МЕКТЕПТІ АЙТСАҢ, МҰҢ БАСАР...
МЕКТЕПТІ АЙТСАҢ, МҰҢ БАСАР...
МҰҒАЛІМ АБЫРОЙЛЫ МАМАН БОЛА АЛА МА?
Орта білім беру жүйесінің бүгінгі таңдағы басты түйткілі – материалдық-техникалық база, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, ең бастысы – бүкіл ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін педагог мамандардың қоғамдағы беделінің аздығы, табысының төмендігі. Кезінде «Ақ жол» партиясының төрағасы қызметін атқарып тұрғанда, бүгінгі Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Байменов «Ұстаздардың дәрежесі» жөнінде заң қабылдау туралы ұсыныс айтқан болатын.
Бірақ, содан бері қаншама жыл өтсе де, мұғалімдердің қоғамдағы рөлі әлі айқындалған жоқ. Қаншама жылдан бері мұғалім елдегі саяси науқанның қызметшісіне, әпербақан әкімдердің қолбаласына айналып келеді.
Қазір мұғалімдердің орташа жалақысы – 40-50 мың теңгенің айналасында. Биылғы тамыз мәслихатында Алматы педагогтарының басын қосқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала мұғалімдері үшін елең етерлік жаңалықты паш етті. Жалақыларын өсірмек. Жыл сайын, 25 пайыздан өсіріп отырғанда жеткен меже осы. Ауылдық мұғалімдер бұдан сәл жоғары алады. Ең жоғары категориямен сабақ беретіндердің айлық жалақысы 70-80 мың теңгенің айналасында. Алайда жыл сайынғы инфляцияға көміліп қалатын бұл айлықтың шайлықтан аспай жүргенін есептеу үшін экономист болудың қажеті жоқ шығар. Дәл осы мәселе Астанада өткен мұғалімдердің тамыз конференциясында тағы да сөз болды. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың кейбір нәтижелерін қорытындылай келе, алда тұрған қыруар істің шетін шығарды. Солардың бірі – оқушыларды интернет технологияларға баулу және осы технология арқылы білім беру. Әрине, қазіргі жаңа технологияларды үйрену және оларды қолдану тұрғысынан оқушылардың мұғалімдерінен озып кеткені айқын. Алайда бұл тек қала оқушыларына тән процесс. Ауыл оқушыларының компьютерді игеруі көңіл көншітпейді, электронды поштаны сайтпен шатастыратындардың да, мейл-агенттен өзгені түсінбейтіндердің де саны көп бүгінде. Тағы бір түйткіл – сол жаңа технологиялардың не екенін білмейтін педагогтардың да саны жетіп артылады. Мұғалімдердің қоғамдағы орнын айқындау және рөлін арттыру үшін біріншіден мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесінде реформа басталды. Кәсібиліктің артуымен төленетін айлық деңгейі де өсетін болады. Министр педагогтарды тәуелсіз сертификаттауды маңызды деп санайды. Бүгінгі технология ғасырында олар заман ағысына ілесе білуі керек. Айлығы шайлығына жетпей жүрген педагогтардың білімін жетілдірудің де қыруар қаржы екенін және оның өзгенің емес, мұғалімнің қалтасынан шығатынын естен шығармаған абзал.
ТАРАЗЫНЫҢ БАСЫН АҒЫЛШЫН БАСЫП ТҰР
Тамыз конференциясында педагогтардың басын қосқан Бақытжан Жұмағұлов барлық оқушылардың мемлекеттік тілді үйренуін міндет ете отырып, ағылшын тілін биылғы оқу жылынан, 1-сыныптан бастап үйретуді қолға алатындығын сөз етті. Дәл осы мәселені елордалық мұғалімдермен талқылаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мемлекеттік тілді үйретудің жаңа жолын ойлап табуға шақырды. Демек, Қазақстан билігі болашақта біртілді білім беру жүйесіне көшуді мақсат етіп отырған жоқ. Қоғам қазіргідей қостілді (орыс тілі айқын басымдықта) болып қала бермек. Осыдан сәл ертеректе сөз етіп жүргеніміздей, ұлт мектептерінде (орыс мектептерін қоса есептегенде) бірнеше пәнді мемлекеттік тілде үйрету үрдісін енгізу ісін қолға алу байқалмайды. Байқалғаны былай тұрсын, дене шынықтыру мен ағылшын тілі пәндерінің жүктемесін көбейтіп, есесіне көптеген мектептерде қазақ тілінің сағатын қысқартып жіберген. Педагогтардың дабыл қағуына қарағанда, төменгі сыныптарда қазақ тілі – 3 сағатқа, жоғарғы сыныптарда – 2 сағатқа қысқарған. Демек, таразының басын мемлекеттік тіл емес, ағылшын тілі басып тұр. Сонымен бірге биылдан бастап, «Абайтану» және «Алаштану» пәндері де енгізілмек.
Қазіргі есеп бойынша, Қазақстанда 7398 мектеп, 2,5 миллион оқушы бар. 265 мың оқушы мектеп табалдырығын биыл аттайды. Оның 3828-і қазақ тілінде білім берсе, 1573-і орыс тілінде білім береді. 2164 мектеп аралас тілде және ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде сабақ береді. 2 миллион 531 045 оқушының 1 823 042-і қазақ. Олардың 274 063-і орыс мектептерінде оқиды. Яғни қазақтардың он пайызы да орыс мектептерінде оқымайды. Жалпы оқушылардың жетпіс пайыздан астамы қазақтілді мектептерде білім алады. Бірақ, соған қарамастан мемлекеттік білім гранттары әлі күнге дейін әділетті сарапқа салынбай келеді.
ЖАС МАМАНДАР ЖҰМЫС ТАБА АЛМАЙ ЖҮР
Жыл сайын жоғары оқу орындарын сан мыңдаған түлек бітіреді. Оқу бітірісімен сандалып жұмыс таппай жүрген талай көген көздерді көресің. Біраз жылдан кейін, мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң, дипломды сандыққа салып қойып, басқа жұмыспен айналысуға тура келеді.
Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде Бақытжан Жұмағұлов мектептерге 2000-дай мұғалім жетіспейтінін тілге тиек етті. Олар – математика, химия, физика және ағылшын тілі мұғалімдері. Сөйте тұра университетті жаңа аяқтаған жас буын өкілдерінің көбі жұмыс таппай сенделіп жүр.
Бұның да өзіндік себептері жетіп артылатын көрінеді. Ең бастысы, қазіргі жастар ауыл мектептеріне баруды қойды. Айлығы төмен, әлеуметтік тұрғыдан қымбат болса да, қалада қалуды мақсат етеді. Әлеуметтік маңызы бар деген мамандық иелерін ауылға жіберу үшін өмірге келген «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да бұл ретте берері аз болып тұр. Егер мектептердің басым бөлігі ауылда екенін ескерсек, дәл сол ауылдарға баруға құлықтылық байқала қоймайды. Әрі педагогикалық маман иелерінің көбі – мұғалім деген киелі атқа ие болудан бас тартады. Одан гөрі абыройлы, беделді қызмет іздеуге талпынады. Мұғалімдікке қол созатындардың басым көпшілігі университетте жақсы оқымағандар. Қоғамды жаулап алған тағы бір – фактор, бармақ басты, көз қыстылық. Немесе жұмысқа тамыр-таныс арқылы орналасу, пара беру. Қоғамды дендеген бұл дерттен құтылудың орнына күн өткен сайын ауруы асқынып барады. Жақында оқуды жаңа аяқтаған бір танысым, мектепке математика мұғалімі ретінде орналасатын болдым деп қуанып келді. Бірақ көп өтпей қуанышы су сепкендей басылыпты. Себебі жаңа ғана шаңырақ көтерген жас қызды мектеп директоры, «кешікпей декретке кетесің, басыма пәле боласың» деп жұмысқа қабылдамай қойыпты. Бүгінгі қоғамның дерті осы. Жастарды «тәжірибең жоқ, аяғың ауыр, тұрмысқа шығыпсың» деп жұмысқа алмайды. Оқуын бітіріп, баласын тауып, енді ештеңеге алаңдамай жұмыс істеймін деп келгендерді, 35-тен асып кетіпсің деп жұмысқа алмайды. Қазір ел арасында мынадай түсінік бар: жұмысқа орналасу үшін не дәу шонжардан танысың болуы керек, қоңырау арқылы жұмысқа қабылдататын, не қалтаң қалың болуы керек. Мұндай жүйемен Қазақстанның демографиясы, демократиясы, білімі қалай дамиды?
1500 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ МЕКТЕП ЖОҚ
Бұл тағы да Білім және ғылым министрлігінің мәліметі. Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанның орта білім беру жүйесіндегі негізгі меже – 12 жылдық білім беруге көшу екендігін тағы бір қайталап өтті. 2005 жылдан бастап, енгізіледі деген бұл жүйеге әлі күнге дейін дайын еместігіміздің сыры неде? Материалдық-техникалық базамыздың ескіргендігі, мектептердің басым көпшілігінің тозығы жеткендігі, қазіргі есеп бойынша балалардың алаңсыз білім алуына 73,5 мың орын жетпейді екен. Министр елдегі апаттық жағдайда тұрған мектептердің орнына салынатын жаңа оқу ғимараттарының өте баяу пайдаға берілетіндігін, мультимедиялық кабинеттермен мектептердің барлығы бірдей жабдықталмағандығын айтады. Әсіресе ауылдардағы аз кешенді мектептердің жағдайы сын көтерместей. Жыл сайын ондаған ауылдағы шағын мектептер жабылуда. Соған қарамастан, аз кешенді мектептер елдегі барлық мектептердің 56 пайызын құрайды және онда оқушылардың 15 пайызы білім алады. Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбеновтің мәлімдеуінше, 12 жылдық білім беру бүгінгі күннің еншісіндегі іс емес. 2015 жылдан балалардың білімін бағалаудың 10 балдық жүйесі енгізілмек. Демек Болон үдерісіне қосылу үшін он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу міндетті болғанымен, он жылда оны эксперимент ретінде енгізе алмай келеміз.