АДАМ ЗОРЛАУ әдетке айналды

АДАМ ЗОРЛАУ әдетке айналды

АДАМ ЗОРЛАУ  әдетке айналды
ашық дереккөзі
294

Дегенмен заңның қаталдығы адам зорлау оқиғаларының азаюына түрткі бола алмай отыр. Азаймақ түгілі жылдан-жылға көбейіп барады. 

Халық көп жерде қылмыс та көп болады. Оңтүстік Қазақстан облысы да бұл заңдылықтан аттап кете алмақ емес. Деректерге көз сүзсең, күнгейдегі облыс қылмыстық оқиғалардың көптігінен елдегі алғашқы орындардан көрінеді. Тиісінше адам зорлау оқиғалары да аз емес. Соңғы екі-үш жылда осындай бірнеше ондаған ауыр қылмыстар тіркеліпті. Кейбірінің соңы кісі өлімімен аяқталған. Несін жасырамыз, педофилдер де қаптап барады. Нәпсінің жетегімен шайтан азғырып, бүлдіршіндердің өмірін қор қылғандардың, бұғанасы қатпағандардың денесіне қол салғандардың басым бөлігі басқа емес, өзіміздің қазақтан шығуда. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты соңғы 3 жылда балаларға қатысты зорлық бойынша 56 қылмыстық іс қозғапты. Соңғы үш жылда осынша адам балаларға қатысты жасалған зорлыққа кінәлі деп танылған. Мұндай деректер 2010 жылы – 12, 2011 жылы – 24 болса, өткен жылы 12 рет тіркелген. Жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлауға қатысты 8 іс соттың қарауына жіберілді. 

Былтыр 15 жасар қызын төрт жыл бойы зорлап келген өгей әкенің сұмдық әрекеті әшкереленген болатын. Айуандыққа барған оны сот  17 жыл 6 айға абақтыға тоғытты. Тағы бір оқиға 2011 жылы Қазығұрт ауданы, Шалғай ауылында орын алды. Ауыл тұрғыны өзінің бір емес, екі қызын бірдей зорлап келген. Дәл сол жылы Түркістанда  төрт жасар бүлдіршінді зорлаған педофил қолға түсті. Қанды қылмысты 37 жасар жігіт жасаған. Сол оқиға болған түні бүлдіршінді полиция да, ата-анасы да шарқ ұрып іздеп, тек ертеңіне қала шетінен тапқан-ды. Денесінде сау тамтығы қалмаған кішкентай қызды сол маңда жүрген бір тұрғын байқап қалып, жедел жәрдем шақырған. Қолға түскен педофил тергеушілерге берген жауабында аулада арақ ішіп отырып, 4 жасар нәрестеге көз салғанын қаймықпай айтса керек. Бүлдіршінді «балмұздақ алып беремін» деп алдап, ертіп кеткен. Бұл сол жылы Түркістанда орын алған осы тектес үшінші қылмыс еді. Осы оқиғадан кейін шаһар жұрты балаларын тіпті көшеге шығаруға қорқатын болған. Алайда түні бойы зорланған, үсті-басының сау тамтығы қал­маған, бүгінде ер адам көрсе шырылдап жылай беретін, пси­хо­ло­гия­лық тұрғыдан ауыр соққы алған, құр сүлдесі зират маңындағы қоқыста ит жалап тұрған жерінен табыл­ған төрт жасар сәбидің құқы, қылмыскерді қанша жыл­ға бас бос­тан­ды­ғынан айырса да, орнына кел­месі анық.

Жыл басында Сарыағашта бала зорлаған бір жігіт ұсталды. 1974 жылы туған, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған ол таяу маңдағы бір ауылда қойшы екен. Тергеу кезінде тәртіп сақшыларының анықтағаны, сол күні күдікті спирттік ішімдік ішіп, көшеде ойнап жүрген екі баланың жанына келіп, оның біреуін сөзбен алдайды. Оған көнбеген баланы күшпен сүйреп, өзінің қой бағып жүрген жеріне апарып қорлаған. Содан соң жылаған баланы үйіне жібере салған. Көп кешікпей полицейлер қылмыскерді құрықтайды. 

Биыл ақпан айында Сайрам ауданына қарасты ауыл молдасы қыз зорламақ болды деген айыппен ұсталғанын бүкіл ел естіп, жұрт жағасын ұстаған еді. 26 жастағы жігіттің үстінен «нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның әрекетіне қатысты бірнеше рет психиатриялық сараптама да жасалды. Соңғы сараптамаға сай таяуда ОҚО ішкі істер департаментінің ресми өкілі «Молданың ақыл-есі дұрыс. Бұл арсыздыққа саналы түрде барған», – деген қорытындыны жариялады. 

Иә, бала зорлаушылардың сұмдығы денеңді тітіркендіреді. Бұрындары тек шетел жаңалықтарынан ғана көріп, жағамызды ұстасақ, енді мұндайлар арамызда тайраңдап жүр. Адами қағиданы тәрк еткен педофилия сыналап санамызға да, қоғамға да еніп кетті. Әзірге мемлекет аталмыш арсыздықпен қалай күресерін білмей дал болып отыр. Себебі, тәжірибе жоқ. Жігіті иманды, қызы ибалы болған текті халықтың демнің арасында тексіздікке ұрынуы, нәпсінің жетегіне еріп, сайтанның ермегіне айналғаны бәрімізді де әбігерге салып, түсініксіз, беймаза күйге қалдырды. Бір сөзбен айтқанда қауқарсыз жағдайға душар болдық. Тіпті бұларға қатысты қолданып жүрген жазамыз да қорланған сәбидің ар-ұятымен салыстырғанда тым жеңіл ме дерсің. 

Зорлықтың түрі де көбейіп барады. Еркектің еркекті зорлауы бұрын-соңды қазақ жерінде кездеспеген оқиға еді. Бұл да жиі орын алатын қылмыстардың қатарына кіріп қалды. Жақында ғана Мақтаралда естіген адамның жағасын ұстатар оқиға болды. Араққа сылқия тойып алған бір топ еркек өздерінің таныстарын зорлаған. Одан кейін жәбірленушіні соққыға жығып, өлтіріп тастапты. Мәйітті көрген криминалистер дереу күдіктілерді іздеуге кіріседі. Арнайы үйретілген ит із қуалап жүріп, жергілікті еңбек биржасынан бір-ақ шыққан. Қылмыскерлер осында табылады. Ақшаға құныққан үшеу жәбірленушіні жабылып жүріп жерге құлатса керек. Киімін шешіп, тығып жүрген ақшасын тауып алады. Содан соң адамдықты ұмытып, жерде жалаңаш жатқан танысын кезек-кезек зорлайды. Осыдан соң қансырап жатқан бейшараны өлтіріп тастаған. Полицейлердің айтуынша, марқұм – отбасылы, бала-шағасы бар азамат екен. Еңбек биржасында жұмыс істеп жүріп, жақында ғана наубайханаға тұрақты жұмысқа орналасыпты. Алайда, алғашқы айлығы түбіне жеткен. 

Мына оқиға да оңтүстік жұртшылығын бей-жай қалдырған жоқ. Өткен айдың аяғында Шымкенттегі әскери бөлімдердің бірінің сержанты қасындағы сыбайласымен 25 жасар бойжеткенді зорлап, соңынан буындырып өлтірген. Оқиға былай өрбіпті. Көршісімен серілікке шыққан келісімшарттағы сержант бойжеткенмен танысады. Таныстық қаладағы Қайнарбұлақ саяжайында жалғасқан. Қылмыс та сол жерде орын алыпты. Істеген азғындық әрекетін жасыру үшін қызды өлтіріп, мәйітті қаланың екінші шетіне апарып тастаған. Қазір осы оқиға бойынша тергеу жүргізілуде. Сарбазбен бірге оның көршісі де тұтқынға алынды. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында сарбаздардың қарапайым тұрғындарға қатысты жасаған қылмысы 30 пайызға артып отыр. Бұл жалғыз ғана Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген қылмыстардың кейбірі ғана. Ал бүкіл еліміз бойынша тіркелген зорлық-зомбылық оқиғаларының саны жыл өткен сайын өсуде. Дегенмен айтпай болмас, елімізде 16 жасқа дейін зорлық-зомбылыққа тап болған балалардың саны 2011 жылы – 148, 2012 жылы – 236 болса, биылғы жылдың бес айында 184-ке жеткен. Жылдан-жылға артпаса кемігені байқалмайды.

Ғалымдар да әйел зорлау, педофилияға қатысты қыл­мыс­тар соңғы он шақты жылда күрт өсіп кеткенін айтып жүр. Ең қорқыныштысы, әлемдік тенденцияға айналып бара жатқан бұл үдерістің қарқыны дәстүр мен дініне берік мұсылман мемле­кеттерінде де ерекше байқала бастаған. Ал әзірге қоғам мұндай со­рақылықтардың алдын алуға аса қауқарлы емес сияқты. Бір шетінен зорлау әрекеттерінің төтеннен болатынын, кімнің қандай әрекетке баруы мүмкін екенін алдын-ала білу мүмкін еместігінен бұл қылмысты болдырмау, не болмаса азайтуға ешкімнің шамасы келмейді деген дұрысырақ секілді. Оның үстіне зорлық жасайтындардың көбі сезік тудырмайтын, күнде көріп, араласып, арамызда жүрген адамдар. Сол үшін де бұл қылмысты ауыздықтау оңай шаруа емес. 

Мамандар бұл қылмыспен тиімді күресудің жалғыз жолы – заңды ерекше қатаңдату дейді. 

Өзге мемлекеттердің тәжі­рибесіне сүйенсек, бұлай ету нәтижесіз емес екенін де байқайсың. Мәселен, алдыңғы жылы Иранда кіш­кен­тай балаларды зорлаған екі педофил өлім жазасына кесіліп, көпшілік алдында дарға асылған еді. Мұны көрген халық соттың шығарған әділ үкіміне ризашылығын білдіргенін естігенбіз. Осы оқиғадан кейін Иранда бала зорлығына қатысты деректер күрт азайып кетіпті. Дегенмен біздің елде өлім жазасы уақытша тоқтатылған. Сол себепті де заң шығарушы органдар осыны алға тартып, бекітілген заңнан аттап кете алмаймыз деп отыр. Біздің елдегі кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін тағайындалатын жазаның бірі – 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру ғана. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеуге міндетті адамдардың –  ата-ананың, педагогтың осындай қылмысы үшін 10 жылдан 20  жылға дейін педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салу. 

Алдыңғы жылы осы мәселе Парламент қабырғасында да қаралғанда, біраз даулы жайттарға куә болғанбыз. Сол кезде сенатор Ғани Қасымовтың дауысы ерекше шыққан. Кеңес заманынан мысал келтіріп, «мұндай қыл­мыс жасағандарды ол кезде ату жаза­сы­на кесетін», – деп еді. «Түрмеге түсіп, тозақты көріп шы­ққан соң, үлкенге күші жет­пеген соң, қайта келіп, кегін баладан алады», – деген ол педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айырып, химиялық жолмен піштіру керек деген ой айтқан. Десек те бұл мәселе әлі күнге бір орында табандап тұр. Алға жылжитын түрі көрінбейді. Ал осы аралықта еліміздің әр түкпірінде бала зорлап, қыз зорлап күнәға батқандар туралы күнде болмаса да күнара жаңа деректер пайда болуда.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары