Түркия қазақтары Ыстамбулда бас қосты

Түркия қазақтары Ыстамбулда бас қосты

Түркия қазақтары Ыстамбулда бас қосты
ашық дереккөзі
245

058e9eb9e1f048f4338ffa1d720f7e36.jpg

Еуропадан елеңдеп жеткен ағайын Ыстамбул қаласында Түркияның Измир, Ниде, Маниса, Коня, Анкара сынды шаһарларынан ағылған бауырларымен қуана қауышты. Шараға мұрындық болған аталған қаладағы «Қазақтардың қоғамдық қоры» алыстан ат арытып келген меймандарға алдымен арнайы қой сойып, қонағасы берді. Сондағы қазақтардың арасынан шыққан санаулы ғалымдардың бірі- тарих ғылымдарының докторы, доцент Ибрахим Қалқан Түркиядағы қазақтардың кешегісі мен бүгініне қатысты кең ауқымды баяндама жасады. Жуырда Түркияда «Домбыра пати» ұйымдастырған жастар  бар өнерлерін ортаға салды. Атадан мирас болып келе жатқан қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен жастар қара өлең шырқаудың да шеберлері екенін көрсетті.

1550f623816dc7ee8843dc557915d8dc.jpg

Мұндай шараның «Қазақтардың қоғамдық қоры» ұйымдастыруымен жүзеге асқанын айтқан абзал. Оның бастығы Желал Қахарман: «Бұл құрылтай мен турнир біраз жыл араға салып барып, қайта қолға алынған алғашқы шара. Амандық болса, мұны алдағы жылдары да жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Құрылтай жоғары деңгейде өту үшін қордың басқару кеңесі мен мұндағы бауырларымыз және достарымыз барын салды. Сондықтан осындай жұмыстардың басы-қасынан табылған әрқайсысына алғыс білдіремін. Бірлік-берекеміздің артуы үшін мұндай жиындардың маңызы ерекше», – деді.

Құрылтай барысында еңбектеген жастан, еңкейген қартқа дейінгі жұрт назарын аударған футбол турнирі болды десек артық болмас. Түрік футболы бүгінде әлемге белгілі. Сол себепті, Түркияда футбол ең танымал спорт түрі. Соның да ықпалы болса керек, аталған елде өмір сүріп жатқан қазақтардың да басым көбінің ала доп десе делебесі қозады. 

234487fca2924a9235f4dba370b3694b.jpg

Мұндағы қазақтар асқар Алтайдан алыстап, түрік бауырларымызды пана тұтып келгеннен бергі уақытта біраз футбол командасын құрған болатын. Мәселен, «Түркістан Спорт», «Түркістан Зейтінбурну», «Коняқазақ жастары», «Күчүкчекмеже қазақ жастары», «Салихлы қазақ спорт», «Алтай спорт» пен «Гюнешлі Алтай» т.б. сынды команда аттары мұндағы қандастарымызға етене таныс. Тіпті, осындағы қазақтардан құралған бір команданың Түркия әуесқой футбол лигасында ойнаған кездері де болды. Өкінішке қарай, ол команда қазір жоқ. Қаржылық қолдау болмай, тарап кетті. Сонымен қатар, қаракөз қандастар арасынан доп тебуге икемі бар біраз кәсіби футболшылар да шықты. Атап айтқанда, әйгілі «Фенербахче» клубында ойнаған Алаттин Олжайды солардың бірі ретінде мысалға ұялмай келтіре аламыз. Жұмалы Зенгин есімді бауырымыз да кезінде аталған командада доп тепкен аз қазақтың қатарынан болатын. Үйлі-баранды болған екеуі қазір жастарға футбол спортының қыр-сырын үйретумен әлек. 

7b73f51eb16c3d6b58b0d23f22e18aa1.jpg

Футбол турнирінің атауы да ерекше болды: «Достық пен бауырластық» турнирі. Ораза айт күндері өткен аламан жарысқа Бақыркөй ауданының демеуі ерекше болды. Өз аумағына қарасты футбол өткізетін ашық стадиондарын тегін ұсынды. Әйтпесе, бұл спорт түрі жақсы дамыған елде ондай орындарды жалға алудың құны біршама қымбатқа түсер еді. 

Ұйsмдастыру жұмысына «Қазақтардың қоғамдық қорынан» басқа Ілияс Сақа, Жафер Ұшар сынды қазақтың атқамінерлері мен кәсіпкерлері қолдауларын аяп қалмады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген елміз. Бұл жерде сонау Алматы қаласынан Түркиядағы бауырларына қолын созған «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Оспановтай атымтай жомарттың орыны ерекше болды. Турнирге қатысқан ең мықты командалардың бірі – «Түркістан Зейтінбурнуға» қолдау көрсеткен оның мәрттігіне Түркиядағы бауырлары дән разы. 

Доп аламанына «Түркістан Зейтінбурну», «Салихлы Қазақ спорт», «Гүнешлі Алтай спорт», «Коня Қазақ жастары», «Күчүкчекмеже қазақ жастары» мен «Танымалдар» сынды алты команда қатысты. «Танымалдардың» құрамында Қазақстанның Ыстамбулдағы Бас консулдығының консулдары да болды.

Доп қуғандарды сырттан бақылағандар ара арасында әкелер мен балалар арасындағы ойынға куә болғандай күй кешер еді. Жастар жалындап тұрса, жүгірісі пен қозғалысы баяулаған аға буын…. Алайда, ересектер шаршы топта шалт қимылдап, шапшаң шешім қабылдай алатындықтарымен де жұртшылықты ерекше сүйсінтті. 

c3b8106b8bdfe82a68983b744a7a7cc4.jpg

Төрт күнге созылған жарыс жұртты жалықтырған жоқ,керісінше жандыра түсті. Ақтық сын ораза айтының соңғы күні болды. Бас жүлде үшін «Салихлы қазақ жастары» мен «Алтай спорт» бақ сынасты. Тартысқа толы ойын нәтижесінде «Салихлы қазақ жастары» салиқалы ойын өрнегімен чемпион атанды. Жастар доп додасы бітісімен барлығы бір атаның баласындай Алтайдан бері дәстүр боп келе жатқан «Қара жорға» биіне баса жөнелді. Делебені қыздырған биден соң марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздармен қоса, Еуропа мен Түркиядағы қазақтардың бірлігін бекемдеп, берекесін күйттеп жүргендерге де алғыс білдірілді. 

e9393d7d7e8237fe066766e24872e858.JPG

Құрылтай мен футбол турнирі Еуропа мен Түркияда тұрып жатқан қазақтарды тағы бір мәрте өзара жақындасуына, мәре-сәре болуына оң ықпалын тигізді. Жазғы демалыс уақыттары тиімді пайдаланған еуропалық қазақтар Анадолыдағы бауырларына келіп, мауқын басып, көңіл ашып, әсіресе, жастар жағы бір-бірімен жақын танысты. Асылында, құрылтай мен турнирдің негізгі көздеген мақсаты да осы болатын: «қосылған озады, айырылған тозады»…

 Ертугрул Ербаш, Ыстамбулдан

 Суреттерде: Ыстамбулдағы құрылтай мен футбол турнирінен көріністер

Серіктес жаңалықтары