ХХІ ҒАСЫР ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ҒАСЫРЫ БОЛМАҚ

ХХІ ҒАСЫР ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ҒАСЫРЫ БОЛМАҚ

ХХІ  ҒАСЫР  ТҮРКІ  ӘЛЕМІНІҢ  ҒАСЫРЫ  БОЛМАҚ
ашық дереккөзі
254

Бұл айтулы жиын тағдырдың тәлкегімен әлемнің әр түкпіріне тарап кеткен, кезінде дүркіретіп империя құрған түркі тектестердің көкейінде үміт отын жақса, бұрынғы метрополиялардың сақтануына түрткі болған сияқты. 


БҮКІЛ ҒАЛАМҒА «ТҮРКІ ӘЛЕМІ» БРЕНДІ ПАШ ЕТІЛДІ

Үлкен Кавказдың әсем табиғатты тау баурайында, Габала қаласында түркі әлемі лидерлерінің ІІІ саммиті болып өтті. Бұл мекен ежелгі Әзірбайжан қалаларының бірінен саналады. Салынғанына 2000 жылдай уақыт болған. Түркі елдері лидерлерінің мұнда басқосуы да тегін емес, оның өзіндік символикалық мәні бар дейді сарапшылар. Өйткені мұндағы негізгі қозғалған мәселе – өткен тарих пен бүгінгі күнді байланыстыру. Түркі елдерінің кеңесі – 2009 жылы, Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен құрылған еді. Бүгінде бұған төрт мемлекет – Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан және Қырғызстан елдері мүше. Посткеңестік мемлекеттердегі түркі елдері санатындағы – Түркіменстан, Өзбекстанның одан бойын аулақ салып жүрген жайы бар. Бүгінгідей айтулы жиынға Түркі кеңесіне мүше елдердің басшылары – Абдолла Гүл, Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Алмазбек Атамбаев келді. Сонымен қатар, Түркіменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сапар Тойлиев ат басын бұрса, Өзбекстан ешқандай өкілін жібермеген екен. Кезінде Түркияның президенті Тұрғыт Өзал «Түріктің түріктен өзге досы жоқ» деген еді. Өткен ғасырдың басында Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов армандаған үлкен Түркістан идеясының жүзеге асуына бүгінде мүдделілер де, оны қаламайтындар да түркітектестер арасында баршылық. Кейбір геосаяси жағдаяттардың салдарынан бұл жиынға мүдделі болса да, келе алмайтындар да бар. Ғасырлар бойы Ресейдің бұғауынан бұлқынып шыға алмай отырған Башқұртстан, Татарстан, Дағыстан секілді түркі мемлекеттерінің де бұл жиынға ашық түрде қатысуы мүмкін емес. Дегенмен, ата-бабаларымыз аңсаған үлкен Түркістан идеясының алғашқы іргетасы қаланды деуге де болады. Бұл ретте бүкіл түркі елдері бір шаңырақ астында бас қосып, үлкен бір держава құруды аңсаудың қажеттілігі шамалы. Тек түркі тектестердің өзара қарым-қатынасының нығайып, сауда айналымының өсіп, рухани бірліктің күшейгені қажет. Елбасы дәл осы мәселеге орай Түркі мемлекеттерінің «Түркі әлемі» атты брендті әлемге паш етуі қажеттігіне тоқталды:

– Ұйым экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің артуы «Түркі әлемі» атты ортақ брендті жер-жаһанға танытып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Түркітілдес елдердің Саммитінде түркі дүниесінің өзара бірлігі, сауда қарым-қатынасы, мәдени рухани байланысы негізгі әңгіменің арқауы болды. Мәселен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес елдердің орта жалпы ішкі өнімі 1 триллион 150 миллиард долларға жетіп отырғанына қарамастан, сауда айналымының көңіл көншітерлік емес екендігіне тоқталды. 

– Бүгінгі күні тәуелсіз 6 түркітілдес мемлекеттің ортақ жалпы ішкі өнімі 1 триллион 150 миллиард долларға жетіп отыр. Осыған қарамастан, елдер арасындағы сауда айналымы әлеуетімізге сай емес. Мәселен, 2012 жылғы деректер бойынша, Қазақстанның түркітілдес елдермен сауда көлемі небәрі  8 миллиард доллар болды. Қазақстанның жалпы сыртқы саудасында 5 түркітілдес елдің жиынтық үлес салмағы 6 пайызға да жетпейді, – деді Қазақстан Президенті.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев «ХХІ ғасыр түркі әлемінің ғасыры болады» дегенді айтты сеніммен. 

– Біздің елдердің мүмкіндігі өте зор, ортақ іс-қызмет, Ортақ іс-шаралардың Кеңесі секілді әріптестіктің маңызды форматы бар. Біз барлық позитивті тенденцияларымызды күшейтуіміз керек. Меніңше, бүгінгі саммит осы мақсаттарға қызмет етуі керек әрі табысты нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдемін. Біздің тамырымыз тым тереңнен тартады. Мейрамдарымыз ортақ, тіліміз ұқсас. Демек гуманитарлық сала біздің қарым-қатынасымыздың негізі болып саналады. Соның арқасында біз бүгінгідей деңгейге жетіп отырмыз, – деді ол. 

Түркі мемлекеттерінің өзара қарым-қатынасындағы ең үлкен ірі проблемалардың бірі – көлік дәлізінің дамымай отырғандығы. Қазақстан мен Қырғызстанның Әзірбайжан мен Түркияға шығар жолы не теңізбен, не әуе қатынасымен ғана. Ал өзара коммуникацияның дамымауы елдердің ортақ сауда айналымына кедергі келтіріп отырғаны және бар. Сол себепті де Елбасы түркі елдері арасындағы жол қатынасына ерекше мән берді:

– Көлік және коммуникация­лар экономикалық қуатымызды дамытуға негіз болуға тиіс. Бүгінгі басқосуымыздың осы тақырыпқа арналуы бекер емес. Біз 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдауды екі есе,  2050 жылға қарай он есе арттыруды көздеп отырмыз. Келешекте ел аумағы арқылы жүк тасымалдауды жылына 50 миллион тоннаға жеткізу жобалануда. 2011 жылы Ресей, Қытай және Германия­мен бірігіп, Қытайдан Германияға Қазақстан арқылы өтетін «Чунцин – Дуйсбург» контейнерлік пойызын іске қостық. Биылғы жылғы мамыр айында «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолының қазақ-түркімен бөлігін ресми түрде түйістірдік. Енді біз «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолының тезірек іске қосылуын күтеміз. ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізі аясындағы көлік контейнерлік пойызының жобасы да маңызды. Өзара сауда айналымы мен көлік әлеуетін ілгерілету үшін кеден саласындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Ол үшін халықаралық стандарттар мен озық технологияларды тиімді пайдалану керек, – деді Қазақстан Президенті. 

Дәл осы көлік дәлізі проблемасына тоқталған Түркия президенті Абдолла Гүл де Мәрмәр теңізінің астымен темір жол тартуды мақсат етіп отырғанын жария етті. Бұл жолғы саммиттің тақырыбының көлік және коммуникациялар мәселесіне арналып отырғанының маңыздығын сөз еткен ол, түркі елдерінің темір жол байланысын дамыту қажеттігіне тоқталды:

– Өйткені, – деді ол, – аталған мемлекеттер өзара құрлық жолмен байланыспайды. Әзірбайжан мен Түркияның өзі Нахчиван автономиялы республикасын есептемегенде, құрлық арқылы шекараласпайды. Қазақстан мен Қырғызстанмен де жағдай солай. Сол үшін Баку, Ақтау және Түркіменбашы қалаларының арасын жалғайтын паромды дамыту керек. Ыстамбұлдың еуропалық және азиялық бөлігін жалғастыру мақсатында Босфор бұғазы арқылы теміржол жер асты жолы салынып жатыр, оның да маңызы зор деп есептеймін, – деді ол. 


РЕСЕЙ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Әзірбайжанның Кедендік одаққа енуін талап етуден танбай келе жатқан Ресейдің үрейін ұшырғаны да түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтастығының артуы. Түркі тілдес мемлекеттердің Саммиті өтіп жатқан тұста Әзірбайжанға РФ президенті В. Путин де ат басын тіреді. Бұған дейін Әзірбайжан мен Ресей арасында туындаған түсініспеушіліктің бұлты да осы кездесуде ыдырады. Сарапшылар Путин мен Әлиевтің тіл табысуына Назарбаев ықпал етті деген болжам жасайды. Бұндай мәлімдемелер ресми және тәуелсіз ақпарат құралдарында кеңінен жария етілгенімен, ресми мәлімдемелер болмағанын байқаймыз. Ақпарат құралдарының айтуына қарағанда, Ильхам Әлиев пен Владимир Путиннің өзара қандай мәселелерді сөз етіп, не жайында келіссөз жасағаны беймәлім. Алайда өзара келіспеушіліктерге нүкте қойылған. Үшінші мерзімге қайта сайлануды мақсат еткен Әлиев өзінің тағы үшін елінің геосаяси мүддесін құрбан ете ме, жоқ па, ол жағы беймәлім.

 Путинді мазасыздандырған тағы бір мәселе бар. Ол Баку, Анкара, Тбилисидің әскери одағын құруды мақсат етуі. Мәскеудің мақсаты – Түркияның алдын алып, Бакуде ресейлік әскери техникаларды көптеп әкелу. Энерготасымалдардың Ресейді айналып өтуіне тосқауыл қою, т.т. Ресей ол үшін қолда бар экономикалық және геосаяси көзірлерін пайдаланбақ. Осы жолғы Әзірбайжанға жасап отырған қысымының негізі – Армениямен арадағы әлі күнге дейін шешілмеген Таулы Карабах мәселесі, Әлиевтің тағын сақтауда көрсетер ықпалы. Сол себепті де Әлиев Путиннің ығына жығылудан өзге амал таппай отырған секілді. Демек Кедендік одақ экономикалық одақтан гөрі саяси одаққа көбірек ұқсап барады. Оған қосылғысы келмегендерге қарсы амалдар қолдану арқылы-ақ, одаққа күшпен енгізу көзделіп отыр. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары