Жарылқап Қалыбай 3 күнге қамалды

Жарылқап Қалыбай 3 күнге қамалды

Жарылқап Қалыбай 3 күнге қамалды
ашық дереккөзі
266

Қазақстанның Конституциясында көрсетілгендей,
қазақ тілінде сөйлеу – қылмыс емес, керісінше борышымыз. 26 тамызда Жарылқап
Қалыбай отбасылық демалыстан соң Түркиядан елімізге бет алған. Журналист 1
жасар ұлы мазасызданған соң орнынан тұрып жұбатқан. Осы сәтте жолсеріктердің бірі
оны қағып кетіп, үстіне шырын төгіп алған. Жарылқап Қалыбай Қазақстанның әуе
компаниясының жолаушысы ретінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрайды.
Алайда ол орыс тілінде сөйлеп, қазақша жақ ашпаған. Ал ана тілінде сөйлеуді
сұраған Қалыбай мырзаны ұшақтан түскенде полицейлер қарсы алып, хаттама толтырады.
Сөйтіп, қоғамдық тәртіпті бұзды,  бұзақылық жасады деген айыппен 3 күнге қамауға алуға үкім шығарады.

«Скат» әуе компаниясының еліміздің заңдарына
пысқырып қарамайтыны белгілі. Өйткені екі мәрте жолаушылардың өміріне қауіп
төндіріп, отызға жуық адамның өліміне себеп болған. Бірақ қазақ көгінде әлі
де жолаушы тасымалдап жүр. Сонда халықтың өмірін емес пайдасын бірінші қоятын, осы
халықтың арқасында пайдасын тауып, тіліне пысқырмайтын компанияға сот жоқ па?

Туған тіліне жанашырлық танытқан азаматтар Facebook,
Mail.ru, Vkontakte әлеуметтік желілерінде өз пікірлерін білдіріп, тіпті
Жарлықап Қалыбай отырған түрмеге жиналды. Саясаттанушы Айдос Сарым бұл оқиғаға
қатысты өз пікірінде (Facebook) былай дейді: «Жолсеріктер
мемлекеттік тілде жауап қатып, мемлекеттік тілде уәж айтуы тиіс еді… Қазақияда тұратындардың барлығы орыс тілінде сайрап
тұрсын деген заң жоқ. Жақаңның ісі тек
авиакомпания қызметкерлерінің және солар тартқан куәгерлердің арызына ғана
негізделген. Ешқандай басқа дерегі, дәйегі көрінбейді. Оның үстіне сот біте
салысымен түрмеге жапқан. Ақталуға, сот шешімін бұзуға уақыт бермеген.

Халыққа ететін
барлық қызметтердің қызметкерлері қазақ тілін білуі міндетті болуы керек. Әуе
жолы, темір жол, басқа көлікке, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметтеріне
тек қана мемлекеттік тілді жақсы меңгерген азаматтар алынуы тиіс. Себебі оларға
күні қараған адамдар орыс тілін білмеуі әбден мүмкін. Солардың қазақ тілін
білмеуі себебінен жапа шекпеуі тиіс. Мемлекеттік және соған теңестірілген
қызметтердің қазақ тілін меңгеру дәрежесі заңмен анықталуы тиіс. Себебі әрбір
жолсерік пен өртсөндірушінің маңына тілмаш қосып беретіндей бай мемлекет
емеспіз».

  Өз тілімізді құрметтеу
басты міндетіміз. Өз тілімізде қызмет көрсетуін талап еккеніміз үшін әрқайсысыз
сотталып кете берсек, елдігімізден, егемендігімізден не пайда? 

Ақниет Оспанбай

Серіктес жаңалықтары