ТЕРЕҢ ҚОПСЫТУ – МОЛ ӨНІМНІҢ КЕПІЛІ

ТЕРЕҢ ҚОПСЫТУ – МОЛ ӨНІМНІҢ КЕПІЛІ

ТЕРЕҢ ҚОПСЫТУ –  МОЛ ӨНІМНІҢ КЕПІЛІ
ашық дереккөзі
542

Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүргендердің барлығының мақсат-мүддесі – өндiрiске жаңа инновациялық технологияны енгiзу арқылы өнiмдiлiктi арттыру, аз шығын жұмсап, мол өнiмге қол жеткiзу екені айтпаса да түсінікті. Заман өзгеріп, ғылым жетілген сайын әлеуметтің дамуына септігі тиетін жаңа технологиялар да қолданысқа көптеп енгізіліп келеді. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында мақта өнімділігін арттыруға мол мүмкіндік береді делініп жүрген терең қопсыту әдісі шаруалардың көңілінен шығып жүр.  Мақтарал диқандары жыл сайын мақта өнiмін алу үшiн 3 млрд. теңге шығын жұмсайды екен. Осынша шығынға жол бермес үшiн жаңа технологияларды сыналап енгізген жөн. «ҚазАгроИнновация» Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында 26 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Асанбай Тағаев бұрындары «аударып егу» арқылы әр мақтаның шанағынан көп дегенде 9-14 көсектен алынса, «терең қопсыту» арқылы олардың санын 3 көсекке арттыруға болатынын айтады. 

Мақта шаруашылығының білікті мамандығы А.Тағаев оны терең қопсыту арқылы егу әдісінің бұл тек бір пайдасы ғана дейді. Тағы бір тиімді тұсы — мақта бұрынғыға қарағанда бірнеше күнге ерте піседі екен. Яғни «терең қопсыту» арқылы егілген шиттің тамыры тереңге кеткен сайын, мақтаға жақсы әсерін тигізеді деген сөз.

Мақта шаруашылығын зерттеу­ инс­титутының ықпал етуімен Оңтүстікте өткен жылы 40-тан астам шаруа қожалығы 5 мың гектардай жерге осы әдіспен ақ ұлпа шитін отырғызған. Нәтиже тәп-тәуір. Шаруалар әр гектарынан 32 центнерден ақ алтын алған. 

Асанбай Тағаевтың айтуынша, «20 жылдан бері тракторлар жер бедерінің 30 сантиметрін ғана қопсытып, айдап келген. Беткі қабаты ғана жыртылған жердің асты сол күйі қатып қалып, ол мақта шанағының толық минералдануына кедергі жасайтын болса керек. Оның тағы бір кемшін тұсы, суарғанда тұздың бәрі мақтаның тамырына жиналып қалады. Нәтижесінде, ол тұз көктемде буланғанда мақтаға зиянын тигізетін көрінеді. Ал терең қопсыту кезінде 30 сантиметрден кейінгі қатып қалған бөлік бұзылады. Яғни, өсімдікке қажетті минералдың бәрі еш кедергісіз мақтаны қоректендіре алады».

«Терең қопсытудың» арқасында сордың шайылуы бұрынғы техникаға қарағанда тиімді өтеді»,–дейді аталған институт директорының орынбасары Оразбек Биғараев. Соңғы екі жылдан бері жаңа әдісті зерттеп келе жатқан ғылыми институт ай сайын Мақтаралдағы ниет білдірген 30-ға жуық шаруаны тегін оқытып келеді екен. 

Ал Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Ибадулла Үмбетаевтың пікірінше: «Терең қопсытқанда біз не ұтып жатырмыз? Бұған экономикалық жағынан қарап көрейік. «Жерді аудару» әдісінде әр гектарды 9,5-11 мың теңгеден аудартсақ, «терең қопсытуда» жердің әрбір гектары небәрі 2,5 мың теңгені құрайды екен. Яғни «терең қопсыту» арқылы 7,5-8 мың теңге үнемделеді. Ал көктемде жерді қопсыту, яғни, шабықтау (чизельдеу) 5 мың теңге болады. Ал «терең қопсыту» әдісінде олай ету жоқ. Міне, бұл оның тиімді тәсіл екенін көрсететін қарапайым ғана мысалдар». 

Мақтаарал ауданында 136 мың гектар жер болса, соның 100 мыңға жуық гектарына биыл мақта егілген. Аудан басшылығы жаңа әдісті игеруге шаруаларды одан әрі тартуды жоспарлап отырса керек. Осылайша облыста соңғы 10 жылдан бері төмендеп кеткен өнімділікті көтереміз дейді. Айтпақшы, жерді аудармай егу әдісін сондай-ақ, дәнді-дақылдың кез келген түріне қолдануға болады.

Ауданда сонымен қатар тамшылатып суару әдісін қолданушылардың да қатары жыл санап артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Биылғы жылы да тамшылатып суару, егiстiктi әртараптандыру бағыттары бойынша нәтижелi жұмыстар атқарылуда. «Достық» ауыл округiндегi «Асқар-Д» шаруа қожалығы егiншiлiк мәдениетiн дұрыс сақтап, егiстiктi әртараптандыруды жолға қойған үлгiлi ұжым. Шаруалар 1998 жылдан берi 63,4 гектарға мақта, жоңышқа, жүгерi, қырыққабат, қызанақ, қауын-қарбыз өсiрiп, жоғары өнiм алып келедi. Бақшадан бiр жылда екi өнiм алуда. Ал, «Қаршыға» шаруа қожалығы мақта, жемiс ағаштарын тамшылатып суару арқылы өсiруде. Диқан әрi кәсiпкер Артық Ақтөреевтiң айтуынша, 80 гектар бауда өсiп тұрған алма, өрiк, анар, шабдалы, алмұрт, қараөрiк т.б. мол өнiм берген. Алма сортының 15 түрiн, шабдалының 5 түрiн өсiрiп отыр. Көшеттердi Италия, Голландиядан әкелген. Алманың 1 гектарынан 100 тоннаға дейiн өнiм алуға болады дейдi. Былтыр 250 гектар мақталық жердiң 40 гектарын терең қопсыту әдiсiмен жыртып, америкалық тәсiлмен бiр ұяға 4 шит тастау әдiсiмен мақта егіпті. Жазда қозаны тамшылатып суарған. Нәтижеде әр гектардан 32 центнерден өнiм алған. 

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Мақтарал ауданының әкімі С.Тұрбековтың ықпал жасауымен Мақтааралда жаңа заманауи техникаларды көптеп сатып алуға бетбұрыс жасалып отыр. Мәселен, «Атакент» СТК жанынан құрылған МТС-те қазiр Түркиядан әкелiнген 12 «Lamborgini», 14 «John Deere», 2 «Challеnger», 28 түрлi агрегаттар бар. Жақында тағы да 20 айналмалы соқа, 24 терең қопсытқыш сатып алынған. Түркиялық «Палазоглу» фирмасы шығарған 12 жаңа тiркемелер бөлшек күйiнде әкелiнiп, осында құрастырылуда. Бұл тiркеменiң сыйымдылығы 8-10 тоннаны құрайды. 


Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары