СЫР ЕЛІНДЕ

СЫР ЕЛІНДЕ

СЫР ЕЛІНДЕ
ашық дереккөзі
381

Жаңарған ҚЫЗЫЛОРДА

Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818 ж., Перовск – 1853 ж., қайтадан Ақ­мешіт – 1922 ж., Қызылорда – 1925 ж.), әр кезеңде Сыр бойы атырабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты. Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды.

1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. Қалада 4 сыныптық мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмен, ұста дүкендері жұмыс істей бастады. 1905 жылы Орынбор – Ташкент темір жолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1917 жылы 30 қазанда Перовскіде Кеңес үкіметі орнады. Жаңа үкімет үшін болған ұрыста А.Першин, Н.Шумилов, Н.Селиверстов тағы басқа жауынгерлер ерлік үлгісін көрсетті. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанып, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасына айналды. 

Ал 1938 жылы Қызылорда облысы құрылды. 1960-70 жылдары қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрика іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді мекендері арқылы қала көлемі ұлғая түсті. Осы жылдары Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеп, көптеген мектеп үйлері жаңадан салынды. 1980-90 жылдары қазіргі Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді.

“КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ”

Екі ғасырға жуық тарихы бар Қы­зылорда қаласы туралы тарихтан қарпып алып, сарқып салып айтатын дерек көп. Десе де қазақтың “Көш жүре түзеледі” деген көшелі сөзіне алып қосар не бар дейсіз. Бұл қаланың шын мәнінде, өзегінде өзгеріс, келбетінде келісті пішім қалыптасып, қолтығы кеңіп, тұрмысы түлей бастаған кезеңін тәуелсіздік жылдарымен тамырластыруға болар еді. Ел егемендік алып, нарық қарымы арындаған сайын ажарына әрленіп, іргесі кеңейген шаһардың кеше мен бүгіні арасында үлкен алшақтық бар. Біле білсеңіз, Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи қала жыл санап, жыл санап емес-ау ай санап сұлудай сәулеттеніп келеді. Ал сәулеттің дәулеттен тұратынын бағамдау екінің біріне түсінікті. 

Арыға арындамай, бүгіннің бітімін айтсақ, әсіресе осы жыл көне шаһарға ерекше көрік әкелердей болып тұр. Елбасының “Алаштың анасы” деп төре баға тарту еткен киелі Сырдың жүрегінде, тіршіліктің тың лүпілі пайда болды. Әрбір істегі сарын мен қырым Мемлекет басшысының Жолдауынан тін тартқандай жасампаздыққа жол салып барады.

ӨНЕРКӘСІП және БЮДЖЕТ

Біз жүгінетін мынадай дерек бар. Қазір Қызылорда облысында өндірілген өнімнің 95 пайызы қаланың үлесіне тиесілі болуы, оның стратегиялық маңыздылығын айқындап отыр. Осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысымен қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 611 млрд. 999 млн. теңгенің тауарларын өндірген. Мұның ішінде кен өндірісі жалпы өнімнің 96,9 пайызы болса, бұл дегеніңіз, 586 млрд. 250 млн. теңгенің өнімі екенін көрсетеді. Айта кетейік, есепті мерзімде 5 млн. 229 мың тонна мұнай, 716,3 млн. текше метр табиғи газ өндіріліп отыр. 

Ал өңдеу өнеркәсібінің өнімі 13 млрд. 160 млн.теңгені құраса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14,7 пайызға артқан. Жеңіл өнеркәсіптің де желісі жаман емес, 6,4 пайызға өсім бар. Мұнымен қоса тамақ өнімдерін өндіру 34,2 пайызға ұлғайып отыр.  

Қабылданған шаралар салық жүйе­сін де біршама ширатып тастады. Нәтижесінде алғашқы алты айда бюджет кірісі 16 млрд. 261 млн. 500 мың теңгеге (105,2%) орындалды. Өзге де кірістерден 4 млрд. 842 млн. теңге жинақталса, бюджет қоржынына 827 млн. 700 мың теңге артығымен түскен. Қысқасы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 17 пайызға артып, қала бюджеті жыл басында бекітілген 23 млрд. 699 млн. теңгеден 31 млрд. 954 млн. теңгеге жетіп отыр. Бұл облыс орталығында қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуының айғағы.

АСЫРАУШЫ САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ

Сыр елі шаруаларына тән егін мен мал шаруашылығы қала мен оған қарасты ауылдарда да ертеден қалыптасқан. Өткен алты айдың өзегінде бұл саланың өнімі 426,6 млн. теңгені құрап отыр. Ебін тапқанға “Сыбағаның” да сый аз емес. Осы бағдарлама аясында есепті кезеңде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 4 шаруа қожалығы 20 млн. 500 мың теңге несие алып, ет бағытындағы асыл тұқымды және аналық мал басын арттырды. Ендігі меже жыл соңына дейін шаруа қожалықтарына 24 млн. теңгеге дейін несие жеткізу. 

Баққанға біткен мал емес пе! «Сы­бағаның» желісіндегі жобалардың сәтті шығуы мал шаруашылығына жаңа серпін беріп келеді. Сондай-ақ, қалалық шаруашылықтар түліктің қай түрі болса да тұрақты өсім барын жасырмайды. Мәселен ірі қараның саны 15,1 пайызға өссе, бұл сүт өндірудің 12,4 пайызға артуына қол жеткізіп отыр. 

Көктемнен қара күзге дейін бел суытпай бейнет ететін диқанның қамбасы да биыл өнімді болса керек. Барлығы 6717 гектар жерге түрлі дақылдар еккен еңбеккерлер, өткен жылдан 154 гектар алқапты артық игеріп отыр. 

Көкөніске келгенде Сырдың қабілеті олқы соғып жататын. Енді жылыжайға жасалып отырған жағдай бәсекедегі бұл мәселенің де нобайын таба бастаған секілді. Қазір қалада 22 жылыжай жұмыс жасап тұрса, алдағы қыркүйек айында жаңадан 120 жылыжай іске қосылмақ. Демек, Қызылорда қаласының тұрғындары жергілікті, қолайлы әрі сапалы көкөніс өнімдеріне қол жеткізетін болады. Мамандардың пікірінше, жылыжай біткен жұмылып кеп берсе, сұранысқа қажеттіліктің 65 пайызы өтелмек. 

КӘСІП пен НӘСІП

Елбасының тікелей бастамасымен елдің тіршілік өзегіне жаңа сипатта қан жүгірткен “Үдемелі индустриалық-инновациялық даму” бағдарламасы Қызылорда қаласына да тың қозғалыс әкеліп отыр. Осы бағдарлама және онан тыс биыл қалада құны 2 млрд. 754 млн. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Бұл жаңадан 319 адамға жұмыс орны ашылады деген сөз. Бір ғана мысал осы кезде жеке кәсіпкер Досболов «Гигиеналық өнімдер шығаратын цехтың құрылысы» жобасын іске асырып, алғашқы өнімдерін шығару үстінде. 

Өткен алты айдың ішінде шаһарда кәсіпкерлер саны 5045-ке артқан. Шағын несие ұйымдары арқылы қаржыландырылған жобалардың көлемі салыстырмалы уақытта 47,9 пайызға ұлғайып отыр. Нәтижесінде жыл басынан бері шағын несие ұйымдары арқылы 1 млрд. 354 млн. 368 мың теңге болатын 4386 жоба қаржыландырылған. 

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы экономикалық тұрғыдан белсенді және жұмыспен қамтылған халық санын арттыруға үлкен үлес қосуда. Бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 207 млн. 300 мың теңгеге 545 тұрғын әлеуметтік жұмыс орнымен, 329 жас маман жастар тәжірибесімен қамтылған. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін екінші бағыт бойынша бөлінген қаржы биыл бір жарым есе ұлғайды. 

Шағын несиені кәдеге жаратудың да өзіндік тиімділігі көрініп отыр. Мәселен, жыл басында бөлінген 142 млн. теңгенің 130 млн. 500 мың теңгесі берілсе, бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, осы жылдың екінші жартыжылдығына қосымша қаржы сұратылуда. Бұл қала тынысында еңбек қабілетінің арта түсуінің белгісі.    

Айта кетейік, осы жылдың басынан бері қалада 1658 жаңа жұмыс орындары ашылса, 1800 адам бос жұмыс орындарына орналасқан. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі облыстық көрсеткіштен 0,5 пайызға төмендеп отыр. 

ҮЙІ БАРДЫҢ КҮЙІ БАР

Әрине, тұрғын үй мәселесі – қашанда күн тәртібінен түспейтін келелі жағдай. Десе де Қызылорданың құрылыс алаңына айналып отырғанын жұрт көптен бері біледі. Қала аумағы қазір едәуір кеңейді. Кеңейіп қана қойған жоқ, жаңа мөлтек аудандар шаһардың жаңа келбетін қалыптастыра бастады. Айталық, жыл басынан осы кезге дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі өткен жылдан бір жарым есе асып, 50586 шаршы метрді құраған. Халық санының артуымен мемлекеттік бағдарлама аясында сұраныс білдірушілердің қатары еселеп өсіп отыр. Бұл ретте жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 3 млрд. 177 млн. теңгеге 26 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 684 отбасы жаңа пәтерде қоныс тойын тойламақ. 

Осы жылы тұрғын үй төңірегінде мықтап тұрып қолға алынған тағы бір келелі іс, көппәтерлі баспаналардың күрделі жөндеуден өткізу болып тұр. Білуімізше, тұрғын үй қорындағы баспаналардың 80 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді, 3 пайызы апаттық жағдайда. Осы апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін шешу үшін Титов мөлтек ауданында жаңадан 60 пәтерлік 6 үй салуға жер бөлінді. Қазір оның жобалық құжаттары әзірлену үстінде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қалалықтар арасында үлкен қолдауға ие болуда. Бағдарлама аясында соңғы екі жылда күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі үйлердің 9,5 пайызы қайта жаңғыртылған. Осының ықпалымен сол үйлердің нарықтағы құны өсіп, коммуналдық шығындар 15 пайызға төмендеген. Бұл сондай-ақ, халықтың тұрмыстық мәдениетіне де жаңа екпін бергендей әсер қалыптастырып отыр.


ШЕТ АЙМАҚТЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ – ШЕШІЛМЕЙТІН  ТҮЙІН ЕМЕС


“Елге ел қосылса-құт” дейді дана халық. Жыл санап Қызылорда шаһарында халық саны ұлғайып келеді. Бұл әрине, қала төңірегінің кеңеюінің белгісі. Ал осы шет аймақтар мәселесіне келгенде, жасыратыны жоқ бұған дейін алуан түйткіл алдымыздан шығып отыратын. Қазір бар мәселе түгесілді дейден аулақпыз, бірақ діттеген жерге табанды түрде көңіл бөлінсе иуі келмейтін шаруа жоқ. Міне, соңғы уақытта осы мәселеге орнықты түрде назар бөлінді. Халық жаңадан қоныстанған шет аймақтардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 1 млрд. 315 млн.теңге бөлініп, қазірде Ақжарма, Рисмаш, Жаңа ауыл, әл-Фараби, КБИ, СПМК-70, Шанхай шағын аудандары мен Амангелді, Сұлтан Бейбарыс көшелеріне 11,4 шақырым электр желісі, 70,7 шақырым ауыз су, 8,4 шақырым байланыс, 0,8 шақырым кәріз суы, 1,2 шақырым жылу және 1,4 шақырым ілеспе газ жүйелерін жүргізу жұмыстары қолға алынды. 

Осы арада айта кетейік, Қызылорданың бағына 2004 жылдан табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары басталған болатын. Қазіргі уақытқа дейін 15 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлініп, 485 көпқабатты тұрғын үй, 21330 жеке сектор және 630 әлеуметтік-тұрмыстық нысан газдандырылды. Бұл дегеніңіз,  жеке сектордағы үйлердің 80 пайыз, көпқабатты тұрғын үйлердің 76 пайызы көгілдір отын игілігіне қол жеткізді деген сөз. Ендігі кезекте, Тасбөгет кенті мен Талсуат, Қызылжарма ауылдық округтерін газдандыру жобалары сараптаудан өтуде. Сондай-ақ, Қызылорда облысының елді мекендерін толық газдандыру жобасы аясында қалаға қарасты аймақтарды, Белкөл елді мекенін көгілдір отынға қосу шаралары қарастырылып отыр. 

ЖАҚСЫ ЖОЛ ЖЕТІСТІККЕ АПАРАДЫ

Талап тегеурінді болса, тірліктен шикілік кетпеуі керек. Бұл тұрғыда облыс, қала басшылығының ұстанымы бүгінгі атқарылып жатқан істен айқын көрініс беріп отыр. Кезінде көше салынса артынан келеңсіз халі айдай болып жататын жағдай қазір мүлде өзгерген. Өркениет деген өлшемге үндес еңбек қалыптасып келеді шаһарда. Ал оған қол жеткізу үшін алдымен қаржының күрмеуін шешу болса, мұның да түйіні тарқатыла түскендей. Биыл қаланың коммуналдық шаруашылық саласына республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 2,3 есеге өсті. Қазір облыс орталығында ұзындығы 612 шақырымды құрайтын 765 көшенің 535-і асфальттанған (428 шақырым), 138-іне тас жол төселген (128 шақырым), ал 92-сі қара жол (56 шақырым). Жол түзелмей, тұрмыс түлемейтіні белгілі емес пе, соңғы уақытта бұл шаруаның жаңаша сипатын жұрт жақсы тани бастады. Республикалық, жергілікті бюджеттерден 5 млрд. 241,8 млн.теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 81 шақырымды құрайтын 73 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқын алып кетті. Сонымен қатар, қалалық бюджеттен бөлінген 95 млн.167 мың теңгеге 70 көшенің жолы ағымдағы жөндеуге алынды. 

Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен әуежайдан бастап қалаға дейінгі күре жолдың күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылуы қазір қала келбетіне жаңаша кескін қалыптастырып отыр. Орталық Жібек жолы көшесінің 6 жолақты болып кеңейтіліп, жаңғыртылуы алдағы 5 жылдықта орын алуы мүмкін көлік кептелістерін болдырмауға мүмкіндік бермек. Европалық стандартқа сай салынып жатқан келісті көше жолы енді біршама уақытта өз қызметіне толық кіріседі. 

Айтқандай, жаңа жолдың өзегіндегі үлкен сәулеттік өзгерістер бар. Оның алғашқысы жаңа үлгідегі бағдаршамдар болса, аялдамалар да әдемі кескінде бой түзеп тұр. Ал енді осындай көрікті көшеде қолайлы қатынас көліктерінің жүруі қала мәдениетін өсіре түсер еді. Байқасақ, бұл мәселе де қаперден қағыс қалмапты. Облыс басшысының тікелей қолдауымен бюджеттен 500 млн.теңге қаралып, үлкен сыйымдылықтағы 20 автобус алуға жұмыс жасалуда.

АБАТТЫ ҚАЛА – АЖАРЛЫ ҚАЛА

Тазалық баршаға ортақ. Ашығын айтайық, бұл жөнінен Қызылорда қаласа кенжелеп қалған еді. Енді қала да, сана да өзгере бастады. Алдымен халықтың тазалыққа жұмылуына жағдай жасалса, оған жанашырлықпен қараудың да өзіндік мәдениет қалыптасып келеді. Табан жолдың жөн-жосығын ретке келтіруге бағытталған жұмыс қазір қызу жүріп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық, қалалық бюджеттен 923 млн. теңге бөлінсе, бұл қаржыға 24,3 шақырымды құрайтын 20 көшеге аяқ жол салынып, 37 көпқабатты тұрғын үйдің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөндеуден өткізілуде. Мұны бір деңіз. Екіншіден, республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 537 млн. 900 мың теңгеге қалада ұзындығы 52,2 шақырымды құрайтын 43 көше, ауылдарда 32,3 шақырымды құрайтын 37 көше жарықтандырылуда. Сондай-ақ, 23 балалар спорт алаңы салынды. Ал санитарлық жағдайға келгенде тәртіп, тіпті нығайып келеді. Бұған дейін қалада тазалық жұмыстары 12 мердігер мекеме арқылы жүргізіліп келген болса, биыл аймақ басшысының тапсырмасымен «Қызылорда тазалығы» мекемесі құрылып, бұл саланың материалдық-техникалық базасы нығайды. 812 млн. 938 мың теңгеге жаңадан 92 техника алынса, тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелер екі ауысымда үзіліссіз жұмыс жүргізуде.

Қызылорда қаласы қазіргі уақыт толқынында осындай даму көрсеткіштерін бағындырып отыр. Шаһардың өмір тынысындағы әрбір өзгеріс, әрбір жаңашылдыққа деген қадамды жұртшылық қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлігімен байланыстырады. Әрине, атқарылып жатқан іс аз емес, ал атқарылатын еңбек одан да көп. Өйткені, Қызылордадай тарихи қала үшін жасампаздық қашанда қымбат. 

Қуат Шарабидинов

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары