АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР ӘЛІ КӨП
АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР ӘЛІ КӨП
Кемшілігін министрдің өзі де мойындап отыр. «Бұл туралы Елбасы бірнеше рет тапсырған болатын. Бірақ жұмыс баяу жүргізілуде, біз жайбасарлық танытудамыз. Соның салдарынан елімізде оқушылар орны жетіспеушілігі мәселесі туындап, бұл 73,5 мың орынға жеткен», – деді Б.Жұмағұлов. Министрдің айтуына қарағанда, апатты мектепті басқа санатқа ауыстыру, жөндеу жүргізуге асығу жүйелі емес, әрі басқа нысан іздеу де нашар жүргізілуде.
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен жиналыста осы мәселе бойынша министрлік және облыс әкімдерінің атына қатаң сын айтылды. Әр ауданда апатты және үш ауысымды мектептерді тамақтандыру және балаларды тасымалдау, әрбір мектептегі жағдайды толық талдау туралы Елбасының тапсырмасы толықтай жүзеге аспай келеді. Мәселен, Жамбыл облысындағы 30 мектеп апатты жағдайда. Әлі де қыста жағатын көмірі толық жеткізіліп болмаған мектептер бар. Тіпті 5 білім ошағы білім күніне дайын емес. Себеп – қүрделі жөндеу жұмыстары жаз ортасында ғана басталуы. Енді осы мектептердің оқушылары уақытша өзге білім ордаларына баратын болды. Төрт аудан басшылығы ғимараттардың ағымдағы жөндеуіне жеткілікті қаржыны бөлмеген. Ал Мойынқұм ауданында бөлінген қаржы мардымсыз болып шыққан. Аймақта қазір үш ауысымда сабақ өткізетін төрт мектеп және бар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше мектеп өрт қауіпсіздігі сақталмағаны үшін жабылуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті 1500-ге жуық тексеру жүргізіп, нәтижесінде 906 мектеп директорына айыппұл салған. Тіпті бір ғана Төле би ауданында осындай 40-қа жуық мектепті жабу туралы сот шешімі шығарылған. Үкім орындалса, аудандағы білім ошақтарының 60 пайызының есігіне қара құлып салынады. Алайда, біраз күнде жаңа оқу жылы басталатындығын ескерген экономикалық сот білім ошақтарындағы олқылықтарды қарашаның біріне дейін жоюға мүмкіндік берді. Бұл аздай, енді облыстың санитарлары апатты жағдайда тұрған тағы он мектепті жабу керек депті. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов: «Мектеп көптеген аудандарда, елді мекендерде мәдениеттің, білім берудің орталығы саналады. Егер бұл орталық саманнан салынып, апатты жағдайда тұрса, ал жергілікті билік мәселені шешуге немқұрайлы қараса, қандай басымдық жайында айтуға болады», – деді министрге қарата.
Бұл не сұмдық? Министрліктің «үш ауысымдық мектептерді жойдық» дегеніне біраз болды. Ал, Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, елімізде мәселе күн тәртібінен түспеген сыңайлы. Онда неге шындықты айтудан қашқақтаймыз?
Динара ДҮРМӘН