат деп атау керек», – деді ол.
Мысырдың «Әл Аһрам» газетінің атқарушы редакторы Мұхаммед Сабрин: «Демократия қазіргі таңда бұл аймақта тек сөз жүзінде қалып отыр. Біз Американың соғысына әбден тойдық. Біздің аумақта сан қилы қақтығыстар жүріп жатыр. Американдықтар Таяу Шығыс, Ауғанстан және өзге елдерге алапат алып келді. Ашығын айтсақ, бұл жерге жиналғандар көзі ашық, білімді азаматтар. Сондықтан, жаңсақ ойлаудан арылатын кез жетті»,– деді. Одан әрі «Біз БАҚ кінәсіз деп айта алмаймыз. Олар да осы ойынның бел ортасында. Біздің аймақта ойын әлі жалғасуда. Мұнай мен газ үшін ойын. Біз бетперде киіп, американдықтардың демократия мен еркіндік, бостандық сияқты әдемі сөзіне сенуіміз мүмкін. Кейде солай болғанын да қалаймыз. Сайып келгенде, американдықтар Қытай даналығына жүгінеді. Олар жағада тұрып, жауы суға батып кеткенше күтеді», – деген еді.
Алпауыттардан айылын жимаған Башар Асад егер Сирияға сырттан әскер басып кірсе, олар Таяу Шығыста үлкен соғыстың басталуына түрткі болуы мүмкін дейді.
Шындығында, бұл соғыстың лаңынан басқа аймақтардың да аман қалуы неғайбыл.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті депутаты:
ЭКСТРЕМИСТЕР ЗАҢ АЯСЫНДА ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС
– Жақында Қазақстаннан бір топ жастардың Сирияға «жихадқа» аттанғаны туралы ақпарат жарияланды. Оларды қайтару үшін қандай шаралар жасалып жатыр?
– Біріншіден, біздің азаматтар әр түрлі мемлекеттерде террористік-экстремистік әрекеттер жасаса, олар біздің мемлекеттің де, басқа елдердің де заңдарын бұзған болып саналады. Сондықтан оларға қатысты біздің заңдарда көрсетілген нормалар қолданылуы керек. Оларды қайтару басқа мемлекеттердің арнайы органдарымен бірлесе отырып атқарылатын жұмыс.
Екіншіден, қазір олардың нақты санын айта алмаймыз. Бірақ оларды ұйымдастырып жүрген сырттан келген экстремистік ұйымдар екенін ақпарат құралдарында ашық айтып жүрміз.
Жалпы, Қазақстанға төнген қауіп-қатерлер туралы айтатын болсақ, қазір ең үлкен мәселе Сирияға байланысты туындап отыр. АҚШ-тың Асадқа қарсы әскери іс-қимыл жасаймыз деген жоспарлары бар, бірақ енді Барак Обама бұл мәселені Конгресте талқылаймыз деп отыр. Сондықтан әскери қимылдар бола ма, болмай ма – осы айдың ішінде көре жатармыз. Бірақ Сириядағы жағдай өте қиын, оны одан әрі ушықтыруға болмайды. Оны БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде жан-жақты талқылап, халықаралық нормаларға сай шешу керек деп ойлаймын. Қазірдің өзінде Сириядан қашқан босқындар саны 2 миллионға жетті. Сондықтан бұл мәселені одан әрі ушықтырмай, келісімге келе отырып шешу керек.
Гүлбиғаш ОМАР
Астана