«МУРСИДІ ҚАЙТАР!»

«МУРСИДІ ҚАЙТАР!»

«МУРСИДІ ҚАЙТАР!»
ашық дереккөзі
395

Содан бері үш аптадай уақыт өтті, бұл елдегі саяси жағдай одан әрі ушықты. Ғаламтор бедеріндегі ақпарат болмысы сан құбылды. Түрлі мазмұндағы ақпараттармен қатар әлем елдерінің Мысыр ахуалына деген саясаты да қилы-қилы сипатқа түсіп, күн сайын өзгеріп жатыр.


«Екі түйе сүйкенсе, ортасында  шыбын өледі»

Билікке таласқан топтардың өзара теке-тіресінен әдетте қара халық зардап шегеді. Адамзаттың жалпақ тарихында талай қайталанса да, сабақ алмаған шындық бұл. «Мұсылман бауырлар» ұйымының өкілі Мурсидің жақтастары мен елдің исламдық жүйеге өтуіне қарсы әскерилердің ел тізгініне таласы елді алатайдай бүлдірді.

Қазір қолдағы бар мә­ліметтерге қарағанда, Мұхам­мед Мурсиді қолдап, шеруге шыққандар мен уақытша үкіметті қолдаушы полиция өкілдері арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан 924 адам қаза тапқан. Кейбір деректерге қарағанда, бейберекетсіздік салдарынан көз жұмғандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Каирдің екі алаңында лагерь құрған Мурсидің жақтастарын тарату үшін полиция суық қару қолданған. Қаза тапқандар ішінде наразылық шеруіне қатысушы қара халық өкілдері де, оларға қарсы қару көтерген қауіпсіздік қызметкерлері де бар.

Каирден соң Минье мен Асьютте де қанды қақтығыс болған. Кешегі аптада «ашу-ыза күні» атанған жұма күні де ел аумағында әскерилер мен Мурсиді жақтаушы мұсылмандар арасында қақтығыстар тоқтамады.

Мурсиді билікке қайтадан алып келуді талап еткен адамдар қатары бір жарым айдан бері көбеймесе, азаймай отыр. Күннен күнге жағдайдың шиеленісе бастағанын көрген уақытша билік бүлікті дер кезінде күшпен болса да басуды жөн деп санаған сыңайлы. 

Қазір Египетте төтенше жа­ғдай жарияланған, он шақты ірі қаласында коменданттық сағат күшіне енді. 

Египеттің вице-президенті Мұхаммед әл-Барадейдің қанды сәрсенбіден соң өз еркімен отставкаға кетуі саяси жағдайдың одан әрі шиеленіскенінен хабар береді.

Египет армиясының басшысы Абдул Фаттах Сиси «қанды сәрсенбіден» соң да айылын жимапты. Ол өткен жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде үкіметке қарсы шеру ұйымдастырған топқа қарсы күш қолдану мүмкін екендігін ескертті. Сиси мырзаның қоқан-лоққысы діттеген жеріне жетті: осы күнге жоспарланған Мурсиді қолдаушылардың екі бірдей шеруі өткізілмей қалды. Бір күн бұрын көзден жас ағызатын газ қолданған қауіпсіздік қызметкерлері Каир мешіттерінде «тазалау операцияларын» жүргізді.

Екінші жағынан, ол жұрт­шылықты «армия билікті басып алуды көздемейді» деп сендіруге тырысты. Бұған қоса, Сиси мырза Мурсидің мұсылман жақтастарын алдағы саяси процестерге белсене атсалысуға шақырды.

Бірақ «Мурсиді қайтар!» ұранын жалаулатқан «Мұсылман бауырлар» мүшелері өз талаптары орындалмайынша,  саябыр табар емес. Кей деректерге қарағанда, Мурсидің өзі жақтастарын «қасық қаны қалғанша» күреске шақырған көрінеді. 


Қанға бөгіп, шығынға батты

Мысыр халқы ел ішіндегі толқулардың теріс салдарларын қазірден-ақ сезінуде. Ең бастысы, соңғы жылдары бюджеттің кіріс бөлігінің басым бөлігін құрайтын туризм саласы ақсап қалды. Соңғы кезде бұл елге саяхаттайтын шетелдік туристер саны күрт азайды. Египет уақытша үкіметі «курорттық аймақтарда жағдай қауіпсіз» екенін айтып, ресми мәлімдеме жасағанымен, ел имиджіне нұқсан келгені айдан анық. Жақын күндердің бірінде Египет Туризм министрі Хишам Заазуа Қызыл теңізге шомылып, демалыс ұйымдастырғысы келген туристердің басына төнген еш қатер жоқ деп мәлімдеді. «Қызыл теңіздегі жағдай толығымен тұрақты әрі қауіпсіз», – деді ол. 

Бірақ елдегі саяси жағдай тұрақтанбай, халықтық толқулар басылмай, туризмнің тұралағаны – тұралаған.

Ресей сыртқы істер министрлігі тамыз айының ортасында жергілікті азаматтарға Египетке саяхат жасаудан бас тартуға үндеп, мәлімдеме таратты. 

Көптеген ресейліктер Египетке алдын ала сатып алынған жолдамаларынан бас тартып, басқа аймақтарға бағыт алды. Қазірдің өзінде Ресейде бұл елге туристік жолдамаларға деген сұраныс 30 пайызға азайып кеткен. 

Сондай-ақ Қазақстан сыртқы істер министрлігі де өткен аптада Каир, Александрия, Луксор сияқты ірі қалаларға демалысқа аттанудан бас тартуға шақырды. 

Жалпы, Мысыр туризмінің көрігін кешегі кеңестік елдердің азаматтары қыздыратыны түсі­нікті. Сондықтан да Египет билігін Ресей, Қазақстан, т.б. елдердің өз азаматтарының бұл елге саяхат жасауына тосқауыл қоюы алаңдатады.

Ол тіпті мүдделес елдердің қарулы күштері, қауіпсіздік қызметкерлерін курорттық аймақтарға шақырып, Қызыл теңіздегі жағдайдың тұрақты екенін, қауіпсіз екенін өз көздерімен көріп қайтуға шақырды.

Туризмнің ақсауынан бөлек, Египет шетелдік инвесторлардың алдында абырой-беделінен жұрдай болуға айналды. Екі жылға созылған бейберекетсіздіктің түр-сипаты өзгеріске түскенімен, уақыт өткен сайын елде тұрақсыздық синдромын еге бастағаны анық еді. Қазіргі таңда Мысырдағы жағдай қашан сабасына түсіп, дұрысталады дегенге бірде-бір сарапшы сенімді түрде болжам жасай алмас.

Сондықтан Египетпен эконо­микалық байланыс орнатқан мемлекеттердің дені бұл елдегі ірі жобаларын тоқтата тұруға дайын.

Мысыр тыныштала ма?

3 шілдеде әскердің күшімен билікке келген уақытша үкімет енді «Мұсылман бауырлар» ұйымын тарату қамына кірісті. 

Мурси осы ұйымның мү­шесі болғанымен, оның белді көшбасшыларының бірі болды деу қиын. «Мұсылман бауырлардың» рухани басшысы 70 жастағы Мұхаммед Бадиа еді. Уақытша өкіметтің өкімімен ол 15 тәулікке тұтқындалып, Каирдің оңтүстігіндегі Тура түрмесіне қамалды. Оған жергілікті билік маусым айында сегіз бірдей адамның қазасына себеп болды деген айып тағып отыр. 

Ал «Мұсылман бауырлар» бұл кезде өздеріне жаңадан басшы сайлап та үлгерді: енді олардың рухани басшысы Бадианың орынбасары Махмұд Эззат.

Мысыр халқының тоқсан па­йызы мұсылмандар саналғанымен, олардың білім мен біліктілік дең­гейі, дүниетаным көкжиегі күмән туғызады. Елді жаппай сауатсыздық жайлағаны жасырын емес. Ендеше, Мурсидің бір жарым жыл бұрын сайлауда билікке келуінің себебін оның саяси тұжырымдамасының артықшылығынан іздегеннен гөрі, тұрмыстық санада исламдық көңіл-күйдің басым түскенінен ғана көрген дұрыс сияқты. 

Бірақ соңғы күндердің оқиғалары көрсетіп бергеніндей, Мурси өкіметі халықтың көпшілігінің қолдауына ие. Ендеше, егер армия «Мұсылман бауырларға» алдағы саяси додаға қатысуға мүмкіндік берсе, бұл ұйымның тағы бір өкілі көпшілік қолдауына ие болып, жеңіске жетуі мүмкін. 

Бірақ әскерилердің бір жарым жыл бұрынғы қатеге қайтадан бой алдыруы да екіталай. Уақытша үкімет «Мұсылман бауырлар» ұйымын заңсыз деп таратуға қарекет жасап жатыр деген сыбыстың тарауы тегін емес, сірә. Оның үстіне, бұл ұйымның қолға түскен 37 мүшесі тұтқында отырған жерінде көз жұмуының кездейсоқтық болуы  да неғайбыл.

Ал экс-президент Хосни Мүбарак жақын күндері тұтқыннан босайтын болса, елдегі саяси тұрақсыздықты одан әрі ушықтыруы, сөйтіп, мұсылмандардың басы дауға шатылуына үлес қосуы әбден мүмкін.


Батыс  дағдарып, мұсылман елдер қолдап отыр

Әлем Мысырдан қанша өзін бүркемелесе де, бұл елдегі өрттен сырт қала алмайтынын түсінген сияқты. Осының бір айғағындай, «Мурсиді қайтар!» деген ұран жазылған қағаздары бар бір шоғыр топ өткен жұма күні Париждің ортасында шеру өткізді. 

Билікке әскери көмектің арқасында келген уақытша үкімет халықаралық қауымдастықты өз әрекетінің дұрыстығына, заңдылығына сендіруге барынша тырысып-ақ жатыр. Египеттің БҰҰ-дағы өкілі Мутаз Ахмадейн Халил БҰҰ Қауіпсіздік  Кеңесінде сөйлеген сөзінде өз еліндегі жағдайды «Әскери қақтығыс емес» деп сипаттап, «әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке еш қатер төндірмейді» деп түсіндірген. 

Мурсидің өкіметі биліктен күшпен тайдырылғанда шұғыл әрекет жасамаған халықаралық қауымдастық енді үнсіз қалудың жөнін таппады. «Қанды сәрсенбіден» кейін Каирдегі жағдайға бей-жай қарап отыру мүмкін емес-тін.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун «Мұсылман бауырлар» ұйымының тұтқындағы мүшелерінің қаза табуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл ұйымға саяси әрекет ету еркін беріп, бұрынғы президент Мұхаммед Мурсиді тұтқыннан босату керек немесе оны сот арқылы жауапқа тарту керек.

БҰҰ Египеттегі саяси жағдайға байланысты суыт кеңес өткізді. Журналистерді кіргізбей, жабық есік жағдайында өткізілген кеңесте халықаралық қауымдастық өкілдері қандай шешімге келгені әзірге белгісіз. Бірақ БҰҰ Египеттегі жағдайды тұрақтандыруға байланысты стратегиясы әлі дайын емес. 

Бірақ кеңестің АҚШ немесе Израиль емес, Ұлыбритания, Франция, Австралия өкілдері тарапынан шақырылғанында гәп бар. Бұл елдер осыған дейін Египеттегі саяси жүйенің демократиялы жолмен емес, қару-жарақ күшімен ауыстырылғанын ашық сынаған болатын. Ал Египетті экономикалық және әскери көмекпен қамтамасыз етіп отырған АҚШ бұл жағдайда белсенділік таныта алмай, дымы құрып отыр.

Ақ үй өткен айдағы Мысырдағы оқиғаларды «әскери төңкеріс» деп таныса, онда жыл сайынғы 1,3 млрд. долларға татитын экономикалық және әскери көмекті доғаруға мәжбүр болар еді. Сондықтан да АҚШ-тың басындағы хал  «былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дегенге ұқсайды. 

Көптеген мемлекеттердің Мурсидің зорлықпен тақтан тайдырылуына селқос қарағаны рас. Әйтеуір, бір жарым жылдай уақыт бұрын демократиялы сайлау жолымен президенттікке сайланған ел басшысын әскерилер бір-ақ күнде пұшайман күйге түсіруі халықаралық қауымдастық тарапынан айтарлықтай айыпталмады. Тіпті, әшейінде «адам құқығы» құндылықтары мен демократиялық түсініктерді қызғыштай қорғайтын халықаралық ұйымдар меп алпа­уыт елдер бұл жолы әліптің артын баққандай үнсіз қалған. 

Алайда өткен аптада әскерилер наразылық шеруіне шыққан қара халықты қойдай қырған соң, халықаралық қауымдастық бұдан әрі үнсіз қалудың жөнін таппады.

Еуропалық елдер сыртқы істер министрлері осы аптада бас қосып, Египет мәселесін ортаға салмақ.

АҚШ президенті Барак Обама үкімет тарапының халыққа қарсы күш қолдануын айыптаса да, америка-египет қарым-қатынасының маңызды екенін айтып, алдыңғы сөзін жуып-шайғандай болды. Human Rights Watch ұйымының өкілі Хеб Мораеф халықаралық қауымдастық Египет билігінің тағы да зорлық-зомбылық жасауына жол бермеуі керектігін мәлімдеді.

Батыс елдерінің екіұдай ұстанымы Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштонның іс-әрекетінен анық көрінді.  Ол кешегі аптадағы қанды қасапты қатаң айыптады. Бірақ осыдан бір ай бұрын әскерилердің билікке келуін құптап, «елдегі бірден-бір қауіпсіздік кепілі» деп атағаны да ұмытыла қойған жоқ. 

Осылайша, батыс демократтары Мысырға қатысты саясатта бірізділік таныта алмай отыр. 

Ал Сауд Арабиясы, Иордания, Кувейт, БАӘ елдері уақытша өкіметтің іс-әрекетін қолдайтынын жасырмайды. Ислам мемлекеттерінің өздері билікке заңды жолмен келген мұсылмандарға қарсы әрекет етуі дінаралық алауыздықтың қаншалықты ушыққанынан хабар береді. Араб елдері Египет ішкі жағдайды өзі реттеуі тиіс деп танып, халықаралық қауымдастықты оған араласпауға үндеп отыр.

Reuters агенттігі Сауд Арабиясы королінің Мұхаммед Мурси жүйесін «террористік» деп атағанын хабар етіп таратты. 

Ал Түркияның премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған өткен аптадағы оқиғаларды «демократияға оралу үмітіне берілген ауыр соққы» деп баға берді. Ол батыстық елдердегі әріптестеріне ашық үндеу тастады: «Мен батыс елдеріне үндеу жасаймын. Сіздер Газаға қатысты жағдайда үнсіз қалдыңыздар, Сирияға қатысты жағдайда үнсіздік сақтадыңыздар. Сіздер Египетке қатысты жағдайда да үнсіз отырсыздар. Ендеше, сіздер демократия, бостандық, ғаламдық құндылықтар мен адам құқығы жөнінде бұдан соң не демекшісіздер?», – деді. 


Каирде 120 отандас  жүр

Қазақстан сыртқы істер министрінің мәліметіне жүгінсек, қазіргі таңда Мысырда 500 адам консулдық тіркеуде тұр. Египетте бүгінгі таңда 150 қазақстандық жүр екен, оның 136-сы – студенттер. Жалпы алғанда, Каирде біздің елдің 120 азаматы тұрады. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов: «Қажет болған жағдайда азаматтарымызға қажетті көмек көрсету үшін барымызды саламыз», – деп мәлімдеді. 

Сондай-ақ баспасөз хатшысы Мысырдағы Қазақстан елшілігінде дипломаттардың кезекшілік атқаруға кіріскенін хабарлады. Бірақ, өкінішке қарай, сыртқы істер министрлігінде Мысырда демалушы қазақстандық туристердің санына қатысты ақпарат жоқ болып шықты.

Қазақстанның Мысырдағы саяси жағдайға қатысты ресми көзқарасын сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлім етті: «Қазақстан мысырлық азаматтар арасында көптеген адам шығынына әкелген Египеттегі қақтығыстарға орай өзінің алаңдаушылығын білдіреді. Біз Египет Республикасының уақытша үкіметін елде азаматтық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету үшін саяси диалог орнатуға әрекет етуге үндейміз», – деді.  

Египет премьер-министрі Хасем Беблауи халықаралық қауымдастық алдында репресссия жасауға мәжбүр болғанын айтып, ақталуда. Оның айтуынша, үкімет анархияны тоқтату үшін, осылай ғана әрекет етуі тиіс еді. Ол «мысырлықтар азаматтық басқару формасындағы де­мократиялық мемлекет құ­рады» деп уәде беріп отыр. 

Тарих талай қанды қасап жасаушы билеушілерді ақтап алған. Бірақ билікті күшпен тартып алып, енді  оған наразы халыққа қару қолданған Мысыр уақытша үкіметінің жазықсыздар қанынан тазалануы қиын болатын шығар. Қалай дегенмен де, Мұхаммед Мурси Египеттің демократиялы жолмен сайланған бірден-бір президенті болатын.

Бірақ оның суреттері қазір Каир көшелерінде қанға боялып, аяқ астында тапталып жатыр…

Мысыр демократиясының бүгінгі көрінісі осындай…

Гүлбиғаш  ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары