ҰЛТШЫЛ БОЛМАЙ, ҰПАЙЫМЫЗ ТҮГЕЛДЕНБЕЙДІ
ҰЛТШЫЛ БОЛМАЙ, ҰПАЙЫМЫЗ ТҮГЕЛДЕНБЕЙДІ
Соңғы кездері мемлекеттен қаржыландырылатын қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамымыздың өзекті һәм қайшылықты мәселелерін батыл көтере бастағаны қуантады. Ащы да болса, ашық жазу, одан шығар жолдарды да көрсете алудың жөні бөлек. Әсіресе, билікке тікелей қатысты проблемалардың күн тәртібіне нақты қойылуы жөн-ақ. Бұл, бір жағынан, қоғамымыздың демократиялық бағыттағы айқын қадамы болса, екінші жағынан, Батыста төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының бізде де «тісінің» шыға бастағаны. Үшіншіден, ақпараттық кеңістіктегі сыни сипаттағы ваакумды толтыруға ұмтылу. Бұл бағытта ақпараттық тұтастық қажет. Бұрындары еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанда» керемет сын мақалалар, фельетондар басылатын еді. Сондай материалдар бүгін азайыңқырап кеткен сияқты. Кемшіліксіз дүние жоқ. Қай қоғамда болмасын удай ащы шындықтың бет пердесін түсіріп жазатын усойқы материалдардың қажет екеніне адамзат тарихы куә.
Қолыма қалам алып отыруымның себебі – өзінің батыл қадамдарымен оқырмандарын көптен сүйсіндіріп келе жатқан «Түркістанның» үстіміздегі жылғы бірінші тамыз күнгі санында жарияланған «Біз мемлекетшілміз бе?» деген тақырыптағы дөңгелек үстелдің күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігі. Мұндай тақырып отандық басылымдарда тұңғыш көтеріліп отыр дей алмаймын. Мені елең еткізгені мәселенің кеңірек талқыланғандығында, кейде айтыла бермейтін жайттардың нақты қойылғанында. Сондықтан бірер мәселе туралы мен де ойымды ортаға салсам деп едім.
Пікір таласқандардың алғаш әңгіме еткен мәселелерінің бірі – «Қазақстан – көпұлтты – мемлекет емес» деп нақты қойылуы. Өркениетті мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, Қазақстан туралы бұдан басқа түсінік болуға тиісті емес. Елімізде мемлекет құраушы жалғыз ұлт барына, оның тек қазақ екеніне дау болмаса да, бұл бағыттағы ресми түсінікте кеңестік кезеңнен ұзай алмай, «көпұлтты Қазақстан» деп жазу көп мәселенің шешілуіне кедергі келтіріп отыр. Ең қиыны, кейде құқықтық құжаттармыздың осы сарын, сипатта болып отырғанында.
Осыдан бес ғасыр бұрын мемлекетті құрған сырттан келгендер емес, осы жердің иесі – қазақ ұлы екенін кім жоққа шығара алады? Рас, кешегі қиыншылық кезеңде қазақ үдере көшуге мәжбүр болғанымен, елін түгел тастап кетпеді. Өзгеше заман туды, ата жұртқа қайта оралып жатыр. Мемлекеттің аты біресе «Қазақ КСР» немесе «Қазақстан» болғанымен «қазақ» деген түбірді ешкім жоя алған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі кезде еліміздегі ең көпшілік халық қазақ болып отырғанын неге ұмыта береміз? Тарихында талай қырғынды көріп, бір ғасырдан кейін болса да 65 пайызға жетіп отырған ұлтымызды қалайша мойындағымыз келмейді? Әлде мұның астарында басқа саясат жатыр ма? Кеше халқымызды қызыл да қырды, ақ та қырды, әлеуметтік әділеттілік орнатамын деп саяси сахнаға шыққан кеңестік билік ұлтымыздың үштен бірінен астамын ашаршылыққа ұшыратып, жер жастандырды. Одан қалды Мәскеудің солтүстік аймақтарды Ресейге қосу мақсатымен жүргізілген тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты бұл өңірдегі жердің ғана емес, негізгісі жергілікті халықтың берекесін кетірді. Айта берсең, жетіп артылады. Бұлардың барлығында қазақтың қандай кінәсі бар? Аласапыранға ұшыратқан кешегі коммунистік партияның, онан қалды соның көсемдерінің жеке билеп- төстеуі екенін бүгін кім олай емес дей алар екен? Мемлекеттегі жеке билік әр уақытта қасіретке әкеліп отырған. Оған адамзат тарихы куә.
Шындығына келгенде, ең бірінші мемлекетті құрған кім, қазір ол кімнің мемлекеті дегенді шешпей, еліміздің алдында тұрған басты мақсат-мүддені шеше алмаймыз. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өркениетті елдерде алдымен мемлекетті құрған ұлттың мәселесі шешіледі. Ол көпшілік, ол басқа этнос өкілдерін топтастырушы, бастаушы, өзінің даму үдерісінде ұлттық деңгейге көтерілген халық. Бірақ бізде қазақ ұлтын мойындай бермейтіндер билікті былай қойғанда, саясатшыл зиялы қауымдар арасынан да табылады. Олардың ұлт мүддесі дегенді қояйық, ел мүддесі деп сөйлейік дегенін де естігенбіз. Бірақ та осы ғалымның мемлекетті құрушы ұлттың мақсат-мүддесі шешілмей, елдің мүддесі шешілмейтінін біле қоймағанын түсіне алмадық.
Арамызда әлі «ұлт» дегенді тар шеңберде түсінетіндер жоқ емес. Оны кейде аяқасты ететіндер билік басындағылар. Шынтуайтына баратын болсақ, «ұлт» деген қасиетті ұғым. Ол ең үлкен әлеуметтік институтты – мемлекетті құрған құдіретті әрі ірі әлеуметтік топ. Адамзат тарихында тұтас ұйысқан, берік топтасқан, намысы болаттай мықты ұлттар өздерінің өзекті мәселелерін мемлекетке қарай бермей, заңдық негізде өздері шеше берген. Бұған Балтық елдерінің тәжірибесі дәлел бола алады.
Әрине, ұлттың дамуында шек жоқ, ол тарихи үдеріс. Бұл арада тағдырлы тарихтан ұлтымыздың шынайы толыққанды қалыптаса алмай отырғанына сәл-пәл тоқтала кетсек. Бір ғана мысал төңірегінде. Өткен ғасыр басында Алаштың көсемдері тіліміздің тәуелсіздігі үшін күресті тілден бастады. 1905 жылы Әлихан Бөкейхан Мәскеудің қалалық қызметкерлері съезінде ана тілімізге бостандық берілуін жайдан-жай көтерген жоқ еді. Өйткені тіл еркіндігі кез келген халықтың азаттығының ең бірінші атрибуты болатын. Сонан соң Одақтан ыдыраған ұлттық республикалардың алғаш шешкен мәселелері ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе беру болды ғой. Олар мұны арнайы заң арқылы шешті. Біз де егемендіктің елең-алаңында қанша қиыншылық болса да, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шештік, тек жалпы тілдер туралы заңмен. Мұндай жолдардың принципті айырмашылықтары бар еді.
Рас, өткенмен салыстырғанда көп нәрсе өзгеріске ұшырады. Тілдік кеңістікте сең қозғалды. Бірақ Сырдарияның қалтарыс-қолтықтарында сеңнің сіресіп алға жылжымай тұрған кездерін талай көргеніміздей, мемлекеттік тілді қолдануда да бірыңғай қарқын жоқ. Әсіресе, мемлекеттік тіліміздің мемлекеттік органдардың төріне шыға алмай, жетім баладай есігінен сығалағаны қиын болып тұр. Өзінің табиғатында ұлттық сипаты басым болуға тиісті Парламентімізде әлдеқалай республикалық деңгейдегі басшы өзге дайындап берген қазақ тіліндегі материалды аман-есен оқып беріп, арасында бірер сөзді ана тілінде айтса, қазақ тілді басылымдар жаппай халықтан сүйінші сұрап жатады. Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің абыройын халықаралық қатынастарда да қорғай алмай жүрміз.
Мәселеге тура қарасақ, ұлтымыз өз ана тіліне ие болмай, шынайы өркениетке жете алмаймыз. Мұны ең бірінші халқымыздың өзі жақсы түсінуі қажет. Сонан соң билік басындағылар халыққа қызметін осы мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінен бастаулары керек. Бұл мәселенің бірі емес, бірегейі. Осының негізінде ұлтымызды жан-жақты дамыта отырып, басқа этнос өкілдерін тәуелсіздіктің асыл мұраттарына тұтастай жұмылдырып, мемлекетіміздің кемелдігіне жете аламыз. Бұл қазақ қоғамының алдында тұрған абыройлы тірліктердің асқары.
Әсілі, біздің ұлтқа ұлтшылдық жетпей жатыр. Бұл ұғымды қазір қоғамда екі мағынада пайдалану бар. Ресмилік көбіне кешегі кеңестік кездегіден аса алмай жүр. Бұл түсініктерді бір жүйеге түсірген дұрыс. Өз ұлтын шынайы сүйгенді Алаш көсемдерінің тілімен «ұлтшыл» деп, өз ұлтын өзгеден артық санауды, яғни ұлттық атамшылдықты «шовинист» деген жөн болар еді. Кезінде Мұстафа Шоқай ұлтшылдық идеясына түсініктеме бере отырып: «Ол (ұлтшылдық –автор) – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деген болатын. Бұдан артық айту қиын. Осындай жайлармен дөңгелек үстелде «ұлтшылдық» ұғымының арнайы сөз болуы өте орынды. Біз алдымен ұлтшыл болмай, мемлекетшіл бола алмаймыз.
Халқымыздың шынайы ұлтшылдығы, қоғам алдындағы міндетін биік түсінуі, ата-бабаның ежелден келе жатқан жарасымды салт-дәстүріне адалдығы, тәуелсіздік идеяларына болаттай беріктігі мемлекеттің ұлттық сипатына әсер етпей отыра алмайды. Өйткені атамзаманнан мемлекеттің иесі халық, билік басындағылар – халықтың сенім білдірген өкілдері. Мұны әркез биліктің басы-қасында жүрген шенеуніктер жақсы ұғынғандары жөн.
Ал енді жоғарыда көтерілген мәселелердің барлығы «ұлттық мемлекет» деген қасиетті ұғымға тікелей қатысты. Мұны Алаш көсемдері болашақ Қазақ мемлекетінің ең өзекті мәселесі ретінде тұрақты күн тәртібінде ұстаған болатын. Олар Батыстық буржуазиялық жолды таңдағанымен елдің тарихи және ұлттық ерекшеліктерін әсте естен шығарған жоқ еді. Тәуелсіз еліміздің ең алғашқы құжаттарында да бұл мәселе ашық қойылды. Мемлекеттің егемендігі туралы Декларация мен Тәуелсіздігі туралы конституциялық заңда тайға таңба салғандай ұлттық мемлекетті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деп жазылған болатын. Алайда көп ұзамай бұл қағидаларды тез ұмыттық. Себебін билік біледі. Сонымен ресми құжат, баяндамаларда «ұлттық мемлекет», «ұлттық идеология», «ұлттық сана», «ұлттық болмыс» деген ұғымдарды қолдана бермейтін болдық. Сондықтан да дөңгелек үстел қатысушыларының «Біз қандай мемлекетпіз?» дегендерін түсінгім келеді. Бұл – принципті мәселе. Конституцияда « Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады…» деп жазылған. Алайда нақты өмірде жағдай жазылғандай бола бермейді. Ол әр елдің саяси жүйесінің сипатына байланысты. Мысалы, 1937, 1978 жылдарғы конституцияларда «Дін ғұрыптарын орындау бостандығын және дінге қарсыпропаганда бостандығын пайдалануға барлық азаматтар ерікті» деп жазылды. Бірақ атеистік қоғам құрамыз деп, ізгілік ғимараттарын – мешіттерді қиратып, діндарлардың қолға түскенін айдап, атып, қолға түспегенін елден бездірдік. Дінді халықты аздыратын апиын деп, әр адамның жеке сеніміне шабуыл жасап, ақырында алып кеңестік мемлекетті ғана емес, бүкіл социалистік жүйені тарих қойнауына жіберген жоқпыз ба? Дінге көзқараста бізде әлі талай нәрсе орнына қойылуы қажет.
Дөңгелек үстелде нарықтық экономика мәселесі аз сөз болмаған. Нарықтық экономикадан шаруашылық кеңістігінде басқа жол екені түсінікті. Бұған Елбасымыз да бірнеше рет халықтың назарын аударды. Бірақ нарықтық экономиканы ендіруде де, оның табиғатында да қателіктер мен қиын жайлар жоқ емес. Біз нарықтың кейбір қайшылықты жайларына көңіл бөле бермейтін сияқтымыз. Елбасы бір сөзінде Карл Маркстің капиталистер өз кәсібінен жүз пайыз табыс табатынын білсе, ол ешқандай қылмыстан бас тартпайды деген пікірін келтіріп еді. Нарық еңбекке, жеке кәсіпке еркін жол аша отырып, кейде имандылықты, адамгершілікті аяққа басатынын ұмытпаған жөн болар еді.
Енді «экономика мен саясат медальдің екі жағы сияқты» деген пікірмен толық келісе отырып, бірер сөз айта кетейін. Бізде қоғамның экономикалық саласын саясаттан бөлу бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ, белгілі бір академигіміздің «Алдымен экономикалық реформа, сонан соң саяси реформа» деген сипатта бір беттік мақаласын оқыдым. Қоғамды бұлай жіліктеуге болмайды. Кезінде Шоқан Уәлиханов «… Халыққа етене жақын әрі ең маңыздысы болып, оның ең толғақты қажеттіліктеріне тікелей қатысты экономикалық және әлеуметтік реформалар есептеледі, ал саяси реформалар тиісті экономикалық формаларды жүргізу құралы ретінде орын алады» деген еді. Экономика адамның ақыл-ойынсыз, қызметінсіз, ұйымдастыруынсыз, басқаруынсыз өз алдына дөңгелеп алға жылжи алмайды. Осыны біле тұрып саясатшылдыққа салынамыз. Ғылымның көрі саясатшылдық екенін тарих талай дәлелдеген.
Дөңгелек үстелде бұдан басқа да өткір мәселелер сөз болды. Осылардың барлығын айта келе, «Біз мемлекетшілміз бе?» деген тақырыптың қазіргі қоғамымыз, ең бірінші ұлтымыз үшін өзекті мәселе екенін тағы да айта отырып, оның арнайы дөңгелек үстелде талқыланғанын құптаған көңілмен сөзді аяқтағым келеді. Мұндай ойлардың тоғысқан түрін оқырмандардың жылы қабылдары сөзсіз.
Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы,
профессор