ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТҚАН ЕЛДІҢ САЛМАҒЫ

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТҚАН ЕЛДІҢ САЛМАҒЫ

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН  БАС ТАРТҚАН  ЕЛДІҢ САЛМАҒЫ
ашық дереккөзі
316

Жаппай қырып-жою қаруы ураннан жасалады. Еліміздің бай уран қоры бар екені баршаға мәлім. Әлемдік қауымдастық Қазақстанда құпия ядролық қару жасалады деп айыптағаны да рас, өйткені бұл суық қаруға қажетті қоспалардың барлығы кең байтақ территориямызда тонналап табылады. 

Алғашқы сынақ 1949 жылы Семей полигонында жасалды. Жерасты, жерүсті және атмосфералық жарылыс­тардан жергілікті халықтың мүлде хабары болған жоқ. Ал билік мұны ХХ ғасырдың жарқын жетістігі деп есептеді. Аймақтағы халықтың денсаулығы нашарлап, мүгедек балалардың дүниеге көптеп келуі сол сынақтардың салдары. Зар заманды бастан кешіріп, небір зұлматты артта қалдырған көнбіс халық бұған да 40 жыл төзді.  Халықтың зәресін ұшырып, берекесін қашырған жарылыстар 40 жыл бойы дүрсілдеді. 1989 жылы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада-Семей» анти­ядро­лық қозғалысы құрылды. Сынақ ай­мағын жабуды талап еткен митингілер ұйымдастырылды. Ақыры 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» әйгілі №409 Жарлыққа қол қой­ды. Бұл мемлекетіміздің, Елбасы­мыз­дың тәуелсіздік алдындағы батыл қадамы болатын. Адамзат баласын әлемде бейбітшілік орнатуға шақыру, ядролық сынақтарға қарсы күрес тәуелсіздік жылдары жүйелі жүр­гізілді. Қазақстанның да­уысын әлем жұртшылығы естіді және жан-жақты қолдауға ие болды.

Қазақстанның ұсынысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғары­мы­мен 29 тамыз – Халықаралық ядролық қаруға қарсы күн болып белгіленді. Былтыр Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммитте: «Менің Жарлығыммен бұдан 20 жыл бұрын біз Семей сынақ полигонын жаптық. Бірнеше жылдан бері Қазақстан, Ресей және АҚШ сынақтардың салдарларын жою жөнінде бірлескен жұмыстарды жүргізіп келеді. Біз бұл көмектері үшін серіктестерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Ядролық қаруды бiрiншi болып қолданған елге халықаралық қауымдастық қатаң шара қолданып, бұл мемлекеттi оқшаулауы керек. Ал, БҰҰ қарудан бас тартқан елдердiң қауiпсiздiгiне кепiлдiк беруге тиiс. Сонымен бірге, ядролық державалар ядролық қаруды иеленуден бас тартқан мемлекеттерге Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен қауіпсіздік кепілдігін беруге тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан өз елімнің тәжірибесіне сүйене отырып, қауіпсіздікке кепілдікті орнықты әлеуметтік-экономикалық даму ғана бере алады, – деді Н.Назарбаев. 

Соңғы жылдары бейбіт мақсатты қолдайтын шаралардың бірі – Алматыда Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің өткізілуі. 2012 жылы «алтылық» өкілдері мен Тегеран келіссөздерінің үш сатысы  Ыстамбұлда, Бағдатта және Мәскеуде өткен болатын. Алайда бұл кездесулердің қорытындысында нүкте қойылған жоқ. Көктем айларында бұл келіссөздер Алматы және Астанада жүргізілді. Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш дауысы әлемдік сахнада жыл өткен сайын батыл естіле бастады. Бұл еліміздің беделі мен салмағының өсе түскендігінің айқын белгісі. 

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары