ӘКІМНІҢ ӘЙЕЛІ

ӘКІМНІҢ ӘЙЕЛІ

ӘКІМНІҢ ӘЙЕЛІ
ашық дереккөзі
280

Тіркелді. «Көксандық» тап осылай хабарлады. Жетінші қарашада. Жеті миллиард деді. Артынша «көксандығыңыздан» «Қоңыр» тобының әні берілді. Ұзын талдырмаш қыз: «Дүние… дүние… дүн-ие-е-е. Дүниеге кім ие-е-е?..» деп әндетті. Екі жігіт қосылды. Біртүрлі ән. Мұңды. 

Бес жылдай бұрынырақ, бұның жұбайы айтулы аймаққа әкімдікке тағайындалғанда ше, миллионыншы адами затыңыз іңгәлап, салтанатты түрде тіркелгентұғын. Айпара аймағы аумағында.

Жұртшылық жақсылыққа жорыған. Күйеуі әлгі кішкентайдың кіндік әкесі, ал бұл – әкімнің әйелі кіндік шешесі ретінде қабылданған. Әзіл-шыны аралас, қалжың-қылжағы қоралас қоғамдық пікірде солай саналған. Бәзбіреулер жағымпаздар мен жандайшаптардың әдейі ұйымдастырғаны деп, сыпсың сыпылдатқан.

Содан бері өткен уақыттың бо­йында бүкіл байтағыңызбен бірге бұл өңіріңіз де өркендеген. Өңіріңізбен өзектесе өздерінің өргектігі өлшеусіз өскен. Жұбайының өргектігін желгектігі білдірмес. Сергектігі сездірмес.

Ал өзін өбек тербеді-ай.

Аңдады. Мына Айпара аймағында әкім болғаннан гөрі әкімнің әйелі болу әлдеқайда әбігерлі екен. Бұлар бизнес белестерінен билікке ауысқандар санатында саналар. Күйеуі әуелден-ақ әкімдікке әзірленіп баққандардың сұрпынантұғын. Бизнестен бастырмалатқан байлығының басым бөлігі осы мақсатының жолына жұмсалған. Қалғанының қомақты қолақпаны қияндағы, қиянатсыз қисапталатын бейбіт елдің банкіне салынған. 

Айпарадағы алғашқы айлардың, әуелгі жылдың әуре-сарсаңы аз емес-ті. Екінші жылға қарата естерін жиды. Екеуі де. Әкім күрмеулі түйіндердің түйткілдерін жазып-жаймалауда жеңіске жете бастады. Жұлмаланған жіптер жалғанды. Өзін де, өзгені де аямады. Өршелене өрге сүйреді. Өгіздейін өңмеңдемеді. Бизнесмендерше батпансымады. Қодаңдамады. Қоғамдады. Бар-барша жұртын. Жамап-жасқаған жақтарына дейін айпаралықтар айқын аңғарып отырды.

Жемпазданбады. Әуелгіде. Жағым­паздарды жасқамады. Кейінірек. Кадрларын іріктегендей, оларды һәм маңдайларынан шертіп-шертіп, шебер пайдалануға көшті. Күйеуі. Жандай­шаптардың да жадағайларын жанына жолатпады. Өлердей берілгендігіне, өлмей сатпайтынына көз жеткізіп, көңіл сендірген соң ғана, сан-алуан сынақтарға салып барып, өз жағалауына жылмита жүздіріп шығаратын. Жұбайы. 

Ерлі-зайыпты екеуі бір-бірінің аттарын аса көп атамайтын. Есімдер сирек естілер. Әкімі жөткірінер. Әйелі жеңіл ғана жөтелер. Жаймашуақтана еркелер. Қабақтарынан ұғысар. Емеуріннен түсінісер. Бірін-бірі қинамас. Ишараға иланар. Жымиысқа жұбанар.

Сәтін салды. Жоғарыдан бөлінетін, жергілікті жерден жиналатын қаржы-қаражат жағы жүздеген есе өсіп, қаулап қоя берер жылдарға да жетті. Айпара аймағы. Триллион теңге дейтұғындай түсініктер, миллиондап мыңғырар тендерлік түсімдер үйреншікті үрдіске етене енген.

Өлшемдер өзгерген. Өрістер кеңейген.

Өбектер көбейген. Өтістер өршеленген.

Өлшемдердің өзгеленгеніне бай­ланыс­ты өрелердің сенделгенін сезді. Сезінді. Бірқатарынан безінгені жөн шығар. Деп те түйетін. Әрине, әкімнің әйелі ретінде алдында толған таңдаулар тұнып тұратын. Небір-небір науалардан толассыз саулай құйылып, тасып-төгіліп, шет-шегі бұлдырап, болжанбасқа айналған ақша ағынына бағынып бағуына да болатын.

Алайда, ақша шіркіннің есеп-қисабына жете алмастан, ентігіске елітетін сәттерінде анасы марқұмның аса сабырлы бейнесі елестеуші еді. Әкесі марқұм аупарткомның үшінші хатшысытұғын. Қайта құруыңыз қозған жылдары. Қызмет көлігі жоқтұғын. Жаяу-жалпылайтын. Күндердің бір күнінде межелі жеріне жете алмай, жол жиегінде қызарақтай қыжалақтап тұрса, бірінші басшының әйелі күйеуінің ақшаңқан «Волгасын» жорғалатып, ары да өтіпті, бері де өтіпті. Кешке үйіне күйініп кірген әкесі: «Атасына нәлет, ауданның үшіншісі болғанша, бірінші хатшының қатыны болсамшы!» – деді. Мұның әкесі. Анасына. Қызының келесі бөлмеде сабақ оқып отырып, анық естігенін аңдамастан. Шеше шіркін кейініректе сол салиқалы сапасынан айнымастан: «Құлағыңнан қағып түсіріп, шымшылап шығарып жібер әкеңнің әлгі сөзін», – деп, сәл-пәл ыңғайсыздана жымиған.

Сонда, өткен ғасырдың сексенінші жылдары ортасынан ауғанда, он үш жасында, әкесінің ашумен айтқан сөзі санасында мөрленген. Періштелердің құлағына шалынған шығар, жалғыз қыз – бүгінде аймақ әкімінің әйелі.

Ақша шіркіннің шылқығаны соншалықты, бірсін-бірсін бұл есеп-қисаптауды қойыңқыраған. Туған-туыстар мен жақын-жуықтарға бизнесмен кездерінің өзінде біраз-біраз беретін. Тойларында тартынбай тарататын. Күйеуі әкімдікке өткеннен кейін көбейтпесе, кемітпеген. Обалы нешік, Айпара аймағына бірінші басшы бола салысымен-ақ, өз жағынан да, қайын жұрты жағынан да, арзитындарына аянбай-ақ жәрдемдескен. Жұбайы. Бұрындары бизнеске жұмылдырса, әкімдікке тағайындалған соң, осы саланың буын-бунақтарына тартыңқыраған. Бірақ, бағаламайды екен. Басым бөлігі. Түсінбейді тіпті. Тереңдемейді екен. Өздері де тоймайды. Көздері де тоймайды. Жүз мәрте жәрдемдесіп, жүз біріншісінде реті түспесе, тұлан тұтып шыға келеді. Жау көріп кетер.

Қаржыларын қисаптамаса-дағы, өсімдерін есептемесе-дағы, қай жағын да қымтап-қыспаққа көшкен. Жақын-жуықтарға, туған-туыстарға түк татырмасқа кеткен. Баяғы бизнес биіктерінің бұтақ-бунақтарын шығандата шырқатпаққа бел буған.

Әкімдік әйдік лауазымдағылар, мем­лекеттік қызметтің құзар басындағылар, ұшар биігіндегілер бизнеспен тікелей де, жанама да айналыспасын деген пәрмен шығыңқыраған. Күлкілі ғой, әрине. Күллі күштілердің күлманы ашылар. Пәрменіңіз паршаланған. Шықпай жатып. Емін-еркіндік есірген. Басынбақ белең алған. Бүкіл байтағыңызда. Айпара аймағында да.

Бұл бағыттағы шырқаған шаттықтарынан жиіркеніш татқандайтұғын. Неліктен? Түсінбейді. Тірліктер тоқсан тарау. Жүріп жатыпты. Өзінен-өзі. Заулап. Зау-заңғарлай зырлап. Жүре берсінші. Бірақ, біртүрлі зерігетіндей ме? Жеритіндей ме? Олар да емес-ау. Іші пысқандайдың да дәл өзі емес. Демес. Сонда не? Ақшаға да құнықпайтын, басқаға да қызықпайтын адам бола ма? Әкімнің әйелі бола ма? Қызық.

Төртінші жылдың аяғына таман Құдай қосқан қосағы бүй деген: «Абайлайық, айналайын. Бізге бір милионнан астам адам мекендейтін аймақтың басында жүруді жазыпты. Туғандағы алғашқы іңгә мен ақырғы іңгәнің арасында пенде шіркін не істемейді? Не көрмейді? Біз, әйтеуір, тек жақсылықты ғана бастан кешуліміз. Жасымыз қырықтың қырқасына жаңа ілініпті, бағамдасақ. Байқайық. Абайлайық…»

«Айналайынды» айрықшалаған. Сирек сөзі. «Абайлайықты» алғаш айтып тұрыпты. Анасы жиі қайталайтын. Марқұм. Күйеуіне аңтарыла көз тоқтатты. Бұл. Ұзын-ұзын кірпіктерімен желпіп жұбатты. Жұбайын. Ып-ыссы, тәп-тәтті демімен құлағының түбін қытықтай қылықтанған.

«Балаға барып қайтасың ба?» дегенді қосқан. Қосағы. Түскі үзілістен соң. Ұжмақтың ұясындай ұнасымды төсектерінен тұрып жатқанда.

Шетелде, ең елеулі, озық оқу орнында білім меңгермекке кіріскен жалғыз ұлға барғыштауды жиілеткен. АҚШ-ыңыздан қайта ораларда қиянатсыз һәм қайырымды есептелетін ерекшелеу елдегі банктің аужайын байқап, қоржын-қосқалаңдарын нығайта нықтап қайтатын. Алғашқы ақшалары мен кейініректегі қаржыларының қатталуынан қаншалықты ләззат алатыны жадын жадырататын. Бірте-бірте сол ләззатшылдықтан да суынғандай, салқындау тартқандай сезінді. Іші пысқандай ма? Зеріккендей ме? Осынау ұғым-түсініктерге орнықпастай, сыйыспастай селқостық па? Бірдеңе. Әйтеуір.

Өте-мөте өзгеше, озық оқу орнындағы, алыс АҚШ-тағы жалғыз ұл да бөтенше. Секілді. Соншама орнықтылығы ойға қалдырады. Салмақтылығы секем алдырады. Білімге құлшынысына қайран. Бұл. Шешесі. Тіл тимесін. Көз өтпесін. Әкім әкесінен әлдеқайда алысқа самғайтыны сөзсіз. Әлдеқандай бірдеңеге ұрынып, бәлеге ұшырап жүре ме деп, уайымдауға негіз жоқ. Себеп табылмас. Бөтенше баланың төтенше қылық шығармағы мүмкін емес.

Әкімнің әйелі ғой, өзге шетелдерге жиі-жиі шығыңқыраған. Бизнесменнің жары шағында да тайраңдаңқыраған. Талай-талай. Тайландтан бастаған. Шет жұрттық жиһанкездігін. Ерлі-зайыпты екеуі бірге барған. Бөлек-бөлек те кетіңкіреген. Бірер ірі-ірі бизнесмендердің сұлулары сыралғы. Сырлас. Сенімді. Бұрыннан. Солармен бірлесе, тізелесе тән баптамақты жан-жақты меңгеріскен. Шетелдетпекті шапшаңдатысқан. Талдырмаштықтан танбасқа анттасқан. Әлем жүзінде «Дольче & Габана», «Армани» сынды стильдер бедерленгелі талдырмаштықтың алдыңғы сапқа шыққаны тауарихтан аян-дүр. Жүдеңкіленіп, арық-тұраққа айналып, талдырмаштықтан талып түсетіндер мың-мыңдап еселенген. Әлем жүзінде әнебір әдейілеп май сылдырудан өліп кететіндер көбейген. Липоксация ғой. Көз қиықтарын тарттыра-тарттыра, түнде ұйықтағанда да жанарлары жұмылмастан, бақырайтып ашып жататындар төрт миллиардтан асатын, құрымағыр қатындардың қатарында миллиондап саналар. Бұл біраз-біраз шетелдерден шебер меңгерген тәжірибесін жүйелі жүзелеуден айнымады. Зерікпеді. Ішін пыстырмады. Талдырмаштық тегінде де жоқ емес-ті. Айпара аймағындағы айрықша сұлулардан саналмағы сондықтан.

«Өзімізде, өз елімізде өмір кешу мен емделу қауіпті» десетін. Сыралғылары.

«Өз өтенімізде, өз аймағымызда бала босану қорқынышты» десетін. Сырлас­тары. 

«Өз мемлекетімізде ұл-қыз оқыту онша оңтайлы емес» десетін. Сенімділері.

Жас, жылмағай бизнесмендер мен кәнігі кәсіпкерлердің келіншектері, егделеулерінің келіндері шетелдерде босанады.

Өздері, отбасылары өркениетті елдерде емделіп, демделеді.

Ұл-қыздары, немерелері беделдері биік, тауарихтары әлденеше жүз жылдап саналатын университеттерде оқиды.

Бұл, бірте-бірте шетелдерге шық­пақтан да шегініңкіреген. Сол баяғы жалыққандық па? Бәлкім, зеріккендік пе? Мүмкін, саналы түрде бас тартқандық болар ма? Тән баптамақтың бар-барша әдіс-тәсілдері өз үйінен, үш қабатты коттедждің астындағы арнайы жабдықтары жетіп-артылатын, бассейні бар, зербарақты залдан табылар.

Бесінші жыл басталғалы басына бір уайым ұя салуға кіріскендей. Анасы марқұм түсіне жиі-жиі кіретін болған. Бұрынғы байсалды мейірбандық, жаймашуақ жылуарлық жоқ. Кірпік қақпайды. Қиық-миықтарын тарттыра-тарттыра көздері ұйықтағанда да ақырайып, ашық жататын әйелдерден емес қой. Мұның мейірім ғана мәнзелдес есіл шешесі. Асыл анасы. Бір жолы тұп-тура өңіндегідей сұқ саусағын безеп қойып, қатты ұрысты. «Әй, әкімнің әйелі! Абайласаңдаршы! Жоғарыға жөңкеріле берместен, төменге де төңкеріле тірлік жасамайсыңдар ма?!» деді. Бұл, әкімнің әйелі, түсім бе, әлде өңім бе деп таңғалды. Тұлабойының әр жерін шымшыды. Өңі сияқты. «Апа! – деді бұл өз даусын өзі ап-анық естіп. – Апа, әлеміңіз әлділерді ғана мойындайды. Әлемдік деңгейдегі әлділер қатарына қосылыңқырайтын әкімдеріңіздің өзі әредік. Қаталдануы қатты қоғамда Айпараның билеушісі қалайынша қатқылданбас? Илеуі итпектеген заманға неге икемделмес?» Өңіндегідей өрген пікірі саясиланып, ресмиленіп кеткендей. Ыңғайсызданды. Анасынан. «Әй, әкімнің әйелі! Маған лекция оқыма, ақымақ! Бұ жақта лекцияң қабылданбайды. Лүпіл-үлпіл лебіз ғана қисапталады. Мен не дейім, домбырам не дейді?!». Деп, бір бүйіріне бұрылды. Есіл шешесі. Асыл анасы. «Апатай-ау, тұлдырсыз тақырларды түгелімен тойындыру мүмкін емес қой. Ең елеулі ел, дамыған дүние делінетін жапон жұртының өзінде жоқ-жұқаналар мен тақыл-тұқылдар тобыр-тобыр. Өз көзіммен көрдім ғой. Айналайын апа-а-а-а!» деді бұл. Әкімнің әйелі. Анасына. Өңіндегідей сөйлеп. Ал, анасы, біржолата теріс айналғандай.

Артынша ашулана тіл қатқан. Анасы. Бұрылмаған күйі бүй деген: «Жапон елінен не аңғардың сен?! Әкімнің әйелі!? Оларда байлардың зорсынбайтынын, кембағалдардың қорсынбайтынын неге байқамадың, аһ-һ?!»

Бұл жылап оянған. Ғұмырында тұңғыш мәрте. Жұбайы әкім болғалы бесінші жыл басталғанда. Содан бері жиі күрсінетінге кеткен.

Айпара аймағында да, бүкіл байта­ғыңыздағыдай, артқы жаққа алаң­дайтындар мен аяушылыққа аялдайтындар жырынды ағыстардан жырылып қап жатқан. Ана-Жайда, бақи дүниеде жүріп, қайдан білсін. Есіл шешесі.

Құран оқытты.

Қайта-қайта.

Ұмытыңқы тартқан. Түсі. Біртелеп. Жұбайына қонақ шақырғысы келетінін мағлұмдаған. Көптен бері мейман күтпек сирексіген. Осыны ойласқан. Екеуі. Тізім түзіскен. Оңайға соқпаған. Тізімдемек. Кадр іріктемектен қиындау екен.

Бірінші болып олигарх жазылған. Осы өңірдің олигархы. Оспадарсыздау. Онысын жасырыңқырап бағады бірақ. Онша одыраңдамайды. Екіншісі – ең бай латифундист. Талай қызметі сіңген. Міндетсінуі кем. Сый-сияпатшыл. Сыпайы. Үшінші. Төртінші. Бесіншілер. Жазылды. Жалтыр қағазға. Бұрыннан араласатын белгілі бизнесмендер. Әйелдері сыралғы, сырлас, сенімді. Алтыншы адам – мәслихат мәнершісі. Мәсхатшы. Жетіншісі – орынбасар. Аймақ әкімінің орынбасары. Осылар да жетіп қалар. Дескен. Жаңалық, айрықшалық болуы керек қой. Тек осы мақсатпен ғана ғұлама есептелетін ғалымды қосымшаласқан. Отырыстары зиялылықпен зерленіңкіресін. Десіп шешкен. Әлбетте, бәрі зайыптарымен.

Шақырылғандар түгелге жуық тоқайласқан. Ғалымның әйелі ғана тартыныпты. Ыңғайсызданған шығар. Жүдеңкі киінетін. 

Отырыс ортасынан ауа олигарх қызыңқырап қалған. Оспадарсыздығын бүркемелей алмай, ғалымды жақтырмайтынын ашық білдіріп, кекесінге кеткен. Мұқасынды бұрқатқан. Осы екеуіне басу айтып, бас-көз болмаққа әкімнің өз орынбасары мен мәслихат хатшысы қалған. Басқалардың бәрі бақтың кереметтерін қызықтамаққа шыққан.

Ауызғы кең бөлменің шалқарындағы шат-шадыман дивандарда олигарх, орынбасар, мәслихат мәнершісі және ғұлама ғалым сұхбаттасып отырған сыңайлы. Сырттай қарағанда. Ал, іштей бұл төртеуі ырқылжың-ырыл шынжырымен шатылғантұғын.

– Ал, дарыным! Соқ пәлсапаңды! – дейді олигарх.

– Обырлық қабынып барады. Сендер халықты тобырлық сана деңгейінде ұстағыларың келеді. Осыным өтірік пе? – дейді ғалымыңыз.

 – Абайла. Артыңа қарайла, – дейді олигарх тақырлап қырғызған доп-домалақ басын рахаттана сипап.

– Ғалымдардың арты тазарақ, қызталақ! – дейді ғұлама. 

 – Сіз қызып қапсыз. Тысқа шығайықшы, – дейді күйеуінің орынбасары сасыңқырап.

 – Сөйтіңіздерші. Әйеліңіз де келмепті, – деп дірілдеңкірейді мәслихат мәнершісінің мұңдылау даусы. – Әкіміміздің үйіндеміз. Ұят қой. Әйел кісілер естіп қоймасыншы, әйтеуір…

Әйелдер жағынан, әрине, құлақтар түрулітұғын. Әсіресе, мұның өзі бәрін естулі. Алайда, аса ыңғайсызданбай, салқындау тыңдайды. Бәрі, бүге-шігесіне дейін белгілі ғой. Бұған. 

– Әй, мәсхатшы! Маған кет дегенің бе? Мен мас емеспін. Ақиқатын айтамын. Депутатың емеспін мен, біліп қой! – дейді Айпара аймағының дарындысы.

– Өзіңдейін өзгешелеу бір ғалым жазыпты жақында. «Дара дарындар жоқ бізде. Бармыз деп жүргендердікі – өтірік. Ұлт ширек миллионнан аспай, данышпан шықпайды» деп. Дәлелдепті. Әріптесің. Сенің ғылыми жаңалықтарың ағынға қосы­лып, айналымға түскенше, ұлтың аза­йып, азып бітер. Ең болмаса, мына біз сияқты бес қатын алып, әрқайсысына үш-үш бала таптырып, қазағыңды көбейтпейсің бе? – деді олигарх одан бетер одыраң қа­ғып. – Біздікі он бес. Бүгінгі таңда. Біліп қой!

– Сенен туған қоңыздардың сапасына жауап бере алмаймын. Жеті миллионға жетпейтін жөйіттерден мыңдап шығып жатқан жоқ па? Данышпандар.

– Қойсаңыздаршы. Ұят қой! – дейді әкімнің орынбасары үрейлене.

– Сіздер кімнің шаңырағында отыр­ғандарыңызды ұмытпаңыздар, – дейді мәсхатшы маңдай терін сүрткіштеп.

– Өзіме де обал жоқ. Кетейін, – деп жинала бастады талантты ғалым. Тәлтіректеп.

– «Әміршінің ақылдысы, ғұламаға өзі барып, сәлем беріп тұрады, ғұламаның ақылсызы, әміршіге өзі келіп, солай құдай ұрады» дегендейін төрттаған кімдікі еді осы? – деп ләззатшылдықтың рахатына батты олигарх.

Бақтың ғажайыптарын тамашалап оралғандар отырысты одан әрмен қыздырмаққа кіріскен.

Аймақ талантын, дарынды саналатын ғалымды жоқтай қойған жан табылмаған.

Аздап қана алаңдаған күйеуіне бұл күлімсіреген. Алаулай лаулауынан айнымайтын алқызыл еріндеріне сүйріктей ғана сұқ саусағын басып, байыздатқан.

Келесі үзілісте еркектер жағы жер астындағы арнайы алаң-залда алуан-алуан жабдықтарға жабыла жұмылысқан. Құрыс-тырыстарын жазбаққа. Тасқаяқ қағыстырмаққа. Әйелдер қауымы үшінші қабаттағы шырын шәй бөлмесінде сырласпаққа ұйысқан.

Әйелдер әшекей жарыстырмақты әзілмен әдіптесіп бастаған. Ләз­затшылдықтың төресі осында екенін бұл да біледі. Бірақ, басқалардай естен тана елірмес. Олигархтың келіншегі күміске отырғызылған гауһарлы жүзіктерді жаратады екен. Біреуі бес каратты, екіншісі төрт каратты білдіріп тұрыпты. Ең бай латифундистің бибісі бәрінен озды. Гауһарларының түр-түсі көгілдір көгершіннің тамағын орғандағы тұңғыш қан тамшысының түсіндейтұғын. Он караттан асып жатыпты. Жүзіктерінің құны. Үшінші, төртінші, бесінші бизнесмендердің тотылары тым тотайланбай келгендей. Әкімнің үйіне. Орынбасар мен мәслихат хатшысының ханшалары һәм жеті-сегіз караттың төңірегінен табылған. Сақина-жүзік жарыстырудан.

Лағылдар жарқылы шаттықты шаңы­рақтан шығандап шығып, шаһарға шашырағандай. Сақина-жүзіктерден кейінгі кезек білезіктерге қарата биіктеген. Мәсхатшы ханымының жуандау білегіндегі жаңалық жарып шыққан. Жарыста. Жарты миллиондық межеден көрінді. АҚШ-тың ақшасымен алғанда.

Бұл, әкімнің әйелі, бәріне түсіністікпен қарап, жып-жылы жымиысымен жай­бағыстап, шәй құйып қана жүрді.

Кезек кеуделерге көтерілген. Омы­рау­ларға өрмелеген. Мойындарды орай шыр айналған. Тізбе баулар түгенделген. Өрмелер өлшенген. Зүбәржаттар зерлерін жақұттардың жалтылы жалап-жұқтаған.

Сырғалар сыңғыр қаққан. Орынбасардың ханшайымы олигархтың тоқалынан озған. 

– Өлә-ә-ә, осы біз мас боп қалған жоқпыз ба? – деген біреуі. 

– Емін-еркін демалған жақсы ғой. Бәрі үйдің иесіне байланысты дә, – деген екіншісі.

– Бүйтіп, бұлайша бұйым көр­сетіскеннің рахаты бөтенше екен ғой, – деді үшіншісі. – Байқап-бағамдасақ, әрқайсымыздың тал бойымыз әлденеше миллион доллармен әшекейленеді екен-ау!

«Көксандықтан» кәдуілгі «Қоңыр» тобы көрінген. 

– Осы «Қоңырды» жақсы көрем. Дау­сын шығарайықшы, – деді төртінші ханым. – Мынау ұп-ұзын жіңішке қыз қатты ұнайды.

«Қоңырдың» ұп-ұзын, жіп-жіңішке қызы: «Дүние… дүние… дүн-ие-е… Дүниеге кім ие?..» деп әндетті. Екі жігіт ілесті. Біртүрлі ән ғой, өзі.

Әшекейлер бәйгесі бәсеңсіді. Мүшекейлер мәністеле бастады.

– Әнші қыздың белі қанша сантиметр екен-и? – деді әйелдердің бесіншісі.

Тән-тәптіш қызған.

Өзге өңірлерді кім біліпті, бұлар­дың Айпара аймағында, әсіресе, оның орталығында фитнес-клубтар көбейген. Элиталық есептелетіндері еселенген.

Аңдаған. Олигархтың тоқалы ешкім естіп-көрмеген клубқа күнара баратын көрінеді. Латифундистің бикесі жекеменшік фитнесінде талдырмаштанатыны бұрыннан белгілі. Үшінші, төртінші, бесіншілердің сұлулары да арнайы орындарға барғыштайды. Шетелдерге көбірек шығыңқырайды. Апталап. Айлап. Туған елде түк көрмегендей тымпияды. Мәсхатшының сылқымы сиректеу сымбаттанады екен. Өзі өсек-аяңды, аса ашылғанды жаратпайды екен. Жасырындау сыры да жоқ емес. Айта қоймас. Алайда, айналасында отырғандар, бәрібір біліп қойды. Көзінен көрініп, қабағынан байқалып тұрыпты. Қиықтарын тарттыра-тарттыра біржолата тындырыпты. Түн баласында бақырайтып, ашып жатады-ау, бейшара. Ұйықтағанның өзінде. Жұмылмайды-ау. Жанарлары. Әнебір, әйгілі әнші де сөйтеді. Деседі ғой. Бет-әлпеті бұзылып, қос жанары жансызданып, шишаланып шырқайтын болды, байқұс.

Тән тамашалау тым әсерлітұғын. Бірінен-бірі өтердей. Бәрібір, баршасы мұны мойындасты. Әкімнің әйелі болғандықтан емес, әрине. Ақиқаты солайтұғын. Айпара аймағының сұлу аруы. Көркем келіншегі. Әкімнің әйелі. Болса, несі бар. 

– Бәйге береміз! – деді олигархтың көріктісі өзінен көркемірек жаратылысқа қызыға қарап. – Айпара аймағының ай дидарлы ледиіне бәріміз бір-бір қимас дүниемізді тартулаймыз!

 Бір ауыздан қолдаймыз! Қуаттаймыз! – десті қалғандары. Бірі білезігін, екіншісі жүзігін, үшіншісі сырғасын, тағы басқалары тағысын-тағыларын сыйламаққа сапқа тізілісті. Сүзіле сызылысты.

Пауза.

Бұл аң-таңданды. Алайда, алмасқа болмас. Бәлсінген жараспас. Қабыл қылды. Алғыс арнады. Артынша:

– Біз де бәйге береміз! – деді. Шұғыл шешімге келді. Екінші қабатқа түсті. Едәуір кешікті. 

Келіншектердің әрқайсысына әуелгі сыйлағандарынан әлдеқайда қымбат қазыналар табысталды. «Алмаймызға» және «ұят боладыға» басқандарды алаулай лаулауынан айнымайтын еріндеріне сұқ саусағын сәл ғана тигізумен ишаралай имендірді.

Қонақтардың бәрі мұндай мей­мандық, осындай отырыс ешқашан болмағанын қайта-қайта қайталаумен тарасқан.

Қызық.

Көптен бері көрінбей кеткен шешесі түсіне кіріпті. Бұл жолғы түсі біртүрлі. Түсініксізсұғын. Теріс қарайды. Шешесі. Бұрылмайды. Бұған. Мұңды ән айтады. Алыстағы мұнарлы жотаның басында әкесі ұшып жүріпті. Қанат байлап. Анасы әнін сол кісіге арнайтын сияқты. Сөздері ап-анық: «Күн кешіп әлдеқандай жүр екенсің? Сүттен ақ, судан таза, а-а-адалым-ай…» дейді. Мұңды ән. Кенет, шіркін шеше қызына, әкімнің әйеліне бұрылды. Сөйтсе, анасы «Қоңыр» тобындағы қыз екен. Дейді. Ұп-ұзын, жіп-жіңішке, әнші қыз.

Өң мен түстің арасында күбірледі: «Апатайым-ай, Ана-Жайда жүрсеңіз-дағы, социализмнің сойылын со­ғатыныңыз қалай… Сүт ақ па, су таза ма мына әлемнің жүзінде… Анашым-ау, сүттен ақ, судан тазалар жоқ қой, ондайлар аштан қатады ғой қазір…» Лекция секілденді. Лүпіл-үлпіл лебіз емес. Оянып, көзін ашып алған. Күйеуі қызметіне кетіп үлгеріпті. «Көксандықты» қосқан күйі қалдырыпты. «Қоңыр» тобының қызы шырқап тұрыпты. Үні әзер-әзер естіледі.

Көтеріңкіреді. 

Аңғарған. Алғаш мәрте. Анау қыз анасынан айнымайды екен-ау.

Мархабат БАЙҒҰТ

Серіктес жаңалықтары