«Біз халықтың тынбайтын қызметшісіміз», –

«Біз халықтың тынбайтын қызметшісіміз», –

«Біз халықтың тынбайтын қызметшісіміз», –
ашық дереккөзі
987

 Ауданда 14 ауылдық округ, 63 елді мекен бар. Бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты даму үстінде. Туристік кластерді дамытуға қолайлы өңірдің табиғаты да ереше. Бұл бағытты да ерекше қолға алып отырған аудан әкімі Әуелхан Тұрғынбеков мырзамен сұхбаттасқан едік.

–  Еліміздің дамуына аймақтардың, аудандардың және сонау шетте жатқан ауылдардың да үлесі зор болары сөзсіз. Әрине, олардың ахуалы ауыз толтырып айтарлықтай болса. Сіз де сондай бір өңірді басқарып отырсыз. Осы тұрғыда не айтар едіңіз? 

– Қандай іс болса да, республикадағы ахуалдың деңгейіне тікелей байланысты. Республикадағы экономикалық ахуал жақсы болса, аймақтардағы, аудандардағы жағдай да жаман болмайды деген сөз. Сондықтан бір ауданның көлемінде бәрін шешіп тастадық дейтін болсақ, шындыққа жанаспайтыны ақиқат. Бұл, біріншіден. Екіншіден, халықтың талабы күнделікті қоғам дамыған сайын еш уақытта тоқтамайды. Уақыт өткен сайын адамның сұранысы мен талабы арта түседі. Қазақстан бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерімен тығыз қарым-қатынаста. Оның үстіне жұртшылық телеарналар мен интернет арқылы әлемдегі жаңалықтардан халыққа жасалып жатқан жағдайларды, адамға қажет дүниелердің шығып жатқанын көріп отыр. Соған орай бізде де мынандай мүмкіншіліктер болса, деген өтініштер мен тілектер көбейе береді. Сондықтан әлеуметтік қажеттіліктерді қордаландырмай, уақытында шешіп отырсақ, қатардан қала қоймаспыз. Сол бағытта жергілікті атқарушы органдар барынша талпыныс үстінде. Менің түсінігімде біз халықтың қызметшілеріміз. Қол астымда жұмыс істейтін қызметкерлерімнен де талап ететінім осы. Сен бұл жерге халыққа қызмет ету үшін келдің. Егер халық болмаса, бұл жерге сенің де, менің де қажетім жоқ деймін. Біз осы халықтың арқасында еңбекақы алып, бала-шағамызды асырап, күнімізді көріп отырмыз. Оларға қызмет көрсетушіміз, тағы қайталап айтамын. Шенеуніктер осыны дұрыс түсінулері керек. Егер сен жеке басыңның қамы үшін жүрген болсаң, мемлекеттік қызметке келудің қажеті жоқ. Одан да өз кәсібіңді жасай бер. Ал, мемлекеттік қызметке келдің бе, онда адал еңбек ет және тынбай халыққа жұмыс істе. Біздің мемлекеттің бұдан әрі де гүлденіп, дамуға барлық мүмкіндігі бар. Мен еліміздің жарқын болашағына толық сенетін адаммын. Елбасының, облыс басшысының тапсырмаларын дер кезінде орындап, мемлекет үшін шын ниетпен бірігіп жұмыс жасайтын болсақ, алынбас қамал болмайды деп есептеймін.

– Бұл өңірде жергілікті тұрғындарды мазалайтын не нәрсе? Ауданның әлеуметтік жағдайы тұрақталды деп ойлайсыз ба?

– Адамға күнделікті өмірінде ең керекті дүниелер не? Адам күнделікті таза су ішу керек. Үйді жылыту, ас дайындау үшін газ керек. Халық ары-бері қатынау үшін дұрыс жол керек. Күнделікті мектеп керек. Өйткені еліміздің болашағы – жастардың сапалы білім алуларына біз мүдделіміз. Сонымен қатар, халықтың денсаулығын сақтайтын мекемелер керек. Міне, осы салалар тұрақты бақылауды және жыл өткен сайын дамытуды қажет етеді. Енді мен бұларға жеке-жеке қысқаша тоқталайын.

2010 жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша ауданның көгілдір отынмен қамтылуы 22-25 пайыз ғана болатын. Ал былтыр, яғни 2012 жылдың қорытындысында 53 пайызға жетті. Алдағы жоспарымыз 2015-2016 жылдары аудан халқын 100 пайыз газбен қамтымақпыз. Оған шамамыз жетеді. 

Таза ауыз су мәселесі. Ауданда 63 елді мекен бар. Сондағы халықтың 92 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халық орталықтандырылған ауыз су құбырынан су ішіп отыр. Бірақ, бұлардың барлығы 24 сағат су алып отыр деп айтудан аулақпыз. Тек үш пайызы ғана – 24 сағат. Қалғандары 18, 12, 8 сағат пайдалана алады. Бұның себептерін де айтайын. Кеңес заманынан қалған құбырлардың тозығы жеткен және жер асты су көздері көлемінің аздығынан барлық жерде 24 сағат пайдалануды көтермейді. Бүгінгі таңда су көздерін зерттеу жұмыстары жүруде. 2020 жылға дейін аудан халқының 95-100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге талпынып жатырмыз. 

Облыс басшысы Асқар Исабекұлының көмегімен соңғы үш жылда облыстық бюджеттен 10 мектеп салынды. Аудан тарихында мұндай болмаған. 2009 жылдың қорытындысында аудан бюджеті 550 миллион болатын. Ал, былтыр 1млрд, 80 миллион теңгеден асырдық. Соның арқасында аудан бюджетінің есебінен 3 мектеп салдық. Бұл да аудан тарихында бірінші рет жетіп отырған жетістік. Биыл тағы екі мектептің құрылысын бастамақпыз. Ауданда апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Тек типтік емес біраз мектептеріміз бар. Олардың жанынан керек ғимараттарын салып беруді қолға алдық. Бұл бойынша жұмыстар өз дәрежесінде жүріп жатыр. Облыстық бюджеттің есебінен іске асып жатқанын айта кетейін. Халық та риза. Рахметтерін айтып жатыр. Әрине, маған емес, облыс басшысы Асқар Исабекұлына ризашылықтарын білдіруде. 

Медицина саласы бойынша да ілгерілеушіліктер байқалады. Облыс деңгейінде қабылданған арнайы бағдарлама бар. Қай елді мекенде қандай медициналық нысан жоқ, соның барлығын анықтап, тиісті құжаттарын дайындап, облыс бюджетінен бөлінген қаржыға кесте бойынша кезегімен салынып келе жатыр. Алла қаласа, 2015 жылдың қорытындысында медицина саласының ғимараттары толық болады. Бұдан басқа, атам заманнан бері күрделі жөндеу көрмеген аудандық ауруханаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жасадық. Содай-ақ, 2008 жылы құрылысы басталып қаржының жоқтығынан тоқтап қалған аудандық үлкен емхананың құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарымызда бар. Егер керекті қаржы бүгін-ертең беріле қалса, биыл аяқталып қалуы ғажап емес.

Жол саласы бойынша үлкен шаруалар жасалды. Ең бірінші жолдарды түгендедік. Өйткені қай жол кімнің қарамағында екенін анықтау керек болды. Қандай жөндеу жұмыстары қанша шақырымға қажет, деген сияқты анықтау, түгендеу жұмыстарын жасап алғаннан кейін, ары қарай жүйелі жұмыс жасауға мүмкіндіктер туды. Сол бойынша ағымдағы жөндеулер және жаңадан да жолдар салынып жатыр. Тек бір ғана өзекті мәселе бар, ол көпірлердің жағдайы. Төлеби ауданында үлкенді-кішілі 200-ден аса көпір бар. Үлкен көпірлер облыстық меншікте. Былтыр көктемде Ленгір өзені тасып, өзен бойындағы біраз үйлерді, қораларды шайып кеткен еді. Енді сол жердегі көпірдің су таситын кездегі мүмкіндігін күшейту үшін, қайта күрделі жөндеуден өткізуіміз керек. Тиісті ұсынысымыз облыста қаралуда. 

– Сіз басқарып отырған Төлеби ауданының табиғаты тамаша таулы аймақ. Туризмді дамыту жобалары қалай қолға алынып жатыр?    

– Біз бір күнімізбен ғана өмір сүрмеуіміз керек. Ертеңгі ұрпаққа аманаттап кететін құндылықтарымызды бүлдірмей, қаз-қалпында тапсыруға міндеттіміз. Екіншіден, халық таза ауада, керемет табиғатымызды тамашалап демалулары керек қой. Біздің таудың таза ауасы мен балдай қымызы керемет. Дәрі-дәрмектің де қажеті жоқ шындап келгенде. Жұрт біздегі демалыс орындарына таза ауа жұтып, қымыз ішіп кету үшін ғана келеді. Соның өзі үлкен күш береді. Сондықтан табиғатымыздың тамашасын оңтайлы пайдалану – туризмді дамыту жолы. 2010 жылы демалыс орындарының саны 20 нысан болатын. Былтыр 35 нысанға жетті. Осы салада жұмыс істеп жатқандардың саны 2010 жылы 300 болса, былтыр 560-қа жетті. 2010 жылы бұл саладан бюджетке түскен қаржы 4 миллион ғана болатын. Былтыр 11 миллион болды. Енді бұдан әрі де инфроқұрылымдарын дамытсақ, туризмнен түсетін қаржы аудандық бюджеттің қомақты бөлігін қамтитын болады. Дамыған мемлекеттерде туризмнен-ақ табыс тауып отырғандар жетеді. Төлеби ауданының тауларында Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Бірақ, оны қазып, пайда көру деген бекер болады. Егер азын-аулақ ақшаға қызығып, табиғатымызды бүлдіретін болсақ, экологиялық зор зиян келеді. Сондықтан, табиғатқа зиян келтірмей-ақ пайдалануға болады. Ол туризмді дамыту арқылы ғана іске асады. Осы бағыттағы жұмыстарымыздың аяқ алысы жаман емес, ары қарай да дамыта түсу жолында еңбек ете бермекпіз.

Әңгімелескен Гүл Бекзат

Серіктес жаңалықтары