208
Гоча Гвамария, саясаттанушы: ГРУЗИЯҒА ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ТҰТАСТЫҚ ҚЫМБАТ
Гоча Гвамария, саясаттанушы: ГРУЗИЯҒА ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ТҰТАСТЫҚ ҚЫМБАТ
Осының салдарынан арадағы дипломатиялық қатынас та үзілді. Арада 5 жыл өткенде аталған елдердегі ахуал қалай? Грузия мен Ресейдің қатынасы қалпына келді ме? Осы және басқа да сауалдарға грузин саясаттанушысы Гоча Гвамария мырза жауап береді.
– Гоча мырза, Грузия мен Ресей арасындағы қатынас қалай өрбуде? Жаңа үкіметтің қарқыны ескіге қарағанда қатты сияқты…
– Біріншіден, ескі үкімет те тіпті, 2008 жылдан кейін қарым-қатынасты түзеуге тырысты. Бірақ Ресей жылы қабақ таныта қоймады оған. Өйткені бұрынғы үкімет еуроатлантикалық бағытты ашық ұстанған еді. Жаңа үкіметке келсек, сөз жүзінде ол да қатынасты жақсартқысы келеді. Сол себепті премьер-министрдің грузиндік-ресейлік қарым-қатынасты реттейтін өкілін тағайындады. Есесіне, Ресей жақтан нақты қадам жасалған емес. Тек Бас дәрігер Онищенконың шеңберімен шектелуде. Грузия үшін ең маңыздысы, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның жаулап алынған жерлерін кері қайтару. Шын мәнісінде, Ресей бұл аймақты 2008 жылдың 8 тамызына дейін-ақ, яғни, 1990 жылдардың басында жаулап алған болатын. Тек заңды түрде 2008 жылы ашық айтты. Арада бес жыл өтсе де, ешқандай ілгерібасушылық жоқ. Оның үстіне, Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тәуелсіз ел ретінде мойындаған мәлімдемесін кері қайтарып алмайтындығын айтады. Бұл екіжақты қарым-қатынастың ең осал тұсы. Бұрынғы үкімет дипломатиялық байланысты қайта қалпына келтіруге мүдделі екендігін мәлімдегенмен, Ахбазия мен Оңтүстік Осетияның егемендігін мойындаудан бас тартып, күшпен жаулап алынған жерлерді қайтарып беруді талап етті. Әрине, аталған талаты Ресей орындағысы жоқ. Грузия да өз ұстанымынан бас тартпайтыны анық.
– Сонда сіз қазіргі үкіметтің саясатын қолдамайсыз ба?
– Аталған аймақтардың жерін кері қайтарып алу туралы мәселені көтермейтіндігі үшін қолдамаймын. Абхазия мен Оңтүстік Осетияның жерлері – Грузияға тиесілі жер. Оған тарих куә. Осы аталған аумақты Ресей басып алды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Әрі Иванишвилидің өз елін «соғысты ашқан – өзің» деп кінәлауы ақылға сыймайтын іс. Тіпті, осы сөзі үшін оны сотқа беру керек.
– Ресей жер дауын шешуге неге мүдделі емес?
– Өйткені Ресейдің көздеген өзіндік саясаты бар. Ол бір немесе екі жылда түзілген жоқ, жүздеген жылдар бойы қалыптасты. Грузия Еуропа мен Азияның тоғысатын тұсында орналасқан. Көлемі шап-шағын болса да, екі құрлықты байланыстырып тұр. Геосаяси тұрғыда аса маңызды саналатын осы аймақты Ресей уысында ұстағысы келеді. Аталған аймақтарсыз ол әлемдік саяси сахнадағы ықпалын әлсіретеді.
– Жуырда Грузияның қорғаныс министрі Ираклий Аласаня территориялық тұтастық мәселесінде күш қолдану көзделінбейтіндігін айтты. Сіздіңше, бұл мәселені шешудің қандай жолдары бар?
– Германия Еуроатлантикалық одаққа бірікпей тұрып мүше болды. Ол кезде Германияның жартысы – федеративтік, ал жартысы демократиялық болатын. Осыдан сабақ алған Грузия да жер мәселесін дәл осылай шешуі тиіс. Еуроодақ пен NATO-ға мүшелікке өткеннен кейін Грузия қуаттана түссе, Грузияның сөзін сөйлейтін әлемдік қауымдастық Ресейдің осы мәселеге деген қатынасына ықпал етеді. Басып алынған жерлерді кері қайтарғанда ғана Грузияның территориялық тұтастығы қалпына келмек. Ешкім соғыс ашқалы отырған жоқ, оған ешкім жол бермейді де. Сондықтан жалғыз жол – Еуропалық Одақ пен NATO. Тек осы екі ұйым арқылы ғана қиындықтан шығуға болады.
– Қалай ойлайсыз, дәл қазір Грузияның ТМД құрамына қайта оралуы қаншалықты мүмкін?
– Негізі ТМД-ның іргетасы енді қалана бастағанда сахна сыртында жүргендер аталған ұйымды «өлі туған бала» деп бағалаған. Тіпті, қазірдің өзінде ТМД жұмыс істемейді, тек мүше мемлекеттердің бюджетінен қыруар қаражат бөлінумен шектелуде. Кейде ұйым құрамындағы елдердің басшылары кездесіп, бірнәрсе жасап жатқандай кейіп танытады. Ал шын мәнісінде шешімін тауып жатқан шаруалар шамалы. Тараптардың барлығында белгілі бір мәселеде наразылықтары бар және олар өз ұстанымында қала береді. Грузияда да ТМД құрамына оралғысы келетіндер бар, бірақ олардың саны өте аз. Бірнеше жыл бұрын (2008 жылға дейін) өткізілген референдумда халық Еуропалық Одақ пен NATO-ны қалайтынын ашық айтты. Демек, ТМД-ға қайту күмәнді, тіпті, мүмкін емес те.
– Грузия мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынасы дамытылуы мүмкін бе? Бүгінде кейбір мәселеде алға басушылық бар, бірақ…
– Біріншіден, Грузия Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуін қолдады. Аталған ұйымның құрамына енген Ресейдің мойнында белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүгі бар. Яғни, жаңа үкіметтің «Ресеймен арадағы сауда қатынасын жақсарттық» деуі қисынсыз немесе мәселені түсінбейтіндерді алдау. Дүниежүзілік сауда ұйымы аталған ұйымға мүше елдердің барлығының нарығына есік ашуды міндеттейді. Сонымен қатар Грузия үшін де. Сауда-экономикалық қатынастар Грузия тарапынан ешқашан тоқтатылған емес. 2008 жылдың 8 тамызынан кейін де Ресейде грузиндердің ірі бизнесі жұмыс жасай берді. Ресей өз нарығында грузин шараптарына тыйым салынған кезде де біздің нарықта ресейлік тауарлар ешқандай кедергісіз сатыла берген. Грузия әрдайым келісуге дайын. Сондықтан Ресей тарапынан тағылатын «Грузия Ресеймен арадағы дипломатиялық қатынасты үзіп тастады» деген айып – буынсыз жерге пышақ ұрумен тең.
– Грузияның қоғамдық пікірі Ресеймен арадағы қатынасты қолдай ма, жоқ қарсы ма? Грузин халқы 2008 жылдың 8 тамызынан кейін болып жатқан оқиғаларды қалай қабылдауда?
– Мынадай мысал келтіре алам. Мен Сухумиденмін. Өз басым ешқашан 90-жылға дейін таныс болған ресейлік достарыммен не әріптестеріммен байланысымды үзген емеспін. Ресейде қаншама туысымыз өмір сүруде. Олар – бізге, біз оларға жиі қонаққа барамыз. Қарапайым халық арасында ешқандай түсінбеушілік не наразылық жоқ. Сондықтан «Грузияда орыстарды көшеде атып кетеді немесе орыстардың соңынан мылтық ала жүгіреді, орыс әндерін тыңдауға және орысша сөйлесуге тыйым салынады» деген сияқты сөздер – бос сандырақ. Бұл психологиялық және ақпараттық соғысқа негізделген дүние. Ал Ресейде орыстардың өздері «Ресей Кремль және қарапайым халық деп екіге бөлінеді», – дейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы