«МАНАС» ӘСКЕРИ БАЗАСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШІРІЛЕ МЕ?
«МАНАС» ӘСКЕРИ БАЗАСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШІРІЛЕ МЕ?
«Курсивь» сайтындағы мақаланың аты «Блуждающая база. «Манас» перекочует в Казахстан» деп аталады және жарық көрген уақыты 23 тамыз. «ЕуразияНет» сайтындағы «Где обоснуются американские военные после ухода с базы Манас?» атты мақала одан бір апта бұрын, 17 тамызда басылған. Екеуі де Қырғызстандағы Америка әскери базасының командирі Джон Миллардтың Реntagon Сһаnnel («Пентагон арнасы») телеарнасына берген сұхбатына сілтеме жасайды. Мақала авторлары Джон Миллардтың аталған сұхбаты 14 тамызда жарияланғанын, бірақ кейін көп ұзамай, сайттан алып тастағанын айтады. Дегенмен «Где обоснуются американские военные после ухода с базы Манас?» мақаласының авторы Джошуа Кучера Миллардтың сұхбатын көшіріп алғандығын айта отырып, оқырмандарға оның түпнұсқасын ұсынған.
Джон Миллард өз сұхбатында «Манас» әуежайындағы Америка әскери базасы жабылғаннан кейін, Орталық Азияның қай мемлекетіне көшуі мүмкін деген сауалға бірнеше базаны тілге тиек еткен. Олар – Қазақстанның Ақтау және Шымкент қалалары. Тәжікстанның Куляб қаласы және Өзбекстандағы бір-екі база. Қырғызстанның халықаралық «Манас» әуежайындағы америкалық әскери база биыл 11 шілдеде өз жұмысын тоқтатты. Десе де американдықтар Қырғызстан бұл әскери базаның жұмысын тағы да бір жылға созуы мүмкін деген дәмемен әлі де үміттеніп отырғаны айқын. Алайда, Ресей мен Қырғызстан арасындағы өзара келісім бойынша, американдықтар Бішкектен кетуі керек. Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің тақтан таюына «Манас» әуежайынан американдықтарды шығаруға келгенде екіұшты саясат ұстанғаны себепкер болды дейді сарапшылар.
Төңкеріс нәтижесінде Қырғыз елінің тізгінін ұстаған Алмазбек Атамбаев Ресеймен осы мәселеге байланысты келіссөзді жаңалап, 2012 жылдың күзінде Ресей Федерациясы президенті Путинмен екі елдің гидроэнергетика және әскери ынтымақтастық саласыңдағы стратегиялық және ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Ол құжат бойынша, Қырғызстан аумағында бірлескен Ресей әскери базасын құру, Қырғызстанның Ресей алдындағы қарыздарын өшіру, Жоғары-Нарын ГЭС-інің құрылысын салу, 2013 жылы Қырғызстанға 1.3 миллиард доллар көлемінде Ресей қару-жарағын әкелу көзделген.
Қырғызстандағы Америка базасы жөніндегі келісім денонсациясы туралы заңға орай, барлық келіссөздер 2014 жылдың 11 қаңтарында аяқталуы тиіс. 2014 жылдың жазында американдықтар Бішкекпен қош айтыспақ. Алайда олар Ауғанстан проблемасы шешілмей, Орталық Азиядан кетпеуге бел буып отыр. Ендеше Американың Ауғанстан жөніндегі келесі әскери базасы қайда тұрақтамақ? Сарапшылардың тілінің ұшында неге Қазақстан аумағы орала береді?
«Курсивь» сайтындағы мақаланың авторы Асқар Муминов ортаазиялық бірнеше сарапшының пікіріне жүгінуді жөн санайды. Солардың бірі саясаттанушы Курбан Ювшанов (автор қай елдің саясаттанушысы екенін айтпайды): «Орталық Азия АҚШ-қа Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана керек емес, сондай-ақ олардың жаһандық геосаяси мақсаттарының біріне де енеді. Сол себепті олар оны уысынан оңай шығара қоймас. Әрі олардың көздеген бір мақсаты Ресейдің осы өңірдегі ықпалын әлсірету. Сол себепті де Пентагонның Қазақстан аумағында әскери база ашуды жоспарлауы мүмкін» деген ой айтады. Орталық Азия елдері Экономикалық зерттеу институтының сарапшысы Әлішер Хамидов ресми Астананың бұл қадамға баруына жүрегі дауалай қоймас деген пікірде. Өйткені, тек ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл Орталық Азияны уысынан шығармауды көздейтін Ресей Путиннің басшылығы кезінде Қазақстанға өз үстемдігін жүргізіп, кез келген қадамда ресейсіз қимылдауға мүмкіндік бермеуде. Сол себепті Қазақстанда Америка әскери базаларының ашылуы мүмкін емес дейді.
Жалпы, Қазақстанда Ауғанстанда қауіпсіздік орнату миссиясы бойынша, америкалық әскери базаларды ашу туралы әңгіме ең алғаш 2010 жылы көтерілді. Дәл сол жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, ЕҚЫҰ Саммитін өткізгені мәлім. Алайда ондай базаларды ашу туралы әңгіме бұдан былай көтерілген жоқ. 2009 жылдың ақпан айында Америка Ауғанстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР аумағы арқылы тас жолмен азаматтық жүктерді тасымалдауға Қазақстанның ресми келісіміне ие болды.
Ресми Пентагон әзірге бұл мәселеде ешқандай ресми мәлімдеме жасамай отыр. Қазір Бішкек әуежайында абыр-сабыр. Ондағы 1.5 мың американдықтың көші басталды. Олардың қай бағытты бетке алатыны беймәлім. «Манас» әуежайындағы американдық әскери база 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі ресми атауы – Транзитті жүк тасымалдау орталығы.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ