249
ҚАЗАҚ ЗАҢДАРЫНА БАҒЫНБАЙТЫН ДІНДАР
ҚАЗАҚ ЗАҢДАРЫНА БАҒЫНБАЙТЫН ДІНДАР
Қазақ «қызын қияға, ұлын ұяға қондыруды» тілейді. Ата-ана арманының ұлысы да осы. Ал ата-анасы жоқтардың қиясы да, ұясы да – балалар үйі. Бұл – жетім-жесірдің отбасы, отанасы және мектебі. Елімізде әке-шеше тәрбиесінен түрлі себептермен ажырап, барар жер, басар тау таппай қалғанда – тұрақтайтын мекені. Елімізде мемлекеттік жетімдер үйімен қатар баланы өз қамқорлығына алушылар саны да артып келеді. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Десе де жеке меншіктегі жетімдер үйі кімнің, қандай топтың қолында?
Осыдан біраз жыл бұрын «Жетім көрсең, жебей жүр» деп сылтауратқан бір топ Іле ауданы, Еңбекшіқазақ ауылында шіркеу жанынан жетім балаларға баспана ашады. Мұндай қамқорлыққа халық әуелде тек ризашылығын білдірді. Алайда көсегеңді көгертеміз, жетіміңді жеткіземіз деген топ кәмелетке толмаған балаларға қол көтерген, заңдық актілер мен нормалар сақталмаған, тіпті балалар үйі ретінде де бұл мекеме тіркелмеген. Көпшіліктің назарын өзіне аударған балалар үйі – СвятоСергий шіркеуі жанынан ашылған жетімдер үйі. Оның басқарушысы – Евтихеев Петр немесе Софроний әкей. Софроний әкейдің шектен асқан менмендігі адамдардың ашу-ызасын туғызып отырғаны рас. Діндар поп балалардың ұлтына, дініне қарамастан барлығын шоқынуға мәжбүрлеген.
Жалпы, халқымыз жетімін ешқашан жәутеңдетпеген. Әмеңгерліктің түп-тамыры да осы мәселеге тіреледі. Қазақта әке-шешеден айрылған бала міндетті түрде туыстарының үйінде тәрбиеленетін. Бүгінде туыстары болса да, баладан бас тартуы мүмкін. Ал мұндай балаларды «Радонеж» қуана-қуана қарсы алады. «Радонеж» деген не? Бұл – Іле ауданы, Түймебаев атындағы ауылда 10 гектарға жуық аумақты жалға алған қайырымдылық қоры. Осы қорға түскен қаражат Свято-Сергий шіркеуі мен ондағы балалардың аузынан ақ май ағызып отыр-мыс. Бұл қор – қоғамның қорғаусыз қалған бөлігі – жетімдер, зейнеткерлер, жағдайы нашар отбасылар мен қариялар және босқындарға қол ұшын созады. Бұған дейін қайырымдылық қорының жұмысы ешкімнің күдігін тудырған емес. Мұнда 117 бала тәрбиеленіп келген. Оның ішінде 15 бала – тұл жетім. Қалған балалардың туыстары, қамқоршылары, тіпті әке-шешелері де бар. Сондай-ақ 20 бала қайтадан шоқындырылып, оларға орыс есімдері берілген және бұл балалардың бұл жерге қалай келгені, кім әкелгені белгісіз. 2012 жылдан бастап естияр балалардан жергілікті құқық қорғау органдарына Софроний әкейдің озбырлығы туралы шағымдар жиі түсе бастапты.
Аюға намаз үйреткен шынымен таяқ па? Мұның түбі қорқыныш емес пе? Шіркеудегі балалардың Софроний әкейден таяқ жеуіне не себеп? Петр Евтихеев бұған дейін осы және басқа да мәселе бойынша бірнеше рет жауапқа тартылған, алайда түрлі амалдармен жазадан құтылып кетіп отырғаны күдік туғызар.
Жуырда балалар үйінің тәрбиеленушісі Кристина Корчагина шіркеу басқарушысының қол көтергенін және бұл жағдай күнделікті қайталанатынын айтқан, сонымен қатар басқа балалар да жазадан көз ашпайды екен. Бұл – қатаң жазалау әдісі болса керек. Бүгінде оның ісі қаралуда, бірақ шіркеудің қос қорғаушысы бірде келмей қалып, бірде қажетті құжатты тапсырмай уақытты сағыздай созып жүрсе керек.
Нұрахмет Әйгерім деген қызды шоқындырып, оған – Анна деген есім берген. Оны да сыртта ойнағаны үшін жаза ретінде құлағынан сүйреген. Әкесі қайтыс болғанда оның екі ағасы әжесінің қолында қалып, Әйгерім анасымен бірге кеткен. Бірақ көп ұзамай анасы қызын осы балалар үйіне өткізіп, заңдастырылған қолхатын қалдырған. Таяуда белгілі болғандай, балалардың анасы бүгінге дейін үш баланың ай сайынғы жәрдемақысын үзбей алып келген екен, яғни бұл баспана балалар құжаттарына жүрдім-бардым қарайды деген сөз. Бұл жағдайдан кейін ағасы Әйгерімді өз қамқорлығына алмақшы болады. Сотта оған қамқорлыққа алу құқы беріледі, алайда Софроний әкей соттың шешімін құлағына ілмеген. Мұндай жағдайлар өте көп. Софроний ешкімнің өзін де, сөзін де елемейді. Іле ауданы білім бөлімінің басшысы Ләззат Қаткеева Петр Евтихеевтің балаларды заңсыз ұстап отырғанын айтып, құзырлы органдардың есігін тоздырған. «Мұнда санитарлық, техникалық, гигиеналық жағдай сақталмаған. Күнделікті берілетін тамақтардың режимі жоқ. Балалар бел жазбай жұмыс істейді, шаруашылық жұмыстары да солардың мойнында. Шіркеуге тиесілі аумақта мал және өсімдік шаруашылығы бар, бұл ауыр жұмыстың барлығын балалардың өздері істейді. Бас прокуратура да тексеріп, 15 жетім баланы анықтады. Біз заң бойынша бұл балаларды мемлекеттік жетімдер үйіне өткізуіміз керек. Заң бойынша балалар шіркеу жанындағы уақытша балалар баспанасында 6 айға дейін болуға құқылы. Ал мұндағы балалардың алды 9 жыл тұрған», – дейді ол. Бірақ Софроний әкей Бас прокуратураның да шешіміне пысқырмай отыр, ол әлі күнге дейін балаларды берген жоқ. Петр Евтихеев – Ресей азаматы, оның Қазақстандағы уақытша тұру визасының мерзімі әлдеқашан аяқталған. Бұл заңсыздықты құзырлы органдар тағы да елегісі келмейтін сияқты. Миграциялық полиция оны елден тысқары шығару туралы сот үкімін шығарғанда, оның есімі қате жазылыпты. Міне, бұл кездейсоқтықтарды қалай түсіндіреміз? Евтихеевтің елімізде заңсыз жүргені бірінші мәселе, балалар үйінің Әділет министрлігінде тіркелмегені – екінші мәселе, балалар үйінің жағдайы заңдық нормаларға сай емес және қамқоршысы бар балаларды бермей отырғаны төртінші мәселе. Балаларды күштеп шоқындыратыны тағы бар. Бұл айтылғандардың барлығы заң жүзінде расталып, соттың шешімі шықса да жергілікті Ішкі істер қызметкерлері «жеке меншік аумаққа баса-көктеп кіруге құқымыз жоқ» деп заңды ешқашан бұзбайтындай мүләйімсиді. Ал қоршаудың ішінде зәбір көріп, заңсыз ұсталып отырған балалардың жағдайы мен бөтен елдің азаматының тәуелсіз елімізде әділ заңдарымызды белден басып жүргені ешкімді толғандырмайтын іспетті? Бұл неткен шарасыздық?
«Радонеж» балалар үйінің бұрынғы ерікті қызметкерлері Софроний әкейдің балаларды ұрып-соғатынын растап отыр. Іле аудандық білім бөлімінде өткен баспасөз мәслихатына олар да қатысты. Мамандығы фельдшер Людмила Комиссарова «Радонеж» балалар үйінде ерікті түрде жұмыс істеген. «Балаларды жиі жазалайтын. Дене жарақаттарын таңып беретінмін. Медициналық және санитарлық нормаларды бір қалыпқа келтіруге тырыстым. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің заңдарын айналып өту бір басқа, бірақ жаппай заң бұзушылық күрделі нәрсе. Анна Левша – ауыр ауру жұқтырды. Бұл аурудың симптомдары адамды әлсіретеді. Мен Петр Владимировичке қызды дереу балалар ұжымынан бөліп алып, ауруханаға жатқызу керек дедім. Бірақ келіспеушілік осы жерде туды, Софроний оны жібермеу үшін мені жерден алып, жерге салды. Мен шыдамадым, кетіп қалдым. Содан қайтып бармадым», – дейді. Ал шаруашылық қызметтерін атқарған Ирина Нагорная да өз еркімен жұмыстан кеткен екен. «Басқа заңсыздықтарға төзуге болады, бірақ балаларға күш көрсетуін тоқтатқан жоқ. Менің балам 1-сыныпқа барғанда, қасында осы балалар үйінің тәрбиеленушісі отырды. Сол баланың құлағы қанап, қан жейдесіне тамшылап тұрды. «Бұл қалай?» дегенімізде, «Мен жазамды алдым» деп жауап қайтарды. Бесіктен белі шықпаған баланы осылай жазалауға бола ма? Мен – бұл балалардан қолдан келген жақсылығымды аяған емеспін. Тамақтарын пісіріп, кірін жудым. Сондықтан олар мені жақын тартып, шағымын айтып келетін. Мен жұмыстан босағаннан кейін де, тіпті бүгінге дейін маған жүгіріп келіп, көмек сұрайды», – деді.
Сонымен бірге бөтен елдің азаматы бола тұра Евтихеев мырза 44 баланы өз қамқорлығына алған. Бас прокуратураның шемімімен Евтихеев қамқоршы құқығынан айрылды, бірақ 45 бала әлі де соның қолында. Қай дінге де сай келмейтін ерсі қылық көрсеткен дін қызметшісі өз эпархиясынан 2013 жылдың 10 сәуірінде аластатылған. Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр оны балалармен жұмыс істеу құқығынан айырып және шіркеу басшылығы қызметінен алып тастады. Алайда Евтихеев мырза шіркеуден кеткен жоқ. Сонда Софроний әкейдің қолдаушысы кім болғаны?
Бұл оқиғадағы тағы бір түсініксіз жайт – Іле ауданы прокуратурасының енжарлығы. Бұл уақытқа дейін Софроний әкейдің үстінен неше рет арыз түсті, миграциялық мерзімі де өтіп кетті, тіпті балаларды бермей отырғанына неге көз жұмып қарайды? «Радонеж» қайырымдылық қоры балалар үйінде болып жатқан жағдайдан мүлдем хабарсыз ба? Әлде басқа елдің азаматы көз алдымызда өз балаларымызға жәбір көрсетіп отыра беруі заңды деп есептей ме? Мәселен, «Радонеждің» кәмелетке толмаған тәрбиеленушілерінің өзінің конституциялық құқығын қорғауға мүмкіндігі жете ме? Әрине, жоқ. Олай болса Қазақстанда балалар үйін ашудың негізгі тәртіптеріне сәйкес, ҚР Атазаңы мен ҚР «Білім беру», «Қазақстан Республикасындағы балалар құқығы» заңдары және «Неке және отбасы туралы» кодексін неге негізге алмасқа?
Ресейде де жетім балалар аз емес. Ресейдің азаматы Петр Евтихеев неге өз елінде қайырымдылық жасамайды деген сұрақ туындайды. Оларды тағдырдың тәлкегіне қалдырған Софроний әкей неге алыстағы қазақ жеріндегі балалардың тағдырына тым алаңдаушылық танытып, жанашыр бола қалды екен?! Қалай десек те, бұл мәселенің соңында жұртқа белгісіз жұмбақтар тым көп сияқты.
Ақниет ОСПАНБАЙ