Таным мен тағылым кітабы

Таным мен тағылым кітабы

Таным мен тағылым кітабы
ашық дереккөзі
898
Жүрекке жылы, көңілге қонымды, түсінікке жеңіл қазақы жыр өрнегімен көмкерілген Арасанбай Естеновтің «Біздің батыр бабалар» кітабы таным мен тағылымдық сабағын алға тартқан толайым тәлім-тәрбие тоғысы екендігін бірден кесіп айтуға болады. Өлең-өнер құдіретіне құрылған жинақ тұп-тура оқулық дерліктей, күнделікті  сабақ кестесіндей әсерге бөлейді. Мектеп оқушыларына көмекші құрал боларлық кең ауқымды қамтыған құрылымы көзге ұрып тұр. Ұзақ жылдарғы ізденістің, тер төгудің жемісі және жеңісі деуге лайық туынды небір қызғылықты да сан ал­уан деректерге  қанықтырады. Қысқа да нұсқа жәйттер жыр тілімен көз алдыға тізіліп түседі. Оқуға, зерделеуге оңтайлы жоба-жоспарға құрылып, бала ұғымына қона кетерлік күнделікті сабақ кәдімгі. Қойнауында қандай қызық-шыжықтар жатқанын аңдататын төрт бөлім –  «Біздің батыр бабалар», «Әдептілік әліппесі», «Киелі сандар», «Кім ақылды, кім зерек?» дегендердің және өзара жіктеліп, тарамданып кететін тараулары бар. Яғни, олар: «Батырлар  шежіресі», «Зиялыларға зиярат», «Денсаулық әліппесі», «Әдептілік әліппесі» болып әрнәрсені білгісі келіп, құныға оқитын бала біткенді әрмен қарай тарта береді әрі сауатын аша түседі. Бала жүрегін баулудың, таным-түйсіктің артуын мақсат еткен  автор қиялы қиядан шалады-ақ – сан алуан формадағы өлең құбылыстары талпыныстың, таланттылықтың ұшқыны, шабыт шалқымасы. Бүгінгі Тәуелсіздік – кешегі еркіндікті аңсаған ата-бабалар арманы болатын. Елін, жерін қызғыштай қорғаған батырлар мен баһадүрлердің төгілген қаны, төккен тері, үзілген ғұмыры бүгінгі бостандықпен ақталды, солардың ерлігі жалғасын тапты. Қазақия мемлекеті көк байрағын көтерді. Осы орайда: Отан деп біліп, кіндігім, Сақтаған елдің бірлігін. Ертекке ісі бара-бар – Біздің батыр бабалар! Аластап елін кесірден, Ұрпағын шыңдап өсірген, Қайыспас, қайтпас қара нар – Біздің батыр бабалар! – деп жас өскіндер құлағына ерлік рухын құйып отыратын Арасанбай ақынның ақжолтай ниеті алабөтен. Әнмен, жырмен, күймен, толғаныс-мақамдармен бала ұғымына тез қона кететіні әлімсақтан әйгілі нәрсе. Алты Алаштың ұраны, Ақиығы, қыраны, Абылайдай болып өс, Азат елдің ұланы! – деп түйіп тастап отыру арқылы ұлы бабалардың рухын көкке көтереді әрі солар мұрат еткен ұлы істердің жалғасы бол дегенді құлаққа құяды. Өзге елдің, жат жұрттың  батыр-бағландарын барынша әспеттеген замандар да болған, саясат ағымы солай қарай ыңғайластырған күндер де келмеске кетті. Енді ұлтарақтай жері үшін, өз ұлтының қамы үшін қорамсаққа қол салған, аттың  белін талдырған тарихи тарланбоздарымызды аспанға көтеріп, жас ұрпақ қанына сіңіру сәті туғанын ту етіп көтеру сезімі шырт ұйқыдан оянды. Ақын қаламы осыны ұқтыруға ұмтылады. Өз дәуірінің құрылым-құбылысына қарай хан, сұлтан, би, қаһан атанып, ұлт мүддесін ұрандатқандар аты-жөнін жырға қосып, жас буынның ой-өрісіне лайық сөз сабақтау сәтімен орындалған дер едік. Бұрынғы өткен замана заңғарларының жалғасы Бауыржан, Панфилов, Нұркен, Мәншүк, Әлия, Тоқтар,  Ләззат, Қайрат сынды жаңа ғасыр қаһармандарының қатар түзетіні де жарасым тапқан. Олардың барлығы айтылып қана қоймай, сұрақ-жауап түрінде өмірбаяндары толыға түседі. Әрі қысқа әрі нұсқа шоқ жұлдыздай бір шоғыр өлеңмен танымдық мәлімет оқушы жадына орныға кетеді. Кәдімгі Мұғалім-Кітап дейтінге келетін қисынды дүние. Батыр бабалармен шектеліп қалмаған, тіпті дүние жүзіндегі әйгілі  тұлғалар Зұлқарнайын, Фирдоуси, Цезарь, Шаһнама, Цицерон, Юрий дейсіз бе, немесе әлемнің жеті кереметі: Мысыр пирамидалары, Аспалы бақ, Артемида ғибадатханасы, Галикарнас мавзолейі, Родос алыбы, Александрия маягі, Олимпиядағы Зевс мүсіні дейсіз бе, қойшы әйтеуір, балалар таным-түсінігін  арттыруға барын салған қаламгер қарымы қаншама ғаламаттарды қамтыған. Бүгінгі оқушыға керектінің бәрін де өлең-сөзге сидыруға тырысқаны мен мұндалайды. «Алаш!»  –  пірің, ұраның, Қазақстан  –  ұлы әнің! Жайнай  берсін, лайым Атамекен тұрағың! Қолдап,  қорғап Құдайым, Желкілдеп өс, шырағым! – дегенді шегелеп айтып, Республика діңгегін орнықтыруға қанымен де, жанымен де, жыр-әнімен де қызмет қылып, сол жолда құрбан болған Алты Алаштың арыстарын да бес-алты шумақ жыр бумаларына тұмар қып таққаны ой-өрістің кеңеюіне септесуге жараған деу ләзім. Мөлтек жыр дестелері оттай ыстық. Маржан шумақтар гүлдей нәзік. Ұйқастары да ұғымға оңтайлы, көкірекке қона кетеді. Жолықса да неше сын, Жібермейтін есесін, Алғыр болсаң, зерделі, Жақсы болып өсесің. Бойында ар, иманы, Тек жақсылық сыйлары, Бала болар осындай Инабатты, ибалы, – деген іспетті баланың басынан сипарлықтай сыпайы, сұлу жыр бұлақтары бұлаң қағады-ақ сыйкітап сынды жинақтың өнбойында. Орайын келтірген небір тамаша түсінік-түйсіктер жетерлік. Мектеп-Кітап сынды дегеніміз де сол үшін. Мұнда тарих та, география да, астрономия да, биология да, тіпті математика да бой көтеріп алақайлайды. Сондай-ақ, әріптерге құрылған әдемі үрдістер де алдыңнан шығады. Жалпы, мектеп оқушыларына не тән болса, соның әмбесі де өлең-өрнекпен  өріліп, өрісін тапқан. Мәселен, М әрібіне: Мейірімділік – шуақты Күннің нұры сияқты. Барлық ізгі қасиет Содан алар қуатты, – деп түсінік берсе, «Ө»-ге келгенде: Өрісті болса өреңіз, Өрге жүзер кемеңіз. Өрелі өрен ісінен Ел ертеңін көреміз, – деген оймен түйіп тастайды. Тапқыр ой, таразы пікір алмасып отыратын осындай біртүйерлер тез оқылып, тез жатталары сөзсіз. Қалам иесі әдебиеттің проза мен  поэзия тәртесін қатар тартып жүргендіктен де, кітап құрылымын қалай жасау керектігін жақсы меңгерген. Оның үстіне «Баянжүрек» баспасын дөңгелетіп отырғандығы және бар  ақынжүрек әсіресе, балаларға деген барын сарқып беретіндігін дәлелдеп баққан. Басқадай әдеби байқауларды айтпағанның өзінде ол арнайы «Дарабоз» халықаралық бәйгесінің  бірнеше рет жеңімпазы атанған ғой. Ал мына «Біздің батыр бабалар» кітабының мүлде жөні бөлек. Оның әр парағында мектеп жасындағы шәкірттерге деген ыстық ықыласы сайрап жатыр. Парақта да, оқи бер. Құдды сыныпта отырып, мұғалім-ұстазбен сырласқандайсың, сабаққа жауап беріп, күнделік беттерін ақтарғандайсың. Ата-бабаларымыздың жорық жолдары да осында, Алаш арыстарының жанайқайы да  құлаққа жетеді. Әлемдегі оқшау дүниелер де осында, Ата Заң, Әдептілік әліппесі, Пысықтау сабағы, Сұрақ-жауап, Киелі сандар, Антоним сөздер, Дүниетаным дәрісі, Жаңылтпаш есептер, Тапқырлық тәлімі, Шарадалар, Жұмбақтар, қысқасы, тізе берсе, толып жатқан оқушыға өте қажетті өмір сабақтары бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі молықтырып бас алдырмай оқуға итермелейді. Әрі ұстаз әрі мектеп әрі Оқулық дерліктей құнды дүниені Респуб­лика Білім департаменттері назарға алып, оқу Бағдарламасына кіргізсе болғандай-ау деген ой түйдік.  Әлгі ата-бабаларымыз айтып кеткен «Баладан асқан байлық жоқ» дегенді ұстанар болсақ, жеткіншектерге лайық нағыз көмекші құрал болып шыққан бұл еңбек.

Орысбай Әбділдаұлы,

Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары