ҒАРЫШ ЭНЕРГИЯСЫН ИГЕРУГЕ ТАЛПЫНЫС

ҒАРЫШ ЭНЕРГИЯСЫН ИГЕРУГЕ ТАЛПЫНЫС

ҒАРЫШ ЭНЕРГИЯСЫН  ИГЕРУГЕ ТАЛПЫНЫС
ашық дереккөзі
560

Елімізде 2017 жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрменің тақырыбы дүйім жұртқа белгілі болып қалды. Бүгінде әлем елдері қуат көзінің тапшылығын сезініп отырған уақытта маңызды шараның болашақтың энергиясына арналатыны заңдылық.

Төрт жылдан кейін бас қалада өтетін ауқымды шараға байланысты ұйымдастырылған халықаралық сәулет байқауы ақпан айының орта шенінде бастау алып, шілденің 18-інде мәресіне жеткен болатын. Байқау барысында көрмеге әлемнің көптеген сәулетшілері ниет білдіріп, өз жұмыстарын ұсынған. Негізінен бұл байқауға 100-ден астам өтініш қабылданып, жиырма елдің сәу­лет­ші­лері сынға түскен екен. Солардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ка­на­да, Австрия, Австралия, Норвегия, Ко­рея, Ресей секілді елдерден бөлек, отан­дық сәулетшілер де бар. Елбасы Н.Назарбаев таң­дау қорытындысының маңыздылығына тоқтала келе: «Біздің көрменің тақырыбы әрбір құрылыста энергияның баламалы көздерін пайдалану, жылумен және сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыратын «жасыл экономикамен» тығыз байла­ныс­ты», – деген болатын. 

Көрме кешендерін жобалауға қатысқан сәу­лет өнерінің үздік шеберлері Стефано Боери (Милан ЕХРО-2015) мен Нана Эр­нандес-Геташвили (Сарагоса ЕХРО-2008, Ре­сей павильонының авторы), GMP Inter­na­tional SP сәулет компаниясы (Сан Пао­ло-2020), Заха Хадид (Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің көпірі) Астана қаласын жо­балауға қатысты қызығушылық таны­тып, өз ойларын ұсынып отыр. Бұдан бө­лек, Қазақстан Қаласалушылар одағы, KAZ­GOR жобалау академиясы, «Қазөр­кен­проект» ЕҰУ «Этносәулетші ҒЗИ» және елі­міздің Сәулетшілер одағынан Сәкен На­рыновтың шеберханасы аталмыш бай­қау­ға қатысты дейді ұйымдастырушылар. Байқауға келіп түскен жұмыстарды АҚШ-тың экономикалық үрдістерді зерттеу қо­ры­ның президенті Джереми Рифкин бас­шылық жасайтын арнайы техникалық ке­ңес саралап шықты. Бұл кеңестің құра­мында әлемнің үздік сәулетшілері, даму мен энергияны үнемдеу саласының білікті өкіл­дері барын айтуымыз керек. Қыркүйек айында шығатын байқау қорытындысы бо­йынша бас жүлдеге 150 мың АҚШ дол­ла­ры табыс етілмек. 

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» деген атауының өзінде ғылым мен инноватика жатыр. Сондықтан ЭКСПО-ны өткізу шеңберінде арнайы ғылыми техникалық бағдарлама әзірледік. Біздің ол ұсынысымыз ұлттық жоспарға кірді. Қазіргі таңда ол бағдарлама тиісті талапқа сәйкес ғылыми-техникалық сараптамадан өтіп, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның сараптамасына ұсынылған. Бұл бағдарламаға жиырма шақты жоба енді. Бұл бағдарламаны жасар алдында зерттеу жүргіздік. Дүниежүзі елдерінің баламалы энергия саласындағы жаңалықтарын зерттедік. Көрмелерге де қатысып жүрміз. Сонда байқағанымыз, бұл салада айтылатын жаңалықтар бәлендей көп емес. Бәрі де су, жел, Күн энергиясы сияқты дәстүрлі энергия көздерінен аса алмайды. Ал біз өз бағдарламамызға космос энергетикасын қосып отырмыз. Қазақша айтқанда, ғарыш энергиясы», – дейді Әбдікерім Әбжәлелұлы. Бүгінде ғарыш энергиясын игерумен айналысып жатқан елдердің қатарында АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония сияқты мемлекеттер бар. Бұл қатарға Қазақстан да қосылды деген сөз. «Ал ғарыш энергия­сы – Күннен алынатын энергия. Алайда бүгінгі біз алып отырған Күн энергиясы озон қабатынан өткенде, өзінің негізгі қуатынан 100 есе азайып кетеді. Сондықтан озон қабатының жоғары тұсына космостық аппараттар қойылады. Ал жерде жоғары жиілікті сәулелерді қабылдайтын қабылдағыш антенна орнатылады да, ол жоғары жиілікті сәуле шығаруды айнымалы токқа түрлендіреді де, оны тұтынушыға жібереді», – дейді ғалым. 

Екінші жоба – сутекті энергия. Осының арқасында болашақта әрбір үйге электр желісін тартып, электр қуатын кіргізу қажет болмай қалады. Өйткені әр үйде қуаты күшті аккумулятор батареялары болады. Ол аккумуляторлар электр қуатын тез әрі молынан жинап алады екен. 

Бүгінде әлем елдерінде қолданылатын жел қондырғыларын біздің ел де барынша жетілдіріп, пайдалану қолға алынуда екен. Мысалы, еліміздің кей өңірлерінде жел тұрақты соқпайды. Міне, сол аймақтарда жел соққанда қуат көзін барынша молынан жинақтап алатын «Торнадо» атты қондырғы жасалуда. Ал келесі бір аймақтарда желдің соғу күші қалыпты деңгейден де артып кетеді. Сондай кезде жел қуатын жинақтаушы құралдар сынып қалмауы үшін желдің жоғары диапазонына арналған құралдар жасау жоспарланған көрінеді.


Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары