Шылым шегуші шырайлылар
Шылым шегуші шырайлылар
Түсініксіз заман түбі әйелдердің еркектеніп кетуіне әкеліп соғатын түрі бар. Шылымға, ішімдікке деген тәуелділік артып келеді. Әсіресе, оған әйелдер жаппай әуес. Ішімдік ішу, темекі тартуда ер азаматтарды артқа тастаған шырайлылардың бұған айтар уәждері де әр түрлі. Бірі «семіздіктен арылу құралы» десе, бірі «жүйке тыныштандыру», ал енді бірі «ермек үшін» дейді.
Қазақстанда әйелдердің 11 пайызы шылым шегеді, темекі тарту 18-25 жас аралығындағы қыз-келіншектердің арасында өршіп тұрған жайы бар дейді зерттеушілер. Менің ойымша, көбіне 16-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер темекіге қырғидай тиюде. Ажырасқан, үйленбей қалған жасамыс қыздарымыз да көбіне темекіден жанына жұбату іздейтін болар. Шылым шегіп, өздерін мықты көрсеткісі келеді, еркектер істегенді біз де істей аламыз дегені ме?! Бұл тек жастарға қатысты емес, ересек әйелдерге де қатысты.
Соңғы жылдары ер балалардың көбі темекіні тастап, спортпен айналысуда. Қыздарымыз неге тастамасқа? Себебі, жас қыздардың көбі шылым шегуді мәртебені көтереді, адам өзін мықты сезінеді және өздеріне сенімділеу болады деп ойлайды. Кейбірі отбасындағы қатынастардан өрбитін күйзелісті жойып, жұмыстағы күйзелісті азайтады деп сенеді. Базбіреулері шылым шегу жігіттерге жақын етеді, шылым шегу бөлмесінде кезіктіріп, ортақ тіл табысуға болады деп санайды.
Неміс дәрігер-гинекологы Бернхард 6 мыңнан астам әйелді зерттеп, мынандай қорытындыға келіпті:
Темекі шегуші әйелдердің 42 пайызы бедеуліктен күйзеледі, көбіне түсік тастауға әкеп соқтырады. Сәби сүйгенге дейін 3 жыл темекі шеккен әйелдің әрекеті сәби ағзасына кесірі тиеді, әсіресе салмағы аз болып тууы ықтимал.
Темекінің зиянын азайту мақсатында көптеген әйелдер жіңішке сигаретаны тартады. Алайда оның да зияны аз емес. Мұндай әйелдердің 96 пайызы түсік тастаған. 30 пайызы баланы шала туған.
Әйел темекі шеккенде айрықша зиянды, қабыну ауруына шалдығу жиілейді, нәтижеде түсік тастау қаупі көбейеді.
Ол ол ма, қартаю үдерісінің тездеуі айтпаса да түсінікті. Бетте әжім, қатпар көбейіп, көздің айналасы шимай-шимай болады, ажар нашарлайды. Тері құрғап кетеді. Бұның бәрі 2 жыл мерзімде-ақ пайда болады екен.
Темекі зияны қыздардың етеккірінің циклының бұзылуынан басталады. Цикл бұзылып, іштен төмен ауру күшейеді.
Темекі тартуды қоюдың түк қиындығы жоқ. Және ешқашан кеш емес. Темекі шегуді тастаған адам ажарланып сала бермек. Темекі шегуді тастап, ұрпағыңызды әсем көркіңізбен және мықты денсаулығыңызбен қуантыңыз!
Индира Байсалбекова